Жексенбі, 22 Қазан 2017
Тұлға 1511 30 пікір 12 Қазан, 2017 сағат 08:37

Мырзатай Жолдасбеков. Тіл әркімнің қолжаулығы емес

– Латын әліпбиіне көшу туралы Елбасының бастамасына: «Бұл қазақтың жарқын келешегін айқындап берген стратегиялық құжат»,- деген баға бердіңіз. Бұл бастамаға шын жүрегіңізбен тілекші екеніңізді білемін. Бірақ елдің көкейіндегі сұрақ мынау: Біз латын әліпбиіне қашан көшеміз? Қандай нұсқаны таңдаймыз? Парламентте таныстырылып, дүйім жұрттың қарсылығына тап болған әліпбидің нұсқасы қабылданып кетпей ме?

– Мемлекет басшысы 2050 Стратегиясын жариялаған кезде: «2025 жылы Қазақстан халқы түгел мемлекеттік тілде сөйлейді. Екіншіден, біз латын әліпбиіне көшеміз, үшіншіден, Қазақстан Қазақ Елі деп аталады»,- деді. 2025-інші жылға дейін 8 жыл қалды. Дегенмен Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы Үкіметке тапсырма берді. Латын біз білмейтін әліпби емес. Бұрын қолдандық. Мысалы, мен мектепке барардан екі жыл бұрын кирилл әліпбиі енгізілді. Бірақ бұрынғы еңбектерді төте жазуда, латында өзімізше оқып жүрдік. Әлі есімде, тәуелсіздік алғаннан кейін көп кешікпей Тіл институтының директоры Әбдуәли Қайдаров ағамыз бастаған бірнеше тіл мамандары келді. «Тәуелсіздік алдық. Құлдықтан құтыламыз десек, кириллицаға байланбай, латынға көшуіміз керек»,- десті олар. Жасыратын несі бар, әбден шекемізге тигеннен осыдан құтылсақ пәледен құтыламыз дегендей сол идеяны жақтадым. Әліппе жасауға тапсырма бердім. Арада қанша уақыт өткенін білмедім, бір күні Әбдуәли аға әліпбиді алып келді. Бірден Елбасына кіргіздік. Нұрекең оны қолына алып қарап отырып: «Бәрі дұрыс! Бірақ бұған асықпаңдар. Уақыты келеді»,- деп айтты. Ол 1992 жыл болатын. Енді міне, арада ширек ғасыр өткенде жариялап отыр. Алдыңғы жылы БҰҰ-ның биік мінбесінен қазақ тілінде сөз сөйледі. Соның бәрі дайындық екен.

Уақыты келген бұл бастаманы жан-тәніммен қабылдаймын. Біз латынға көшуіміз керек. Бұл бірақ қазақтың кешегі көктемде жайлауға көшіп, күзде киіз үйін жинап, қайта қыстауға көшетіндей нәрсе емес. Түптеп келгенде, бұл – ұлттың келешегі. Ұлтымыздың тағдыры осының ішінде тұр. Қазақта «Асыққан шайтанның ісі» деген мақал бар. Бұған асықпауымыз керек. Әлгі диграф деген бар. 8 әріптің мәселесіне уақыт қажет. Халықтың күмәнданып отырғаны да осы нәрсе деп ойлаймын. Көз үйренгенше қиын болуы мүмкін. Жұрт қазір қабылдаса, жазып кетеді. Алайда түптеп келгенде, бұл әліпби дүние жүзіндегі ең бай тіл – қазақ тілінің келешегіне қандай ықпал жасайды. Осыны ойлауымыз керек. Ана тілімізге нұқсан келтірмеуіміз керек. Тіл әдебиет емес. Тіл математика сияқты нақты ғылым. Өзінің даму заңдылықтары (айтылуы, жазылуы) бар. Осы заңдылықтарды бұзып, тілімізге қиянат жасауға қақымыз жоқ. Біздің қоғамда бір жаман әдет қалыптасты. Елбасының аузынан бір сөз шықса, жұрттың бәрі соған үн қосып, данышпан бола қалады. Депутаттар да түгелдей жамырасып сөйлейді. Кім болса сол мақала жазады. Әй, ол жұрттың бәрінің өресі жететін мәселе емес қой! Бұл – биік ұлттық мәселе! Ұлттың тағдырын шешетін мәселеге келгенде асықпаған абзал. Шибөрінің артындай жан-жақтан шулаудың керегі жоқ. Сайып келгенде, бұл лингвистер шешетін мәселе. Мұның тағдырын соларға сеніп тапсырып, арына салған жөн. Өйткені қазір елдің бәрі бетін қалқып жатыр, әншейін. Тереңдеп бара алмайды. Көбінің ойы – Президентке жағыну. Көзге түсіп қалғысы келеді. Бірақ шынтуайтына келгенде байыбына бармайды. Түнеукүні Парламентте таныстырылған әліпбидің бір данасы мен де бар. Өткенде мысалдар келтірдім. Шыңның басы деген сөзді жаздым. «Ш»-да екі дыбыс, «Ң»-да екі дыбыс бар, басым ауырып кетті. Кезінде біз көрген әліпбиде «Ә» әрпі бар болатын. Одан неге қашамыз? Осы мәселені «Нұр Отанда» да талқыға салдық. Әлімхан Жүнісбаев деген мықты фонетик маманымыз бар. Сондай мамандарға сенуіміз керек. Әлгі жиында Әлімхан мына жерде отыр деді. Әліпби нұсқасымен мысал келтіріп: «Әй, Әлімхан сені көзім үйренгенше Әйелімхан деп, Әлібекті Әйелібек деп оқимын. Сенің әйелің хан, оның әйелі бек»,- деп қалжыңдап едім, жұрт ду күлді. Бұл мазмұндама, шығарма емес. Бұл – тілдің заңы. Түсіне білсек, бұл әліпби кез-келгеніміздің жанымыз, рухымыз, құдіретіміз, сенеріміз. Осы әліпбиді дұрыстап жазсақ, қазақ тілі сақталып қалады. Осыны түсіну керек халық. Өз басым босқа лағып сөйлегендерді жақтырмаймын.

 

ТУҒАН ЖЕРІҢЕ ТУЫҢДЫ ТІК

– «Әркімнің туған жері Мысыршәрі» дейді қазақ. Тәуелсіздік жылдарында Президент аузынан тастамай айтып келе жатқан жұрттың көкейіндегі идеяның бірі – Туған жер. Сіздің ойыңызша, бұл идеяны жас ұрпаққа қалай түсіндіруіміз керек? Шынайы патриоттық сезімі бар әрбір қазақ баласы осы бастаманы іске асыруға қалай үлес қоса алады?

–  Мектепте оқып жүргенде біз сонау Африкадағы өзендердің атын білдік. Бангладеш деген мемлекеттің атауын оқыдық. Алты құрлықтың бәрінің атын жаттадық. Ал үйдің іргесіндегі төбенің атын білмедік. Бұл – ұлттық қасиетімізді, болмысымызды жадымыздан түгел өшіріп, жоқ қылудың амалы еді. Империя заманында туған жерден, ата тарихымыздан, салт-дәстүрімізден, мәдениетімізден, тілімізден, дінімізден, ділімізден жұрдай бола жаздадық. Өткенде бір жолыққанымда Ілия Жақанов маған: «Мырзеке, сенің ауылың тұнып тұрған тарих қой, Соны неге жазбайсың?»,- деген сауал қойды. Сол сөз қамшы болып, бірден ойыма Мұхтар Әуезов сап ете қалды. Мұхаң «Абай жолында» өзінің туған жері – Бөріліні пейіштің төріндей етіп суреттейді. Бөріліге барсаң, бөрі ұлып тұрған, жылан жалағандай тақыр жер. «Күндерімнің куәсі» деген кітабымда туған ауылымның төңірегіндегі жер атауларын, оларда қандай қасиет барын түгел жаздым. Туған жерге жер жетпейді. Туған жердің қадірін сыртта жүргенде білесің. Туған жер туралы бұрыннан бері бабаларымыз, көсемдеріміз, шешендеріміз, ақын-жырауларымыз жағы талғанша жырлады. Бірақ осының қадіріне жетпедік.

Университет бітірген кезімдегі бір оқиға есімнен кетпейді. Біздің ауылдың (алақандай Ақтөбе деген ауылда тудым) төңірегі аттылы адам түсіп кетсе көрінбейтін қалың ши болатын. Шидің түбіне көктемде қаулап жуа өсетін еді. Ол уақытта нан жоқ, біз сол жуаны жинап алып, айранға турап жеуші едік. Көктемде ауылдың малы өріске шығады. Кешкілік өрістен қайтқан малдың аузынан жуаның исі аңқып тұратын-ды. Баяғыда совхозға директор болып келген біреу жер жетпегендей «егіс егемін» деп сол шидің тас-талқанын шығарды. Оталған ши 50-100 жыл өтпей қалпына келмейді екен. Қыста әр шидің түбі бір-бір малға пана еді. Бір күнде-ақ жылан жалағандай азынап шыға келді. Жердің қадірін бағаламағанның бір мысалы осындай.

Әркімнің өз ауылы бар. Сол ауылда ата-бабаларымыздың туып-өскен жері жатыр. Сол жердің әрқайсының тарихы бар. Қазақ Елінің тарихы Ұлы Даланың төсіндегі әрбір тастан, шөптен, жусаннан, сексеуілден, төбеден, таудан, өзеннен құралады. Туған жерді жан-жүрегімізбен сүюіміз керек. Қолыңнан келсе, туған жеріңе туыңды тік. Қолыңнан келмесе, сол жерді қастерлеуге міндеттісің. Қызғыштай қорғауға тиіссің. Құдайға тәубә, бізде дәулеттілер жетеді. Мен біреудің қалтасындағы байлығын қызғанбаймын. Бірақ жайшылықта талтаңдап, болмас жерге мал-дүниесін шашып жүрген кейбіреулердің ауылы жарып отыр дей алмаймын. Елбасының мына сөзінен кейін солар аттың басын елге бұруы керек. Жаппай мешіт, мазар салу да мұрат емес. Сол мешіттердің көбі қаңырап бос тұр. Кейде бір ауылда бірнеше мешіт салып, тыныш отырған қазақты ру-руға, ата-атаға бөліп жіберуде. Бұл жағынан өте сақ болу керекпіз деп ойлаймын.

 

ТӘУЕЛСІЗДІК – ТӘҢІРДІҢ БЕРГЕН ТӘТТІ СЫЙЫ

– Өз заманының заңғар тұлғасы, қазақ халқының кемеңгер жазушысы марқұм Әбіш Кекілбайұлы ағамыздың: «Тәуелсіздікке жеткенге дейінгі ғұмыр оны көксеумен өтсе, тәуелсіздіктен кейінгі ғұмыр оны баянды етуді мұрат етеді»,- деген сөзі бар. Сіздің ойыңызша, Тәуелсіздігіміз баянды болуы үшін оны қалай қадірлейміз?

– Мысалы Қазақ Елінің биылғы ең үлкен жетістіктерінің бірі – ЭКСПО көрмесі. Ол адам айтса нанғысыз ұлы оқиға болды. Тәуелсіздігіміздің жылнамасына, ЭКСПО көрмелер тарихына жазылды. ЭКСПО-ның алдында: «Көрмені өткізе аламыз ба? Ел жалаң бұт қалмай ма? «Ит қорыған жерге өш» дегендей осындай жерге бүлікшілер көп келуші еді, ел ішіне бүлік салып, осы бақытымыздан айрылып қалмаймыз ба?»,- деген қорқыныш болғаны рас. Құдайға шүкір, Алланың жазуымен, Нұрекеңнің арқасында ұлы оқиғаны абыроймен өткіздік. Бұл көрме Қазақстанға енді қашан қайтып оралатынын бір Алла ғана біледі. Бүгінге дейін жетістіктердің бәріне Тәуелсіздіктің арқасында жетіп отырмыз. Алшаң басып жүргеніміз де, жүзіміздің жарқын болып жүргені де, мерейіміздің тасып, аңқылдап ашық сөйлеп жүргеніміз де, өзге көршілерімізден шоқтығымыздың биік болуы да Тәуелсіздіктің арқасы. Жамбыл деген баланы өзім қолынан жетектеп алып шығып едім. Сол балам: «Тәуелсіздік – Тәңірдің берген тәтті сыйы»,- дейді. Әлі есімде, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ТӘУЕЛСІЗДІК деген сөздің өзіне, ұғымына, рухына деген көзқарас, пиғыл, пейіл басқаша болатын. Біз бүгін ТӘУЕЛСІЗДІККЕ кішкене суыса бастаған сияқтымыз. Ешқашан бұл ұғымның қадір-қасиетін ұмытуға болмайды. Менің ұғымымда ТӘУЕЛСІЗДІКТІ біз жыл сайын, ай сайын, апта сайын, күн сайын, сағат сайын қадірлей беруге тиіспіз. Тәуелсіздіктің қадіріне жетпесек, кәріне ұшыраймыз. Өйткені, ол бізге қан төгусіз, табан астында келген жоқ. Азаттықтың жолында мыңдаған жылдар бойы қазақтың небір хандарының, батырларының басы кетті. Небір даналарымыз бостандықтың жолына басын тікті. Бұл аз ба? Сондықтан жас ұрпақ Тәуелсіздікке деген сүйіспеншілігін арттыра беруі керек. Тәуелсіздік туралы жаза беруіміз керек. Ұлы ұғымды жас ұрпақтың санасына сіңіре берген абзал. Тәуелсіздік келешек ұрпақтың қанына, сүйегіне сіңгенде ғана баянды болады.

Бір таң қалатыным, ертеде не ұшақ, не пойыз, не мәшине жоқ кезде ұланғайыр Ұлы Даланың шетіне жау тисе, ұлтарақтай жерді қорғауға қазақ түгел жиналып отырды. Ұлытауда үш рет бас қосты. Абылай алаңында да үш рет жиылды. Қазақ өзі бөрі сияқты. Бөрілер бір төбенің үстінде тұрып, келесі бір төбеге ұлиды екен. Марқұм Ақселеу айтатын еді: «Бөрілер жердің белбеуі арқылы өзінің ақпаратын 15 минутта жеткізеді екен»,- деп… Біздің бөрілі байрақ, бөрі текті ел болып жүргеніміз тегін емес. Менің ойымша, осындай ұлан-ғайыр даласы бар; ақылмандарының соңы – Бәйдібектей бабасы бар; кешегі Фараби, Қожа Ахмет Яссауидей данасы бар; Нұрсұлтандай панасы бар; Мәңгілік Ел болам дейтін шамасы бар мемлекеттің бақыты зор болады!

Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ, Астана.

 

Abai.kz

30 пікір
Шатбол 2017-10-15 23:25:17
Осы сұхбаттағы "Бұл жағынан өте сақ болу керекпіз деп ойлаймын" деген меніңше дұрыс жазылмаған. Мырзеке олай айтуы мүмкін емес. Журналист қателесті ме екен. Дұрысы - "... сақ болуымыз керек..." емес пе?
??? 2017-10-12 22:25:01
++++++++++++++"Өз басым босқа лағып сөйлегендерді жақтырмаймын"...+++++++++++++++++++++++++++++++ Өз басым тап СЕН СИЯҚТЫ ЖАҒЫМПАЗДАРДЫ иттің етінен де ЖЕК КӨРЕМІН!!!
Ашынған 2017-10-12 22:19:36
M.Ж. "...Қазақ Елінің биылғы ең үлкен жетістіктерінің бірі – ЭКСПО көрмесі. Ол адам айтса нанғысыз ұлы оқиға болды..."************************************ СОЛ КӨРМЕДЕН ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚ НЕ ПАЙДА КӨРДІ ??? Әлеуметтік қиыншылықтар мен Қымбатшылықтан басқа?! Ел қайтсем бір жапырақ нан тауып жеймін деп аласұрыа жүргенде СЕНДЕР халықтың қаржысын оңды-солды шашып, талан-таражға салып , Мемлекеттік қорды да бітіруге айналдыңдар! Құр бос мақтанды , дарақылық пен даңғазалықты , өтірік , "Қазақстанды таныту" деген науқаншылықты қашан қояр екенбіз осы!
Алма 2017-10-12 17:06:24
Латын қарпі арқылы барша қазақстандықтарға жаңа даңғыл жол ашылады. Болашқтың еншісі үшін жасалып жатқан жұмыстар екенін еліміздің барша азаматтары жақсы түсінеді. Және біз алғыр халықпыз ыңғайл алфавит таңдалса игеріп кету қиынға соқпас.
Динара 2017-10-12 16:52:17
Еліміздің біртуар зиялы азаматы ғой. Барлығын әдемі қамтып өтіпті. Өте тұшымды материал
Нұралы Нұрханұлы 2017-10-12 16:44:28
Мырзекеңнен сөз қалған ба? Алып қосарым жоқ. Нағыз ақсақалдың сөзі.
ХАЛЫҚ 2017-10-12 16:41:41
МЫРЗАТАЙ - егер ТІЛ қолжаулық болмаса... ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 25-жылы бойы ШЫЛҒАУ етіп жүргендеріңді түсіндір ші ?..
Жағымпаздардың атасы 2017-10-12 16:10:54
Одан да Атамбаевқа жауап бергені дұрыс болатын-тұғын.
нұртай 2017-10-12 14:49:19
Осы Мырзатай сөйлемесе екен деймін. Хамелеон.
р 2017-10-12 13:37:46
Гүлжанның ұсынысын ойланайық. Әлі де кеш емес.
Гүлжан Мұқатайқызы 2017-10-12 12:00:34
Бәріміз білгішсінбей,не болмаса Аққу, кесіртке ,шортандар құсап әр жаққа тартпай,Алаш азаматтарының қолданған қарыптерін қодансақ болды емес пе? 25 жылда әдебиет мәңгүрт тілде,тарихшылыр бір жаққа ұрттай шапқан қырсық жылқыдай тарихты келсін келмесін өз қиалдағы руына бұрып кетті.Меніңше қазаққа өз тілі,тарихы,жазуы қайтарылуы керек.
Жансая 2017-10-12 10:47:15
Көз қорқақ,қол батыр. Әлемдік аренада өз орнымызды ойып тұрып алатын уақытымыз келді. Іске сәт, Қазақ елі!
Сандуғаш 2017-10-12 10:44:08
Біздің барлық шама-шарқымыз жетеді латынға көшуге. Сондықтан барлығымыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол көрсеткеніміз дұрыс болар деген ойдамын
Дігідік-дігідік шабамыз 2017-10-12 10:42:59
әлемдік әліпбиді неге қолға алмасқа?
Мағауия 2017-10-12 10:41:07
Латиницаға әліпби ауыстыру деп жеңіл қарамау керек секілді. бұл жаңарудың бір жолы
Алпамыс 2017-10-12 10:40:27
Тәуелсіздік жылдары біз буыны қатпаған сәби едік. Бірден халыққа латынды енгізе салсақ ауыр болып кетерме еді деп ойлаймын. Қазір етек жеңіміз жиналған елміз. Темірдің нағыз қызып тұрған шағында ұрғанымыз дұрыс болар!
Панда 2017-10-12 10:40:00
Өмірде бір ағыспен жүре бермеу керек, өзгеріп тұру керек
Пумба 2017-10-12 10:39:19
Бүгін нақты шешім қабылдай алу, болашағыңның жарқын өтуіне кепіл. Бұны әрбіріміз өз өмірімізде де осылай қолданамыз. Сол секілді біздің мемлекетіміздің де болашағы әрбіріміз үшін маңызды. нақты шешім қабылдауға атсалысуымыз керек
Еңілік 2017-10-12 10:37:30
Қабылданатын әліпбиіміз хайырымен келгей. Болашаққа латынмен сенімді түрде қадам басайық!
Үмітай 2017-10-12 10:36:11
Керемет, жақсы талдап. Нақты дәлелмен баға берген екен. Бұл тақырыпқа Мырзатай ағадан артық баға беретін адам аз
Жанхо 2017-10-12 10:35:10
Тіл деген ұлттың қаруы. Қаруымызды жақсылап сайлап алайық!
Зинура 2017-10-12 10:33:27
Ақылды қария- ағып жатқан дария... Дариядан су алып ішкен адам жаман болмас!
Пікір 2017-10-12 10:27:46
Жанашырлықтың да жөні бар... Тіл - ұлттың қаны мен жанындағы нәзік арқау, оны сан-саққа жүгіртіп, тіл қамы деп ауызға не келсе соны езбелей бермеуіміз керек. Ел аман-жұрт тынышта тілге келер зауал жоқ, әліпбиден де алақтай қашудың жөні жоқ... Біздің трагедиямыз - Тәуелсіздік құрдастарының көбі ана тілінен ада қалған... Неге? Сол тұста (90 жылдарда) қолында билігі, билігінде ықпал бар "қайраткерлер" қайда қарап отырған?... Енді келіп ақыл айтамыз - "мен бүйттім, мен сүйттім" деп... Ел тағдырын, дара мемлекет тағдырын бір ғана ұрпақтың ғұмырымен, пиғылымен, ішкі есебімен өлшеу қылмысқа пара-пар екендігін қашан түсінеміз? Бар жігер, бар талпыныс болашаққа бағытталуы керек!!!
Нұржас 2017-10-12 10:20:55
Мырзатай аға 80 жылдығын тойлап еді. Қуатта адам. Әр сөзі дұрыс.
Хитман 2017-10-12 10:14:56
Заманның ағысымен жүру керек. Сонда халықаралық деңгейге шыға аламыз.
Заман 2017-10-12 10:13:01
Әжем кейде біздің ағылшынды оқып отыратын. Сонда әжеме әріптерді қайдан білесіз деп сұрғанада, бастауышта латынды оқытты, мына жерде осы таныс әріптерді көріп қосып оқып отқаным ғой дейтін.
Шах 2017-10-12 10:03:17
Дұрыс тіл ол бөлек әңгіме. Латынға көшу бөлек.
Жаңабай 2017-10-12 10:01:53
Мырзатай аға, дұрыс айтып отырған сияқты. Біз латын тіліне сонау тәуелсіздік алған түста кіруіміз керек еді. Енді ол кезде жаңа кеудесін көтерген мемлекет үшін бұлда бір қиындық болар еді. Қазір сол латынды қабылдаудың уақыты келеген секілді. Оған халық дайын деп ойлаймын.
Мейрамбай 2017-10-12 09:30:03
Осы, тіл, тіл - деп қақсай берсек, сол Тіл - өзінен өзі жоқ болатын сияқты. Баяғыда орыстың суретшісі император Николайдың көмекшісінен стипендия сұрағанда (1889 жыл), патшаның көмекшісі: - "қазір елде жейтін нан жоқ, сіз сурет салуға стипендия сұрайсыз" - дегенде, орыстың суретшісі: - "егер, нан жоқ деп қақсай берсек, түптің-түбінде нанда болмай шығады" - деген екен. Шынымен де, 1905 жылдан бастап империяда нан тапшылығы басталды. Сол нан тапшылығы 1954 жылға дейін жалғасты. (1955 жылға дейін). Сондықтан, тілге тыныштық беру керек. Тіл, қажет жерінде пайдаға асып жатыр. Елдің бәрі бірдей әңгүдік-мәнкүрт емес қой.
калбит 2017-10-12 09:17:00
Нұрсұлтандай панасы бар; Мәңгілік Ел болам дейтін шамасы бар мемлекеттің бақыты зор болады! хаха ха ха хааааааааааааааааааааааааааааааааааааааааааааааааааааааааааааааааааааааа

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 7954
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 15306