Сенбі, 16 Желтоқсан 2017
Анық-қанығы 4404 20 пікір 9 Тамыз, 2017 сағат 11:11

Айманға жауап

 

Айман Сағидулланың «Оқушылар қазақ тілінің орнына география пәнін оқи ма, Сағадиев мырза!» деген сын-ескертпесіне жауап

Құрметті Айман Сағидулла! Сіз сияқты мен де о баста «Жалпы білім беретін мектепке арналған «Қазақ тілі» жаңартылған білім мазмұнындағы оқу бағдарламасына» қарсы шыққандардың бірі едім. Мен де бұрынғысынша қазақ тілін қазақ мектептерінде  ғылым ретінде оқытылмайтындығына түсіне алмай, дал болғанмын.   «Мәтін ретінде ғана берілсе түсінер едім» деп,  сіз айтып отырған ойды осының алдындағы «Қазақ тілі» оқулықтарында   мәтінді тәрбие әрі таным құралы ретінде пайдаланып, мәтінмен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін енгізген алғашқы авторлардың  бірі ретінде мен де «Қазақ тілі» оқулығының бұрынғысынша қала бергенін қаладым.  Даусым жеткен жерге дейін өз пікірімді айтып та көрдім. Енді ойым басқаша.

Жаңартылған білім мазмұнындағы оқу бағдарламасымен оқулық жазу үстінде жете таныстым,  қайта-қайта оқыдым, мақсаты мен міндетін түсіндім. «Қазақ тілі» бағдарламасының мазмұны енді  грамматиканы таза ғылым ретінде оқытуға арналмайды,   грамматиканы табиғат пен қоршаған ортаны тануда, күнделікті тұрмыс-тіршілікте бала бетпе-бет кездесіп қалатын табиғи құбылыстардың сырын ашуда, заттар мен құбылыстардың жай-жапсары туралы басқалармен ой бөлісуде, пікір алмасуда құрал ретінде пайдаланып, грамматикалық заңдылықтар мен формаларды дұрыс қолдана білуге үйрететінін түсіндім.

Рас, баланың тілдік дағдыларын дамытып, сауатты сөйлеуге, ойын бүкпесіз, емін- еркін жеткізуге, әдеби нормаларды сақтап айту мен жазуға төселдіру оңай шаруа емес, қиынның-қиыны. Көпшіліктің алдында эфирге шығып тұрып, не айтсам екен, қалай айтсам екен деп қиналғандарды үлкендердің арасынан да кездестіріп жүрміз ғой. Оны былай қойғанда, адамдардың арасындағы реніш, тіпті жанжал да тауып айтпаудан, дұрыс сөйлемеуден, коммуникативтік дағдыларды меңгермегендіктен, өзара түсіністіктің орын алмауынан болып жатады.  Осындай жайттарға тереңдеп баратын болсақ, тілдің танымдық әрі коммуникативтік қызметін жете меңгерту білім беру ісінің абзал борышы болып табылады.

Құрметті Айман Сағидулла! Сіз бен біз бұдан былай білім мазмұны жаңартылған «Қазақ тілі» оқулығы арқылы баланың қоршаған ортаны, адам мен табиғаттың бірлігін, өмірде жиі ұшырасатын, өзіміз соның бел ортасында жүретін мәселелер мен құбылыстарды түсініп, өзара әңгіме етуге, олардың қасиеттері туралы ой бөлісуге, пікір алмасуға үйрететін боламыз. Бұл интеграцияланған білім мазмұны арқылы ғана жүзеге асады. Есіңізде болар, пәнаралық байланыс, білім мазмұнын интеграциялау деген мәселелерді бұрын да жүзеге асыруға тырыстық. Бірақ сабаққа берілген уақыттың көбі ереже жаттатып, грамматикалық тұлға-бірліктерді талдауға кететін де, диалог құрауға, әңгімелесуге, пікіралмасуға, құбылыстардың сырын ашатын сыни ойлауға уақыт жетпейтін.

Қазір оқушының өз пайымдауы, өз ойының дұрыстығын қорғап шығуы, кез келген құбылыс жайында білімін көрсете алуы маңызды. Ауа райының адам өміріне, климаттың тіршілік иелерінің тыныс-тіршілігіне тигізер әсерін сағат сайын ғана емес, минут сайын сезінеміз. Тұрғылықты жердің табиғаты, шаруаға пайдасы мен зияны, табиғат туғызған тығырықтан шығатын мәселелерді бала кезінен шешуді меңгерген бала өмірге бейімделді деген сөз. Оны өзі ғана сезіп қоймайды, басқалармен де бөліседі, ақылдасады, бірігіп шешеді. Міне, осы жерде қазақ тілінде еркін сөйлеп үйренген, сұрақты дұрыс қоя білетін, пікірлесін әңгімеге тарта алатын қабілет білім мазмұны жаңартылған «Қазақ тілі» оқулығы арқылы жүзеге асады. Сіз бен біз соның куәсі боламыз.

Ал Сіз хатыңызды Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Оқулық» орталығының сайтына жалпы жұртшылық талқылауына қойылған «Қазақ тілі» оқулығының жоба нұсқасы негізінде жазған екенсіз. Оқулықтағы «Ауа райы және климаттық өзгерістер» деген 1-бөлімнің тақырыбы – «Негізгі білім беру деңгейінің 5–9-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәнінен жаңартылған мазмұндағы типтік бағдарламасында» министрлік бекіткен тақырып. Оқулық жазуда авторлар одан алшақ кете алмайды. Алайда сайтқа қойылған бұл оқулық соңғы нұсқа емес еді, бұл нұсқа бұдан соң да министрліктің үш комиссиясынан, баспа мен сараптама орталығының сараптамасынан өтіп, оқулықта берілген мәтіндер мен тапсырмалар, Сіз атап өткен сұрақтар қазақ тілі грамматикасына сай қайта өңделді. Сол өңдеу барысында Сіз атап отырған «Ауа райы, климат, атмосфера», «Климат және климаттық аймақтар» деген сабақ тақырыптары «Қазақ халқының ауа райын болжауы», «Климат пен табиғат» деп өзгертіліп, жалпы таралымға жіберілді. Ал «Климаттық өзгерістер» бағдарлама тақырыбында атап көрсетілгендіктен, «Қазақстанда қандай климаттық аймақтар бар?»деген сұрақты беруге тиіспіз. Себебі, климаттық аймақтарды білмей тұрып, климаттық өзгерістер туралы сөз қозғау мүмкін емес қой. Негізінен, оқулық жазуда бағдарламада белгіленген тақырыптарды қатаң басшылыққа алу керек екенін білетін боларсыз.

Әрине, бағдарламаның жетілдірілетін тұстары әлі де бар, ол –келешектің ісі.

 Гүлбану Қосымова, филология ғылымдарының докторы, профессор, 17 жыл бойы Сізбен және оқушыларыңызбен бірге болған автор

Abai.kz 

20 пікір