Бейсенбі, 18 Қаңтар 2018
Осы ғой енді... 1823 28 пікір 20 Қараша, 2017 сағат 08:27

"Алаш жолы" қозғалысы жабылуы мүмкін

Қазақ жерін шетелдіктерге жалға беруге қарсы тұрып, елдің қолдауына ие болған "Алаш жолы" қозғалысы жабылуы мүмкін. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты "Алаш жолы" қоғамдық бірлестігіне қатысты мемлекеттік тіркеудің күші жоқ деп танып, ұйымды жабу туралы шешім шығарған.

"Алаш жолы" қоғамдық бірлестігі тіркеуінің күшін жою туралы Астананың Есіл аудандық мемлекеттік кіріс басқармасының берген талап-арызын ауданаралық экономикалық соттың судьясы Мақсат Сембин 17 қарашада қарап, сол күні оны қанағаттандырған. Сот шешімі Қазақстан жоғарғы сотының "Сот кабинеті" сайтында жарияланған.

Азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожина қоғамдық қозғалысты жабу туралы сот шешімі алдын ала сот отырысы басталған жұма күні жедел шығарылғанын айтады.

"Тәуелсіз" әрі "бейтарап" қазақ сотының азаматтық белсенділерді саяси тапсырыспен қуғындау сипаты мен жылдамдығына кейде таң қаласың" дейді ол.

"Алаш жолы" қоғамдық бірлестігіне қарсы берілген талап-арыз бойынша Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Мақсат Сембиннің 17 қарашада шығарған шешімінде қозғалысты тіркеу туралы әділет министрлігінің 2017 жылғы 17 шілдеде қабылдаған қаулысының күші жойылғаны айтылған. Сот шешімі жарияланған күннен бастап бір айдың ішінде оған қатысты апелляциялық шағым беруге болады деп көрсетілген.

Сотқа берілген талап-арыз иесі "Алаш жолы" қозғалысының құрылтайшылары ретінде көрсетілген 10 адамның екеуі "оны құруға қатысымыз жоқ" деп айтқаны себепті соттан қоғамдық бірлестіктің тіркеуін жойып, ұйымды жабуды сұраған болатын. Бұл талапты сотқа қатысқан әділет министрлігінің өкілі де қолдады. Судья Мақсат Сембин жұма күні сотқа журналистерді қатыстырғанымен, сот залында бейне және аудио жазба жүргізілмейтінін алға тартып, Азаттық тілшілеріне сот барысын камераға түсіруге тыйым салған.

Бірлестік мүшелерінің негізгі тыңдау өткізбей, бірден жарыссөзге кірісуді ұсынған судьяға наразылық танытып, оны ауыстыру туралы қалалық сот төрағасының атына жазған арыздары қанағаттандырылмады. Бұған қарсы болған қозғалыс мүшелері процеске қатысудан бас тартып, егер сот бірлестікті жабу туралы шешім шығарса, апелляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеген.

"Алаш жолы" қозғалысы 2017 жылдың 17 шілдесінде қоғамдық бірлестік болып ресми түрде тіркелген. Қозғалыстың билікке қойған талаптарының арасында Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін "шетелдіктерге жалға бермеу және сатпау" туралы талап та бар.

Abai.kz

28 пікір