Жексенбі, 17 Желтоқсан 2017
Құйылсын көшің 1271 7 пікір 6 Желтоқсан, 2017 сағат 14:56

Елбасының тапсырмасымен құрылатын қордың Жарғысы дұрыс болуы керек

 

«Нұр Отан» партиясына

ҚР Мәдениет және спорт министрі

А. Мұхамедиұлына!

 

ҚР Сыртқы істер министрі

Қ. Әбдірахмановқа!

 

Үстіміздегі жылды Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шеттегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» деген қор құру туралы Үкіметке тапсырма бергені мәлім.

Аталған Құрылтайда Президент «Отандастар» қоры Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп, отандастарға жан-жақты қолдау мен көмек көрсету іс-шараларын анықтап, кешенді бағдарлама әзірлеуі керектігін де атап айтқан болатын. Әзірленген кешенді бағдарламада қазақ көшінің мәселелері, алыстағы аға­йынмен байланыстыратын барлық мәсе­лелер қамтылуы тиіс екені тапсырылған. Бағдарламаның басымдықтары мен міндеттері Қор арқылы іске асырылатынын да ескерткен.

Елбасымыздың сол тапсырмасы негізінде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 13 қазандағы №644 қаулысымен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды.

Үкімет Қаулысында «Шетелдегі және Қазақстан Республикасына көшіп келген этникалық қазақтарды қолдауды қамтамасыз ету қоғам қызметінің негізгі нысанасы болып айқындалсын» делінген. Енді осы мақсатты негізге ала отырып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі «Отандастар» қорының Жарғысын жасайтыны анық.

Сөз жоқ, «Отандастар» қоры Елбасы ерте жолға қойған, тарихи, стратегиялық маңызы төтенше зор көші-қон саястына өз септігін тигізеді және болашақта Израйл мен Германияның ұлттық көші-қон қорлары секілді үлкен миссияны арқалайды.

Ол үшін, ең алдымен, ЖАРҒЫ дұрыс бекітілуі керек!

Бүгінгі таңда, Құдайға шүкір, көшіп келген ағайындарды қолдау жағы түк қиындық тудырмайды. Мәселе, шеттегі қандастарымызға қол ұшын беру жағы әр елде әрқилы жүзеге асырылатыны белгілі. Еркін, демократиялы батыс елдері мен бір шекпеннен шыққа ТМД мемлекеттері Қор жұмысына кедергі келтірмей, түсіністікпен қарайды. Ал, «Ертең көлеңкесінен қорқатын, аз ұлттарға деген саясаты Сарыарқаның желі секілді ұйтқымалы елдерге бару, қандас бауырларға көмек беру мәселесі қалай болады?!» деген түйінді осы бастан жақсы ойласқан әбзал.

Демек, Қор мемлекеттік ұйым болмаған соң, тек экономикалық көмекпен ғана шектелмей, этникалық қазақтардың рухани, саяси бостандығына да көңіл бөлетінін естен шығармағаны дұрыс.

Сондықтан, атлған екі министрлік «Отандастар» қорының Жарғысына «... этникалық қазақтардың мүддесін қорғайды!» деген сөзді міндетті түрде кергізуі керек! Бұл бап Отандастар қорының ғана емес, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының да жарғысында болуы тиіс.

Ауыт Мұқибек

 05.12.2017

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

7 пікір