Жексенбі, 17 Желтоқсан 2017
EXPO - 2017 496 2 пікір 5 Желтоқсан, 2017 сағат 13:36

ЭКСПО аумағында жаңа сырғанақ алаңы ашылды

Елордадағы ЭКСПО аумағында жаңа сырғанақ алаңы ашылды, деп хабарлайды «Аbai.kz» порталы «Nur.kz» сайтына сілтеме жасай отырып.

Енді Елорда тұрғындары мен қонақтары ЭКСПО аумағында орналасқан жаңа сырғанақ алаңында уақыттарын пайдалы өткізе алады. Таза ауа, жаңы мұз айдыны, көтеріңкі көңіл күй мен қолжетімді баға. «Астана ЭКСПО-2017» территориясындағы туристік аймақтың тағы бір артықшылығы.

Бір байқағанымыз, астаналықтар бұл жаңа ашылған сырғанақ алаңдарына жиі келіп тұрады екен. Әсіресе  демалыс күндері мұнда келушілердің саны едәуір көп болады.

«Маған осы жерде сырғанақ тепкен ұнайды. Жабық ғимаратта сырғанағаннан гөрі, ашық аспан астында сырғанаған әлдеқайда пайдалырақ. Ауасы да таза. Бала күнімізде -25 градуста далада ойнап жүруші ек. Менің немерелеріме коньки тепкен ұнайды. Осы жердің ашылғанын естіп, бірден жеттік», - дейді Астана тұрғыны Виктор Ключков.

Ал астаналық оқушылар – Айғаным, Әлия мен Ажар сырғанақ тебуге бірінші рет келіп отыр екен.

«Астанамызда осындай сырғанақ алаңдарының көптеп ашылғаны қуанышты. Қалада ашық аспан астында, сондай-ақ жабық мұз айдындары да жеткілікті», - дейді қыздар.

Жаңа ашылған сырғанақ алаңына келушілердің арасында қала қонақтары да аз емес. Соның дені балалар. Қазірдің өзінде астаналықтар арасында кең таралған бұл сырғанақ алаңында кешқұрым ертегідей атмостфера қалыптасады. Түрлі-түсті жарықтар мен әсем әуен. Және бір айта кетерлігі, енді аз күнде бұл жерге Еліміздің бас шыршасы орнатылатын болады.

Айтпақшы, сырғанақ алаңына кіру құны «Алау» және «Мега SilkWay» сауда орталықтарындағы сырғанақ алаңдарындағыдай. «Астана ЭКСПО-2017» аумағындағы сырғанақ алаңына кіру құны орташа есеппен 1000 теңгені құрайды. Ал оқушылар мен зейнеткерлер үшін 50 пайыз жеңілдік қарастырылса, студенттер үшін 800 теңге. Ал 6 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Көлігі бар азаматтар үшін алғашқы 3 сағат тегін автотұрақ қарастырылған. (Толық ақпаратты инфографикадан көруге болады)

Сырғанақ алаңының жалпы аумағы – 4 000 шаршы метрді құрайды. Сыйымдылығы 700 адамға дейін жетеді.

Тіпті арнайы мұздатқыш құрылғының арқасында +10 градуста да сырғанақ алаңының мұзы ерімейді. Осылайша, сырғанақ тебу маусымын сәуір айына дейін созуға болады дейді ұйымдастырушылар.

Айта кетсек, сырғанақ алаңына келушілер одан бөлек «Нұр Әлем» павильонына кіріп, «Болашақ энергиясы» мұражайын тамашалай алады. Осылайша, ЭКСПО көрме кешенінің туристік аумағы келушілерге демалыс күндерін ойдағыдай өткізуге барлық мүмкіндіктер жасауда. Себебі, туристік аймақта сырғанқта теуіп, көрмені де тамашалап қайтуға болады.

Билеттерді «ЭКСПО-2017» арайы сайтынан: «expo2017astana.com», сондай-ақ, ЭКСПО аумағындағы кассалардан алуға болады.

Жұмыс уақыты:

Жұмыс күндері 12:00 – 23:00 (техникалық үзіліс 16:00 – 18:00)

Демалыс күндері 10:00 – 23:00 (техникалық үзіліс 13:00 – 14:00 және 17:00 – 18:00)

Abai.kz

2 пікір