Дүйсенбі, 19 Ақпан 2018
Мың бір мысал 2431 0 пікір 29 Желтоқсан, 2016 сағат 09:35

ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫН КӨТЕРУГЕ ҚАРСЫМЫЗ

Үкіметтің назарына

Шенеуніктердің жалақысын көтеруге бөлінетін қаржы ең төменгі зейнетақыны көтеруге бағытталсын!

Біз  той тойлап, думандатып жүргенде Жаңа жылдың зырылдап келіп қалғанын да білмей қалыппыз. «Жалаңаяқ тұрса да, сері тоңғанын білдірмейді» деген жағдайдамыз. Дуылдатып, мақтанып жүріп, кедейлігімізді айтуға ұялатын болдық. Менің айтайын дегенім, елдегі біраз жұрттың әлеуметтік хал ахуалы. Бүгінгі күні ауылда болсын, қалада болсын, ең төменгі жәрдемақы алатын, ең төменгі зейнетақы алатындардың қарасы көп. Ал, республикалық әлеуметтік қамсыздандыру департаментінің есебі бойынша  ең төменгі күн көріс құны 20 мың теңге шамасында екен.  Осы күнкөріс құны мен ең төменгі жәрдемақы мен ең төменгі зейнетақыны салыстырып көрейік.

Балалары үшін әйелдерге берілетін жәрдемақының көлемі 12 мың теңге, ең төменгі зейнетақы 37 мың теңге арасында.

Биылғы қаңтардан бастап, сәуір, шілде, қазан айларында азық-түліктің бағасы бірнеше есеге қымбаттады. Азық-түліктің бүгінгі бағасы ең төменгі жәрдемақы мен ең төменгі зейнетақының көлемінен бірнеше рет асып, қазір жарға тіреліп тұр.

Мәселен, бір келі қанттың бағасы жыл басында 180 теңге болса, қазір 350 теңге.

Бір қорап шәй жыл басында 380 теңге болса, қазір 750 теңге. Басқа да азық-түліктің түрлері де солай екі есеге жуық қымбаттаған.

Сонда деймін-ау, әйелдерге балалары үшін төленетін 12 мың теңге жәрдемақымен  бір адам күнелте ала ма!  Ал, ең төменгі зейнетақы 37 мың теңге алатын зейнеткер осы ақшаға бір ай күнелте ала ма?. Ең төменгі зейнетақы алатындар күнделікті тамағын қамтамасыз етудің сыртында, тұрған үйінің коммуналдық қызметін төлеуге тиынын жеткізе алмай сансырап жүр.

Таяуда Елбасы  «Ең төменгі жәрдемақы мен зейнетақы 20 пайызға көтеріледі» деген болатын. Ел күнде өсіп жатқан инфляцияның қырсығынан «жыртығын толық жамай алмаса да» осыған «шүкірлік етіп отыр еді. Осыдан бірер күн ғана бұрын Денсаулық және әлеуметтік қамсыздандыру министрі  Дүйсенова ханым «Зейнетақы қаңтар айында 9 пайыз, шілде айында он бір пайыз қосылады» деп жаңа жылда зейнетақыға қосылуға тиісті пайызды екі мерзімге бөліп тастады.

Ал, қымбатшылық пен инфляция елді қысып бара жатыр. Сондай-ақ, шілде айында қосылатын он бір пайызға дейін де  азық түлік, жұрт тұтынатын тауарлар бағасы тағы үстемеленіп, зейнетақыға қосылған пайызды «жеп» қоятын тәрізді.

Зейнетақы мен жәрдемақы республика бюджетінен бөлінетін сөзсіз. «Кризис. Қаржы жетпей жатыр» деп биліктегілер сылтау айтуға баяғыдан-ақ үйренген. «Иә, солай екені солай ғой» деп біз де иығымызды көтерер едік.

Бірақ, таяуда Үкімет «шенеуніктердің» жалақысын екі есе көтеру туралы мәселе қозғаған сияқты.  Соған қарағанда кризис үкіметтегілерді онша қыспай отырған тәрізді.  Шенеуніктердің жалақысы көтерілетін болса, ол да бюджеттің қаржысы, яғни, халықтың салығынан жиналған ақша. Олай болса, әлеуметтік жағдайы нашарлай бастаған ең төменгі жәрдемақы мен ең төменгі зейнетақы алатындардың жағдайын ойламай, сол халықтың есебінен шенеуніктердің жалақысын өсіру қаншалықты заңдылыққа сыйымды!  Мәселен, мемлекет қарауындағы «Ұлттық қор» мен оның «дочерний» компанияларында 600 мыңдай адам бар деп естимін. Оның сыртында министрліктер мен облыстық, қалалық, аудандық әкімшіліктерде, мемлекеттік мекемелерде қаншама адам отыр.

Бұлардың көбінің жалақысы  500 мың теңгеден асады. Сонда осы шенеуніктердің жалақыларын өсіруге жеткен қаржы, неге ең төменгі зейнетақы алатындардың зейнетақысын көтеруге жетпейді?

Ата Заңымызда: «Мемлекет халықтың әлеуметтік жағдайын көтеріп отырады» деп анық жазылса, осы парызға мемлекеттік шенеуніктер неге оң көзімен қарамай отыр!?

Жалпы, шенеуніктердің жалақысы халықтың қалтасынан (салықтан) төленіп отырғандықтан, шенеуніктің жалақысы зейнетақыдан, не қарапайым ел алып отырған жалақыдан жиырма есе көп болуы еш заңдылыққа сыймайды. Шенеуніктерге ойға келген жалақыны тағайындауға болмайтын себебі – олар бизнес саласындағы қызметкерлер емес. Қарапайым халық пен шенеуніктің жалақысының алшақтығы  көп болмауы керек. Мен дамыған елдерде солай болатынына сенімдімін. Егер, біз Еуропадағы Норвегия, Германия тәрізді елдердің қатарына қосылғымыз келсе, әуелі, ең төмен қамтылған халықтың әлеуметтік жағдайын ойластырып, солардың күн көрісін қамтамасыз етуіміз қажет.

Осы жазда Мәжілісте ең төменгі зейнетақыны  60 мың теңгеге дейін көтеру туралы сөз болған сияқты еді. Осы мәселені Денсаулық және әлеуметтік қамсыздандыру мекемесі аяқсыз қалдырған тәрізді.

Сонымен, «сөз аяғы құрдым»  болмас үшін сөзімді төмендегідей талаптармен аяқтаймын:

  1.  Шенеуніктердың жалақысын екі өсіруге қарсымын (Оған айтылатын уәжді жоғарыда келтірдім).
  2. Шенеуніктердің жалақысын көтеруге бюжеттен бөлінетін қаржыны есептеп, ол қаржыны осы қаңтардан бастап, ең төменгі жәрдемақы мен ең төменгі зейнетақы алатындардың зейнетақысын көтеруге бағыттау керек!

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының ардагері

Abai.kz

0 пікір