Жексенбі, 17 Желтоқсан 2017
46 - сөз 1280 3 пікір 4 Желтоқсан, 2017 сағат 09:40

Бір сүмелекті ұстасаңшы...

Анадан жапырып, мынадан сапырып, оң жағыма келгенді үптеп, сол жағыма келгенді түптеп, ақшаның астында, доллардың үстінде қалғалы, кәдімгідей қағынантын болдым, жап-жас қыздардың «исін» сағынатын болдым... Жасым алпысты алқымдаса да, ақылымды айбалтамен шауып тастап, «өмір бір-ақ рет келеді екен, екі-үш рет келмейді, енді маған мұндай қызық өмір бермейді!» деген ой-есектің үстіне ырғып мініп алып, ой бір дүниені жалпағынан да, көлденеңінен де, тігінен де бастым.

Сөйтіп жүргенімде бір танысым табанымды қытықтағандай қызара-бөртіп тұрып: «Ауылдан келген бір жас қыз бар. Әкесін танушы едім. Жұмысқа орналастырып берші!» деп өрттей болып өтінген. Он екі де бір гүлі ашыл-маған, үрлеп-үрлеп, сора салатын, жо-жоқ, жұта салатындай әдемі-і қыз екен... Жел тұрса, қыпша белі үзіліп кететіндей, ал бұрымы... бұрымы өкшесіне жететіндей, қолынан ұстасам, «радиатор» жүрегім қызы-ып кететіндей!

-Қалдықыз, қандай сұлу едің! - деймін тамсанып.

- Қойыңызшы көке...

- Шіркін, мен де жас болсам, өзіңді құшақтап, ішпей-жемей мас болсам...

- Қойыңызшы көке...

- Мен көке емес, кофемін, кофе!

- Кофе деген немене көке?

- Әдейі түсінбеген болып тұрсың-ау, Қалдашка! Жүр, кафеге кіріп, кофе ішіп алайық...

Қызды арбап, «кофе ішуді үйренбесең, болашақ бастықтарың жұмыстан шығарып жібереді...» деген «теориямды» талдап, «Тіфә-тіфә!» кафесіне кірдік. Кофе іштік, кофеден кейін коктейль іштік, одан кейін коньяк ішкіздім, іштім... Бір қарасам, ұят-ай, ауылдан келген аңқау қыздың құшағында жатырмын!

- Ағай, дейім, ағай...

- Әу жаным?

- Мен сіздің қасыңызда неге жатырмын?

- Бетіме бір түрлі қарап, кеудемдегі жүнді тарап...

- Ағай дейім, ағай...

- Әу, жаным?

- Сіз менің әкемнен де үлкенсіз... Енді не істеймін? Елдің бетіне қалай қарай-мын?

-Теріс қара да, бұрылып кет...

- Ылғи осылай кофе ішеміз бе, көке?

- Жоқ. Енді басқа қыздармен кофе ішемін. Мынау бүгінгі қызметіңе! - дедім де, қолына екі жүз долларды қыстыра салдым. Байқаймын, Қалдықыз жастыққа бетін басып, жылап жатыр.

- Енді не істеймін көке-ее? - дейді.

- Не істеуші едің? Бір сүмелектің етегінен ұста! - деп ашуланып, жерге шырт түкіріп, шығып кеттім. Қалдықызға қайтып жоламадым. Қыздармен қыдырып, келіншектермен керіліп, ақшаны олай да, былай да шашып жүрдім. «Ақшаң болса қалтаңда, төсегіңде талтаңда...»... Тура маған айтылған! Әшейін моншаға бара алмадым, сауналарды жағаладым... Әйеліме: «Фирманың жұмысымен кеттім!» деп апта бойы көңіл шіркін шалқып, тұла бойым қорғасындай балқып... Өмір өзенде жапырақтай қалқып... Бір күні әйелім ұялы телефоныма хабарласып тұр:

- Үйге кел, үйге!

- Не боп қалды?

- Келініміз құтты болсын! Ұлымыз келіншек алып келді!

Қуанғанымнан құстай ұштым! Тойға келіңіздер, тойға! Аулаға кіргенім сол, есік алдын сыпырып жүрген келінге қарап, біреу бетімді тырнап алғандай, жоқ, біреу қылғындырып жатқандай.... жоқ, біреу тұмсығыма теуіп жібергендей... Мәңгіріп, басым айналып, құсқым келіп кетті... Келіннің жанында «сүмелегім» кеше сойылған қояндай ыржиып тұрған еді...

Мұхтар Шерім

Facebook-тегі парақшасынан

3 пікір