ХХХ жазғы олимпиада: Қазақстан ұлттық құрамасы 12 орында! | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет

 

Загрузка

ХХХ жазғы олимпиада: Қазақстан ұлттық құрамасы 12 орында!

Жәрдемші


Халықаралық Олимпиада комитетінің Президенті Жак Рогге   Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының аяқталғанын ресми түрде жариялады.  «Олимпиада ойындары жас ұрпақтың спортқа деген ынтасын арттырып, жігерін жануда. Мен бүгін ХХХ жазғы Олимпиаданың аяқталғанын жария ете отырып, дүние жүзінің жастарын  енді төрт жылдан соң Рио-де-Жанейрода кездесуге шақырамын», - деді Рогге мырза.

Сонымен ел аузында «Тұманды Альбион» аталып кеткен ағылшын жұртының астанасы -  Лондонда 27 шілде мен 12 тамыз аралағында өткен олимпиада ойындарына қысқаша шолу жасап шығайық.

Лондон Олимпиадасының дүбірлі бәскесін қазақ елінің атынан барған спортшылар алғашқы күннен-ақ алтын алумен бастады. Велоспорттан 250 шақырымдық қашықтықтағы жарыс жолына шыққан  Александр Винокуров топ жарып, саңлақ аталған күннің ертеңінде   ауыр атлет Зүлфия Чиншанло әлем және олимпиада рекордын жаңартып, әнұранымызды әуелетті. Ал, жарыстың төртінші күнінде Қазақстан қоржынындағы 2 алтын   тағы бір ауыр атлетіміз  Майя Манезаның жеңісімен үшеуге жетіп, жанкүйер қауымды желпінітіп тастады.   Мәскеулік зілтемірші қыздың қамқоршылары жолын кесе берген соң «Қазақстан қайдасың?» деп тартып кеткен  Светлана Подобедова отандастырына өзінің қайсарлығын Лондон Олимпиадасында әйгілеп, Қазақстанның байрағын Ресейдің туынан жоғары көтерді. Алтын алқаның иесі табан тірейтін тұғырға шыққан Светлана көз жасын тия алмай қазақ әнұранын шырқады. Әнұранымыздың қайырмасындағы «Гүлің болып егілемін» деген жолдарды егіліп тұрып айтты.

Лондон Олимпиадасының феномені алтын айдарлы ұлымыз - Ілия Ильин болды. 94 келіге дейінгі салмақ санатында жалпы саны 418 келіні бағындырған ол  әлемдік және олимпиадалық рекорд орнатты. Ресейдің, Молдованың, Иранның азуын айға білеген алыптары Сыр бойында туып өскен Ілияның сирағынан да келмей қалды. Зілтеміршілер сайысында жұлқа көтеруден 175 келені, серпе көтеруден 220 келені бұйым көрмеген Алмас Өтешовтың де шоқтығы биік көрінді. Қысқасы, Олимпиада ойындарының қызған шағында  Ілияның жеңісімен  Қазақстан қоржынында 5-ші алтын медаль жатты.

Шығыстан шыққан (ШҚО) арғымақ қыз Ольга Рыпакова үштеп секіруден 14,98 метрге секіріп, еліміздің қоржынына түскен алтыншы алтын медальдің иегері атанды.

Олимпиада ойындарының жүлдесін алтынмен бастаған қазақ спортшыларының аптығы сәл саябырлап қоржынымызға қола медальдар құйылды. 84 келіге дейінгі салмақта белдескен палуанымыз Даниал Гаджиев Олимпиада ойындарының 10-шы күні қола жүлдеге қол жеткізді. Ал, 8 тамыз күні боксшы қызымыз Марина Вольнова Лондон Олимпиадасындағы екінші қоланың қожайыны болды. Сондай-ақ, балуан қызымыз Гүзел Манюрова да қоладан алқа тағынып жеңіс тұғырынан көріне білді.  91 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі боксшысымыз Иван Дычко  Ұлыбритания спортшысы Энтони Джошуаға 13:11 есебімен есе жіберіп, 4-ші қола медальді «місе тұтты». Ал, Лондон Олимпиадасының соңғы күні боз кілемге көтерілген еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров қола медаль үшін белдесуде түрік палуаны Рамазан Сахинмен күресіп, тізе бүктірді.

Сондай-ақ, 81 келіге дейінгі салмақта қарсыластарын шақ келтірмеген  Әділбек Ниязымбетов финалда ресейлік спортшы Егор Мехонцевпен қолғап түйістіріп,  тең түсті.  Бірақ , төрешілер алтынды ресейлік боксшының қанжағасына байлап берді. Сөйтіп, біздің Әділбек Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері атанып, ел қоржынындағы бірінші күміс медальді еншіледі.

69 келіге дейінгі салмақ санатында ұлыбританиялық боксшы Фредди Эванспен жұдырықтасқан қазақстандық сайыпқыран  Серік Сәпиев  7-ші алтын медальмен Олимпиада ойындарының соңғы күнін өз биігінде қорытындылады.

Лондон олимпиадасына 205 елден спортшы қатысып, 302 бәсекені сарапқа салды. Соның ішінде қоржынына 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль жиған Қазақстан ұлттық құрамасы 12-ші орынды иеленді.

«Абай-ақпарат»


 


 

Мұрағат

Қыркүйек 2016
ДсСсСрБсЖмСбЖс
-2-101234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293012

Айлық статистика

<<  >>

Ең көп оқылған