Жұмабай Доспанов: « Қажыгелдин қайтып келеді..." | Abai.kz ақпараттық порталы. Абай. Алашорда. Кітапхана. Жаңалықтар. Мақалалар. Саясат. Мәдениет

 

Загрузка

Жұмабай Доспанов: « Қажыгелдин қайтып келеді..."

Жәрдемші


Атырау қаласында жарық көретін  «Алтын ғасыр» газеті он жасқа толып отыр. Осы он жылдың ауқымында өткір сынымен, сергектігімен билікті де бұқараны да өзіне жалт қаратқан апатлықтың құрылтайшысы, әрі бас редакторы Жұмабай Доспановпен сұхбаттасып отырмыз. Жұмағаң «Алтын ғасырдың» алғашқы аяқ алысынан бастаған естелік әңгімесін бүгінгі күндегі нақты оқиғалармен байланыстырып бар ойын ашық айтады. «Интернетті жасы үлкендердің көпшілігі оқи алмайды, «Азаттық» радиосын тыңдауға жұрттың тегіс қолы жете бермейді. Сондықтан біз осы екеуіне назар аударып, қарапайым халықтан билік бүркемелейтін шынайы ақпаратты  апта сайын үзбей жариялап келеміз. Шынымды айтайын, өз басым осыдан рухани ләззат аламын» дейді ол.

- Биыл сіз басшылық ететін «Алтын ғасыр» апталығы 10 жасқа толыпты. Осы мерзім ішінде газет және өзіңіз қандай пайда көрдіңіздер, неден ұтылып. Нені ұттыңыздар?

- Қазақстан жағдайында оппозициялық түгілі, мемлекет қаржысына тәуелсіз газетті 10 жыл шығарудың қаншалықты қиын екенін оқырмандар толық сезіне қоймағандарымен, әріптестерім бастарынан өткеріп жүргендіктен жақсы біледі. Оның үстіне егер өзің сол басылымды дүниеге келтірген, үнемі басы-қасында жүрген болсаң...

«Алтын ғасыр» да, мен де материалдық пайда көруден аманбыз. Өйткені біздің қосымша қаржы түсіретін жарнамамыз, не демеушілеріміз жоқ. Биліктің қатаң бақылауында болғандықтан ол екеуіне жол жабылған. Бар көрген пайдамыз - елге танымал болғанымыз, саяси және рухани қоржынымыздың үнемі толығатыны. Негізгі пайданы оқырмандар, қоғамдағы келеңсіздіктерден таяқ жегендер көріп келе жатыр.  Интернетті жасы үлкендердің көпшілігі оқи алмайды, «Азаттық» радиосын тыңдауға жұрттың тегіс қолы жете бермейді. Сондықтан біз осы екеуіне назар аударып, қарапайым халықтан билік бүркемелейтін шынайы ақпаратты  апта сайын үзбей жариялап келеміз. Шынымды айтайын, өз басым осыдан рухани ләззат аламын.

Айтпақшы, «Алтын ғасырдан» оқырмандармен қатар көптеген азаматтар, тұлғалар да жақсылық көрді дей аламын. Солардан тек біреуін ғана мысалға келтірейін. 1960-жылдардың бас жағында, мектеп қабырғасында жүргенімде бір жерден қазақтың Ұлы Отан соғысына қатысқан ұшқыш қызы Хиуаз Доспанова туралы оқығаным - есімде мәңгі жатталып қалған. Одан кейін 40 жылдай өтсе де, ол туралы еш дерек болмағаны - мені қатты алаңдатқан. Содан 2001-жылдың қаңтарында «Алтын ғасыр» газетін шығару дайындығы жүріп жатқанында, оның тұңғыш бас редакторына тағайындалған, Алматыда тұратын атыраулық жерлесім Нұри Мұфтахқа Х.Доспанова тірі болса іздеп тауып, ол туралы материал жазуды тапсырдым. Нұрекең - 20-қаңтарда Вашингтонда өткен АҚШ Президенті Джордж Буштың таққа отыру салтанатынан оралысымен, батыр апамызды іздеп кетті. Ақыры оны әупіріммен тауып, газеттің 22-наурызда жарық көрген тұңғыш нөміріне ержүрек ұшқыш қыз туралы тұтас бір беттік «Жизнь - легенда» материалын жариялады. Мен өз кезегімде Президент Әкімшілігіне, Парламенттің қос палатасына, соғыс ардагерлері республикалық кеңесіне хат жолдап, оған Н.Мұфтахтың материалын қосып, Х.Доспановаға 2002-жылдың 9-мамыры қарсаңында (сол жылы 15-мамырда 80 жасқа толуына орай) Халық Қаһарманы атағын беруді сұрадым, оқырмандар атынан. Қан майданда 306 рет әскери тапсырмамен әуеге көтерілген оған Кеңес Одағының Батыры атағы ереже бойынша тиіс болатын. Сол атаққа ұсынылғанымен, белгісіз себептермен берілмей қалған. Астанаға жолдаған хаттарымда Х.Доспанованың маған еш туыс емес, оның руы Масқар, менікі Таз екенін де жаздым, әйтпесе фамилиямыз бір болғасын, оппозиционердің әпкесі деп, мәселенің тіптен шешілмей қалуы мүмкін еді.

Хиуаз апайға «Халық Қаһарманы» 2002-жылдың мамырында емес, 2004-жылдың желтоқсанында берілді... Сол «Алтын ғасыр» арқылы ол кісі екінші қайтара өмірге келгеннен кейін, өзге ақпарат құралдары жарыса дерлік материалдар берді, деректі фильм де түсірілді. Бұған ол кісіден кем қуанғаным жоқ. Бірақ, кейбіреулер «Хиуаз Доспанованы мен тауып алдым» деп те жатты, беттері бүлк етпестен...

Неден ұтылдық? Газет ұтылды деп айта алмаймын. Бірақ жеке өзімде ұтылыстар бір басқа «жеткілікті» санаймын.

- Төртінші биліктің тірлігіне көңіліңіз тола ма?

- Бұқаралық ақпарат құралдарының төртінші билік саналуы - тек өркениетті елдерде деймін. Өйткені барлық билік түрлері бір-біріне құлақ асулары керек. Өйтпейінше мемлекетте ілгерілеу мардымсыз жүреді. Бүгінгі Қазақстанда БАҚ-тар бірнеше дәрежеге бөлінеді. Биліктің асырауындағылар - тек мадақтаумен, сосын биліктің тапсырыстарымен оппозиция белсенділеріне жала жабумен, оларды қаралаумен айналысады. Бір сөзбен айтқанда қарапайым халықтың басын айналдырумен болады. Тәуелсіз БАҚ-тардың көпшілігі шын мәнінде билікке тәуелді. Олар да билікке ақылы қызмет көрсетеді. Сонда бұқараға ақиқатты жеткізетін аз ғана оппозициялық басылымдар қалады. Соңғы екеудің сындары мен әшкерелеулеріне билік барынша көңіл аудармауға тырысады. Кейде сонысымен уақытша болса да ұтып кетеді... «Сын түзелмей - мін түзелмейді» деген қағиданы қазіргі қазақстандықтардың  аға буыны естіп өсті, Кеңес заманында билеуші партия мен атқарушы заң органдарының сол қағиданы қатаң ескеріп отырғанын күнделікті өмірде  көздерімен көрді. Еліміздің тәуелсіздік алғанына 4 жыл толысымен баспасөз арқылы қоғамды бақылау дәстүрінен айырылып қалдық. Өкінішті.

- Кезіндегі осы басылымның бас редакторы, қаламы қарымды журналист Нұри Мұфтахтың қызмет бабында қастандықпен өлтірілгенін жиі естиміз. Нақты мәлімет бар ма? Ағаны кім, не себепті өлтірді?

- Нұри ағам қастандықтың құрбаны. Оның өлімі қалай болғанын өз көзімен көрген кісі бар. Қазір оны көтергеннен еш нәтиже шықпайды. Өзінің уақыты келеді, соны күтеміз. Сол кезде жоғары билікте болғандардан біреулерге Н.Мұфтахтың өлімі үшін айып тағылады.

Нұри 2002-жылдың қарашасында «жұмбақ жағдайда» өлтірілді. Дер кезінде халық бұған жаппай наразылық танытпағасын, билік пен оның қолшоқпарлары одан әрі оппозиционерлерді, солармен қарым-қатынастағыларды аяусыз жазалауға, дәлірек айтқанда жоқ қылуға еш қымсынбастан кірісіп кеткен. «Жұмбақ жағдайда» 2003-жылдың маусымында Атыраудағы менің оң қолым - екі ауданның прокурорын атқарған Досқали Тасанов, 2004-жылдың шілдесінде талантты оппозиционер-журналист Асхат Шәріпжанов, желтоқсанында «ҚДТ»-ның бұрынғы жетекшілерінің бірі, банк басшысы Ержан Тәтішев, 2005-жылдың маусымында «Алға!» партиясы төрағасының орынбасары Батырхан Дәрімбет, қарашасында биліктің үрейін ұшырушы Заманбек Нұрқаділов, 2006-жылдың ақпанында еліміздің болашақ Президенті санап жүрген Алтынбек Сәрсенбайұлы екі серігімен, бұлардан кейін де саясаткерлер Нұрболат Масанов, Болатхан Тайжан, Құрылыс Сүлейменов, оппозициоер-журналистер Сәкен Таужанов, Саят Шүлембаев, Андрей Климонов, қырғызстандық журналист Геннадий Павлюк өлтірілді. Ал, от ауызды журналист Оралғайша Омаршанова 2007-жылдың сәуірінен бері хабарсыз...

- Қалам ұзын болғанмен, қолыңыз қысқа. Биліктің қолшоқпарларынан қалай қорғанып жүрсіз? Әлде, артыңызда қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ететін біреулер  тұр ма?..

- Иә, қалам ұзын болғанымен, қолымның қысқа екені - шындық. Билікте қанша шенеунік болса, олардың қолшоқпарлары соншалықты емес, еселеп артық санауға болады. Сондықтан деп білемін, біздің қоғамымыздың тасбақа жүріспен келе жатқаны.

Менің оппозицияда жүргеніме 16 жылдан асып барады. Осы мерзім ішінде маған қатысты жалпы саны 44 - әкімшілік, азаматтық, қылмыстық істер қозғалды. Тергеушілер екі мәрте Атыраудан шықпауым туралы қолхат та алған... Бірнеше рет полиция ұстап әкетті де. Біреуінде Оралда өткен 4 облыс оппозиционерлерінің митингісін ұймдастырды деген айыппен мені сол қаладан Атырауға қайтып келе жатқанымда, 40-шы шақырымда полиция офицерлері автобустан түсіріп алып, кері әкетіп, сот залына жетектеп апарған... Атырауда 11 полиция офицері үйіме баса-көктеп кіріп, компьютерімді тартып алмақшы болып кәмілетке толмаған екі баламның басын зақымдап кеткен.

Мен ешқашанда жалған айтқан, не жазған емеспін. Заңды жақсы білемін. Әскерде 39-армия штабында ерекше бөлімде тергеуші-анықтаушы, кәсіподақтарда 19 жыл басшы қызметте болғанмын. Биліктің тапсырыстарын орындаған көптеген полицияның аға офицерлері, прокурорлар, судьялар оңашада менен кешірім сұрап, демократиялық заман орнай қалса - куәгер болуға дайын екендерін айтып жатады. Менде - бұларға да, оларды айдап салушыларға да «компроматтар» жеткілікті. Артымда  тұрған жоқ ешкім жоқ. Артымда өзім пір тұтқан, ара-тұра аянын беріп ескертетін Бекет Ата бар... Ол кісі туралы жазған «Бекет Ата. Аңыз бен ақиқат» кітабым 4,5 мың данамен таралап кеткен, Қазақстанның 7-8 аймағына. Ата алда болатындар мен болғандардың бәрін біліп, көріп отыр...

- Ел арасында «демократиялық мемлекет болғаннан кейін сіз сияқты азаматтарды әйтеуір бір оппозиция керек деп әдейі ұйымдастырып қойған ғой» дейтін сөздер де бар. Бұған не дейсіз?

- Біріншіден, Қазақстанды демократиялық мемлекет деуге болмайды. Олай деуіме нақты дәлелдерім бар. Қазақстан - авторитарлық режимде. Н.Назарбаев 1990-жылдың сәуірінен бері Президент лауазымына 6 рет сайланды! Өркениетті елдерде Президент екі мерзімнен артыққа сайланбайды. Парламенті бір партиядан ғана тұратын елді демократиялық деп кім атайды? Сайлау комиссиялары құрамдарына оппозиция өкілдері енгізілмеген. Соның салдарынан тәуелсіздік алған 20 жылымызда бір сайлау әділ өткен жоқ. Ылғи дауыс ұрлау, нәтижені бұрмалау.

Иә, Қазақстанда әдейі ұйымдастырылған оппозиция бар. Олар тіркеудегі Коммунистік партия мен «Азат» Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан өзгелер. Олар жоғары билікке қарсы тұрмақ түгілі, бір ауыз сын айта алмайды!

Арғыларды тізбей-ақ, кеше ғана 28-мамырда Алматыда өткен Қытай экспансиясына қарсы митингке сол партиялардан, не Парламенттен бір адам неге келмеді?! Өйткені елімізге зор қатер төніп келе жатса да, Ақордаға қарап, бұғып қалды олар...

- Сіздің партияңыз нені көздейді? Жалпы көппартиялы Парламентті қолдайсыз ба?

- Қай партияның болмасын қоғамдық қозғалыстан басты айырмашылығы - сайлаумен билікке жетіп, өз бағадарламасын мемлекет, халық игілігі үшін жүзеге асыру. Ондай мақсат қоймағанды - партия, оның мүшелерін Отанының патриоттары деп айта алмаймын. Мен мүшелікке кірген «Азат» Жалпыұлттық социал-демократиялқ партия - салиқалы саяси бірлестік. Оның жетекшілері мен мүшелері ішінде Парламенттің экс-Төрағасы, Премьер-Министрдің бұрынғы екі орынбасары, онға тарта министр болғандар, аймақ басқарғандар бар. Қазақстанда Кеңес Одағының екі тірі Батыры (Тоқтар Әубәкіров пен Николай Кремениш) тұрып жатса, екеуі де біздің партияда! Парламент депутатын, министр мен аймақ әкімінің орынбасарын, департамент бастығын, прокурорлық пен судьялықты атқарғандар, генерал, полковник шендерін, құрметті атақ алғандар ондап саналады. Яғни нағыз мықты партия екенімізді ешкім жоққа шығара алмайды! Билікке жете қалсақ - оны алып кетуге мүмкіндігіміздің толықтай барына көпшілік күмандана қоймас.

Әрине, көп партиялық Парламентті қолдаймын! Бірақ алдағы сайлауда билік «Нұр Отан» қатарына онымен ниеттес екі партияны енгізе қойып, оппозицияны тағы жолатпауы мүмкін. Ондай көзбояушы «көппартиялқытың» халыққа да, мемлекетімізге де пайдасы жоқ. Оппозицияның қатысуынсыз Парламент елді прогреске бастай алмайды.

- Қазір кейбір апталық басылымдар асыраушысына ғана қарап жазатын болды. Мемлекеттік газеттер билікті мақтайды, оппозиция даттайды. Біржақты пікір оқырманын мезі қылмай ма?

- Асыраушысына қарап жазатын апталықтардың екіге бөлінетінін жоғарыда айттым. Ал, мемлекеттік газеттердің, телеарналардың, радионың биліктегілерді сынамайтындары, тек мақтайтындары қарапайым халықты әбден «тойғызып», тіпті жүректерін айнытып жатқандары - ақиқат.  Оппозиция «даттағанда» қасқайып тұрып датын жазады. Өтірікті емес, шындықты жазады. Халықтың қиналысын, билік тарапынан болып жатқан, жол берілген жаппай жемқорлық пен парақорлықты, күнделікті заң бұзушылықты, Конституцияның аяққа тапталуын, мемлекетке төнген қауіп-қатерлерді жазады. Бұдан есі дұрыс оқырман мезі болады деп айта алмаймын.

- Қай мемлекетті алып қарасаңыз да, төрт құбыласы тең емес. Қан төгіліп жатқан кейбір елдерге қарағанда, біздегі жағдай шүкіршілік деуге болатын шығар?

- Мемлекет үшін басты төрт «құбылаға» нелер жатады? Біріншісі - оның ұлттық, тәуелсіз болуы, яғни өзге де мемлекет атану шарттарының толық сақталуы. Екіншісі - экономикасының, әлеуметтік жағдайының жоғары болуы, сырт қарыздарға молынан батпауы. Үшіншісі - шынайы демократия орнауы, халықтың нақты билікті қолында ұстауы, авторитаризмге жол бермеуі. Төртіншісі - өзге мемлекеттер мен өз елінің болашағын қарпып жейтін жалмауыз жемқорларына «жем» болмауы, байлығын оларға таратып бермеуі, өзге елдер экспансиясына жол бермеу.

Енді осы «төрт құбыланы» өз мемлекетіміз бойынша қысқа ғана талдап көрейік. Біріншіден, «тәуелсіз болуы» күмән туғызып тұр. Қазақстан үкіметі көп жағдайда Ресей, АҚШ және Қытай басшылықтарына жалтаңдаумен, солардың қас-қабақтарына қараумен ұтылыстарға қалып жүр. Бұл - шын тәуелсіздік емес. Екінші, құбыламызды түгелімен жоққа санаймын. Қазақстанның экономикасы жоғары емес: тек өндірілген шикізат түрлеріне қарап отырмыз, өнеркәсіптің барлық түрі, ауылшаруашылығы бұдан 20 жыл бұрынғыдан да төмен. Әлеуметтік жағдай да солай, бағаның сәйкессіздігігінен халық пен шағын, орта кәсіпкерлік сілкіне алмай отыр. Сыртқы қарызымыз 118 миллард долларға жетті. Бұны жан басына шаққанда 7400 доллардан келеді. Посткеңестік мемлекеттер арасында қарызға батудан бірінші орында тұрмыз. Өзбекстанның сыртқы қарызы жан басына шаққанда - 176 доллар... Үшінші «құбыламыз» да жоқ. Бізде шынайы демократия орнамаған, одан билік өлердей шошиды. Халық еліміз тәуелсіздік алғалы билікті қолында ұстамақ түгілі, маңына жуыған жоқ. Қазақстандағы авторитаризм өзінің шырқау шегіне жеткен, әлемдегі 200-ге тарта мемлекет арасында бұл жөнінен алғашқы «жиырмалықта» жүрміз. Төртінші құбыламыз жайлы не айтамын. Қазақстанды шетел компаниялары мен өзіміздің қолдан жасаған алпауыттарымыз, биліктегілердің өздері қомағайлана қарпып жатыр. Әлемде бізден артық ел жоқ шығар, байлығын өзгелерге тым арзанға таратып беріп жатқан... Өзге елдер экспансиясы да зор қауіпін төндіріп келе жатыр... Қазақстанда жыл сайын шамамен 15 миллиард доллар ақша қолды болады екен. Соңғы 15 жылда елімізден сыртқа 190-200 миллиард доллар ақша кетіп қалған көрінеді...

Біздегі жағдай тоғышарлардың бір күндік шүкірлігіне келеді. Адам құқын табанға таптаттырып, елдің Құдай берген орасан зор байлығын әркімге таратып беріп, баға атаулыны бетімен жіберіп, жемқорлықты жаппай өрбітіп, сайлаулардағы дауыстарды ұрлаттырып, жігіттеріміз бен қыздарымызды құл мен күң еттіріп, Қытайдың жаулап алуы алдында дәрменсіз күй кеше отырып - көрсоқырлықпен: «шүкірміз» дейміз. «Иә, заманымыз тыныш, осы шүкірлігімізге ризамыз, айналайын,  билік» деп бүгін мәз болғанымызбен, ертеңгі күн қандай күй кешетінімзді алдын ала ойлау бізде тіптен тапшы. «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» деген, биліктің бір күндік ой мен іс әрекеті халыққа да жұғып болғандай сезінем. Қорқатыным - биліктегілердің отаншылдық патриотизмнен адаланып болғаны белгілі, биліктегілердің сол отанға деген мейірімсіздігі халыққа да жұға ма деген ой.

Мен журналистен, саясаткерден бұрын, кәсіби тарихшымын. Институтта әлемдік тарихты ылғи беске оқығанмын. Араб елдерінің ғасырлар бойғы тарихын жақсы білемін деп айта аламын.  Араб халқы билікке өмір бойы   бас ұрып келген.  Енді міне, жаңа ғасыр келуімен жастары кенеттен серпіліп, диктаторларға қарсы бас көтеріп жатыр. Осы жылдың қаңтарында Тунис халқы жастар күшімен елді 23 жыл билеген Бен Әлиді тақтан тайдырды. Ақпанда Египеттің 29 жыл Президенті болған Хосни Мүбарак халықтық революция нәтижесінде отставкаға кетті. Сол ақпаннан бері Йемен мен Ливияда, сәуірден бастап Сирияда халықтық толқулар жүріп жатыр. Өйткені Йеменнің Президенті Абдалла Салех 33 жыл, ал Ливия басшысы Муамар Каддафи 42 жыл билікте отырып, авторитарлық режим орнатумен халықты езгіге салғандар, мемлекеттерін аяусыз тонағандар. Бүгінге дейін ұрлағандардан белгілі болғаны: Бен Әлидікі - 13,5 млрд. доллар, Б.Асадтыкі (Сирия Президенті) - 18 млрд. доллар, А.Салехтыкі - 27 млрд. доллар, М.Каддафидыкі - 43 млрд. доллар, Х.Мүбарактыкі - 70 млрд. доллар. 5-маусымда ауыр жарақат алған А.Салех - Бен Әли тәрізді  Сауд Арабиясына қашты, М.Каддафи билігі осы айда құлайтыны белгілі болып тұр. Екі ұлымен қамауға алынған Х.Мүбаракқа халқы өлім жазасын беруді талап етуде.

ХХІ-ғасырда диктаторлардың бұрынғыша билеп-төстеулеріне мүмкіндік берілмейді. Араб елдеріндегі жағдайдың посткеңестік мемлекеттерде қайталануы - заңдылық. Алайда, халықты өмір бойы алдап, не қорқытып, өздерінің шексіз биліктерін жүргізу, мемлекетті тесіп сорумен байыған үстіне баи беру мүмкін емес. «Мың асқанға - бір тосқан» деген бар қазақ халқында. Жоғарыда аталған диктаторлар ақыр соңында масқара күйге ұшырайтындарын ойлағандар емес. Ойласа - бұлай болмас еді. Қазір әлемнің қай елінде болмасын халық сауатты, көбі уақытты, оңтайлы сәтті күтіп жүр... Біздің биліктегілердің де осыны ескергендері жөн.

- Қайта-қайта қыспақ көріп, өмірлеріне қауіп төнген кей азаматтар оппозициядан өз еріктерімен бас тартты. Сіздің де билікпен арадағы бітіспес даудан көңіліңіздің құлазыған кездері болған шығар? Болашақтан қаншалықты үміттісіз?

- Билікте болсын, оппозицияда болсын, бейтараптықта болсын - адамның өз еркі. Оларды сол үшін кіналауға болмайды. Адамдар өз көзқарастары мен ұстанымдарын өзгертуге хақылы. Тек сырттан күштеу арқылы өзгертуге жол берілмесін. Мен табиғатымнан оптимист болып жаратылғанмын. Сондықтан түңіліп құлазыған емеспін. Бірақ адам болғасын түрлі ойларды, саралау мен сараптауларды басымнан өткізетінім рас. Әлгінде оппозицияда жүргеніме - 16 жыл дедім. Бұл аз уақыт емес. Бірақ әлемдік тарихта 25-30 жыл тіресіп, күресумен жүріп оппозициялық партиясын әрең дегенде жеңіске жеткізгендер бар.

Болашақтан мыналарды үміт етемін. Алдымен Қазақстан тәуелсіздігін мәңгілік сақтап қалсын. Одан кейінгілері: елімнің авторитарлық режимнен ада болуы; шынайы демократиялық мемлекетке айналуымыз; жемқорлықтан, елді жаппай тонаудан біржола құтылуымыз; кейінгі ұрпақтың «Төрт құбылалары тең» жағдайда ғұмыр кешулері.

Өзімнің саясаткер ретіндегі бір үмітімді айта кетейін. Қазақстанның үлкен тығырыққа тірелгені - ақиқат. Одан шығаратын 2-ші Президент қандай, кім болуы керек. Бұл қазір көзі ашық, көкірегі ояу мыңдаған отандастарымыздың көкейіндегі маңызды сұрақ. Ашық айтарым - бүгінгі билікте ондай адам жоққа тән. Менің пайымдауымша оған лайық - Әкежан Қажыгелдин. Әрине, біреулердің оны есептен ертерек шығарып тастағандарын сеземін, білемін. Сонда оның қандай артықшылығы бар, өзге үміткерлерден?

Біріншіден - оның жоғары биліктен тәжірибесі мол. Еліміз өте қиындық көрген 1994-1997-жылдары ол Премьер-Министр болды. Халық ұмытпаған шығар, 1993-жылдың 15-қарашасында ұлттық ақшамыз енгізілгенде АҚШ-тың 1 доллары - 4 теңге 80 тиынға бағаланған. Арада 11 ай өткенде Әкежан Мағжанұлы С.Терещенкодан Үкімет басшысын қабылдап алғанында 1 доллар - 53 теңгеге жеткен еді. Яғни инфляция тек 11 айда - 1104 пайыз құрады! Оның үстіне С.Терещенко мырза шетелден қарызға алғаннан 2,5 миллиард долларды біреулерге қайтарылмайтын етіп үлестіріп жіберген... 1997-жылдың қазаны ортасында Ә.Қажыгелдин отставкаға кеткенде 1 доллар 67 теңге болатын. Яғни, 36 айдағы инфляция - 26 пайыз ғана! Оған 1996-жылдың қорытындысымен «Жыл реформаторы» деген әлемдік Смит сыйлығы жайдан берілген жоқ, бүкіл посткеңестік мемлекеттердің басшылары арасында бірінші етіп... Бір сөзбен айтқанда ол - экономикаға өте жетік адам.

Екіншіден - Ә.Қажыгелдинді дүниежүзі мемлекеттері басшыларының, ірі саясаткерлерінің тең жартысы біледі. Халықаралық дәрежедегі беделі жоғары.

Үшіншіден - ол 10 жылдың үстінде Ұлыбританияда тұрып, демократия әбден сүйегіне сіңген адам. Адам хақына зор көңіл бөліп, тез арада елімізде әділетті қоғам орната алады. Ә.Қажыгелдин мемлекет, қоғам, халық үшін ауадай қажет бұл құндылықты Құрандай ұстайтынына сенімдімін.

Төртіншіден - Ә.Қажыгелдин темірдей тәртіп орнататын қайраткер. Мұнысымен еліміз бен халқымызды жылдан жылға ойсырата опырып бара жатқан жемқорлыққа, парақорлыққа бұғау салады.

Бесіншіден - Ә.Қажыгелдин әу бастан іргедегі қауіпі зор Қытаймен емес, қияндағы Жапониямен экономикалық ірі серіктес болуды қалаған-ды. Президент болса - сол мақсатына жетері анық.

Соңында айтарым, «мына Доспанов қисыны келмейтінді қиялдағаны қалай?» дейтіндердің шыға келерлерін білгендіктен, мынаны еске салғанды жөн көрдім.

В.Ленин 1898-жылы өз партиясын құрғанда, Ресей империясында 3 ғасыр билік еткен Романовтар монархиясына біржола тосқауыл қойып, Үкімет басына партиясымен өзі келуді мақсат тұтқан еді. Ол мақсатына 19 жыл тынбай күрес арқасында жетіп тынды. Оның 10 жылы эмиграцияда өткені аян.

Нельсон Мандела 45 жыл оппозицияда оның жартысына жуығын түрмеде өткізгенімен, АҚШ-тың жан-жақты қолдауымен Оңтүстік Африка Республикасының Президентіне сайланып, мемлекетіне демократия орнатып берген...

Эмиграцияға кетуге душар болған Хамит Карзай да АҚШ бастаған ірі демократиялық елдер қолдауымен кері оралып, Ауғанстанның Президенті болып шыға келді...

Сондықтан да 1998-жылдан эмиграциядағы Ә.Қажыгелдиннің де Айы мен Күні оңынан туып қалар...

Редакциядан: Жұмабай ДОСПАНОВ 1952- нші жылы Атырау облысында дүниеге келген. 19 жыл кәсіподақтарда басшылық қызметтер атқарған. 1995-жылдан бері ресми демократиялық оппозицияда. 1998-2004-жылдары Қазақстан Республикалық Халық партиясы, 2006-жылдан бері Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалдарының төрағасы қызметін атқарып келеді. 2004-жылдан мемлекетаралық «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы.

2002, 2004-жылдары Парламент Мәжілісі депутаттығына түскен. «Линкольн қаласының құрметті азаматы» (АҚШ, 2000), «Азаттық» сыйлығының иегері (2004).

Оппозициялық қызметі үшін 44 рет сотқа тартылған, 5 рет өміріне қастандық жасалынған.

Сұхбаттасқан - Гүлмира Сүйекенова,

«Абай-ақпарат»


 




Бүгін Н.Назарбаев Сенат пен Мәжіліс Төрағалары Қ.Мәмиді, О.Мұхамеджановты, Премьер-Министр К.Мәсімовті қабылдап, оларға өз атына Мәжіліс депутаттарынан өкілдіктерін мерзімінен бұрын тоқтатып, жаңа Парламент сайлауын тағайындауды сұраған ұжымдық арыз түскенін айтып, Әкімшілігінің жетекшісі А.Мусиннің қатысуымен осы мәселе жайында кеңес құрды.
Бұйырса, ертең 16 қарашада Президент Мәжіліс отырысына қатысып, өз жарлығын жария етеді. Яғни Парламент сайлауы 2012 жылдың 15 қаңтарына - жексенбіге тағайындалады.



Терактілер салдары Н.Назарбаевты демократиялық оппозициямен ымыраға келтірмейді. Себебі оппозиция қауіптірек. Діншілдердің өресі мемлекет, аймақ түгілі ауданды басқаруға жетпейді. Сондықтан олар билікке таласпайды.



Біздің Шымкентте жексенбіден бері полиция тәуліктік күзетке қойылды. Бірақ оның қызметкерлері екі аптадан артыққа төзе алмайды. Бұл өте қауіпті. Лаңкестер желтоқсанның басында бүлдіріп жібере ме деп қауіптенемін.



Парламент сайлауы өтісімен Үкіметімен бірге отставкаға кететін Кәрім Мәсімовке жаңа лауазымды дайындап қойды. Ол қаңтардан бастап штаб-пәтері Астанада орналасатын ЕурАзияОдақ құрылымының комиссары болып сайланады.



Парламентті тарату мен жаңа сайлауды тағайындау туралы жарлыққа президент кеше кешкісін 19 сағатта ғана қол қойған. Соған байланысты ол тек бүгін таңғы 6-да ресми түрде хабарланды.



"Республика" порталы Парламенттің Сенаты мен Мәжілісінің 75 пайызы Президент Әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусиннің адамдары болады, оларды кейін өзі мемлекет басына келу үшін пайдаланады деп жазыпты. Шындыққа келіңкіремейтін тәрізді. Нұрсұлтан Әбішұлы қалайша 75 пайыз депутатты оған бере салады?



Жарлықта жергілікті мәслихаттар сайлуын өткізу жазылмаған, сонда қалай, парламенттен бөлек болады ма?



Әділет министрінің бірінші орынбасары, 2 мәрте парламент Мәжілісі депутаты болған Ирак Елекеев жаңа парламентке 4 партия өтуін қалапты. Өте дұрыс пікір-ұсыныс. Биліктік "Нұр Отан", "Ақ жол", Ақорда қолдан жасаған жалған оппозициялық ҚХКП-сы сол баяғы қатқан тулаққа отырып, алып бұрынғы "жырды" жалғастырудан өзге нені біледі? Бұлар нағыз "застойщиктер". Ал біздің мемлекетке енді адымды прогресс керек!



Алматыда 8 қарашада екі полицейді атып өлтірген уахабшылдар ұсталыпты. Олардан 2 Макаров пистолеті, Калашников автоматы мен мол оқ-дәрі табылған. Террор оңтүстік астанаға да келіп жетті, ағайын!



2012 жылдың қаңтарында Ресей, Беларусь, Қазақстан ортақ валютаға көшсе, шілдеде оларға Армения, Қырғызстан, Тәжікстан қосылуы мүмкін. Ал 2013 жылы Украина мен Азербайжан да амалсыздан орыстың ақшасын мойындайтын болады.



Қауіпсіздік Кеңесі республиканың барлық аймақтарындағы құқық қорғау органдарына діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарын тексереді, осы алдымыздағы аптадан бастап. Бұл мәселені Н.Назарбаевтың өзі қадағалауына алған. 16 аймақ ішкі істер департаменттері мен ҰҚК департаменттерінің 8 бірінші басшылары, бастықтарының 20-24 орынбасарлары қызметтерінен босатылады, бұл ревизияның қорытындысымен.



Діни экстремизмді бетімен жіберген биліктің өзі. Енді одан бір-екі жыл ішінде құтыла алмаймыз. Менің шамалауымша Қазақстан халқы 2012-2015 жылдары террористік актілерден көз аша алмайды. Экстремистер біздің биліктің, оның құқық қорғау органдарының осал жақтарын зерттеп, біліп болған. Сондықтан бұлар экстермистерге төтеп бере алмайды, халықтың обалына қалады.



Владимир Путин Ресей тарихына ХХІ ғасырдың императоры ретінде енеді. 2012 жылдың желтоқсанында Кіші Кеңес Одағы құрылады. 2002 жылы жасалынған "План Путина" жүзеге асады.



А.Мусинге ант бергендер тізімінде мыналар бар:
1.А.Дауылбаев - республика Бас прокуроры, 2.Б.Бекназаров - Жоғарғы сот төрағасы, 3.Б.Жұмағұлов - білім және ғылым министрі, 4.Қ.Қасымов - ішкі істер министрі, 4.Қ.Қожамжаров - қаржы полициясы агенттігінің төрағасы, 6.С.Нокин - коммуналдық-тұрғын үй агенттігінің төрағасы, 7.П.Нокин - миграциялық полиция комитетінің төрағасы, 8.Б.Бимағанов - жол полициясы комитетінің төрағасы және 12 жоғары лауазымдылар.



37-ші!
Сіздің бұл жазып отырғаныңыз "Республика" порталынан оқығаныңыз. Ол - Мұхтар Ә*Бейәдеп сөз жазбаңыз!*зовтыкі. Ол жігіт А.Мусинмен удай араз. Сондықтан оны сүріндіру үшін бәріне барады. қазақстандағы терактілерді де сол ұйымдастырған деп өте ауыр жала жауып отыр. баласы діндар болғанымен, өзінің оларға қатысы жоқ. Сондықтан кішкентай жігітке көп сене бермеңіздер.



Бүгінде Ақтөбе қаласы бейне Шешенстандағы соғыс жағдайында тәрізді. Көшелерде полицейлер автомат асынып жүр. Қала сыртына блокпостылар қойылған. Халық үрейлі. Еліміздің тәуелсіздік алғанының 20-шы жылында мұндай күйге ұшырағанымызға кім(дер) кінәлі?



Каддафидің мұрагері - Ливияның экс-премьер-министрі Сайф әл-Ислам Каддафи ұсталды, шекарадан Нигерияға өтпек болғанында. Ол нағыз жауыз адам. Енді Гаага халықаралық трибуналына тартылады.



Мына әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс көп елдердің биліктерін ауыстыратын тәрізді. Испания, Грекия және Италияның әрқайсысында 1 миллионнан астам адам наразылық шерулерін өткізіп жатыр. Бұл дүмпу АҚШ-тың 28 штатын қамтыған, тек Нью-Йоркте 18 қарашада 300 адам тәртіп бұзғандары үшін ұсталды.



Берік Бисенқұлов - 2001 жылы Алматы қаласы жол полициясы басқармасының бастығына, содан кейін 2003 жылы қалалық ІІД бастығының орынбасарына тағайындалған. Бірақ 2007 жылы бұл органды атыраулықтардан тазартқанда ("Нұрбанкті" басқарған атыраулық банкирлер Ә.Ғилимов пен Ж.Тимралиевке байланысты) ІІД бастығының орынбасары Нұрлан Самалиховпен бірге қызметінен босатылған. Біраздан кейін барып ТЖ министрінің кеңесшісі лауазымын алған.



Қазір сол Нұрлан Самалихов қайда? Сотталғанын естідік, одан кейінгі өмірін білмеймін.



Полиция полковнигі Нұрлан Самалихов 1966 жылдың 15 сәуірінде Атырау облысының Махамбет ауданында (И.Тасмағамбетовтің ауылдасы) өмірге келген. Бір кездері Алматы әуежайындағы ішкі істер бөлімінде қызмет етті. Одан кейін тез көтеріліп, Алматы қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болды. Карьерасы 2007 жылдың 31 қаңтарындағы "Нұрбанк оқиғасынай байланысты сол күні тұтқындалып, сол жылдың 3 қыркүйегінде оңтүстік астананың Медеу аудандық соты оны ҚР ҚК 307-2-сімен жалпы режимдегі түзеу колониясында жазасын өтеуге үкім шығарған.
Бірақ Р.Әлиевтің өзіне қылмыстық іс қозғалуына байланысты Бас прокуратура ол үкімге наразылығын білдіруіне байланысты 2008 жылдың 23 маусымында Жоғарғы соттың қадағалау алқасы А.Смолиннің төрағалық етуімен, Бас прокурордың орынбасары генерал-майор Р.Мамырбаевтың қатысуымен бұл үкімді бұзып жіберді.
Н.Самалихов - 2009 жылдан бері транспорттағы Орталық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасарын атқаруда.



Сонымен Қазақстан Үкіметін басқаруды 5 жылға (рекорд) толтырып, Кәрім Мәсімов отставкаға кететін болды. Халықты ойландырып-толғандыратын басты мәселе - әлемдік дағдарыс жағдайында жаңа Үкіметімізді кім басқарады? Осыны талқыға салып көрейікші. Мүмкін біреулердің бұл турасында анық білетіндері бар шығар.



Қазақстан үкіметі биылғы жылы Италияның кеше отставкаға кеткен премьер-министрі С.Берлусконидің өтініші бойынша ол мемлекеттің банктік құнды қағазын 100 миллион долларға сатып алған екен, енді ол елдегі қаржылық дағдарыс салдарынан сол ақша түгелімен күйіп кеткен! Бұған тікелей кінәлі үш адам - премьер-министр К.Мәсімов, қаржы министрі Б.Жәкішев, ұлттық банк төрағасы Г.Марченко. Яғни бұларды тек қызметтерінен босатып қана қоймай, соттау керек!



100 миллион АҚШ доллары - 14,8 миллиард теңге ғой! Бұл ақшаға ауылдарда 148 мемлекттік шаруашылық (госхоз) құруға болады, бұрынғы совхоздарша. Ол 148 шаруашылықта 70 мың адамға жұмыс табылатын еді. Не деген бассыздық?! Ана үшеуді түгелімен миғұла санаймын.



Сонда қалай, әлгі Тони Блэрдің Қазақстанды дүниежүзіндегі ең мықты 50 ел қатарына жеткізу жөніндегі стратегиялық бағдарламасы жайына қалады ма?..



Мәсімовті "жансыз" деп жазып жатыр оппозициялық басылымдар. Сонда қалай, біздің құпия қызметіміз қайда қараған? Енді ешқандай құпиямыз қалған жоқ! Мәсімовті қашып кетпей тұрғанында тұтқындау керек!



100 миллион долларды біздің жоғары билікте отырғандар үлкен ақшаға санамайды. Өйткені Қазақстанда тап осындай ақшасы (байлығы) бар 500 шенеунік тұрып жатыр.



Менің ойымша мынадан кейін Қажыгелдин үкіметімізді басқару түгілі, елге оралудан бас тартады. Мынау - сұмдықтың сұмдығы!!!



Тек Берлускони ма, бізді алдап соққан?



Ертең, 16 желтоқсанда мемлекеттік тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын бар қазақ жылап жүріп атап өтулері керек! Біз тәуелсіздіктен айрылғалы тұрмыз! Бұл ақиқат. Назарбаевтың ө аузынан шыққан 5 жылдың (2012-2016) ішінде 175 ұлттық жайымыздан айрылуымыздан кейін неміз қалады?



Украин халқы қойдай жуас қазақтар емес, бас шұлғып отыра беретін. Тек оппозициялық "Батьківщина" партиясының бір өзі қазан айын.да бастағаннан 17 қарашада В.Януковичтің отставкасын талап еткен, мерзімінен бұрын президент пен парламент сайлауын өткізу жөнінде 1 миллион қолды жинап болғанын кеше жариялады. Украина Еуразия экономикалық одағы-кеңістігіне кірмейді. Путин қаншама күш салса да ол жоспарын жүзеге асыра алмайды.



Егер В.Янукович шынымен Юлияны өлтіртсе - онда Украина халқының 70 пайызы көтеріліп, мына билікті түтіп тастайды. Янукович В.путинге берген уәдесі - Украинаны қайтадан Ресейге қосып беруді жүзеге асыра алмайды, оның тақтан таяр уақыты апта санап жақындап келеді.



"ДАТ" жазыпты ғой, Илеуова деген бір сатқын әйел сауалнама жүргізіп, Қазақстан халқының үштен бірі Ресейге қайта қосылғанды қалайды деген саяси аса қатерлі қорытынды жасағанын. Ол әйелдің жағына жылан жұмыртқаласын! Әрине, ол оны арнайы тапсырыспен орындап, жария етіп отыр. Алла мұндай Отанына опасыздардан сақтасын!



"Айтпады" демеңіздер, 1916 жылы Қазақстанда жаппай ұлт-азаттық көтерілісі болады. Бұл А.Иманов бастаған Торғайдағы халықтық көтерілістің 100 жылдығына, және "Желтоқсан көтерілісінің" 30 жылдығына келеді. Тарих ара-тұра қайталанып тұратынын естеріңізге салып қояйын.



Хабар каналында Сонымен солай дейк багдарламасы бурынгы ведущ-ин ауыстырып оны Рахат Жаксыбай мен Лайле жургизди.Керемет Мен Рахатка риза бодым. Ал зикирши мырзалар мен бузылган атеистер енди карап турындар. Рахат Хабарды имандылыктын ак ордасына айналдырады. Иштерин куйсе туз жаландар.



Қазақстан Ресейге тұтиасымен өтпейді. Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысының жартысы, Алматы қаласы Қытайға беріледі де, Ресей ол мемлекетпен мәңгі достық шартына отырады.



"План Путина" 2002 жылы 15 жыл мерзімге жасалған. Яғни 2017 жылы бұрынғы Кеңес Одағының тәуелсіз атанған 8-9 мемлекетінен Кіші Кеңес Одағы - жаңа Ресей империясы құрылады. Оған (Ресейге)Азербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдово, Тәжікстан, Украина кіргізу ойластырылған.



Бүгін Испанияда мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтіп жатыр. Нағыз демократиялық сайлау. Билік бір жерде де кедергі келтірмеген оппозициялық партияларға. Сауалнама бойынша оппозициялық Халықтық партия 45 пайызбен 1-орынды алады.
Ал біздегі сайлаудың қалай өтетіні қазірден-ақ белгілі. "Нұр Отан" кем дегенде 85 пайызбан халықтың "сүйіспеншілігін" сақтап қалады. Қалған партиялар жабылып 15 пайыздан артыққа жете алмайды. Қазақстандағыдай әлемде ұры сайлау комиссиялары бар ма екен, осы?



НӘНнің тапсырмасымен ара-тұра Ә.Қажыгелдинмен кездесіп жүрген Н.Әбіқаевты Президент әкімшілігінің басшысы соңғы бір ай ішінде едәуір ығыстырыпты. Ондағы мақсат - Қажыгелдинді елге, жоғарғы билікке келтірмеу. Кешегі "Тараз оқиғасынан" кейін ішкі істер министрлігі ҰҚК жергілікті органдарын тексеруге мүмкіндік алыпты. Бұл - сонау 1918 жылдан бері бірінші рет болғалы тұрған таңқаларлық жағдай. Себебі - А.Мусинге мойын ұсынған ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың беделін аспанға шығару мен салмағы одан әлдеқайда басым Н.Әбіқаевты жер ету.



Қазақстанда ұлт-азаттық көтеріліс 2016 жылдан бұрын, 2012-нің аяғы - 2013-тің басында басталып кетеді. Жаңа парламентке кешегі парламент депутаттарының 70 пайызы (5 пайызы "Ақ жолға" мүше болып) қайтадан өтеді. Сондықтан ештеңе өзгермейді. Жаңа Үкіметті А.Мусинге, не Т.Құлыбаевқа, не Ә.Исекешовке, не А.Есімовке, не Қ.Келімбетовке, не Ө.Шүкеевке басқартса - то же ештеңе өзгермейді.



"Республика" порталы Нұртай Әбіқаевтың саулығында ақау барын жазыпты. Осыдан келіп оның белсенділігі, президентке әсері төмендеген. Осыны Аслан Мусин сәтте пайдаланып отырған көрінеді. Оның үстіне Елбасы аптасына тек 3 күн ғана жұмыс істейді екен. Ал, Мусин 6 күн жасайды. осыдан қорытынды жасай беріңіздер.



Сұхбат жақсы берілген. Доспановтың Қажыгелдиннің елдегі бір сенімді серігі екені байқалады. Өткен аптада оның "ДАТ" газетіне берген көлемді сұхбатын оқыдым. Жай адам емес екеніне көзім жетті. Жұмабай сияқты азаматтар елімзде жетерлік, тек мына билік солардың отанға қызмет етулеріне мүмкіндік бермей келеді. Өкінішті.



2016 жылы болуы мүмкін ұлт-азаттық көтерілісті кім(дер) басқарады? Оппозиция көсемдері ме, әлде радикалды исламистер жетекшілері ме?



АҚШ президентіне кандидат болған конгрессмен Джон Маккейн 2010 жылдың қарашасында Египетте Хосни Мүбарактың, Ливияда Муаммар Каддафидің билігі құлауға санаулы айлар қалды дегеніне көпшілік келекемен қараған. Бірақ шынында да Мүбарак 3 айдан кейін тағынан айрылса, Каддафи 11 айдан кейін масқара өлімге ұшырады.
Енді міне, Маккейін 2011 жылдың қарашасында тағы да саяси болжам жасап, Сирияда Башар Асадтың, Ресейде Владимир Путиннің биліктен айрылуларына 6 айдан аспайтын уақыт қалды деген сәуегейлік жасады.



Нұрекеңнің көп жылдардан бергі серіктері С.Қалмырзаевты, Б.Өтемұратовты, И.Тасмағамбетовті, Д.Назарбаеваны кері ысырып тастай алған Аслан Есболайұлы енді Н.Әбіқаевты да солай ете алса - онда оған №2 президенттікке жол ашылды деуге болады.



Сирияда Азамат соғысы басталып кеткен тәрізді. Башар Асадтың 15 мыңдай әскері оппозиция жағына шығып кеткен. Көтерілісшілер қолдарында 50 шақты танк, тіпті тікұшақ бар көрінеді.



Кеше Евроньюс Муаммар Каддафидің қолға түскен үлкен ұлы - экс-премьер-министр Сайф аль-Ислам Каддафиді әскери ұшақ ішінен көрсетті. Кешегі халықты мыңдап қырып келген қанішер Сайфта зәре жоқ, қақпанға түскен сарышұнақ тәрізді. Сондай-ақ, Гаага халықаралық трибуналы іс қозғаған тағы бір жауыз - М.Каддафидің құпия қызметі бастығы генерал әпкесінің үйінде тығылып жатқан жерінен ұсталды. Диктаторларға өлім келсін! Олар өз төсектерінде адам құсап өлмейді, олар Құдайдың жазасымен масқара өліммен дүниеден өтеді.



Кеше Испанияның мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтті. Сауалнама дәл жүргізілген екен, оппозициялық Халықтық партия 45 пайыз дауыспен 1-ші орын алады деп еді, 44,62 пайызбен бірінші орынды жеңіп алды. Испания халқы өз таңдауын жасады. оған билік еш кедергі келтірген жоқ. Демократия деп осыны айтады.



Египеттің астанасы Каирде жаңа революция басталып кеткендей. Кешегі революционерлер Қарулы Күштердің Жоғарғы кеңесінен билікті азаматтық үкіметке дереу беруді талап етіп, Тахрир алаңына 50 мыңнан астам жақтастарын шығарған еді. Полициямен және әскерилермен кешегі қақтығыста 10 демонстрант қаза болып, 300 адам жараланды. Халық әскери биліктің орнығып қалуынан және Х.Мүбаракты құтқарып жіберуінен қауіптенеді.
Жоғарғы әскери кеңес осы жылдың 11 сәуірінде Х.Мүбарактың ресми түрде президент лауазымынан отставкаға кетуімен билікті өзіне алған еді.



Кенже, әрине Қазақ елінің ежелгі тарихында оны жалғыз хан билеп көрген жоқ. Үш жүздің хандарына төртінші болып Бөкей ордасының ханы қосылды.
Біз қазір ХХІ ғасырдамыз. Конституциямыз бойынша елді басқаратын 5 лауазым бар: Президент, Сенат Төрағасы, Мәжіліс Төрағасы, Премьер-Министр және мемлекеттік хатшы. Менің ұсынысым сол бестіктің шеңберінде Президент - Аға жүзден болса, Орта мен кіші жүздерден екі-екіден (Сенаттың Төрағасы + Мемлекеттік хатшы, Мәжілістің Төрағасы + Премьер-Министр) болу керек. Сонда ғана әділдік орнап, қазақ халқының мемлекеті үшін бірлігі нығая түседі.

 

Мұрағат

Сәуір 2014
ДсСсСрБсЖмСбЖс
0123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
2829301234

Айлық статистика

<<  >>

Ең көп оқылған