Сенбі, 16 Желтоқсан 2017
Алаң 1687 3 пікір 11 Тамыз, 2017 сағат 15:57

Жампозовтың баласы іштен тепкені үшін істі бола ма?

 

Ақмола облысы, Целиноград ауданының прокурорына қол жұмсады деп пәлеге қалып жатқан Асылжан Жампозовтың әрекетіне байланысты ІІМ-нің өкілі Алмас Сәдубаев мәлімдеме жасады.

ІІМ-нің өкілі Алмас Сәдубаевтың сөзіне қарағанда Асылжан Жампозов прокурорды іштен тепкен көрінеді. Асылжанның ашу үстінде мемлекеттік қызметкерге күш қолданғанын тап сол кезде өзге де мемлекеттік қызметкерлер көріп қалып, дереу куә болып шыға келгенге ұқсайды. Ал прокурорды «ұрып жібергенін» Асылжанның өзі де айтып жүр. «Мен ол кезде өзімді өзім ұстай алмай афект жағдайында болдым», - дейді Асылжан Өмірбекұлы. Енді қайтсін, өзіне өзі қол жұмсауға жеткізген қиын жағдайдан құтылудың жолы бақи дүниеге аттану деп шешім қабылдаған әкесі арыстай болып сұлап жатса, ұлы қаракетсіз қарап отыра ала ма? Бұндай кезде іштен тебу ғана емес, одан зорғысы да болуы мүмкін. Тіпті, шетін оқиғаға қатысы бардың басы жарылып, көзі шығып, мүрдемге кетуі де ықтимал. Алайда, Асылжан сол мезетте өзін сабырға шақырып, прокурордан кешірім сұрапты. Әйтсе де, жас Жампозовтың прокурорды іштен тебуі  дереу тіркеліп, сол күні, яғни 20 шілде күні Ақмола облысының Ішкі істер департаментінің тергеу басқармасына жөнелтіліп үлгеріпті. Естеріңізге сала кетейік, сол күні Өмірбек Жампозов Целиноград ауданындағы прокуратура қызметкері мен полиция қызметкерін атып жаралап, соңынан өзіне қол жұмсаған болатын.

ІІМ-нің өкілі Алмас Сәдубаев Асылжан Жампозовтың ісі «Мемлекеттік қызмет өкіліне  күш қолдану» және «Сотқа дейінгі тергеу ісі мен соттың шешіміне байланысты қорқытып-үркіту, күш қолдану» болып табылады деп отыр. Алайда Асылжанға қарсы қандай да бір іс қозғалмағанға ұқсайды. Расында, әке өліміне жаны күйген жігіт прокурорды іштен тепкені үшін істі бола ма? Болмайтын шығар.

Abai.kz   

3 пікір