Жексенбі, 17 Желтоқсан 2017
616 2 пікір 5 Желтоқсан, 2017 сағат 09:18

Сейітқазы Матаев: «Кек алу ойымда жоқ»

Сурет Азаттық радиосының сайтынан алынды

Бір жылдан астам уақыт түрмеде отырған Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев 4 желтоқсанда шартты жазамен бостандыққа шықты.

Алматы облысы Заречный ауылындағы жалпы қоныстану колониясы алдында Матаевтың туыстары, әріптестері, жақтастары мен БАҚ өкілдері жиналды. Ол журналистерге жұмысқа кіріспес бұрын, уақыт қажет екендігін айтты.

«Менде аса қуаныш жоқ. Себебі, ұлым түрмеде отырғанда, өзімді бостандыққа шықтым деп есептемеймін. Біз кінәмізді мойындаған жоқпыз. Барлық айыптарды теріске шығардық. Біздің ұлымыз екеуміздің рухымыз бар. Сол рухтың арқасында берік болдық. Кек алуды ойламаймын», - деді Сейітқазы Матаев.

Қапшағай қаласының соты 16 қараша күні Сейітқазы Матаевтың өзін мерзімінен бұрын шартты жазамен босату туралы өтінішін қарап, оны түрмеден босатуға шешім шығарған.

2016 жылы 3 қазанда Астананың Есіл аудандық соты Матаевты "қаржы жымқырды" және салықтан жалтарды" деген айыптармен алты жылға, ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев "қаржы жымқырды" деген айыппен бес жылға соттаған. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болған. Матаевтар өздеріне тағылған айыпты мойындамайды. Жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары Матаевтың сотталуын айыптаған болатын.​

Биыл сәуір айында Сейітқазы Матаевтың жазасын рақымшылыққа байланысты екі жыл сегіз айға қысқартқан.

Abai.kz

2 пікір