Сенбі, 16 Желтоқсан 2017
Мәңгілік ел 1351 0 пікір 3 Қазан, 2017 сағат 15:27

«Тіл шебері-2017» атты республикалық байқау өтті

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының ұйымдастырумен Астана қаласындағы «Тілеп қобыз сарайы» ғимаратында «Тіл шебері-2017» атты республикалық байқау өтті.
Дана халқымыз «Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашады» деген. Осыдан-ақ, тіл өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем екендігін ұғынғандай боламыз. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деген болатын. Демек, ұлттың рухани тамырының бастауы да тілден екені сөзсіз. Елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оны барлық отандастарымыздың білуі, сөз жоқ қазақстандық патриотизмді қалыптастырады.

«Тіл шебері-2017» дәстүрлі байқауы жаһандық өркениет пен еліміздің даму бағытына сай үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген, жан-жақты білімді, өз саласының кәсіби маманы деп танылған мемлекеттік қызметші жастарды анықтап, қолдау көрсету мақсатында жүзеге асып келеді. Шебер сөйлеу-үлкен өнер. Әсіресе, мемлекеттік қызметші жастардың тіл шеберлігінің көркемдігі өте қажет-ақ. Себебі тілді тігісін жатқызып, дұрыс қолданған сөз өнері арқылы көздеген мақсатыңа бір табан жақындай түсесіз. Ол үшін тіліңізден бал тамып тұруы керек.

Аталмыш байқауға талабын ұштап, үмітін үкілеп келген жастарға ақжарма тілегін ақтарып, тіл бәйгесінде мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шығуына ақ жол айтқан Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Ердембекұлы Тілешов сайыстың шымылдығын ашты. Айтулы білім мен біліктілік бәйгесіне мемлекеттік орталық атқарушы органдарда қызмет ететін 21-29 жас аралығындағы 18 үміткер қатысты.

Байқау шартына сай қатысушылар «Тұсаукесер», «Ұлттаным», «Өнертаным» бөлімдері бойынша бақ сынады. Басты ұстаным- олардың үш тілді меңгеру деңгейі мен тілдік норманы сақтауы, орфографиялық және орфоэпиялық сауаттылықтарына көңіл аударылды. Соның ішінде мемлекеттік тілді жетік білуі қазылар алқасының назарында болды.

Сайыста ұшқырлығы, білімділігі, тапқырлығымен қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан ҚР Жоғарғы Сотының маманы Арыстанбеков Нұрдәулет 350 мың теңге бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал бірінші орын 200 мың теңге ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің офицері Әбдіраманова Гүлжайнаның үлесіне тисе, екінші орын 150 мың теңгені ҚР Ұлттық банкінің бас маманы Өскенбаева Әйгерім еншілеп, үшінші орын 100 мың теңгені ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшысы Мұхаметбек Бақжан иемденді. Сонымен қатар, ҚР Әділет министрлігінің сарапшысы Қуанышбек Шынар мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Персоналды басқару және ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы Әбілтаев Ғабит 50 мың теңге ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

Бас жүлденің иегері Арыстанбеков Нұрдәулет қуаныш құшағында тұрып, ойымен бөлісіп: «Бүгін әріптестерімнің арасында үздік деп танылып, жеңімпаз атанғаныма бек қуаныштымын. Мұндай сайыстар біздің жігерімізді жанып, табыстарға жетуге құлшындыратыны сөзсіз. Әсіресе, «Тіл шебері» байқауының жеңімпазы болу оңай емес екен. Жан-жақты үш тілді еркін меңгеру бүгінгі күннің басты талабы екенін ұғынып келеміз. Жанға шуақ, көңілше қуат беріп, тәуелсіз еліңнің болашағы жолында еңбектенуге жетелейтін осындай сайыстардың жалғасын тауып жатса нұр үстіне нұр емес пе. Байқауды ұйымдастырушыларға деген алғысым шексіз» деп сөзін түйіндесе, сайыс үміткері ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің бас сарапшысы Сейілхан Әділбек өз пікірін алға тартты: «Мен осымен екінші жыл қатарынан қатысып отырмын. Былайша айтқанда байқаудың «ақсақалымын». Мен жүлдеге ілікпей қалғаныма еш өкінбеймін. «Жүре-жүре көпті көресің» дегендей, қайта көп нәрсені үйрендім. Шыңдалу мектебінен өтіп жатырмын десе де болады. Менің ұсынысым «Өнертаным» деп аталатын үшінші бөлімдегі үш тілде жаңылтпаш оқудың орнына басқаша бір қызықтырақ, біліміңді анықтауға бағытталған сайыс болса екен деймін. Содан кейін үміткерлердің ойлануына әрі жауап беруіне берілетін алты минут уақыт өте көп секілді. Болашақта осы ұсыныстарды ұйымдастырушылар қаперіне алады деген ойдамын. Жалпы, байқаудың мақсаты, бағыты өте дұрыс»

Сөйтіп, қызықты, тартысты өткен сайыс мәресіне жетті. Байқауға қатысқан барлық үміткерлер алғыс хаттармен марапатталып, гүл шоқтары ұсынылды. Клара Төленбаева, Рүстем Нұржігіт, Мұрат Қожа, Айгүл Қосанова, «Гүлдер-ай» би ансамбілі сияқты өнерпаздардың қатысумен концерт қойылып, қатысушылар мен көрермендерді бір серпілтіп тастады.

abai.kz

 

 

0 пікір