Жұма, 18 Тамыз 2017
Ғибырат 1576 4 пікір 10 Тамыз, 2017 сағат 12:01

Құнанбай мен Абай

Бүгін - қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні

... Мұқым қазақ баласы

Тегіс ақыл сұрапты.

Тобықтыны ел қылып,

Басын жиып құрапты.

Абай. 

Ұрпақтар сабақтастығы, әсіресе, әке мен баланың арақатынасы мәңгілік мәселе, әсте. Мұхтар Омарханұлы Әуезов «Абай жолында» қос дара тұлға - Құнанбай мен Абайдың қарым-қатынасын шырқау биікке, шын мәнінде әлемдік деңгейге көтерді.  Төменде аталмыш мәселеге ден қойып, кейбір аспектілерге оқырман назар аударып көрмекпін.

Құнанбай  Өскенбайұлы (1804-1885) күллі саналы ғұмырын ел жұмысына сарп етті.  Заманы патшалық Ресей қазақ даласын отарлау үшін қабылдаған Ескі (1822 ж.) және Жаңа Ережелер (1868 ж.) аралығына тап келді. Қазақ мінезі, болмысы қалай өзгерді десек те, қазақ елі қандай бағытқа бұрылды десек те, һәмишә өзгерістер мен бұрылыстардың осынау екі Ереже аралығы - Құнанбай заманы сағасына құяры сөзсіз. Демек, кейіпкеріміздің бейнесін толық ашуға сол заманның қыры-сырын, қат-қабат қалтарысын түгендеу керек. Бірақ бұл мақала міндеті басқа. Құнанбайдың «тобықтыны ел қылған» қайраткерлігі, Абай, Шәкәрім тәрбиесіне тигізген ықпалы және мұсылмандық бейнесі деген қырларын демдеп көрсек те жеткілікті.

Құнанбайды Тобықты елі ә баста «мырза» деген, Мекке сапарынан соң «қажы» атаған. Қажының халық қамқоршысы болған қайраткерлік қыры аз айтылып-жазылып жүрген жоқ. Зерттеуші ғалымдардың еңбегі көбіне ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов жинақтаған естеліктерге, поляк саяхатшысы Янушкевичтің күнделігіне және өз ұрпағы Абай, Шәкәрім, Ахат айтқан сөздерге негізделеді.

Мұхтар Әуезов 1933 жылғы  Абайдың толық жинағында: «Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім екенін білу қиын» деп мәлімдеген еді. Десе дегендей, Құнанбай туралы қанша айтсақ та артықтық етпейді. Ол Тобықты руларын орналастыру, дау-жанжалды реттеу, ауыл басы молда ұстау, мұсылмандықты өтеу (намаз оқу, зекет беру), балаларды оқыту т.б. әлеуметтік істерде көп еңбек сіңірді. Өзінің айналасына жақсы жерден қыз алу, араағайын татулығын сақтау, сол үшін бірінің баласын екіншісі бауырына салу салтын екті.  Қысқасы, Ырғызбайлардың жалы күдірейген көшелі елге айналуы - Құнекеңнің арқасы.

Енді Құнекеңнің тәлім-тәрбиелік ықпалы дегенге ойысар болсақ, оның көпқырлы мәселе екені шүбәсіз. Сөз басында айтылғандай 1868 жылға шекті уақытты Құнанбай заманы десек, осыдан берідегі дәуірді Абай заманы деп анықтау заңды. Өйткені, Абайдың тұстастары «Жаңа низам» аталған жаңа Ереже жағдайында өмір кешті.  Сөйтіп, «Абай жолы» роман-эпопеясының әкелі-балалы екі басты кейіпкері екі түрлі дәуірдің өкілдері болып табылады.  Былайша айтқанда, бірі – ескінің арты, бірі – жаңа жолдың басшысы еді.

Реті келіп тұрған соң жаза кетейін, Тобықтының атқамінерлер қосынын екіге бөле қарастырсақ жөн. Біріншісі - Құнанбай құраптас Бөжей, Қаратай, Байсал, Сүйіндік, Байдалы, Түсіп, Бәзіл, Құлыншақ сияқты ақсақалдар. Бұлар – елдіктің киесі, ескіліктің жол-жоралғысына (сыбаға, жол, сауға т.с.с.) қанық әрі хандық (бектік) дәуір заңына жетік басшылар. Игі жақсылар, Абай тәлім алған ұстаздар да осылар. Екіншісі - Абайдың замандас, тұстастары Майбасар, Тәкежан, Оразбай, Жиренше, Күнту, Әбділда, Асылбек, Байғұлақ, Қыздар, Абыралы, Арап, Дүтбай, Көжекбай сияқты атқамінерлердің жаңаша тобы. Бұл топты ел іші «іргелілер» немесе «игі жақсылар» демеген. Өйткені, бұлар - отаршылық жүйенің өнімі, сол себепті «нәрсіз, шірік орта болды» (Әуезов).

Ел жадында сақталғаны - Құнанбайдың жас жігіт Абайға үлкен сенім арта отырып, «ата салтынан адаспа, балам» дегені. Сол сияқты Абайға таққан мына үш түрлі міні мынау: «Ең әуелі - сен жұрттың бәрімен күліп сөйлейсің. Жайдақ су сияқтысың, жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісілерге қадірі болмайды. Екінші, кім көрінгенге жақын боласың, кісі талғамайсың. Желбегей жүрген кісінің қасына ел үйірілмейді. Елді алатын қылық ол емес. Үшінші, орысшылсың, орыстың дұшпандығын ұмытасың», - депті. Оған Абайдың жауабы: «Қолында құралы бар бірен-саранға тиетін шыңыраудағы судан да, қойшы-қолаңшы, жалшы, жақыбайдың күллісі бірдей мейірін қандыратын жайдақ су артық деп білемін... Орысшылсың дегенге: «Заман орыстікі, ол жеңген, біз жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білу керек. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі аламын» депті (М.Әуезов. Абайдың туысы мен өмірі).

«Кезінде Құнанбайдың Абайға таққан үш міні, - деп жазады әдебиетші ғалым Серік Қирабаев, - тарихи шындықтан алынған. Соған қарап, Құнанбайды тек ұнамсыз жағынан ғана көру көбірек байқалып жүр. Шындығында, Құнанбай өз заманының ең ақылды, көреген, қайырымды, батыр адамдардың бірі болған».

Құнанбай 1868 жылғы реформадан соң билікті балаларына тапсырып, өз елінің ақылгөй қариясы болғанды жөн көреді. Қажының жолыққан сайын «мен халық аманатымен өмір кештім, сен де солай ет, қарағым» деген ақыл-кеңесі өз өмірінің бет бағытына елеулі түрде ықпал еткенін немересі Шәкерім Құдайбердіұлы ырза сезіммен жазады.

Құнекеңнің дін жолындағы істері мен діндарлығы көпке аян. «Тегінде Құнанбай аса діндар кісі болған. Бірақ сол діндарлық көп уақытта ұсақ фанатизмге де жетіп отырған» (Әуезов). 1876 жылы қажылыққа, Мекке сапарына аттанған.  Онда басқа да қажылармен бірігіп, қазаққа деп қонақ үй – тәкиә салдыртады.  Меккеден келген соң «дүние сөзін сөйлемеймін» деп, ешбір жанмен тіл қатпай қойып, оңаша үйде шымылдықтың ішінде жалғыз отырып, құдайға құлшылық қылған. Бұл жайлы сырт ел «тілі байланған» деп те аңыз қылған екен. Бірақ соңғы жылдарында маңайында болғандар ол сөзді бекерге шығарады.

Сонымен, жазба мағлұматтардан Құнанбай бейнесі бірде - патша өкіметінің қырдағы өкіл-ұлығы аға сұлтан, енді бірде - жолынан жүк қалдырмас қоңыраулы қара нардай күллі Тобықтының көшін бастаған көсем мырза, сонымен қатар, Абай, Шәкерім сынды ұлы тұлғалардың тәрбиеші абызы ретінде алдымыздан шығып отырады.

Абай әкесін қоғам қайраткері ретінде аса жоғары бағалаған. Бұл өлең сөздерінен аян жәйт. Мысалға «Арғы атасы қажы еді» өлеңінде:

Ол сыпатты қазақтан

Дүниеге ешкім келмепті, -

дегенін айтсақ та жеткілікті.

Тарихи тұлғаның мінезінің суықтығы, қаттылығы жайлы сөздер де баршылық. Тұрағұл өзінің «Әкем Абай туралы» деген белгілі естелігінде Абай жасы ұлғайған шағында: «Әкесі қажының қатты-суық мінезін сөгіп отырушы еді. Қорықпақ пен сүймек, от пен су секілді бір жерде жиылмайды. Адам сүйген адамының ақылын ұғып, сонан бәһрә алады, қорқытып, ұрсып айтқан ақыл дарымайды деп» деп жазады. Әрине, қаталдық пен озбырлық адамға туа бітпейді. Құнанбай да өмірдің күшті талқысын көре, тата келе ғана қаталдыққа сүйенген. Оған дейінгі Құнанбай «Обал-сауаптың да, қайырымдылықтың да, бейбіт тіршіліктің де қадірін білген. Қуанған, күлген, әзілдескен» (Т.Жұртбай).

«Әкеге тартып ұл туар», «Әке көрген оқ жонар» дейді халқымыз.  Абайда болған ақыл-парасат, елім-жұртым деп Едігедей ел қамын жеген халықшылдығы мен қайраткерлігі, сөз жоқ, әке көргендігі.

Студент жастармен кездесулердің бірінде «Абай жолының» алтын өзегі не деген сұраққа, Мұхаң: «Менің романымда айырықша көңіл бөлгенім - әке мен баланың арақатынасы еді» деген екен. Олай болса, оған қайта оралайық.

«Романға кіріспес бұрын дүние әдебиетінің барлық озық үлгісін сүзіп шықтық. Немістің, француздың философиялық, тарихи хронологиялық романдарын ақыл-ой елегінен өткіздім». Бұл Мұхаңның «Абай жолы» қалай жазылғаны жайлы айтқаны. Осы сөздің астарын аша отырып, жазушы  Тұрсын Жұртбай «Құнанбай» атты кітабында былай дейді: «Соның ішінде И.С.Тургеневтің «Әкелер мен балаларына» иек тіреп, ерекше ықыласын бұрды. Ол осылардан психологиялық шиеленісті үйрене отырып, ілгері дамытты. Мүлде соны ой өрісіне шықты».

Оллаһи шыны, әке мен баланың қайшылығы әлемдік мәселе. «Абай жолы» да оның шешімін бермейді, гәп - мәселенің көтерілу деңгейінде. Жай ғана көтермей «Жеке адам мен қоғамды шендестіре, тең дәрежеде образдық тұтастықта бейнелейді» (Т.Жұртбай). Менімше, бұл пайым да аздық етеді, әке мен баланың қатынасы аясына Мұхаң ескіні жаңа қоғамның алмастыруы сияқты зор тақырыпты сыйғызған.  Бұл кемеңгерліктің белгісі, әрине.

Құнанбай 1885 жылдың тамыз айының басында  Жымба деген күзегінде дүние салған. Бұл Сарыарқаның Семей жақ жиегі - Арқалық адырына таяу тұс. Қажының ұзақ өмірі соңын қалың қыстаулардан қашық Жымбада өткізгені несі? Оның өзіндік себебі бар: аталмыш адыр Уақ руына қарасты болған. «Ұрпақ өседі, жер өспейді» деген қағидаға адал мырзаның  Жымба күзегіне ие болуы Тобықтының Ертіс дарияға қол артқаны есепті.  Осылайша Құнанбай ауылдары Жондағы Бақанас жайлауынан  бауырдың шеті - Жымбаға дейінгі аумақты иеленді. Ысқақтың бәйбішесі Мәніке айтты дейтін «еңкейсем Ертісім, шалқайсам Шыңғысым» деген мәтел сөз содан сияқты.

Саналы ғұмырын Тобықты жерін молайтуға жұмсаған Қажы Абайдың қыстауы - Ақшоқыға жерленді. Қажының жаназасында Байкөкше ақын дүйім жұрттың көзінше: «Құнан кетті - алдынан жарылқасын, артында алтын қалды ат басындай» деп Абайға сенім арта сөйлепті. Қарт ақын қателескен жоқ, Абайдың атағы бірер жылда-ақ қазақ көгінде қалықтады. Заманында Нысан абыз деген ел сыншысы Өскенбайға: «Өзіңнің бағың Қыдырдай болса, балаңның бағы Шыңғыстай болады», - депті-мыс. Дәлді сөз. Бірақ ол күнде Абайға қонған бақ Құнекеңдікінен әлдеқайда асып түсетінін кім болжаған.

Сөз соңы, қажының дүниеден өтуі Абай 40 жасқа толған мезетке тұп-тура келді. Тап осы кезден Абайдың ақындық шабыты маздады. Кездейсоқтық па, жоқ, әлде... әлдебір мистикалық байланыс бар ма, бұл, әрине, бір Аллаға ғана аян сыр.

Асан Омаров,

зерттеуші.

Абай.kz

4 пікір
Анарбек 2017-08-12 12:59:52
Асан мырза, мына жазған мақалаң сенің атағыңа лайықты дей алмаймын,бұндай мақаланы мектеп қабырғасындағы балалар жазса жарасады. Бұл тарих көп жылдардан бері халық санасында жүр, оны қайталай бергеннен не ұтамыз.Құнанбай мен Абайдың ортасын талқылай бергенді тоқтатқанымыз жөн.Құнанбай мен Абайды жабылған өтірік пен жаладан құтқарып алдық. Құнанбай кім- ол қазақ даласындағы халық арасындағы белгілі абыройға жеткен ақсақалдарының бірі.Оның басқадан айырмашылығы оған баласы дана Абайды дүниеге әкелуде әкелік парыздың нәсіп болғаны.Бұдан ары қарай Құнанбайды бос сөзбен талқылай берсек, ақиқаттағы Құнанбайдан тағы да айрылып қалуымыз мүмкін.Ал енді Абай кім- ол Алланың назары түскен , одан келген уақиды жүрекпен қабылдап, адамзат санасына өлең сөзбен жеткізіп отырған - Дана. Абайды ұлы ақын дейміз оның том -том жазған кітабі жоқ,философ дейміз оның атында философия жоқ,бұл атақтар Абайға Даналық деген ұғымның не екенін білмеген қауымның бергені. Ал енді Асан саған сауал - 18-19-20 ғасырларда адамзат санасын бүлдіретін Таным келді,ол өзінің ғылыми негіздемесін жасап жер беті халықтарының көпшілігін өзіне сендіріп, өз принциптерімен өмір сүргізді.Қазір сол елдердегі халықтың рухани санасы құрдымға кетті деп Ғалымдар айтып жүр.Біз де бұл дертпен жарым жартылай кеселденген сияқтымыз. АБАЙ 19 ғасырдың соңында осы танымның адамды қандай қасыретке түсіретінін бір ауыз өлең сөзбен бүкіл әлем халқына жария етті. "АҚЫЛҒА СӘУЛЕ ҚОНБАСА ХАЙУАНША ЖҮРІП КҮНЕЛТПЕК" сен осыны зерттеп, мақала жаз,қателесем деп қорықпа, көп болып түзетеміз.Егерде біз осы дертке ұшыраған(хайуанша өмір сүріп жүрген) бауырларымыздың санасына сол танымның қасыретінен шығар жолды көрсете алсақ ,Ұлы бабаларымыздың өмір сүру жолы - РУХАНИ танымға келуіне көмектескен болар едік.
Жақсылық 2017-08-11 10:32:43
Асеке, мақалаң жақсы екен. Құнанбай, Абай ортасын құр танымай сүйіп таныған жанның бірі екенсің. Бірақ ұсақтардың тұжырымдарына тоқырама, не де болса кең арналылардың кеңесін ал... Түсінерсің деген үміттемін...
Өзіңіз істеп аласыз 2017-08-10 12:16:41
https://www.youtube.com/watch?v=D7AlDV4qaxA
Қытайдың самолеті 2017-08-10 12:14:34
https://www.youtube.com/watch?v=6b15QhGhd6Q

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 2971
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 7669