Жұма, 24 Қараша 2017
Көкмұнар 8350 8 пікір 17 Қазан, 2017 сағат 23:18

Түрмеден шыққан жігіт: "Сенің әніңді тыңдаған кезде жаным "воляда" жүргендей болатын"

Қазақтың белгілі әншісі Рамазан Стамғазиев елуге толды. Биыл әншінің өнер әлемінде жүргеніне отыз жыл болыпты. Abai.kz ақпараттық порталының тілшісі осы айтулы мереке қарсаңында әншімен сырласып қайтқан еді. 

– Қалыңыз қалай, Рамазан аға?

– Әзірге жаман емес, Қанатжан!

– Аға, ердің жасы елуге келген кезіңізде алғашқы сауалды сәл-пәл қытығыңызға тиюден бастасақ, ренжімейсіз бе?  

– Abai.kz-тің форматында әңгімелеспексің ғой. Қалағаның сол болса, оны да көрейік. Жалпы, сендердің (журналистердің) іздегендерің сол қитыққа тию арқылы адамның ішіндегісін сыртқа ақтарып салу ғой. Әңгімені бастамай тұрып, саған 21 қазан күні «Республика сарайында» болатын "Күзгі әуен" атты концертімнің билетін беріп қояйын. Концертке келмей қалып, орның кемпірдің аузы секілді үңірейіп қалмасын.

– Міндетті түрде келемін, аға. Ал енді сұрақ қысқаша былай: Рамазанның неге өзінен асқан шәкірті жоқ?

– Менен асып түсетін шәкірттерім көп.

– Ендеше, оларды халық неге білмейді?

Білмейтін себебі дәстүрлі әншілерге үкімет тарапынан қолдау жоқ. Талантты әншілерді алдымен елге көрсету керек. Ол үшін үлкен сахнаға шығар жол ашық болуы керек, телеарналардан концерттерін көрсету керек. Қазір сахнаны арзанқол театрлар мен түрлі шоумендер жаулап алды. Сіз маған айтыңызшы, Қайрат Байбосыновтан кейін қай дәстүрлі әншінің концерті толығымен телеарна арқылы Қазақстанға тарады? Бүгінгі жүйенің дәстүрлі өнерге деген көзқарасы түзу емес. Бар кінәні сол жақтан іздеу керек.

– Сіз айтқан Қайрат аға да, Сіз де радиоға бір рет шығып, бар қазаққа өздеріңіздің қандай әнші екендіктеріңізді танытқан жоқ па едіңіздер? Енді не кедергі?

Басқаға жауап бере алмаймын. Өз басым саясаттың дәстүрлі өнерге деген суық көзқарасын елден бұрын байқадым. Сондықтан да «қос мекенді» әншіге айналуға шешім қабылдадым. Эстрада мен дәстүрлі өнерді қатар алып, елге танылуға болатын шығар деп ойладым. Эстрадалық әндерді айта жүріп, халық әндерін сыналап ортаға кіргізгім келді. Бұл - әнші ретіндегі менің ұстанған саясатым болатын. Дәстүрлі әндерден жастар жалыға бастаса, эстрадаға көше қоямын. Сосын ақырын толғауларға түсемін. Ол да зеріктірсе, кейінгі заман сазгерлеріне кезек келеді. Осылай осы уақытқа дейін публиканы саясатпен ұстап келдім десем де болады. Бірақ, жалаң эстрадаға әуес болмағанымды жұрт жақсы біледі.

Қолына домбыра ұстаған қалың қазақтың бәрі Рамазан емес қой. Сондықтан да, кейбір шәкірттеріміздің бағы ашылмай келе жатқанын мойындаймын.

– Мәселе, мемлекетке, мемлекеттің саясатына келіп тіреледі дейсіз ғой.

– Әрине, солай. Жеңіл әуен, даңғаза музыкаға берілген эфирлердің сұрауы жоқтығына күйінемін. Бірақ, қазір сең қозғалды. Алматыда дәстүрлі өнерді насихаттайтын театр ашылды. Биыл қаншама жігіттер сонда жұмысқа орналасты. Жастардың көзі енді ашыла бастады. Бүкіл қазақ өнерінің басы сол орталықта тоғысатын болды. Қазақтар түсірген фильмдер көрсетіліп жатыр, байқаулар өткізіліп жатыр, қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылып жатыр.

Өзбекстанға, Түркіменстанға, Қытайға, Ресейге, кез-келген елге барыңыз, ең бірінші ұлттық өнерге көңіл бөлінеді. Қытай атам-заманғы ұлттық театрларын жылда миллиардтап қаржы бөліп сақтап келеді. Ұлттық дүниелерін қастерлеп, алдымен соның жағдайын жасайды. Біздің қазақ өнері осындай қамқорлықты көрмей келеді. Сондықтан да Сіздер «Стамғазиевтен кейін дәстүрлі ән айтатын кімдер бар?» деп сұрап отырсыздар. Мұндай сұрақ болмауы үшін де ұлттық өнерге мемлекеттің көзқарасы түзелуі керек. Бізді өкшелеп келе жатқан жастар бар. Оларды көрсететін, танытатын механизм жоқ. Телеарналардағы бірлі-жарым бағдарлама мен қазақ радиосы ол жастардың жолын ашып жібереді дегенге өз басым сенбеймін.

– Бәлкім кінә халықта шығар. Дәстүрлі әнді тыңдайтын құлақ жоқ шығар.

–  Біз жалпы қазақты даңғаза мәдениетпен улап тастадық. Мәдениеттің өлшемін эстрададағы селтеңбай әншілермен өлшейтін болды. Теледидарды қосып қалсаң, не талғамы, не таланты жоқ алты әнші жүреді. Сол алты әншіден басқаны көре алмайтын халыққа да обал. Жұрт солардың аузынан шыққанын сіңіре берген соң, дүбәраға айналмағанда қайтеді. «Ел» продюсерлік орталығы жылда Астанаға барып, жыршыларды жырлатады. Бір дастанның өзін екі-үш күн жырлайтын өнерпаздар бар. Қаншама күйшілік мектептер бар. Соның бәрін насихаттай алмай отырмыз. Идеология жоқ. Қаншама жақұттарымыз тоттанып жатыр. Жақсы дүниелерді жазып алып, сақтап қою, кейінгі ұрпаққа аманаттау жоқ. Біздің маңдайалды өнер қайраткерлері "үйелеп" үйлерінде жатыр. Не мемлекетке, не қоғамға қажеті жоқ, олардың...

– Бұл өліара кезең қанша уақытқа созылады деп ойлайсыз?

– Білмеймін. Меніңше ұлттық өнерге үлкен реформа жасау керек. Қазір танымалдыққа ие болуға әлеуметтік желілердің септігі тиіп жатыр. Халық қандай әнші бар екенін біле бастады. Дауысы жақсы әншілерді ел іздей бастады.

– Бастапқы сұраққа қайта оралғым келіп отыр. Стамғазиев өзінен кейінгі шәкірттерін Стамғазиевтің көшірмесі жасап жіберді деп жатады. Бұған не дейсіз?

– Ол заңдылық! Мен де бір кездері Қайрат Байбосыновтың көшірмесі болғанмын.

"Рамазанның Қайрат Байбосыновтың көшірмесі болған кезі"

– Ондай көшірмелік өнерді өрге жүзгізбейді емес пе?

– Көшірме болғысы келмеген әнші қалыпты бұзып шығады. Мысалы, мен Қайраттың көшірмесі болып қалған жоқпын ғой. Он жыл бойы Қайрат ағаның көшірмесі болып жүрдім. Домбыраны қағысын, дауыс ырғағына дейін айнытпай салатынмын. Сахнадағы жүрісі, тұрысы, киген киімі, үкі тағуы бәрін-бәрін көшірдім. Ауыл-ауылды аралап ән тауып аламын. «Қайрат ағаң сияқты айтады екенсің» деген әр сөзге қуанатынмын. Осылай еліктеу арқылы өзімде бар кемшілікті жойып, жақсы сипаттарды бойыма сіңірдім. Бір күні Қайрат ағам: «Сен копия болып жүре бересің бе? Копия болғаныңмен Қайрат бола алмайсың. Енді екі араны кессеңші. Сені Рамазан ететін нең бар?» деді. Мен сонан кейін басқаша іздену жолына түстім. Қайрат ағаны «тиып» тастап, Жәнібек Кәрменовті, Жүсіпбек Елебековті нысанаға ала бастадым. Манарбек Ержанов, Қали Байжанов, Байғабыл Жылқыбаев, Қосымжан Бабақов, Кенен Әзірбаевтарды тыңдап, соларға еліктеуді бастадым. Сөйтіп жүріп, Қайрат аға салған үлкен жолдан дараланып, өз соқпағыма түстім.

– Қайрат аға сізді тура жолға салыпты. Сіз неге шәкірттеріңізге Рамазан бола алмайтынын айтпайсыз?

– Мен ылғи да оларға Қайрат ағадай жол көрсетіп келемін. Қанша айтқанмен шәкірт ұстазға еліктейді екен. Олардың да мені бұзып-жарып шығар күні боларына сенгім келеді.

– Шәкірттеріңіздің бойынан қандай қасиет көре алмай жүрсіз?

– Біздің кезімізде ән үйрену өте қиын болатын. Құлағымыз ылғи радиоға түрік жүретін. Қайрат Байбосынов ағамыздың аузына қарап отыратынбыз. Әр айтқан әнін сол мезетте жаттап алатынбыз. Домбыраны тартқанда төрт шәкірті төрт жағынан қарап отыратынбыз. «Сен сағаны, сен ортаны, сен бас жағын қарап отыр» деп бір-бірімізге тапсырып, сабақ біткен соң, соның бәрін құрап, әнді үйренетін едік. Жалғыз магнитафонмен жалғыз кассетаға жазып алған әнді он-он бес рет қойғаннан кейін дауыс сызыла бастайды. Сонда да сол жазылған әнді көздің қарашығындай сақтаушы едік. Естіген әр әуенді дер кезінде тез-тез миға тоқып алатын едік. Әнге соншалық құмар, соншалық ашқұрсақ едік. Жәнібек Кәрменов ағаны бір тыңдап, Қайрат ағаны екі тыңдап, ән үйренуге жанталасатынбыз. Соның арқасы болар, бізбен оқыған жігіттердің бәрі қазір өнер саласынан алыс кеткен жоқ.  Ал, қазір бәрі басқаша. Қазақтың мың әні мен мың күйі жазылған антология бар. Интернетті ашсаң, ән толып тұр. Хрестоматия дейсің бе, басқа дейсің бе, кітаптан көп дүние жоқ. Алдыңда ас толып тұрса, тәбетің қашып не жеріңді білмей қаласың ғой. Біздің шәкірттерде сондай тоқтық бар. Аузына шайнап беріп, иегін қозғап, жұтқызып жібермесең, әнді бойына сіңіре алмайды.

Мен шәкірттерімді ылғи да театрларға жіберемін. Әртістер 4-5 минуттың ішінде күлдіріп те, жылатып та үлгереді. Дәстүрлі әншіге актерлік шеберлік міндетті түрде керек. Солардың шеберлігін үйренсе деймін. Академияда актерлік шеберлік деген арнайы сабақ өтеміз. Сол оқығандарын, театрға барып практикада көрсін деймін.

Әр баланың табиғаты бөлек. Әрқайсымен жеке жұмыс жасаймын. Бір бала әнге мықты болса, домбыраға жоқ болады. Домбыраға қолын жүгірту үшін аз тер төкпейміз. Енді бірінің тіл тазалығымен жұмыс істеуге тура келеді. Кейбір әріптерді дұрыс айтқызу үшін арнайы дәріс алуларына тура келеді. Бір шәкіртті 5 жыл дегенде әрең қашап шығасыз. 10 шәкірттің екеуі әнші болып шықса, соның өзі жетістік. 100 шәкірт оқу бітірсе, оның бәріне сахна дайын тұрған жоқ. Қалғандары өнертанушы ретінде ғылыммен айналысып, қазақтың жоғын жоқтап жүреді. Енді біреулері ұстаздық етуді таңдайды.

Мен шәкірттеріме ауылға, туған жеріне баруларына кеңес беремін. Мәселен, Қытайдан келген Аман Әубәкірұлы деген жігіт туған жеріне барып, Күйтің деген қалада өз мектебін ашты. Қазір сол жерде екі жүзден астам бала дәстүрлі әншілік өнерді үйреніп жатыр. Тіпті, қазір сол шәкіртімнің шәкірттері менің алдымда отыр. Қытайдан, Моңғолиядан жылт еткен бір бала көрінсе, соның жолын ашуға тырысамын.

 

– Ел арасына барып ән жинау мәселесі қолға алынбай келеді.

– Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы "Дәстүрлі музыкалық өнер" кафедрасы екі жыл қатарынан Моңғолияға экспедиция ұйымдастырды. Қоржындары тоқ келді. Кафедраның жанынан құрылған лабораториямыз бар. Сонда нотаға түсіріп, зерттеп, кітап етіп шығарып қойдық. Ал, жекелеген әншілер өздері үшін ел аралап, қазақтың жауһарларын жинап жүретінін елдің бәрі біледі. Ал, мемлекет тарапынан экспедициялар ұйымдастырылып жатыр дегенді естіген емеспін.

– Өнерде жүргеніңізге отыз жыл болды. Отыз жылда не бітірдіңіз?

– Түк те бітірген жоқпын. Қазақтың әнін айттым.

Тұрсынжан Шапай мен Рамазан Стамғазиев

– Сізді Рамазан еткен Тұрсынжан Шапайдың әндері деген пікірлерді естиміз.

–  Мүмкін. Бірақ, бір ғана әнмен танымал болдым дей алмаймын. Тұрсынжан ағаның «Дариға-дәурен», «Арман» секілді әндері мені қазаққа танытқанын ешкім жоққа шығармайды. Рамазан десе – «Дариға-дәурен», «Дариға-дәурен» десе – Рамазан еске түседі» деп жатады. Бұл ән – менің бағыма байланған ән. Менің бағымды осы ән ашты, екінші жағынан әннің де бағын мен ашқан болуым керек. «Дариға-дәуренді» қабылдамайтын ортаға, «Арман» керек. Біреулердің жанына «Сәуле ғұмыр» жақын. «Ай-сәулемді тыңдап, дертімнен айықтым» дегендер де болған.  Жалпы, Тұрсынжан Шапай екеуміздің шығармашылық одағымыз халыққа берерін толық беріп болды деп ойлаймын.

– Тұрсынжан Шапайдай сазгерге сізді жақындатқан қандай күш?

– Қазақы үн, музыкадағы қазақы бояу мені Тұрсынжан әндеріне байлап қойды. Өзінің айтуына қарағанда ол кісінің әкесі де мықты орындаушы болғанға ұқсайды. «Аға, мұндай әуеннің бәрін бойыңызға қалай сіңірдіңіз?» дегенімде әкесінен көп дүние үйренгенін айтып еді. Әкей жады мықты, Абайды жатқа білетін кісі болыпты. Ағамыз сол кісіні тыңдап жүріп, сазгер Тұрсынжан Шапайға айналды. Әндеріндегі қазақы бояудың тамыры қанында, тегінде жатыр деп ойлаймын.

Бір кездері «Абайды сағыну» деген циклді фильм түсірмек болғанда, Тұрсынжан аға Абайдың жеті өлеңіне ән жазды. Абай сөзіне ән жазу үшін Абайды толық тану керек. Сыдық Мұхамеджанов пен Әбілахат Есбаевтан кейін Абайды танып-біліп, оның сөзіне ән жазған бір адам бар болса, ол – Тұрсынжан ағамыз деп білемін. Мен сол жеті әнді де бір естігеннен-ақ ғашық болып, аттай қалап қоржыныма салып алдым. Енді осы әндердің төрт-бесеуінің басын қосып, бейнебаян түсіргім келеді.

– Өнерпаздың артынан аңыз ере жүретіні бар. Сіздің артыңыздан ерген аңыздар жайлы айтып берсеңіз.

– Аңызды қайтесің. Өмірде болған бір оқиғаны айтып берейін. Бірде маған аппақ сақалды, ықшам спорттық киім киген, қолында таспиығы бар бір жігіт-ағасы келді. Түрмеде жеті жылын өткеріп оралыпты. «Абақтыдан шыққаныма бір апта ғана болды. Түрмедегі бес жүз жігіттің атынан сыйлық әкеліп едім» деді. Сөйтті де, қолдан жасалған пышақ тарту етті. «Мұндай сыйлық алатындай не істеп қойдым?» деп едім: «Сенің орындауыңдағы Тұрсынжан Шапайдың әндерін тыңдағанда қапастағы рухымыз азат болып, тастан өрілген төрт қабырға кеңіп сала беретін. «Воляның» дәмін сенің әніңнен татқандай болдық. Сенің әндеріңді тыңдаған кезде жаным «воляда» жүргендей болатын. Сол бір сәтті сезімді бастан кешу үшін біз барлығымыз «Дариға-дәуренді», «Арманды» тыңдайтын едік. Біріншіден, Алланың, екіншіден, осы әндердің арқасында рухани еркіндік дегеннің қандай болатынын білдік. Сол үшін рахмет айтуға келдім» деді.

– Таспиық ұстаған діндар адамның бұл қылығы таңдануға тұрарлық екен. Ал, Сіздің кейбір әріптестеріңіз ұлттық өнерді ысырып қойып, тақуа діндар, миссионер болып кеткен жоқ па қазір?

– Таңдаған жолы сол болса, жанына миссионерлік жақын болса, солай өмір сүргісі келсе,  өздері білсін. Дін мен өнерді шатастырып, бойыңда бар өнерді басқа мақсатқа пайдалану дегенді өз басым түсіне алмаймын. Қайрат аға: «Сендер өздеріңнің оң жамбастарыңа келетін ән іздеңдер. Кейін ән сендерді өзі іздеп тауып алады» дейтін. Сол сөз шындық екен. Қазір көп сазгерлер өздері келіп, әндерін ұсынып жатады. Әнімді айт, тойыңды дүркіретіп өткізіп беремін, бүкіл жағдайыңды жасаймын» деген сияқты уәделерін үйіп төгеді. Мен дүние үшін ондай ортаңқол әндерге сатылған емеспін. Осыдан-ақ, қолымнан өнерді дін, саясат жолында саудалау келмейтінін түсінерсіз деп ойлаймын.

Әңгімеңізге рахмет

Сұхбаттасқан Қанат Әбілқайыр

суретте: Қанат Әбілқайыр, Рамазан Стамғазиев, Қанат Тілеухан

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10453
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18693