Қазақ Қадыр ақынынан айырылды | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет

 

Загрузка

Қазақ Қадыр ақынынан айырылды

Жәрдемші


22 қаңтардың  күні қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлі 77 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Қадыр Мырза Әлі 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Жымпиты кентінде дүниеге келген. 1958 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін,  1960 жылы аспирантурасын бітірген. 1985-62 жылдары "Балдырған" журналында әдеби қызметкер, 1962-65 жылдары "Жұлдыз" журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-78 жылдары "Жазушы" баспасында поэзия редакциясының меңгерушісі, 1973 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы  поэзия секциясының меңгерушісі, 1993 жылдан «Балауса» баспасының директоры қызметтерін атқарған.

Алғашқы өлеңі 1954 жылы «Пионер» журналында жарияланғаннан бастап қаламы қолынан түспеген ақынның 1959 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы - «Көктем»жарық көреді. Одан кейін оның елуден астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрді, өлеңдері мектеп оқулықтарына енді. «Жаңғалақтар», «Данышпан», «Кішкене қожанасыр», «Ноян қоян», «Алуан палуан», «Ой орманы», «Дала дидары», «Бұлбұл бағы», «Ақ отау», 2 томдық «Домбыра», «Жерұйық», «Ғибратнәмә», «Жазмыш», «Еңіреп өткен ерлер-ай», «Иірім», «Шырғалаң», «Алмас жерде қалмас», 2 томдық «Афоризмдер жинағы» сынды  туындылары оқырман жүрегінен  орын алды. Ақын бұнымен қатар 200-ден астам ән сөзінің авторы, көркем аударма саласында да елеулі еңбек етті. Шығармалары ағылшын, француз, неміс, фин тілдеріне аударылған. Артына ең көп еңбек қалдырған ақынның туындыларының жалпы көлемі 32 том. Оның 20 томдығы былтыр ақынның 75 жылдығына орай «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген болатын.

 

Жиырма жыл ішінде

Ақиқат біраз жыл жылапты,

Тұншығып батыр ұл,

Батыр қыз...

Өтірік ыстаған құлақты

Шындықпен тазалап жатырмыз!

Жиырма жыл ішінде

Қайтсе де

Жақсы өмір болмасы айқын-ды.

Ең үлкен өтірік

Әйтсе де

Ең үлкен мінбеден айтылды!

Ақиқат біраз жыл жылапты,

Тұншығып батыр ұл,

Батыр қыз...

Өтірік ыстаған құлақты

Шындықпен тазалап жатырмыз!

 

Қорқыныш және сенім

Айналайын!

Көп нәрседен қорқамын:

Көң боп жатқан,

Тоң боп жатқан сор қалың.

Есек шықпай кім шығады қодықтан?!

Өгіз болмай не болады торпағың?!

Сонда, досым, кім ойлайды ел қамын?!

Сонда, досым, кім ойлайды жер қамын?!

Бірер сомға кітап алмай,

Жас ұрпақ

Шарап алып қайта ма деп қорқамын!

Әсері көп айналаның,

Ортаның.

Сары майдан артық несі тортаның!

Домбыраға қимағанын

Дәлдүріш

Дабыраға шаша ма деп қорқамын!

Жарыта ма ойлап тегі шорқағың?

Заманы өткен барқыт пенен торқаның.

Бабалары жатқан жерді тегістеп,

Би алаңы жасай ма деп қорқамын!

Толық емес,

Мұның өзі орта мұң.

Шындық керек,

Керегі жоқ жортаның!

Ақиқатты алдап-сулап,

Өтірік

Тағы қайтып келе ме деп қорқамын!

Бір ойласам,

Ойлайтыным сен,

Елім!

Орны бөлек арманыңдай көнемін.

Бабалардың даналығы

Ұрпаққа

Бір айналып соғады-ау деп сенемін!

 

***

Айналайын, абайла

Оразада беретін

Тиының жоқ пітірлік.

Кедейлік бар көретін,

Кедейлікке -

Шүкірлік!

Айналайын, абайла,

Тастайды жүк бүкір ғып.

Аман болсаң алайда

Бүкірлікке -

Шүкірлік!

Оразада беретін

Тиының жоқ пітірлік.

Кедейлік бар көретін,

Кедейлікке -

Шүкірлік!

Адам мәңгі тұрмаған,

Бәріміз бір шұқырлық.

Он баладан бір бала

Тірі қалса -

Шүкірлік!

Кейде доспен тіл таппай,

Көмдік кейбір пікірді...

Сүйген жарың ұл таппай,

Қыз тапты ма?-

Шүкірлік!

Түсті талай көзіме

Түсінбестік,

Күпірлік.

"Өз ақылың өзіңе!"

Демесең сен -

Шүкірлік!

«Қазақпарат»

 


 


 

Мұрағат

Сәуір 2016
ДсСсСрБсЖмСбЖс
-3-2-10123
45678910
11121314151617
18192021222324
2526272829301

Айлық статистика

<<  >>

Ең көп оқылған