Cандуғаш Рыскелді. Келіннің сәлем салуы харам ба? | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет

 

Загрузка

Cандуғаш Рыскелді. Келіннің сәлем салуы харам ба?

Жәрдемші


Сәлем - сөз басы. Қазақта санаға, салтқа сіңген сәлемдесу үрдісі күні бүгінге дейін ізін жойған емес. Сәлем беріп, амандығын сұрасу әрбір адамның міндеті. Сондай-ақ, салтымызда жаңа түскен келінге беташар тойын жасап, ағайын-туысқа бас игізіп сәлем салдыратын да дәстүріміз бар. Тек жаңа түскен келіндер ғана емес, үлкен апа-жеңгелерімізге дейін жасы үлкен кісіге бас июі инабаттылықты, кішіпейілділікті, көрегендікті білдіреді.

Алайда, бүгінгі таңда атадан қалған салт-дәстүріміз ислам міндеттеріне қарама-қайшы келеді деген пікірлер бой көтеріп жатыр. Мәселен, бір ауылға келін түсіп, беташар тойы өткен. Бірақ, жаңа түскен келін беташар кезінде: «үлкендерге сәлем салмаймын. Өйткені, ол ең үлкен күнә - «ширкке» яғни Аллаға серік қосуға жатады» деп байбалам салған. Психологиялық тұрғыда адамды жаңылыстыратын мәселе болғандықтан бірдегеннен нақты шешім айта салу да қиын. Сол себепті, осы мәселенің төңірегінде көпшіліктің көзқарасын білуге тырысқан едік.

Балғынбек ИМАШЕВ:

- Менің бұл тұрғыда білімім жоқ. Аталмыш мәселе дінге қатысты пікір болған соң менің айтар ойым маңызды болмас деп ойлаймын. Сондықтан бұл жерде Алланың және Пайғамбарымыздың бұйрығы және ғалымдардың пікірі ғана маңызды. Бірақ, келіннің сәлем салуы қазақы дәстүрімізде болғаныменен намаздағы рукуғке, яғни Алланың алдында бел бүгіп еңкеюге ұқсап кетсе - онда харам деп ойлаймын.

Қойшыбек МҮБӘРӘК:

- Ислами қағидаттарда «жаннаттын кілті ананың табанының астында» дейді. Ата-анасын сыйламау күнә саналады. Енді әдеп, ибаның бір белгісі салем салу келіннің үлкендерге деген зор кұрметі. Үлкенді құрметтеп, кішіні аялау имандылықтың белгісі. Адамның имандылығын білдіретін салт дәстүрлер харам болмаса керек-ті. Ата-ананы құрметтеп иманын бекемдейтін келіндер қауымы көбейе берсін...

Жанат Қойшыбаева:

Мен үшін бұл мәселе өте маңызды емес. Сәлем салсам да, салмасам да ешнәрсе өзгермейді. Өйткені, ата-енем солай болғанын қалады. Бұл өмірде ең бастысы жарыңмен бақытты болу. Ал қалғаны майда-шүйде нәрселер. Олардың барлығын ескеріп, ырым-жырымын сақтай берсең ешқашан таусылмайды.

Арман ӘУБӘКІР :

- Беташар ең бірінші, тәлім-тәрбиеге құрылуы тиіс. Сондай-ақ, жас келіннің табалдырығын аттағалы отырған шаңырақтағы өзінің алатын орнымен таныстыру керектігі, туған-туыстарының аты-жөндеріне қанығу ғана емес, олардың әрқайсысын қалай құрметтеу керектігі сөз болғаны жөн. Қазақтың бұл дәстүрін бүгінгі тілмен айтсақ - жас келіннің ел алдында өзі табалдырығын аттаған отбасыға адалдыққа ант қабылдауы болып шығады. Қазіргі асабалар күлдіремін деп бүлдіріп жатады. «Сәлем - сөздің анасы» дейді қазақ. Келін үшін иіліп сәлем салу, үлкендердің жолын кесіп өтпеу ежелден келе жатқан игі ғұрып. Енді бір таза ислам дінін жамылған дәлдүруіштер «Адам тек Аллаға иілуі тиіс» деп тон пішеді. Ер адамның қабырғасынан жаратылған дейтін әйел затының сәлем салуында тұрған ешқандай сөкеттік жоқ.

Бұл - Аллаға серік қосу емес, үлкен кісілерге деген құрмет. Жас келін ертең ол да ана атанады, ол да сондай ілтипатқа ие болады. Атадан балаға, анадан келінге мирас болып жеткен ғұрыптарымыз осы күні азып-тозып барады. Дәстүрдің мәнін ұмытып, оның атқарылу формаларын жеке бас пайдасына орай бұрмалап жібергендігіміздің кесірінен опық жеп отырмыз. Мұндай жағдай діни фанатизмнің жетегінде жүргендер үшін де «іздегенге сұраған». Бұрын келінге өзі сыйлауы тиіс үлкен кісілерге сәлем салдыртса, қазір асаба бесіктен белі шықпаған баланы да ортаға шақырады. Діттегені - бір теңге болса да, пайда табу. Жас келін оң аяғымен табалдырық аттағаннан бастап, беташарға дейінгі аралықта құдайдан адал жар болып, келген жеріне тастай батып, судай сіңуін тілеуі қажет. Ол тілектердің іс жүзінде жүзеге асыуына табалдырық аттау, отқа май құю, неке қию, беташар және тағы басқа ғұрыптар себепші болмақ. Біз өткенімізді ұмыта бастаған мешел ұрпақпыз. «Ескіліктің қалдығы» деген айдардан (тәуелсіздігімізді алсақ та) арыла алмаған салт-дәстүрлерімізді, сан бұрмалауға түскен тарихымызды толық танып, зерттеп-зерделеп білмей, бодандық қамытынан құтыла алмасымыз анық.

Қайрат Жолдыбайұлы:

- Иіліп сәлемдесуге ешбір көрнекті ислам ғалымы «ширк»деп үкім шығармаған. Пайғамбарымыздың (с.а.у) «Иіліп сәлем бермеңдер, олай істеу- Алла Тағалаға серік қосуға жатады, яки, тозақта азапталасыңдар» деген тәрізді иіліп сәлем беруді қатты ескертіп келген сахихты былай қойғанда, әлсіз де болса, ешбір хадисі жоқ.

Жалпы, құрмет ниетімен иілудің Аллаға серік қосу, яки харам емес екендігін сахих хадистермен дәлелдеугеде болады. Мәселен, Исламда тақуа яки сыйлы, қарт кісіге құрмет көрсету ниетімен қолын сүюге рұқсат бар. Сахабалардың пайғамбарымыздың, тіпті бір-бірінің қолдарын сүйгендіктері жайлы көптеген сахих хадистер бар. Қол сүйетін адамның кісі алдында бел бүгіп, иілетіндігі сөзсіз. Ал мұндай иілуге ешбір ислам ғұламасы «ширк» яки «харам» демеген. Егер жалпы иілу харам болғанда қол сүю арқылы құрмет де харам болар еді.

Тағы бір қаперге алатын жайт, келіннің ата-енесі мен сол әулеттің үлкендеріне құрмет көрсетіп, ізет білдіруі - тек ғана сәлем салумен өлшенбейді. Оның жеке басының имандылығы мен бойындағы басқа да адамгершілік қасиеттерін басты назарда ұстаған жөн.

Cөз түйіні, құрмет ниетімен сәлем салу исламда харам яки Алла Тағалаға серік қосуға жатпайды. Бұл-қазақтың әдет-ғұрпы. Діни міндетте емес. Қазақ келіндерінің ешбірі табыну мақсатында сәлем салмайтыны баршаға мәлім. Ендеше, ғасырлардан бері ислам дінін жетік білген ғұламалардын көз алдында жалғасын тауып келе жатқан бұл әдетті ширкке балап, елдің шырқын бұзу - әсте дұрыс емес.

Демек, адам алдында бас ию, Алла алдындағы тізе бүгуге еш қиянатын тигізбейді. Әркімнің өз санасы мен ақыл-ойының ерік-жігеріне ерген түсінік болып отырған-ды. Яғни, бұл пікірдің қоғамда белең алуы белгілі бір өзге де діндердің тарапынан туындауы мүмкін. Тек, ғасырлар бойы салем салу дәстүрін сақтап келген ата-бабамыздың ақылы бүгінгі білгіш жастардан кем екен деген түсінік қалыптаспаса болар еді...

Дайындаған Cандуғаш Рыскелді

«Болашақ» газеті

 

 


 


 

Мұрағат

Қаңтар 2016
ДсСсСрБсЖмСбЖс
-3-2-10123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Айлық статистика

<<  >>

Ең көп оқылған