Жексенбі, 17 Желтоқсан 2017
Алашорда 1255 0 пікір 22 Қараша, 2017 сағат 09:07

Әуезов жылы туралы әңгіме

Шыңғыстауға барар жолда түңлігі түрілмеген киіз үйге ұқсас Бөрілі ауылы алыстан менмұндалайды. Қоңыр адырлардың жиегінде орналасқан бұл ауылда 1897 жылы күз айында Әуездің немересі Мұхтар дүниеге келді. Қоңыр күзде туғандықтан ба, әлде қоңыр мекенде өскендіктен бе, Мұхтардың мінезі де сөзі де қоңыр еді.

Қоңыр дейтініміз – сөзінің кесектігінде, ойының тереңдігінде, тыңнан түрең салған идеяларының тоғысында һәм шындықты астарлап айтатын шеберлігінде деп түсіну ләзім.

Әуезов тудырған шығармалардың образдары: мыңмен жалғыз алысқан, жан жарасын жырмен емдеген салқар даланың саңлақ ақыны хәкім Абай, Қарадырды қорқыныштың құшағына енгізіп, иесіз далада ешкімге именбей, еркіндікке құлшынған түз тағысы Көксерек, арына дақ түсіп, нақақтан жапа шеккен аяулы Ғазиза – барлығы да алаш баласының көкжиегін кеңейтіп, санасына сәуле түсірген өлмес һәм өшпес бейнелер еді.

Өткенге көз жүгіртетін болсақ, ғұлама ғалымның зейнеті мен бейнеті қатар жүрген сан соқпақты өмірін көреміз. Қазақтың рухани мұрасы үшін аянбай еңбек еткен шақтардың бәрі де – бос сағым емес, тарих бетіне алтын әріппен жазылған кезеңдер.

1957 жылы Мұхтар Әуезов 60 жасқа толған мерейтойын атап өтті. Бұл – жазушының өміріндегі ең жарқын сәттерінің бірі еді. Себебі ол өзінің туған күнінде Шыңғыстауға барып, Абай туған Қасқабұлақ ауылында халыққа тебірене сөз сөйлеп, сағынышын басқаны бар. Сол күнгі қуаныш Шыңғыстау жұртшылығын, тіпті күллі қазақты ерекше әсерге бөлеген еді.

Міне, керуен-ғұмыр осылайша келесі ғасырға көшіп, сол мерейтойдан 60 жыл өткеннен кейін, биыл кемеңгер жазушының туғанына – 120 жыл толып отыр.

Осыған байланысты Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі заңғар жазушының мерейтойына айрықша атсалысты. Мерекені ойдағыдай атап өту үшін Абай музейі дайындықты 2016 жылы бастады.

Жыл басында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Қалижанов Уәлихан Қалижанұлы мен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлы өзара шығармашылық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Ынтымақтастық меморандумның аясында бірлескен ғылыми зерттеулер ұйымдастыру, халықаралық ғылыми конференциялар және семинарлар ұйымдастыру жоспарланған, сонымен қатар, баспада жарық көрген ақпараттармен, ғылыми материалдар, зерттеулер нәтижелерімен өзара алмасу, музей ісі бойынша қызметкерлерге іссапарлар ұйымдастыру көзделген болатын.

Міне, осы мақсаттар жүзеге асып, жазушы тойының мерейін үстем етті. Атап айтсақ, ақпан айында М.Әуезовтің монографиялық зерттеулері бойынша «Абай жолы»: алашты паш еткен әлемге» атты тұрақты көрме ұйымдастырылды. Аталған көрмеде: «Адамзаттың Абайы», «Қазақ өмірінің энциклопедиясы», «Әлем әдебиетінің шыңы», «Ұлы дала мәдениетінің жаршысы» тақырыптары жан-жақты қамтылды.

М.Әуезов өзінің атақты «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы ұлы Абай жасаған дәуірді, оның шыққан ортасын, ақын, азамат болып қалыптасуын, сол кезеңдегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, арман-тілектерін, мақсат-мүдделерін, күрес-тартыстарын, шығармашылығын түгел танытты.

Сондықтан, оның әлемге әйгілі шығармаларын жан-жақты насихаттау мақсатында «Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі», «Абай жолы» - руханият жолы», «Дәуірдің дара саңлағы», «Ұлы ғасырдың ұлы тұлғасы», «Қазақ өмірінің энциклопедиясы», «Ұлы дала мәдениетінің жаршысы» және тағы басқа тақырыптар бойынша жасалған «Абай жолы» Алашты паш еткен әлемге» атты жылжымалы көрме де ұйымдастырылған болатын.

Бұл көрме Семей қаласының білім және ғылым ордаларында, Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінде, ҚР Ұлттық кітапханасында, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Ақтөбеде, Атыраудағы «Абай кешінде» көрермендерге ұсынылды.

Кемеңгер жазушының тойындағы тағы бір ерекше атап өтетін жайт, ол – Абай музейінің бастамасымен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қолдап «Астана-Защита» бағытындағы №67/68 «Тұлпар-Тальго» пойызының «Абай жолы» деп аталуы. Осыған орай аталмыш ұлттық компанияға қарасты «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының сервистік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Асқар Ахметбеков: «Қазіргі уақытта «Абай жолы» аталатын жүрдек пойыз еліміздің шығыс бағытында халыққа сапалы қызмет етуде», – деп хабарлағаны да күні кеше.

Сонымен қатар, сәуір айында Абай музейінің ұйымдастырылуымен «Қазақ руханиятының айнасы – «Абай жолы» романы мектеп бағдарламасында» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.

Семинарда Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі, ф.ғ.д., профессор А.Еспенбетов, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры Ш.Алдамжарқызы жас ұрпақтың жетілуінде М.Әуезовтің мұрасы баға жетпес қазына болып табылатынын, оқу процесінде М.Әуезовтің шығармаларын қалай оқыту керектігі жайлы және тағы да басқа  көкейкесті мәселелер көтеріп, өз ойларын білдірді.

Қыркүйек айында «Алашорда» үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына байланысты «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайының жаңа экспозициясы ашылды. Бұл мұражай-үй – данышпан Абайдың, Алаш арыстарының, жазушы Мұхтар Әуезовтің табаны тиген киелі шаңырақ.

Жаңа экспозицияда Алаш қозғалысы тарихының 6 кезеңі тың құжаттар мен деректер негізінде өзгеше қырынан көрсетілді. Музей экспозициясы кеңейіп, ғимараттың  бұрын бос тұрған бірінші қабатында ХХ ғасырдың басындағы үй жиһаздары орнатылды. Екінші қабаттағы экспозиция арнайы тапсырыспен жасалған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ш.Құдайбердіұлы, М.Әуезовтің мүсіндерімен толықтырылды.

Шаралардың келесі легі Алматы қаласында жалғасты. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Ұлттық Ғылым академиясы және Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұйымдастыруымен «М.О.Әуезов және ұлттық жаңғыру» халықаралық ғылыми симпозиумы өтті.

Симпозиум аясында өткен ғылыми конференция барысында Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің директоры Б.Жүнісбеков «Қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы. Ұлы Абай мұрасын қызыл билік қалай бұрмалаған еді» тақырыбында баяндама жасады. Шара соңында оқушылар арасында жазушы шығармашылығына арналған республикалық сайыстың қорытындысы жарияланды. Сайыс жеңімпаздарының бірі арнайы тағайындалған Абай музейінің жүлдесіне ие болды.

Қыркүйек айының соңында Абай музейі дәстүрлі «Мұхтар мұрасы – адамзат қазынасы» атты аймақтық байқау ұйымдастырды. Студенттер арасында өткен сайыста жас ақындар заңғар жазушыға арналған өлеңдерін көпшілікке паш етсе, көркемсөз оқу шеберлері М.О.Әуезов шығармаларынан үзінділер оқыды.

Сонымен қатар, биылғы мерейтойда Алаштың руханы ордасы Семей қаласына жазушының ұлы Мұрат Әуезов, немересі Мағжан Әуезовтің келгені көңілге қуаныш ұялатты. Арыстың ұрпақтары Абай музейінде, Бөрілі қыстауында болып, шежірелі мекенге саяхат жасағаны ел есінде.

Түйін: Белгілі ғалым Рымғали Нұрғалиев бір естелігінде: «Мұхтар Әуезов – сарқылмайтын, бітпейтін, жасарып, жаңғыратын, өмірдің өзіндей, жапырағы мәңгі жап-жасыл, жалғаса беретін құбылыс», – деген еді. Сондықтан оның шығармашылығы уақыт өткен сайын алмас қылыштай жарқылдай түсері хақ.

Асылы, Мұхтар Әуезов – хәкім Абай арқылы алаш баласына: сүю мен жек көрудің, кек пен кешірімнің, жамандық мен жақсылықтың, сүріну мен самғаудың, қайырым мен қатігездіктің, барымта мен әділдіктің аражігін ажыратып берді.

Біздің ұрпаққа ол сонысымен қымбат.

Біржан Ахмер

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

0 пікір