Жексенбі, 27 Мамыр 2018
Ерлік 2095 0 пікір 29 Желтоқсан, 2016 сағат 09:07

АВИАЦИЯ АРДАГЕРІНІҢ ӨНЕГЕСІ

  Авиация ардагері Әбу Смағұлұлы

Авиация саласының ардагері Әбу Смағұлұлы бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып келеді. Ұлғайған жасына қарамастан тынымсыз еңбек етіп, зерттеушілікпен шұғылданып жүр. Мақсаты – еліміздің авиация тарихын жаңғыртуға өзіндік үлес қосу, осы салада істеген азаматтар туралы, әсіресе қатары сирек қазақ ұшқыштары жайында бүгінгі ұрпаққа әңгімелеп беру. Сол мақсатпен бұдан тоғыз жыл бұрын «Алаштың ақиық азаматтары» деген кітап шығарды, енді, міне, соның жалғасы іспетті «Ұлы Дала сайыпқырандары» атты жинағын оқырмандар назарына ұсынып отыр. Кітап «Ел Самғау» қоғамдық қорының демеуімен «Рух БГ» баспасынан жарық көрді.

Ә. Смағұлұлының «Ұлы Дала сайыпқырандары» кітабы

Әбу Смағұлұлы Украинаның астанасы Киев қаласындағы Азаматтық авиация инженерлерін даярлайтын институтты 1968 жылы үздік белгімен бітірген. Әуе кемелерінің инженер-механигі мамандығын алған.  Ол еліміздің авиация саласындағы еңбек жолын 1967 жылы, диплом қорғау алдында өткізген он айлық практикасы кезінде, Алматы біріккен авиаотрядының авиатехникалық базасында авиатехник қызметін атқаруымен бастаған еді. Оқу бітірген соң да жолдамамен сонда барды. Бірнеше ай инженер болып істегеннен кейін,  Алматы түбіндегі Боралдай біріккен авиация отрядының авиатехника базасында көп еңбек сіңіруді керек ететін регламенттер учаскесінің бастығы лауазымына ауыстырылды. Осы қызметінде жүріп, Ленинград қаласындағы (қазіргі Санкт-Петербург) Азаматтық авиация жоғарғы  авиаучилищесі жанындағы саяси қызметкерлер курсын бітірді. Содан соң 1971 жылдан 1987 жылға дейін, он алты жыл бойы  Талдықорған және Алматы авиация кәсіпорнындарында cаяси жұмыс жөніндегі орынбасар-бастық (замполит) ла- уазымында қызмет атқарды. Осы қызметінен кейін екі жыл Алматы біріккен авиаотрядының авиатехникалық базасында инженер-технолог боп істеді. Сосын 1989 жылдың наурызынан Қазақ азаматтық авиация басқармасында кадрлар бөлімінің бас маманы, 1991 жылдың қыркүйегінен Қазақстан Республикасы Әуе көлігі департаментінің жетекші және бас маманы қызметтерін атқарды. 1993 жылдан Халықаралық байланыстар және Әлемдік азаматтық авиация ұйымымен (ИКАО), Мемлекетаралық авиация комитетімен (МАК) байланыстар бөлімінің бастығы болды. Монреаль қаласында ИКАО-ның бір айлық  таныстыру курсында әуе жолдарындағы ұйымдық жұмыстарға қатысты  білім-танымын кеңейтіп, жетілдірді.

Содан кейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жұмысшы тобы құрамына бекітіліп, тәуелсіз мемлекетіміздің Әуе кодексі жобасын жасауға қатысты. Әбу Смағұлұлы осы парламенттік жұмысшы тобында үйлестіруші  ретінде тұрақты жұмыс істей жүріп, авиа- цияға тән терминдерді қазақшалауға көп еңбек сіңірді. Бұл кодекс 1995 жылғы қарашада ҚР Президентінің Пәрменімен «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының Заңы» түрінде жарық көрді. Жоғарғы Кеңес жұмысшы тобының үйлестірушілік міндетін ойдағыдай аяқтағаннан соң, Әбекең «Қазақстан әуе жолдары» Ұлттық авиация  акционерлік  компаниясы протоколдық-визалық тобының бастығы лауазымында біраз  істеді. Содан кейін Алматы аэропортына ауыстырылды. Мұнда ол жанар-жағармай материалдары қызметінің бастығы, аэропорттың материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімі бастығының штабтық жұмыс жөніндегі көмекшісі және бастықтың орынбасары болды. 1996 жылдан Алматы халықаралық аэропортының авиациялық қауіпсіздік қызметінің штаб бастығы болып  істеді. Сосын  Көлік  министрлігінде тәуелсіз еліміздің азаматтық авиациясының ИКАО және ТМД елдерімен байланыс бөлімін басқарды, министрліктің алқа хатшысы болды. 

Қазақстанның авиация қызметі саласындағы өзіне сеніп тапсырылған қызметтердің бәрін де Әбу Смағұлұлы жауапкершілікпен атқарып, әрдайым абыройға бөленіп жүрді. Қандай қызметте болмасын, барлығында да өзін ұйымдастырушылық және тәрбие жұмыстарында мол тәжірибесі бар, жан-жақты білімге ие, сауатты әм білікті авиамаман ретінде көрсете білді.  Өмірінің мәніне айналған авиатор кәсібінің ащы-тұщысына араласып, осынау саланың республикамызда ойдағыдай дамуына елеулі еңбегін сіңірген Әбу Смағұлұлын зейнетке шыққалы мынандай бір ой жиі мазалаумен болды. Алып Қазақстанның авиация кәсіпорындарында мыңдаған адам жұмыс істейді, бірақ осынау  салада қазақ азаматтарының қатары неге аз ғана? Бұл бір романтикаға бай, құдды қиял-арманның өзімен туыстас, ғажап кәсіп емес пе еді? Осылай ойлайды да, ол өзінің осы мамандықты таңдауға не себеп болғанын еске түсіреді...

 Тоғыз жасар жеткіншек Әбу 1946 жылдың тамызындағы шаңқай түс кезінде қырман басындағы әлі бастырылмаған астық көпенесінің көлеңкесінде бір топ ауыл балаларымен бірге күлше нан жеп дуылдасып отырған. Бір кезде балалардың біреуі теріскей жақтағы көне Қаратау қыраттарының үстінен қылт етіп шыға келген қара нүктені көріп қалып, «Аэропла-а-н!» деп айқайға басады да, атып тұрады. Сонда баршасы әлгі ноқатқа қарай жамыраған қозыдай тұра жүгіреді. Ол, шынында да,  қос қанатты инелік сияқты аэроплан еді. Жотаның үстіне жарыса жүгіріп шыққан балалардың қуанышына қарай, қос қанатты темір инелік жотаның келесі беткейіне келіп қонды да, тұмсығын балаларға бұрып қасқайып тұра қалды.  Бұлар солай қарай уралап лап қойды. Бірақ тақала бере іркіліп, тоқтап қалды. Өйткені аэропланнан бір бұйра бас сары жігіт секіріп түскен еді. «Орыс келе жатыр» десе жылағанын қоя қоятын ауылдың қара сирақ балалары ғой, бәрі шегіншектеп, кейбіреуі, тіпті, кері бұрылып зыта жөнелді. Дегенмен араларындағы 10-11 жасар ересектеу бала: «Қашпаңдар! Қашпаймыз!» – деп, өзінше айбар көрсетті. Оның сөздері жігерлендірген балалар қайта топтасып, ұшаққа қарай жүрді.  Бір ауыз орысша білмегенмен, әлгі сары жігіттің жылы үнмен шақырғанын ұғып, тобын жармай жанына барды. Ұшақ үстіндегі  егделеу орыс кісі бұларға қарап сақ-сақ күліп,  әлгі жігітпен бірге әлдебір сынған шығырды көрсетті. Балалар олардың өздерінен көмек сұрағанын түсінді. Араларындағы біреуі – ұжымшар ұстасы Нөгербек атаның баласы Қырықбай – шығырды алып, ұстаханаға зымырады. Ал батылданып алған қалғандары ұшақты айналып, оның қанатына жармасып, қаракер тайына жайдақ мінген Қырықбай шауып жеткенше, темір құсты қызықтап мәз-мейрам болды. Қырықбайдың көзінен мақтаныш сезімі ұшқындайды, ұста әкесінің балғасы мен төстігінен шыққан, көрік отының жылуын бойына сіңіріп, бұлақ суымен шынықтырылған жап-жаңа көгілдір шығыр қолында. Серіктері оны уралап қарсы алды. Шығырды көрген ұшқыштардың да қуанышында шек жоқ, Қырықбайды арқасынан қағып, алғыс айтқан сөздерін жаудырды.

Сосын балалар ұшқыштардың ымдап түсіндіруімен қаракер тайды ұшаққа жегіп, өздері қоса итеріп, үлкен «темір инелікті» жотаның басына шығарды. Аналар сынған шығырын ауыстырды да, балалардың қолдарын қысып қоштасты. Содан кейін ұшақтан аулағырақ тұруларын өтінді. Моторы от алған соң, қос қанатты темір құс  желге бетін бұрып алып, шамалы жылдамдығын үдете жүгірді де, көкке көтеріле бастады. Балалар қолдарын бұлғап, уралап, соңынан біраз қуды, ақыры жусан иісі аңқыған шаңды жұтып қала берді...

– Осы болмашы оқиға менің санамда ұмытылмас әсер қалдырды, – дейді Әбекең. – Содан бастап  екі аяқты адам баласы бағындырған темір құстың құпиясы неде екен деген сұрақ ойымнан кетпеді. Бүгіндері кей-кейде, ертеден келе жатқан «өткен күнде белгі жоқ» деген сөз дұрыс айтылмаған-ау деп ойлаймын. Егер ұшақты алғаш көрген балалық күндерден белгі қалмаса, мен ата-бабама кәсіп болмаған авиация саласына барар ма едім?

Шынында да, Әбу Смағұлұлы  балалық балғын шағында ауыл маңына ойда жоқта  қонған ұшақты айналшықтап, қанатынан тебірене ұстағанында туған арманының жетегімен авиация инженері болды. Алайда оған жету оңайға түспеген болатын. Алдымен оның сонау екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына дөп келген балалық шағының ауыртпалығы мол болғанын айта кеткен жөн. Әбекеңнің ата-бабасы Арқаны – жайлау, Шуды қыстау етіп, Бетпақдаланы жылына екі кесіп өтіп жүретін таза көшпенділерден еді. Әкесі Смағұл Молдабайұлы 1883 жылы Төменгі Шу бойындағы Қуарал деген жердегі қыстауда дүниеге келген. Он үш жасына дейін ауыл молдасынан сауатын ашқан. Сосын Түркістан шаһары түбіндегі Қарнаққа барып, ондағы медресені үздік бітірген. Құранды жатқа біліп, қари атағын алып шыққан. Сосын көшпенді еліне оралған. Бала оқытқан, молдалық та құрған. Кеңес өкіметі орнағанда да, оқу комиссары Ахмет Байтұрсыновтың төте әліппесі кең қолданысқа еніп жатқан шақта, ұстаздық кәсібін жалғастырған.

Алайда ұзамай байлардың дүние-мүліктерін тәркілеу, көшпенділерді отырықшыландыру, жеке қожалықтарды таратып, жұртты жаппай ұжымдастыру науқандары басталды. Солақай реформалардан туған халықтың наразылықтарын басу үшін қатаң билік тарапынан жазалау шаралары жасалып жатты. Смағұл молдамен қатарлас, жаңа өкіметке тірек болып жүрген ел ішіндегі көзі ашық азаматтар қудаланды. Мүсәйіп, Сапалай секілді елге әйгілі әнші, сазгерлер ұсталып, абақтыға жабылды. Сонда молда аты бар өзіне де қауіп төнгенін сезген Смағұл өзбек жағына кетіп, бой тасалауға мәжбүр болды. Жағдай тынышталды-ау деген шақта қайта оралды. Алайда тыныштық ұзаққа созылмады. Бүгінде «үлкен террор» атанған ылаң күркіреді. Кәсібін жаңа өкімет қаламайтыны аныққа айналғанда, басына «халық жауы» кебін кию қау- пі төнгендіктен, ол тағы да жасырынып, ауылдан бір түнде  қашып кетті. Арзымхан атты еті тірі, еңбекқор əйелін аяғы ауыр болғандықтан елде қалдырған. Сөйтіп Әбу дүниеге әкесіз келді. Бірақ анасы жігерін жасытпай, сәбиін бір өзі бағып-қаға берді. Ал большевизмнің ауыл-аймағындағы солақайлықтарынан қашқан Смағұл әуелі өзбек, одан тәжік өңірін паналаған. Содан, «халық жауын» іздеу науқаны басылғанда, оны үлкен баласы арнайы іздеп келіп, соғыс аяқталар шақта елге алып қайтыпты.

Не керек, Әбу Смағұлұлы әкесімен жеті-сегіз жасқа толғанында бір-ақ қауышқан екен.  Ес біле бере көріскені қандай жақсы болды десейші, көпті көрген, көзі ашық, жанынан фәлсафалы, нақыл өлең де шығаратыны бар қарт әкесінің әңгімелерін, сондай-ақ ол кісінің өз қатарларымен сұхбаттасуларын  жеткіншек шағында үздіксіз тыңдап, ел ішінде ауызекі айтылып жүретін көне тарихқа қанығып  өседі. Ері Смағұл үйіне оралғанға дейін сәбиін тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай өсірген шешесі Арзымханның аруағына Әбекең беріде: «Арқалап ақ сүтімен асыраған, Тағдырдың тәлкегіне жасымаған, «Аман жүрсең арманмен астасарсың», – Деп сендірген өзімді асыл анам», – деген өлең жолдарын арнады. Ата-анасы бас қосып, түгенделген отбасында ол Сарысу ауданының Жон ауылдық кеңесі аумағындағы жетіжылдық мектепті бітірді, содан соң аудан орталығы Байқадам (қазіргі Саудакент) селосында орта мектепте оқыды. Кәмелеттік аттестатты 1955 жылы алып, әуелі Ташкентке барған. Сондағы Орта Азия политехникалық институтының ұшақтар жасау технологиясы бөлімшесіне құжат тапсырған. Бірақ жолы болмады. Алғашқы емтихан кезінде қасында отырған бала мұның жазғандарын көшіріп отырған еді, соны байқап қалған емтихан алушылар екеуін де сынақ бөлмесінен қуып шықты, соның салдарынан өзге емтихандарға да қатыстырылмайтын болып жапа шекті. Құжаттарын қайтып алған Әбекең ауылға оралуға арланды да, салып ұрып Шымкентке келді. Сондағы индустриялық техникумның өнеркәсіптік-азаматтық құрылыс бөліміне оқуға түсті. Оны 1958 жылы техник-құрылысшы мамандығы бойынша үздік аяқтады. Жолдамамен Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласының коммуналдық шаруашылық басқармасына жұмысқа кірді. Қаланы жағдайластыру саласында еңбек етті. Шаһардың ортасындағы көк базардан шетіндегі цемент зауытына дейінгі жолға асфальт төседі, көше жиектеріне тас бордюр орнатты,  тапсырысқа сай, қала іргесіндегі шаруашылықтың қажетіне үй салды. Сөйтіп жүргенінде әскер қатарына шақырылды.

Ол 1959–1962 жылдары Байқоңыр ғарыш айлағындағы құрылыс батальонында нұсқаушы қызметін атқарды. Әскери борышын өтей жүріп, орта мектеп оқулықтарын пысықтай берді. Оны бала күнгі басты арманы жетелеп, армиядан кейін Киевке, авиаторлар даярлайтын жоғары оқу орнына алып келді. Түсті, үздік оқыды, бітірген соң азаматтық авиацияда отыз жылдан астам қызмет істеді. Жамбыл облысының Сарысу ауданынан шыққан тұңғыш та жалғыз авиатор болды.    

 Жоғарыда айтқанымыздай, Әбу Смағұлұлы  еліміздегі авиация саласында жемісті еңбек етіп, өзіне жүктелген міндеттердің баршасын абыроймен орындады. Ил-14, Ил-18, Ту-134, Ту-154 ұшақтарының және Ми-1, Ми-4 тікұшақтарының технологиялық құрылымы мен олардың техникалық тұрғыда пайдалану тәртібін толығынан меңгерген білікті маман болды. Тәуелсіздік жылдары өзінің тікелей кәсіби міндеттерімен қоса, авиация саласында мемлекеттік тілді қолдану өрісін кеңейтуге атсалысты. Авиаторлардың «Қазақ тілі» қоғамын басқарды. Республикадағы авиация қызметкерлеріне арнап арнайы қалта сөздігін құрастырып шығарды. Ол жазған сонау шағын кітапша авиаторлар арасына тез тарап кетті, ондағы қызмет бабында жиі қолданылатын сөздер мен тіркестердің қазақша баламалары және авиациялық терминдерді қолдана отырып сөйлеудің қарапайым үлгілері сала қызметкерлерінің ойынан шықты.

Еңбегі әр кезде тиісінше марапатталып отырды. В.И. Лениннің 100 жылдығына, Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай мемлекеттік медальдармен наградталған. «Еңбек сіңірген авиация қызметкері» төсбелгісінің, «Қазақстан Республикасының құрметті авиаторы» атағының иегері. Жақында, әуе жолы ардагерлерінің қатарында, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерекесіне құрметіне арнайы төсбелгімен марапатталды.

Әбекең 1999 жылдан зейнетте. Бірақ қол қусырып қарап отырған емес. Зайыбы Гүлжаһан Рақымжанқызымен бірге балаларының, немерелерінің  тәрбиесіне көңіл бөледі, ұрпақтарының қызық-шыжығына кенеле жүріп,  өмірінің мәніне айналған мамандығы жайында да ойлап қояды.  

– Қазіргі таңда  күнде айтылып, жазылып жүрген жәйт – республикамыздың егемендігінің ертеңі басқаның емес, дәл бүгінгі қазақ мектептері оқушыларының қолына тиеді, – деп пайымдайды ол. – Яғни, Қазақстанның өз билігі өзіне толық тиген бүгінгі шақта қарапайым шеге жасаушыдан бастап әуе лайнерлерін құрастырушылар мен оларды әуе кеңістігінде самғататын ұшқыштарға дейін өз топырағымыз- дан шығуы керек. Демек, мұндай жағдайды орнатуға дәл бүгіннен бастап кіріскен абзал.

Әбу Смағұлұлының ойынша, бұл мәселеге мектеп айрықша назар аударып, кәсіптік бағдар беруге тиіс. Армандамайтын бала жоқ деп санайды ол, алайда ең қиыны, шәкірттерін армандауға жетелейтін, олардың болашағына бағыт-бағдар сілтеп, мақсаткерлікпен арман қуу қабілетіне баули білмейтін мұғалімдер көп. Қайткенде қазақ балалары заманға сай ой пішіп, дүниеге кең көңіл-көзбен қарайды? Олар да басқа ұлттың балалары секілді ізденіп, космонавтикадан, кеме жасау ісінен, электроникадан, әуе кемелерін ұршықтай үйіруші ұшқыштар кәсібінен мектеп қабырғасында мол мағлұмат алар болса, сондай салаларға жетелейтін арман-қиялға ерік бермес деймісіз. Шәкірттік шақта құлаш жаймаған арманның келешегі де шолақ, ауқымы тар. Әбекең осылай ойлайды. Өрімтал ұрпақтың қиялын шарықтатып, келешегін айқындауына түрлі техникалық үйірмелер жақсы жәрдемдесер еді. Қазақ мектептерінде сол жағы да кемшін бе деген ойда. Арнайы баспасөз де көп көмегін тигізер ме  еді, қайтер еді, алайда мектеп оқушыларына арналған жалғыз ғылыми-техникалық журнал жабылып қалған. Дегенмен басқа басылымдар бар. Әбекең жеткіншектер мен жасөспірімдерге арналған «Ақжелкен» журналы беттерінде оқушыларға ұшақтар дүниесі, Қазақ авиациясының өткені, бүгіні, болашағы туралы және өз ұлтымыздан шыққан айтулы авиатор ағалар жайында әңгімелеп беруді жөн көрді. Сондай нақты іспен басталған жұмыстан кейін  «Алаштың ақиық азаматтары» атты кітап жарық көрді. Автордың бұл еңбегі республикадағы авиация қызметкерлерін разы етіп, азаматтық авиация басқармасының бастығы, екі мәрте Еңбек Ері атанған Николай Кузнецовтың оң пікір білдірген жылы ілтипатына ие болған еді.

Енді, міне, Әбу Смағұлұлы  оқырмандарына «Ұлы Дала сайыпқырандары» жинағын ұсынып отыр. Мұнда Әбекең өзінің оқушысына ғарыш кеңістігін игеру жолындағы әлемдік ізденістер мен алғашқы талпыныстар, мемлекеттер арасында орын алған бәсекелестік жайында дәл мағлұмат беру мақсатымен өз кезінде баспасөзде болған материалдарды сұрыптап келтірген. «Байқоңыр» ғарыш айлағының тарихын әңгімелеп, онда атқарылған жұмыстар жайында хронологиялық ретпен маңызды деректер берген. Халықаралық ұйымдар жөнінде де пайдалы мәліметтер бар. Сондай-ақ, кітапта әр кезгі ұшқыштар туралы қызық материалдар жинақталған. Және, әрине, өз ұшқыштарымыз бен ғарышкерлеріміз жайында да танымды мақалалар беріліп отыр.  Ұшқыштар өмірінің қиындығы мен қызығы, романтикасы нақты кейіпкерлер мысалымен   тартымды баяндалған. Жинақ, сөз жоқ, Ұлы Дала даңқын асқақтатқан авиаторларға тамаша ескерткіш, сонымен бірге, авиация тарихымен әуестенетін көпшілікке, жастарға пайдалы мағлұматтар беретін оқу құралы іспетті болып  шыққан. Бұған кітаппен танысу барысында оқырман қауымның өзінің көзі жете түсетініне кәміл сенеміз.      

Ал «Ұлы Дала сайыпқырандарының» авторы, бүгінде сексен жасқа келіп қалған қадірменді ақсақалымыз, қазақ авиациясының ардагері Әбу Смағұлұлын тамаша мерейжасымен құттықтай отырып, алдағы уақыттарда да қажымас қайратымен тың шығармашылық ізденістер жүргізе беруіне тілектестік білдіреміз. 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ 

 28.12.2016

Abai.kz

 

0 пікір