Жексенбі, 17 Желтоқсан 2017
Әріптестің әңгімесі 1401 7 пікір 6 Желтоқсан, 2017 сағат 08:34

Шіркін, Нұргүлдер көбейсе ғой...

Осыдан үш-төрт күн бұрын интернет бетінде Нұргүл ханымға риза болған мақалалар жиі шығып жатты. Шынымды айтсам сол кештің дәл осылай қазақ тілінде арындата өтерін мен де күтпеген едім.  Баспасөз орталығына жиналған қазақ қанды тілшілердің бәрі көңілдене, рухтана сөйлеген ҚР-ның бас Прокурорының кеңесшісі, аға көмекшісі – Нұргүл Қарағойшина ханымға  іштей риза болып отырды.

– Біз рухани жаңғырудың арқасында жаңғыруға, ұлттық рухымызды асқақтатуға тиісті халықтың қызметшілеріміз. Тәуелсіздікті тәу еткен, елдің шекарасын күзеткен, тұтастық пен тыныштыққа жауап берген, адамдардың құқықтары мен тағдырларын таразыға салатын осы ірі органдар болып табылады. Сондықтан да, осы жерде қызмет ететін адамдардың бәрі біріге отырып ұлттық санасы жағынан өзгеруге, өзгеруге  талпынуға тиіспіз. Тіліміз бәрінен де биік екенін ұғынуымыз жөн-ақ.

Қандай ғажап сөздер! Екпіндете айта түссе екен дейміз іштей.  Істері қаншалықты екенін алда көрерміз, дегенмен осы баспасөз алаңында: – Рухани жаңғырамыз деп жүріп, сұрақтарға орысша жауап бергеннен, сөйлегеннен ұяламын деп көсілуі бізге майдай жаққаны анық еді. Нұргүл ханыммен бірге бізде жан-жағымызға күлімдей қарап, ыржалақтап қоямыз. Құдды тұман сейіліп, күн жарық ете түскендей бойымызды ыстық леп есіп кетіп еді.

Кабинетке келдікте көсіле жазуға отырдық. Орыс ақпарат құралдарының өкілдерінің көңіл-күйі сол жерде-ақ бұзылған. Бұл жерде де не жазарларын білмей арпалысып кетті. Дым түсінбеген соң қиын ғой әрине. Орысша баспасөз хабарламасынан бірдеңелерді алған болды да қысқаша жазып, тапсырманы орындады. Артынан әрине ашуланып тайып тұрды. Біз жымыиып қоямыз.  ­­­­­Өз еліңде, өз төріңде, өз тіліңде көсіле сайрап, оны біздер аудырып қиналмай, ақпараттарға еркін қанығып, көсілте жазғанға не жетсін шіркін...

Бұл бірақ көпке бармаған қуаныш болды. Боймызға құйылған шуақтың да қызуы бәсеңдеп бара жатыр еді. Жиналыстар бұрынғы ізімен қайта жалғасып жатты. Баяғыдай жәудірей тыңдап, түйтеңдеп аударып жазатын болдық. Шіркін дейміз іштей Нұргүлдер көбейсе ғой... Біз шынымен сол Нұргүлдерге сусап қалған екенбіз...

Алтынай Нұрдыбек

Abai.kz

 

 

7 пікір