Бейсенбі, 18 Қаңтар 2018
Жаңалықтар 715 3 пікір 27 Желтоқсан, 2017 сағат 13:52

Саясаттанушы Ерлан Саиров ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары болып тағайындалды

Астанада ҚР Кәсіподақтар федерациясы Атқару комитетінің кезекті отырысы өтті.

Отырыста ұйымдастыру мәселелері қаралған және федерация жарғысына сәйкес, төрт облыстағы аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің төрағалары сайланған.

Осылайша, ішкі кадрлық ауыс-түйіс аясында саясаттанушы Ерлан Саиров ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Ерлан Биахметұлы Саиров 1970 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Түрлі жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде, ҚР Парламенті Мәжілісінде басшылық лауазымдарды атқарған. «Мәдени даму институты» қоғамдық қорының ғылыми жетекшісі, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының кеңесшісі болған.

Бұған дейін төраға орынбасары болған Гүлнәр Жұмагелдиева ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының кеңесшісі қызметіне ауысты.

Гүлнәр Амангелдіқызы 1974 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін  бітірген. Еңбек жолын Теміртау қаласындағы  «Қарағанды облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы» РМҚК-де  заңгер қызметінен бастаған. Әр жылдары «БанкТұранӘлем» АҚ Қарағанды филиалында кепілді мүлік маманы, Қарағанды облысы кен-металлургия өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподағының заңгер-кеңесшісі, «Қазақстан Халық банкі» АҚ Астана филиалында заң  бөлімінің жетекші маманы,  ҚР Кәсіподақтар Федерациясы Әлеуметтік-экономикалық қорғау және еңбек инспекциясы департаментінің заң кеңесшісі, директоры болып қызмет еткен. 2010 жылдың маусымында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары болып сайланған. Онда жастар, гендерлік саясат, халықаралық жұмыстар, шағын және орта бизнесте кәсіподақты дамыту мәселелеріне жетекшілік еткен.

Солтүстік Қазақстан облысындағы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы лауазымына Ерік Нұрақаев тағайындалды.

Ерік Есімұлы 1960 жылы Солтүстік Қазақстан облысында туған. Әр жылдары СҚО Ақжар, Есіл аудандарының әкімі, Петропавл қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясының СҚО филиалының жетекшісі, СҚО әкімінің орынбасары болып қызмет еткен.

Ақмола облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы лауазымына Қали Рахметов бекітілді.

Қали Сұлтанахметұлы 1961 жылы Ақмола облысының дүниеге келген. Бұған дейін Ақмола облысы, Есіл ауданындағы салық комитетінде жетекшілік лауазымдарда жұмыс істеген. Алматы қаласының Салық департаменті Бостандық ауданы бойынша салық басқармасының басшысы болған. Одан бөлек, Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі, Есіл қаласының әкімі болған.

Астана қаласы бойынша аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы болып Тастанбек Есентаев тағайындалды.

Тастанбек Құтжанұлы 1960 жылы Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында туған. Түрлі жылдары Қарағанды облысы Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі, ҚР Спорт және дене тәрбиесі агенттігінің төрағасы, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы болып еңбек еткен.

Жамбыл облысы бойынша аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы ретінде Мейрамбек Төлепберген тағайындалды.

Мейрамбек Мылтықбайұлы 1957 жылы Жамбыл облысының Талас ауданында дүниеге келген. Бүгінгі күнге дейін республикалық «Жетісу», «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан» басылымдарында жетекшілік қызметтер атқарып, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ департамент директоры, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болған.

Бұған дейін Ақмола облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы болған К. Бекішев (1947 жылы туған); Солтүстік Қазақстан облысындағы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Д. Ахметова (1954 жылы туған), Астана қаласы бойынша аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы С. Мыңбаев (1952 жылы туған) зейнеткерлік жасқа толуына байланысты Атқару комитетінің шешімімен қызметтерінен босатылды. Жамбыл облысы бойынша аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы болған Б.Сапарбаева өзге жұмысқа ауысуына байланысты қызметтен кетті.

Abai.kz

3 пікір