Өміржан Әбдіхалық. Әдеби сананың айқайы (Әлия Бөпежанованың сұхбатынан кейінгі ой) | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет

 

Загрузка

Өміржан Әбдіхалық. Әдеби сананың айқайы (Әлия Бөпежанованың сұхбатынан кейінгі ой)

Жәрдемші


Жалпы, мен әдебиет қоғамның айнасы, тіпті ол көркем айнасы дегенге келіспеймін. Айталық, осыдан бірнеше жыл бұрын "Жас қазақ" газетінде жазушы Қуандық Түменбайдың "Ұябасар" деген әңгімесі шықты. Әңгіменің идеясы әкесіз ұрпақтың пайда болуы мен ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінбейтін қоғам мүшелері туралы дәлірек айтқанда, жезөкше қыздың өмірге бала әкелуі жөнінде. Бұл әңгіме Жұмағали Сайын көшесі жезөкшелерге толы кезде жазылған және сол көше жадым жаңылдармаса, әңгімеде айтылады. Қазір ол көшеде жеңіл жүрісті бикештер тұрмайды. Яғни көркем әңгіменің де құны жоғалды деген сөз. Егер бұл әңгіме жезөкше әйелдің болмысы, танымы, табиғаты, психологиясын жан-жақты ашатын шығарма болғанда онда ол нағыз әдеби туынды болар еді. Сіз Мұхтар Омарханұлының "Қаралы сұлу" деген әңгімесін оқып көріп пе едіңіз? Міне, нағыз көркем шығарма. Және бұл мәңгілік туынды. Яғни әдебиет адам жанының жұмбағы оның өмірдегі түрлі жағдайлардағы құбылу, өсу, тоқырау, жетілу деген сияқты мәңгілік сұрақтарға жауап іздеуі керек. Бір сөзбен айтқанда, әдебиет мәңгілік дүниелерді қозғауы және сөз етуі тиіс. Сұхбатта журналист тағы қайталауға ұрынып, қоғамдағы, саяси биліктегі қалыптасып отырған жағдайларды неге көтермейді деп сұрақ қояды. Кешіріңіз, мәртебелім, әдебиет ешқашан мәселе көтермейді және оның шешілу жолдарын ұсынбайды. Бұл қызметті, бәлкім сіз естімеген боларсыз, ғасырдан астам уақыт бойы журналистика көтеріп келеді және оның негізгі қызметі болып саналады.

Бір қызығы, біз әдебиетте өткен ғасырдың әдеби мәселесімен талмай тіпті кейде құнығып айналысып келеміз. Бұл біздің әдебие санамыз жаңа заманды әлі жатырқайды деген сөз. Айталық, қаламақы, әдеби процесс, кітап таралымы және қазақ қаламгерлерінің ұлттық мәселені жаңаша қырынан емес, таптаурынды жолмен көтере беруі және әдеби буынаралық байланыстың сапасыздығы осының бәрі жаңа қоғамды қабылдай алмай ширыққан әдеби сананың айғайы. Және де шапанқұмарлық пен атаққұмарлықтың жұқпалы әдеби дертінің әлі күнге емі табылмауы оның әдебиетке енді араласа бастаған азаматтарға жұқпалы ауру ретінде таралуы да сол әдеби сананың түлей алмаған көтерем бейнесін көрсетеді.

Тіпті, керек десеңіз, біздің әдеби санамыз артта қалған. Айталық, біз әлі күнге алпысыншы, жетпісінші жылдары жазылған көркем шығармаларды прозада Мұхтар Мағауиннің, Әбіш Кекілбаевтың, Оралхан Бөкейдің, Төлен Әбдіктің ал, поэзияда Төлеген Айбергеновтің, Жұмекен Нәжімеденовтің, Мұқағали Мақатаевтың, Есенғали Раушановтың шығармаларын аузымыздың суы құрып, тамсанып күні бүгінге дейін айтамыз. Бұл дегеніңіз, отыз жылға тарта уақыт ішінде біздің әдеби санамызды түлететін, келесі бір биікке көтеретін шығарманың өмірге келмегенін айғақтайды. Яғни әдеби санамыз сал бола бастаған. Ал, егер әдебиеттегі рулық қатынастардың отбасылық, тұрмыстық деңгейден шығып, әдебиет - сөз өнері ісінде шешуші рөлге ие болғанын айтатын болсақ, онда әдеби сананың қай ғасырда қалғанын ішіңіз сезетін шығар. Бұл жерде әрине, рулық қатынастардан бастау алатын тамыр-таныстықты, жершілдікті дәл осы дүниелердің негізінде жүргізілетін әдеби соғыстар мен бөлініске түскен әдеби орталардағы жарыстарды және осы жолда жаңа мүриттер тәрбиелеу ісі жүретінін айтып отырған жоқпыз. Сайып келгенде, мұның бәрі оқырман күткен шығарманың жазылмауына шырмауықтай шырматылып кедергі болып жатқан және көзге көрінбейтін әдеби микробтар. Яғни бүгінгі біздің әдеби ағзамыз әдбен уланған. Оның микробқа қарсы күресетін иммунитеті мүлдем қалмаған.

Тағы бір мәселе, әдебиеттегі алтын жүлгенің бұзылуы. Қазір көптеген қаламгерлер не болса, жаза береді. Және оның ішінен тұщымды бір нәрсе табылса жақсы ғой. Қайдам... Айталық, Дүкенбай Досжан «Ақорда» деген роман жазды. Біздіңше, жазушы роман жазғаннан гөрі президент туралы «Егемен Қазақстанға» көлемді мақала жазса, сол да жетер еді. Мұндай шығармалардың және ақын-жазушылардың тізімі abai.kz сатында жарияланды. Және ата-баба түгендеу үрдісі де әдебиеттегі алтын жүлгенің тас-талқанын шығарды. Негізі, қалам ұстаған адам белгілі, өзіне аян уақытқа тоқтай білгені де оның қаламгерлік ісіне абырой, бедел екенін уақыт дәлелдеп отыр. Осы тұстан тағы бір басы қылтиатын мәселе әдебиеттің әлеуметтік қыры. Біздің қаламгерлер әдебиет арқылы әлеуметтік жағдайын шешуді әдетке айналдырып алған. Айталық, сыйлыққа таласу, үкіметтен үй сұрау, лауазымды адамдардың тегі болмаса туысы туралы кітап жазу тағы басқа толып жатқан әрекеттер әдебиетті қайыршыға, тексізге айналдырып жіберді. Және қаламгерді үлде мен бүлдеге орау арқылы керемет әдеби туындыны өмірге әкелуге болады дегенді дүнияның әдебиет тарихынан естімеген екенбіз. Ал, шындығында, мұның бәрі совет өкіметі кезіндегі идеологиялық құрал есебінде қолдан жем жеп үйренген қазақ кеңес әдебиетінен қалған сарқыншақ. Қаламгерлердің мұндай әрекетін байқаған оқырманда бүгінгі әдебиеттен сырт айналды. Бұл өз кезегінде оқырманның көркемдік, талғамдық деңгейінің түсуіне, ой, жан тәрбиесінің тірегінсіз қалуына әкеліп соғып оның туған әдебиетіне деген сезіміне сатқындық болып шығады. Әдебиет ешқашан әлеуметтік мәселелерді шешудің жолы болған емес және болмайды да. Егер, адамға үй, жақсы жиһаз, көлік, үлкен қызмет керек болатын болса, ол соның бәрін адал еңбегімен жасауы тиіс. Тіпті, қандай заман болса да мейлі. Ал, өнерге деген адалдық қаламгер үшін аса маңызды.

Біздің ойымызша, кез келген әдеби туынды аяқталып, баспасөзде немесе кітап болып шыққан соң ол автордан бөлініп шығып, жеке өмір сүре бастайды. Шығарма бұдан былайға жерде өзіне қарсы айтылған сынды да, мадақты да көтере алатын, тіпті оқылмай қалған жағдайда да өмір сүре алатынын шығарма автордан бөлек өзі дәлелдеп шығуы керек. Яғни белгілі бір көркем шығарманың өзіндік иммунитеті, өзін-өз қорғау қабілеті болуы шарт. Бұл дегеніңіз, шығарманың иядесы мен оның көркемдік жағының тастүйін болуы керек дегенді білдіреді. Бірақ, біздің әдебиетте авторлардың көпшілігі шығармасын өзінен бөліп қарай алмайды. Өзінен бөліп қарағанды қойып, шығармасын аяқтаған соң оны өзі керемет деп бағалап, сол бағаға өзін өлердей сендіріп қояды. Сөйтеді де, шығармаға айтылған сынды өзінің жеке басына айтылған сындай қабылдайды. Сонан соң әрине, біреуді жек көреді, жүрегі ауырады, дұшпан табады, ішіп кетеді. Осыған қарамастан «менің шығармам керемет, әдеби сенсация» деген ойында қала береді. Дәл осы жағдай мадақ сынға, көңілжықпастық пікірге даңғыл жол ашты. Құда да тыныш, құдағи да тыныш. Бұдан кейін сын жоқ деген сөздің шығуы заңды. Бұл жерде біз сыншы Әлия Бөпежанованың сынның қандай болуы қажеттігі турасында айтқандарына толықтай қосыламыз. Ең өкініштісі, жалған мадақ пен көңілжықпас мақтау да жұқпалы әдеби дертке айналды. «Кереметсің, генийсің» дегенді көп естігендер өздерін шынымен сондаймыз деген ойға біржола сеніп кетіп жатыр.

Біздіңше, әдебиетті өз ішінен улап жатқан дүниелердің бірқаншасы жоғарыдағы айтылған жайттар. Әзірге осы.

«Абай-ақпарат»

 


 


 

Мұрағат

Тамыз 2016
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930311234

Айлық статистика

<<  >>

Ең көп оқылған