Жексенбі, 22 Қазан 2017
Сатира 1651 3 пікір 10 Тамыз, 2017 сағат 09:08

Қазақтар, неге жұмақтан қуылдық?.

«Қазақстанда жасаған бизнестеріміз өте сәтті жүруде», міне тура осылай есептеген Еуропа-Америка-Үндістандықтар елге бір жақсылық жасамақшы болып, бау-бақшасы жайқалған, суық болмайтын бір жайға «Жердегі жұмақ» орнатып, соған «пилотный проект» бойынша біраз адамдарды апарып тұрғызды. Құдай оңдағанда сол бағдарламаға мен де іліндім.

Жағдай, айтары жоқ - керемет! Айналаң гүлге оранған түрлі жемістері мәуе тартқан бақ. Орналасқан жеріміз ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін пайдалана отырып адамға қажет бар дүниені ұсынатын ертегідегідей виртуальды әлем! Ештеме істемейсің, ештеме іздемейсің, тек қана аяқ-қолыңды созып қойып, рахаттана демаласың да жатасың. Әсіресе, біздің қазаққа ұнайтыны айдан-анық!

Ертемен тұрғанда барған дәретханаңнан автоматты түрде анализдер орталық компьютер серверіне түседі де, асханаға барғаныңда әркімнің организміне керекті мөлшердегі дәрумендері бар ас-ауқат дайын тұрады. Бірақ, сол шөп-шалаң тамақтары бізге аса қол емес пе деймін, сондағы бес қаракөз бауырларымның бәрінің де көздері бозара бастады.

Үш-төрт күн өте салысымен-ақ іш пыса бастағаны байқалды. Басқалар топ-топ болып, өзара әлдебір ғылыми, өнер туындылары туралы әңгімелесіп жатса, ондағы біздің шаруамыз қайсы, алтаумыз жиылып алып, арғы аталарымыздан бастап тартып, бітпейтін ауылдың алты ауызын соғамыз. Бірақ, обалы не керек ауызбірлігіміз мықты, тегі қазақ сондай алыс жерде жүргенде ағайынның қадірін қатты сезінеді-ау деймін.

Бұнда айтпақшы қару, пышақ т.б. жаман заттар дегеніңіз жоқ. Тек, әлдебір ұсақ заттарды кесуге арналған екі қайшы бар еді, үшкірге құмар халықпыз ғой, оны біз иемдендік. Негізі, осы жұмақтан қуылғанымызға да басқа емес, дәп осы екі қайшы себеп болды.

Ойласып алып, «бұл атаңа нәлеттердің білгенін біз де білерміз» деген оймен, әлгі қайшыны қолданып, компьютерлерін шұқылып аштық та өзімізге тамаққа тапсырысқа «қазы-қарта, айран, ет, құрт, 100 грамм» деп жазып қойдық. Сол-ақ екен әлгі «супер» деген программасы «сбой» беріп, «Ноу! Холестерин!» деген сигнал шығып, барлық системасы «глюшить» етіп қалды. Бұл жолы басшылары бізге қарап, бастарын шайқап-шайқап, ескерту беріп қана тынды.

Біраз тыныш жүрдік. Бірақ, онымыз көпке созылмады. Бірде «ХХХ Церковь» дегендері біраз кітап таратып берді. Бізде алдық бір-екеуін. Қалғандардың бәрі әлгілерін оқып, өзара талдап, мінәжат етіп жатқанда біз әлгі кітаптарды қайшымен кесіп, қиып карта жасап алып, әй ойынды соқтық десеңші. Қазақ шын ойланса, ештеме де кедергі бола алмайды ғой, әлгінің парақтары картаға жұқалау болып еді, оны дәлдеп кесіп, бір-біріне шайнаған нанмен жабыстырып қойдық. Ойын қызығымен байқамаппыз, келіп қалған «тәрбиешісі» бар, басқалары бар «киелі кітаптарды сонша қорладыңдарға» басып, ойбайлап, гөй-гөйлей жөнелді.

«Мүлде білген жоқпыз» деп тайып шыға келдік. Ол ақымақтарға не сонда әдейі істедік деуіміз керек пе? Одан да өтірік жынды бола салып, өздерін жынды қыла салғанымыз тыныш емес пе?! Алайда, олар да қоймады, ақыры, «азиаттар ғой, менталиттері жақын болар» деп, бізді үндістандық бөлімге ауыстырды.

Біраз тыныш жүрдік. Бірақ, онымыз көпке созылмады. Өйткені шынымызды айтсақ, ол пәлелердің компьютер анықтап берген тамақтары арқау болмады. Енді өзіңіз ойлаңызшы, діңгіттей жігітке «чапатти» деп пешке қарыған шикілеу жұқа нанға суға пісірген, дәм-тұзы жоқ, бір уыс күріш орап береді. Артынан «десертке», «халва» деп әлдеқандай қылып, аздап қант қосып, өсімдік майына  қуырған ұн береді. Өздері соларын өлгенше мақтайтынын қайтерсің?! Әйтеуір, қағаз шайнағандай болсаң да, «өлместің күнін» көріп, ашты бұрыштарын қосып, қаужаңдай бересің. Мухамбедия Ахметов аға, диетологсыз ғой, айтыңызшы, солары дұрыс па? Дәп сол жолы өз басым Одиссейдің серіктері Гелиостың өгіздерін неліктен жегенін жақсы түсінгендей, қызу қолдайтындай дәрежеге жеттім.

Ал өздері болса оларын кереметтей көріп, «құдай, әулие» дейтін сиырларымен бірге «тантр-мантрларын» зарлап, мөңірейді жатады.

Ондайға қай қазақ көнбекші?! Ақыры, ақылдасып өзара жоспар құрдық. Алдымен «тісім ауырды, құлағым ауырды, соған қыздырып басамыз. Бұл біздің ұлттық медицина, сыйлауға міндеттісіңдер» деген талаппен 3-4 уыс тұз сұрадық. Компьютерлерін, манускриптерін ақтарып көрген олар, біздің сөздің «дұрыстығын» анықтап, айтқанымызды орындады. Ертеңіне, «біз көшпелі халықтың ұрпағымыз, мал баққанды жақсы көреміз. Ана жуындырып, сүртіп, мүйіздерін бояп қойған «құдай, әулие» сиырларыңды бағып келейік» деп сұрап едік, қайта-қайта «ізгілікті жан екенсіңдер! Адал жолға түстіңдерлеп...», көздеріне жас ала отырып, қуана-қуана келісті.

Орман арасындағы судың жағасына жете салып іске кірістік. Ала келген жамылғының бір-екеуін тіліп-тіліп, есіп-есіп арқан жасадық. Әлгі қайшылардың шруптарын бұрап алып тастап, тасқа қайрап-қайрап алдық. Ал енді төрт қанжар ұстаған төрт қазаққа әлемде қарсы келер қандай күш бар екен, көрелік! Көз тұнды! Сол кезде тура бар ғай, тарих кітаптарында жазатындай мамонтты жарға, орға құлатып әуре болмас едік, шалманы тастап жіберіп, буындырып, тыраң еткізуге дайын тұрғанымыз анық-тұғын! Сонымен, таңдап тұрып мүйізіне гүл ораған семіз тайыншаны алып ұрып жәукемдей бастадық.

Іштеріндегі үлкені және аңшының баласы болғандықтан жастарға бар өнегені көрсетіп-ақ жатырмын. Аналар жәркемдеп жатқанда орашалақтау біреуін ертіп, Бекболатша айтқанда «төрткүлдеп ошақ қаздырдым», отын жинаттым. Әлгі ошақтың төрт тұсына мықты төрт қазықты қақтырып, тайыншаның терісін төрт бұтымен іліп байлағанда, қазаның да дайын бола қалды. Етті салып қойып, көбігін алып қойып, бүлкілдетіп қайнатып жатырмыз. Байқаймын, бәрінің сілекейі шұбырып тұр, қой олай болса «шашлык дегеннің Кавказдан, арабтан емес бізден шыққанын дәлелдейін» деп іске кірістім.

Жеміс ағаштарының, әсіресе алма, өрік, шиенің бұтақтары бар ғой үй-йй жанғанда қызуы сексеуілден кем емес қой. Көкбауырға тұздап-тұздап іш майды тығып, шоққа көміп жібердім, істікке бауыр мен майды астарлай және төсқасқаны қағып алып, тіліп-тіліп тұздап жіберіп түйреп, қақтап жатырмыз. Әбден тұздалған етті сағынып, қызылсырап қалыппыз, әлгілеріміздің күйелеш-күйелеш болғанына қарамай, аш қасқырдай қарбыттық келіп!

...Ет дегенің енді бар ғой, былбырап тұрып пісіпті. Бағанағы жеген шашлыктарымыз қайда кеткенін білмедім, әйтеуір бұған да кірістік. Майлы үлпершектен, майға орап жұтқан бүйректен болар, біраздан соооң барып ақырындап қаракесекке, одан соң сүйек мүжи отырып, эх дейтін бітпейтін әңгімені соғып отырмыз. Арасында басымыздағы әлгілердің берген колпактарының сыртына «целофан мешошекпен» орап, жасап алған тостағандарымызға құйған сорпадан ұрттап қоятынымызды қайтерсің. Тұздалған, жас қызылға бұл дүниеде не жетсін!

Кешке қарай ошақты тереңдетіп әбден от жағып қыздырып алған соң, тазалаған қарынға сүбелі етпен толтырып әлгі жерге көмдірдім, аузын бүрмелей байлап, ұзын қуыс көк қурайды тығып, сыртқа шығарттым. Бұны енді әрбір жүргізуші түсінеді – паровыпускной клапан расширителя. Оның қасына басты тұтастай салдырып, күлмен, сосын шоқпен, сосын топырақпен көмдіріп, үстіне таудай қылып отын үйіп жағып қойып, айнала қоршай отырып, түрлі әңгіменің қызығымен түн ортасы ауғанша отырдық.

Ертеңіне тұрып әлгі көмгендерімізді ашсақ, охоу дегендей-ақ болыпты. Керемет сары ала сорпа, ет дегенің сүйегімен қосылып аузыңда ериді. Оған қоса әлгі басты шығарып, таспен ұрып, миынан ауыз тие бергенімізде сайтандай екі тақырбастың жетіп келгені. «Әулие ме құдай ма» сиырларының мұндай күйге ұшырағанын, жеміс ағаштарын жағып отырғанымызды көргенде екеуі бірақ «наповал» талып түсті. «Хантр-мантр» болса да адам ғой, су бүркіп тірілтіп, ауыздарына тосып, сорпадан жұтқызып жатырмыз. Өңмеңдеп, тамсанып, қоймастан іше бастағандары!

Сол кезде құдай басқа салмасын, жан-жағымыз азан-қазан болды да кетті. Қуғыншылардың, әлгі қан-жынды көрген «әулие» сиырлармен қосылып алып өкіргені әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді...

Сонымен қалай ойлайсыздар, Еуропа-Америка-Үндістан қосылып «блок» құрған соң, халықаралық жағдайды аса у-шықтырмастан тайып тұрдық. Ең қызығы, әлгі майлы, тұзды сорпаға дәндеткен екі тақырбас бізбен бірге кетті. Қазір біздің ауылда тұрады...

Азкен Алтай

Abai.kz

3 пікір
Бұл жақтағы жұмақтан 2017-08-14 19:39:43
Қазақтың ұры-қары байларының бәрі бұл жақта жұмақта отыр: жатыр, шетінен "батыр", ішіп, құсып, асап, жасап дегендей, ол жақтағы жұмақты қайтеді.Оны менсінбейді. Қалған бес - алты кедей қазақ екі-үш қойының соңында жүре берсін дейтін жығар о жақтағы билеушілер.
Рр 2017-08-11 03:56:11
барып келіп пе едің
Әр шенеуліктің үйінде сонша ақша болса,халық кедей болмай қайтеді 2017-08-10 10:17:10
https://kaz.365info.kz/byl-khalaj-ozi-eks-ministr-dosmyhambetovtin-yjinen-3-mln-dollar-men-50-myn-euro-yrlandy-275467

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 7989
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 15348