Жексенбі, 17 Желтоқсан 2017
Осы ғой енді... 763 2 пікір 6 Желтоқсан, 2017 сағат 13:52

Қостанайда ақша көп, тек оны шаша біл...

Кейінгі кезде «бренд» деген шетелдің сөзі тіршілігімізге мықтап еніп алды. Оның енді өрескелдігі жоқ шығар. Атыңды бірден танымал ететін, оны көргенді бұл тап сенің өнімің екеніңді тайға таңба басқандай етіп көрсететін символдық белгі өзі әдемі, өзі тартымды болса жарасып тұрары сөзсіз. Кім мұндайдан қашсын. Біздің Қостанай облысының басшыларына «ау, осы дүние де бізге де қажет шығар» деген тамаша ой келе қалыпты. Ой келді, бітті, оны жүзеге асыру керек. Бедел деген арзан болмайды. Одан аяған ақшаны ит жесін. Облыс басшлары осылай деп тоқтамға келді де ай-шайға қарамастан аймақтық брендтке деп 2 миллион 090 мың теңгені бөлді де жіберді.

«Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, енді әп-сәтте Қостанай ішкі саясат басқармасы мен «Келешек-2050» қоғамдық қор арасында қатырып тұрып келісім жасалды. Қор болса білекті сыбанып жіберіп, көктем шығысымен іске кірісіп кетті. Үздік брендтке деп арнайы конкрус жарияланды. Оған жүз қараралы жұмыс келіп түсті. Олар интернетке қойылып, халықтан дауыс жиналды. Одан ұтып шыққандар сараптамалық комиссияға жіберілді. Оның он бесі қайта жөнделіп, дұрысталып, қырлап-сырлауға деп авторына қайтарылды. Ақыры, айтып-айтпай не керек дегендей, шілде айында сараптамалық комиссияның қорытындысы шықты. Сонымен не болды дейсіз ғой? Ештеңе де. Ия, ештеңе де болған жоқ. Комиссия сұрыпталып алынған дүниенің ешқайсысын да жаратпай тасталды. Не үшін? Қай жері ұнамай қалыпты? Қайсысын дұрыстап, жөнге келтіруге болады? Бұл сұраққа ешқандай да  толымды да, тұғырымды да жауап жоқ.

Ең қызығы ол емес. Ең ғажабы, конкурс талабына сай ішкі саясат басқармасы өзі шарт жасасқан «Келешек-2050» қорына аттай 627 мың теңгені сөзге келместен аударып жіберген. Ол ақша енді жұмыс атқарылмаса да үз-түзсіз қорға кетті. Оны енді ешкім де қайтара алмайды. Өйткені конкрус туралы ережеде бұл қатаң қарастырылған. Біздің ойымызша, осыған, яғни бюджет ақшасына жаны ашып отырған адам байқала қоймайды. Сол баяғы, іс бітті, қу кетті, бүлінген ештеңе жоқ. Ал мына сіз бен біздің ақшамыздың әр тиынын есептеп оны жұмсағауға жауапкершілікпен қарауға біздің шенеуніктер еш уақытта дағдыланбаған.

Оны айтасыз, жоғарыда біз сөз еткен «Келешек-2050» қорындағылар 2 миллионнан қалған соманы да алып қалуға дәмесі бар. Онысы қисынсыз да емес. Өйткені олардың ойынша бұлар өз жұмысын толық атқарған. Талапкерлерді тауып, олардың брендтік дүниелерін интернетке салып, халықтың талқысынан өткізген. Ал енді әлдебір комиссия мұны жаратпай тастаса «Келешек-2050» қорының қандай кінәсі бар? Бұлар өз міндеттерін ойдағыдай орындады емес пе?  Несі бар, қисынды пікір. Тек бір сұрақ қана бізді мазалай береді. Сонда бюджеттен бөлініп, одан ешқандай да қайтарым болмаған 2 миллион теңгеге кім жауап береді? Әлде бюджеттің ақшасын оңды-солды шаша беру Қостанайда дағдыға айналған құбылыс па?

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

2 пікір