Сенбі, 16 Желтоқсан 2017
Дидар-ғайып 716 0 пікір 9 Қазан, 2017 сағат 11:10

Алматыда көшесі жоқ Тоқаштың

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан ОРАЗАЛИНГЕ;

Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕККЕ;

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВҚА

 

Тоқаш  Бердияров 1925 жылы 19 қыркүйекте қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Келес өңірінің Қошқарата ауылындағы Ұшқын елді мекенінде кедей шаруаның отбасында жарық дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты -- Торқысбек екен. Тұрмыс тауқыметіне байланысты бес жасында Ташкенттегі  балалар тәрбиелейтін № 6  мектеп-интернатына қабылданады. Сонда жүргенде тәтті бауырсақты ерекше сүйсініп жейтін баланы маңайындағы қыздар Тоқаш деп атап кеткен көрінеді. Осылайша бұл есім оның өмір бойғы бойтұмар серігіне айналған. Кейіннен  № 23 қазақ балалар үйінде оқуын жалғастырған. 13 жасында туған ауылына оралған. «Коммуна» жетіжылдық мектебін (қазіргі Зиябек Рүстемов атындағы № 89 жалпы орта мектебін) аяқтап үлгермей ұжымдық шаруашылық жұмыстарына араласады. Мақташылар бригадасының тәбілшісі болып істейді. Бұдан соң Бесқұбыр ауылдық кеңесінің (қазіргі Қошқарата ауылдық округінің) хатшысы қызметін атқарған.

Ел басына ауыр күн туған сұрапыл соғыс жылдарында 17 жасар бозбала өзі сұранып қанды майданға аттанады. IV Украина майданының құрамында  қатыгез жаумен шайқасады. Екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін»  медальдарымен марапатталған. Сол бір қиын- қыстау кезеңдерде  оның кеңес жауынгерлерінің ерен ерлігін жырлаған өлеңдері алғаш рет жарық көреді. Сұм соғыс аяқталғаннан кейін де әскер қатарында қалып, төрт жыл бойы Қызыл Тулы Балтық әскери-теңіз флотында теңізші болып қызме атқарады. 1949 жылдың күзінде денсаулығына байланысты әскери қызметтен біржолата босатылған.

Бейбіт өмірге оралған ол 1950 жылы Алматыдағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Өкінішке орай  оқуын аяқтай алмайды. Сөйтіп өлең жазуға біржолата бет бұрады. Баспасөз беттерінде туындылары жиі жариялана бастайды. 1958-1962 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакцияларында қызмет атқарған.  Ақын ұзақ жылдар бедерінде бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысқан. 1952 жылы оның «Шалқы теңіз» атты алғашқы жыр жинағы жарық көреді. Содан бері «Мен  өмір сүремін», «Утренный луч», «Бейбітшілік көшесі», «Көгілдір ымырт», «Есік алды көк терек», «Шынар», «Фарида» атты поэзиялық және прозалық кітаптары баспадан шыққан. Олар сыншылар тарапынан жоғары бағаланып, жұртшылыққа кеңінен танылды. Көптеген шығармалары КСРО халықтарының тілдеріне аударылды.

«Менің тойым болған жоқ» деп өкінген ақынның көзі тірісінде 50 және  60 жылдық мерейтойлары тойланды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы ақын Тоқаш Бердияровты кеңес әдебиеті саласына сіңірген еңбегі үшін және алпыс жасқа толуына байланысты республика  Жоғарғы Кеңесінің Құрмет  грамотасымен марапаттады. Келестік жерлестері үлкен салтанат сәтінде аса зор құрметпен оған ақбозат мінгізіп, үстіне мақпал шапан жапқан. Бұл мерейтойға Тоқаңның  әріптес досы  Ғафу Қайырбеков арнайы келген болатын.

Өмірінің соңғы жылдары ол Алматының Гоголь көшесіндегі № 15 үйдің 69 пәтерінде тұрған еді. 1988 жылы 29 шілде күні  Пайғамбар жасы – 63-ке қараған шағында  белгілі қазақ ақыны, Ұлы Отан соғысының ардагері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Тоқаш Бердияров кенеттен қайтыс болды. Ақынның зиратына ескерткіш кеудемүсін қойылған. Ұшқын ауылдық округіндегі Тоқаш Бердияров атындағы № 127 жалпы орта мектебінде де ақынның кеудемүсіні орнатылған.  Ақын мұражайы бар. Кешегі кеңес заманында «Келес» кеңшарының (қазіргі Қошқарата ауылдық округінің) орталығы   -- Бесқұбыр ауылында ақын ескерткіші орнатылып, оның есімі мәдениет үйіне  берілген болатын.  Алайда Тәуелсіздік жылдарында бұл атау ескерусіз қалған. Келес өңірінде Ұшқын деген атау бір емес, екі рет  кезігеді. Оның біреуі ауылдық округ болса, екіншісі елді мекен. Осы екеуін шатастырмау үшін әрі ақын туған ауылға  Тоқаш Бердияровтың есімін беру мәселесі қаншама рет көтерілгенімен, әлі күнге дейін сағызша созылып, сиырқұйымшақтанып, сағызша созылып, шешімін таппай келеді.

Тоқаң бақилыққа аттанғаннан кейін 70 және  90 жылдық мерейтойлары кеңінен атап өтілді. Оның алғашқысында арқалы ақынның құрметіне Халықаралық деңгейдегі  мүшәйра мен   спорт жарысы өткізілді. Кейінгісінде алматылық ақын Болат Шарахымбайдың құрастыруымен Тоқаш Бердияровтың «Адыраспан» атты таңдамалы жыр жинағы мен арқалы ақын  туралы  «Көке» деп аталатын естеліктер жинағы  шығарылды. Алайда түрлі себептермен 80 жылдық мерейтойы аталмай  қалды. Келесі жылы Тоқаңның бақилық болғанына 30 жыл толғалы отыр.

Осы орайда ақын есімін еншілеген  № 127 жалпы орта мектеп ұжымында қалыптасқан жақсы бір игі  дәстүрді тілге тиек ете кетпестен болмайды. Олар жыл сайын Тоқаңның жарық дүниеге келген және бақилық болған күндерін елеусіз, ескерусіз қалдырған емес. Шама-шарықтарына қарай атап өтеді. Волейболдвн жарыс ұйымдастырады.  Қажет болған жағдайда аудан, облыс көлемінен қадірменді қонақтар шақырып, олардың ақын туралы толғаныстарын тыңдайды. Тоқаңның асқақ рухына  Құран бағыштап, өздерінің дәм-тұзын ұсынады. Шақырған қонақтарын сый-сияпатсыз қалдырмайды.  Аталмыш білім ордасын ұзақ жылдар бойы басқарған білікті басшы Бүбізина Тұрымбетова осындай жақсы үрдісті берік ұстанып келгеніне қалайша сүйсінбессің. Оның осы бір сауапты тірлігін  айрықша тілге алғанымыз жөн. Енді ол зейнеткерліке шыққанннан кейін қазіргі мектеп директоры міндетін атқарушы Ержан Юсупов та сол жолды сеніммен жалғастырып отырғаны қандай ғанибет.

Таяуда осы білім ордасында ақынның  туған күні кезекті рет атап өтілді. Алдымен мектеп ауласындағы ақының кеудемүсініне алқызыл гүл шоқтары қойылды. «Келестің көксерек ақыны» атты  іс-шараны  Тоқаш Бердияров атындағы әдеби шығармашылық қоғамдық қорының  төрағасы, Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы Жаппар Үмбет құттықтау сөз сөйлеп ашты:

-- Ақын Тоқаш Бердияров -- қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі екенін екінің бірі жақсы біледі. Сұрапыл соғыс жылдары елі мен жері үшін оқ пен оттың арасында  қатігез жаумен жағаласа жүріп кеңес жауынгерлерінің ерен ерлігін жырға қосты. Бейбіт өмірге оралғаннан кейін де бұрқыратып  жалынды жырлар жазды. Отызшақты кітап шығарып, ойлы оқырмандарын отансүйгіштік сезімге баули білді.

Өкінішке орай кейінгі  кездері ақын есімін ұлықтау шаралары ұмыт қалған сыңайлы. Олай дейтініміз, ару Астананы айтпағанда жарты өмірін өткізген, сауық-сайран салып, қызығы мен шыжығын қатар көрген  Алматының өзінде Тоқаш Бердияровтың атында мектеп не  көше, яки оған арнап орнатылған ескерткіш  жоқ. Ақын тұрған үйлерге мемориалдық ескерткіш тақта орнатылмаған. Мұндайды  шырайлы Шымқаладан да іздеп таба алмайсыздар. 1995 жылы қоңыр күзде  арқалы ақынның 70 жылдық мерейтойында арнайы баяндама жасаған белгілі жазушы Мархабат Байғұттың: «Шымкентте Тоқаш Бердияровтың атына көше берілетін болды!» -- деп сүйінші сұрағаны есімізде. Бірақ, ол да аяқсыз қалды. Оны айтасыз, өзі туып-өскен алақандай ауылға да ақын атын қоя алмай, әлде қия алмай отырмыз ғой. Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағының басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері -- Бауыржан Байбек пен Ғабидолла Әбдірахымовтың тарапынан бұл  өткір де өзекті мәселеге қозғау салынып, қолға алынса  екен дейміз.

Енді Тоқаш Бердияровтың туындылары мен ол туралы естелік  кітаптар шығаруды батыл қолға алып, ақынды ұлықтау шараларын ұмытпауымыз керек. Міне, осы орайда  жерлесіміз журналист, ақын, аудармашы, әдебиеттанушы, мәдениеттанушы, өнертанушы, библиограф, баспагер, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі  Әбдісаттар Әліпке айтар алғысымыз шексіз. Ол арқалы ақынды ұлықтау жайында қаншама мақала жазумен қоса-қабат былтыр Шымкенттегі «Азиат» баспасынан «Әдебиет әлемі» сериясымен көлемі 512 беттік «Талантымен талайды тамсандырған тылсым тағдыр туралы толғаныстар» атты арнайы жинақтың алғашқы кітабын  шығарды. Екінші кітабын да баспаға әзірлеп қойып, демеушілер іздеп  отырған жағдайы бар. Енді бәріміз жабылып жүріп соған жәрдем берейік. Қала берді  ілтипатшыл  ініміздің  биылғы алпыс жасқа толған мерейтойын да тиісті деңгейде өткізуге көмек көрсетейік. Осының бәрі сайып келгенде, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай жүзеге асырылуға тиіс ізгілікті де игілікті жұмыстардың бірі болмақ.

Халқымызда «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағидалы сөз бар. Бүгінгі іс-шараны да ақын бейітінің басына барып, оның асқақ рухына Құран бағыштаудан бастауды жөн көруіміздің себебі де осында. Енді қалыптасқан дәстүрге сай  мектепке жиналып отырмыз. Тоқаңа қанша тағзым етсек те, құрмет көрсетсек те әбден жарасады. Туған жеріміздің тұлғаларын дәріптеу арқылы біз өзіміздің кім екенімізді таныта аламыз. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырған мектеп ұжымы мен  келген қонақтардың бәріне  алғыс айтумен қатар  Сіздерді бұдан былай да дәл осы бағытта жұмыс істеуге шақырамыз! -- деп  сөзін қорытындылады.

Басқосу барысында Ұшқын ауылдық әкімдігінің жауапты қызметкері Тасбау Полатов, Ұшқын ауылдық округі ардагер кеңесінің төрағасы Ілес Жұмағұлов, байырғы ұстаз Орынбасар Егембердиев, Тоқаш Бердияров атындағы № 127  жалпы орта мектеп  директорының орынбасары Рамазан  Қожамжаров, мұғалімі Гүлжан Қарақұлова, жергілікті актриса, мәдениеттанушы  Меруерт Жұмәлиева, Абай ауылдық ардагерлер кеңесінің  төрағасы Тойлыбай Томарбаев,  қазығұртық әдебиет жанашыры  Жорабай Көлеген,  жазушы Нұрғали Рахаев,   тағы басқалар Тоқаң жайындағы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Бердалы Рысбеков, Әділет Әзімқұлова, Қыздаркүл Омарова, Нәрікбай Нақыпбеков, ақын атындағы білім ордасының оқушылары -- Ұлжан Еркебай, Айжан Қонысәлі, Айжарқын Болат, Айсара Өмірзақ, Анар Аулан, Нұржігіт Егембердиев, Дидар Рысбай  жарыса  өлең оқыды. Нұртуған Абылай Майлықожаның «Толғауын» орындады. «Тоқаш ақынның ауылға сағынышпен келуі» деп аталған сахналық көрініс қойылды.

Бұдан бөлек волейболдан Тоқаш Бердияров атындағы жүлде үшін болған  жарысы кезекті рет өткізілді. Онда Ұшқын ауылының жастарынан құралған «Болашақ» командасы жеңімпаз атанды. Осы команданың капитаны, Ұшқын ауылдық әкімдігінің жастар ісі жөніндегі инспекторы  Олжас Саттаров ең үздік ойыншыға берілген жүлдеге иелік етті.  Тоқаш Бердияров атындағы № 127 жалпы орта мектебі  екінші орынды еншіледі. № 138 жалпы орта мектебі үшінші орынды иеленді.

Қонақтардың құрметіне ақ дастарқан жайылып, дәм-тұз ұсынылды. Осылайша Тоқаш ақынның асқақ рухына тағы бір рет тағзым көрсеттік.

Құттыбай Қалыбаев,

майдангер  ақын Тоқаш Бердияровтың туысқан  інісі,

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Сарыағаш ауданы,

Келес өңірі

Abai.kz

0 пікір