Сенбі, 16 Желтоқсан 2017
Міне, көрдің бе? 1514 11 пікір 9 Қазан, 2017 сағат 13:36

Ұлттық тәрбие көрмеген «оқымыстыдан» пайда жоқ

 

Әп дегеннен әңгіменің ашығын айтсақ, не мектепте, не университетте ұлттық тәрбие алмаған ұл-қыз он жерден, жүз жерден білімді болса да ол ұлтына, туған еліне зәредей де пайда келтіретін, осы қос киелісіне адал қызмет ететін адам болып шықпайды. Кейбіреулердің өті жарылып кетсе де айтайық, Қазақстанды ұрлап-жырлап шетелдерге қашып кетіп, көшіп кетіп жатқандардың, шетелде оқып сонда қалып қойып жатқандардың, шетелдікке күйеуге тиіп жатқандардың бәрі дерлік орысша оқыған, орысша сөйлейтін, не үйінде ұлттық тәрбиеден мақұрым өскендер. Әттең, осының бәрі ешкімге, ешбір өзге елге тәуелсіз мемлекет атанғанына 26 жыл болған Қазақстан Республикасында (Қазақ Мемлекеті десек бәлеге қалармыз!) болып жатқанын шыққыр көзің көріп-ақ отыр. Осы 26 жылдан бері қазақтың ғасырлар бойы Ресейдің табаны астында тапталып қалған ұлттық намысын, ұлттық санасын оятарлықтай бірде-бір не қаулы-қарар, не заң қабылданған жоқ. Ал ұлттық  намысты оятудың ең басты шарты – ұрпаққа ұлттық тәрбие беру. Біздің билік басындағылар бұндай тәрбие беруді ең әуелі балабақшадан, мектептерден баяғыда-ақ бастауы керек еді. Өйтудің орнына...

Иә, Қазақстан билігіндегі кейбіреулер өйтудің орнына ұлттық рухыңа қарай ілгері басқан аяғыңды кері кетіруге тырысуда ма деп те қорқамыз. Оның орнына баспасөзде, басқа да ақпарат  құралдарында жастардың діншілдігі олардың интеллектуалдық деңгейін түсіріп жібермей ме, жастарды ұлтшылдықтан сақтайық, жаһанданудан, өркениеттен кешеуілдеп қалмайық, көп тіл білейік, еуропалық, халықаралық стандартқа сәйкес болайық деген сияқты нақты мақсаты күмәнді бағыттар көлденең тартылады. Біздің билік басындағылар қыздарымызға неге кіндігіңді, сурет салып қойған бөксеңді, емшегіңді көрсетіп жүресің, неге минишорты киіп бұтыңды ашып жүресің деп ұрыспайды, неге ұзын көйлек киесің, неге орамал тартасың деп ұрысады. Біздің билік басындағылар көшеде орыстың «х», «п», «б» әріптерінен басталатын лас сөздерді судай сапырып темекі шегіп, сыраның шөлмегін аузынан сорып бара жатқан қыздар туралы ләм-мим демесе де намаз оқитын қыздарды күстаналауға дайын тұрады. Оны айтасыз-ау, кейбір қазақ газеттері жастардың 18-ге толғанша мешітке баруына рұқсат ету керек пе, әлде  тыйым салу керек пе деген есуастық сауалнама да ұйымдастырды. Оған кейбір сақалы жоқ ақсақалдар 18-ге келгенше мешітке жібермеу керек деп шайтани ақсақалдық айтты. Ау, жасы 18-ге келген ұл-мен қыз тіршіліктің оң-терісін түсінетін кәмелеттік жасқа келгендер емес пе? Егер олар 18-ге толғанша ата-бабасының дінінен бейхабар болып, енді мешітке баруым керек пе, бармауым керек пе деп әлі де ойланып жүрсе, ондай ұрпақ дені сау ұрпақ па?

Ұлттық тәрбие, ұлттық педагогика дегенде  қазақ-түрік лицейлері еске түседі. Осы лицейлердегі тәрбиенің өзгешелігі, әсіресе онда оқитын ұл-қыздарымыздың өзгеше инабаттылығы, өзгеше сыпайы, кішіпейілдігі, білімділігі, тәртіптілігі туралы Алматы мектептерінде дәріс беретін мұғалімдерден алғаш естідім. Олар сол лицейлердегі тәрбиелік-әдістемелердің өзгешелігі, балалардың білімділігі туралы айтқанда аузының суы құритынына таң қалдым. Барып көрдім. Неткен ғажап десеңізші! Ондағы мұғалімдер мен балалардың «Ассаламуәлейкум!» деп сондай бір сүйкімді жүзбен амандасқанынан бастап, сізбен сөйлесу мәнері, жүріс-тұрысы адамды иманға ұйытып тұрғандай әсер етеді. Бұл лицейлерді тәмамдап шыққан ұл-қыздардың білім деңгейі де, мәдениеттілігі де біздің үйреншікті мектептердегіден әлдеқайда жоғары екеніне бүгінде ешкім шүбә келтірмейді. Қазақ-түрік лицейлерінде дәріс оқитын түрік ұстаздардың шәкірттермен амандасуынан бастап,  балаларға  жасайтын ескертулерінің өзінде өзгеше бір сыпайылық, биязылық, ислами-түркілік әдеп көрініп тұрады. Бүгінде бұл лицейлер  қазақша қиналып сөйлейтін Ерлан Сағадиев басқаратын білім министрлігіне өтті. Түрік ұстаздардың орнына қазақ мұғалімдер (орысша жақсы білетін) келді. Несін жасырайық, енді бұл оқу орындарында жемқорлық, тамыр-таныстық жайлай ма, ал мұндағы ұл-қыздарымыз енді кәдімгі мектептердегі оқушылар сияқты екі сөзінің бірі орысша,  аузынан боқтық сөз төгіліп жататын таз қалпымызға түсе ме деген де үрейіміз жоқ емес. Ұмытпасам биылғы қазан айының 3-і күні «Қазақстан» телеарнасынан осы лицейлердің «Білім-инновация лицейлері»  деп аталатын басшылығының Өте (есімі есімде жоқ) деген президенті сұхбат берді. Сонда оның бұл оқу орындарына қосқан «жаңалығының» бірі алдағы уақытта мұндағы ұстаз қыз-келіншектерді шәкірттер «әпке» деп атайтын болады дегенін естігенде күлкіден шайымызға шашалып қалдық. Иә, қазақ атқамінерлері жаңалық қосамын деп адам тәнінің көрінбейтін жерлеріне шейін ұялатын небір оғаш ерсіліктерді ойлап таба береді. Әнебір жылы мәжіліс жетекшісі (оны қазекемдер спикер дейді) Нұрлан Нығматуллин депутаттардың бір-біріне Бәке, Мәке, Сәке деуіне тыйым салмақ болып еді. Ал қазақтың «аға» дегенді «ағеке», «атаны», «атеке», «әжені», «әжеке» дегені сияқты «әпке» деген сөз «апай», «апа» дегенді «апеке» немесе «әпеке» дегенінен туындаған,  ауызекі сөз ғана екенін, Өте мырза шынымен білмей ме екен?

Иә, біресе патшалық, біресе кеңестік Ресейдің табаны астында езгіге түсіп бар қадір-қасиетінен айрылған ұлттық санамызды, ұлттық намысымызды, ұлттық салт-дәстүрімізді қалпына келтіруде біз көштің соңында қалып келе жатқанымызды көкірек көзі ашық қазақ азаматтары көріп-ақ отыр. Бұл қасиетті борышымызды іске асыруға бір жағынан ғасырлар бойы қанымызда қалыптасқан құлдық сана кінәлі болса, екінші жағынан қазақтың сол ұлттық санасын, намысын оятпауға тырысатын құпия топтар үлкен кедергі болуда. Бұл ққұпия топтар ол үшін түрлі-түрлі әлеуметтік желілерді айтпағанда,  мемлекеттік баспасөз бен телеарналарды да оп-оңай пайдаланып келеді. Олар қазақ жастары мешітке көп баратын болды, намаз оқитындар көбейіп кетті, бұл жастардың интеллектуалдық деңгейі төмендеуіне, әлдебір террористермен байланыс орнатуына әкеп соқтырады деген сияқты залымдық мақалалар жариялап, телеарналардан  сондай арамзалық сұхбаттар өткізіп тұрады. Өз басым бұл жерде исламнан басқа діндегілердің ар-намысына тигім келіп отырған жоқ. Бірақ  мынадай ақиқатты айтпау адамгершілікке сын: Орта ғасырлар христиандық шіркеулердің ең бір дәуірлеп тұрған шағы болды. Кейбір тарихшылар бұл ғасырларды «тас-түнек қараңғы ғасырлар» («темные века») деп атайды. Өйткені, бұл кездерде христиан дініндегі елдерде ғылым, мәдениет, білім атаулы,  әбден құлдыраған мешеу күйде болды. Сол кезде өмір сүрген Коперник, Галилей, Бруно сияқты көптеген көзі ашықтардың тағдыры қандай қайғы-қасіретпен аяқталғанын екінің бірі біледі. Оларды да, ғылым мен мәдениетті де мұндай жағдайға христиан діні мен оның шіркеулері душар етті. Христиан дінбасылары ғылымға қарсы кәдімгідей соғыс жүргізді. Сол орта ғасырда айтылған дін ғылымды құртады деген сөзді қазекемдер әлі қайталауда келеді. Ал, сол орта ғасырлар ислам дінінің ғылымды, мәдениетті, әдебиетті, өнерді өркендеткен нағыз алтын ғасыры болды. Аты әлемге әйгілі ақыл-ойдың, ғажайып ғылым-білімнің атақты адамдары түгелімен ислам дінін ұстанған ғұламалар еді. Ұтыры келгенде айта кетейік бізге мектепте «жердің Күнді айналатынын Коперник ашқан» деп оқытты. Ақиқатын айтсақ, оны Коперниктен 500 жыл (бес ғасыр) бұрын Әбу Райхан Бируни ашқан еді. Еуропада ғылым, білім әлгіндей «тас-түнек ғасырда» жатқанда мұсылман елдерінде  дін ғылымға кедергі келтіреді деген  ақымақтық сөзді ешкім  ол кезде естіген де емес. Өйткені, қасиетті Құранның өзі бүкіл ғылымды қамтыды. Ислами Шығысқа крест жорығын жасаған христиандар Еуропаға исламның  жоғары мәдениетін,  ілім-білімін алып келді. 20-шы ғасырдағы ағылшын ғалымы, әрі философ, Нобельдік сыйлық иегері Бертран Рассел: «Шығыс елдері тек әскери күш жағынан ғана емес, білім жағынан да теңдессіз озық болды. Бүкіл Еуропаны варварлық, жабайылық басып жатқанда Мұхаммедтің елінде ғылым, философия, поэзия, өнердің барлық түрі гүлденіп тұрған еді. Еуропалықтар өздерінің ой-өрісі өте тар болғандықтан да орта ғасырларды «тас-түнек қараңғы ғасырлар» деп атайды. Ол ғасырлар  тек христиандық Еуропада ғана тас-түнек қараңғылықта болатын. Ал сол кезде мұсылман елі болған Испанияда өнер мен ғылым асыл тастай жарқырап тұрды» деп жазған-ды. Ақыл-есі түзік, өз ұлтына, өз тілі мен  салт-дәстүріне адал бүгінгі қазақ баласы қазіргі математиканың да, геометрияның да, география мен химияның да, минералогия мен медицинаның да, өнер мен философияның да, әдебиет пен мәдениеттің де  атауы әдейі саясатпен өзгертілгені болмаса соның бәрі Жабир ибн Хайанның, әл Бирунидің, ибн ән-Хайамидың, ибн Батутаның, әл-Идрисидің, әл-Фарабидің, әл Хорезмидің, ибн ән Нәфистің, ибн Синаның, Ұлықбектің, Омар һәйәмның, Жәми мен Рудакидің т.б. есімдерімен тікелей байланысты екенін біліп, айтып жүруі керек. Біз Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) барған жерде ұрлық-қарлық, зинақорлық (жезөкшелік), өзіне қол жұмсау, екіжүзділік, алаяқтық, парақорлық, жемқорлық жойылып отырғанын, ал, суицид, педофил деген  бәлекеттің бәрі Еуропа елдерінен келгенін бүгінгі мектептерімізде, лицейлеріміз бен университеттеріміз де қосымша дәріс ретінде айтып отыруымыз керек. Әттең, мына түрімізбен Қазақстанда ондай атты күн тууы екіталай-ау, ә? Бір сөзбен айтқанда ұлттық тәрбиесіз, ислами-түркілік тәрбиесіз білім алған ұрпақтан ұлтқа, елге қызмет ететін азамат шыға қоймасы анық.

Мырзан Кенжебай

Abai.kz

 

11 пікір