Бейсенбі, 22 Ақпан 2018
Алашорда 1432 6 пікір 22 Қаңтар, 2018 сағат 10:16

Жаманбай батыр кім?

Қазір еліміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда өткеніміз бен тарихымызды қайта қарап, барымызды қастерлеу, жоғалтқанымызды қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп жатыр. Бұған қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдерімен қатар иманы бар исі қазақ өз үндерін қосып, егемен елдігіміздің шоқтығын биіктетуде. Осы орайда мен де ел тарихында өз орыны бар, әсіресе күлі түркі халықының ата жұрты Түркістан тарихында ойып алар орыны бар Жаманбай батыр Жаулыбайұлы туралы кезінде бастап аяқсыз қалдырған бір әңгімені қайта жаңғыртып, осы мақаланы жазғанды мақұл көріп отырмын.

2002 жылы Түркістан қаласында Жаманбай Жаулыбайұлының ағасы Қоңыр сопының 400 жылдығы деп дүрілдетіп (Бірақ, бұл дерек аздап дұрыс көрсетілмеген. Ширек ғасырға жуық айырмашылық бар. Б.А.) атамыздың өз кіндігінен тарқаған ұрпақтары ас берген соң, іле  республикалық бірсыпыра басылымдардың бетінде інісі Жаманбай батырдың да 400 жылдығын атып өту керектігі жайлы ел назарын аударарлық  біраз мақақалар жарық көрді. Солардың арасында менің есімде қалғандары 2003 жылы еларалық «Қазақ елі» және «Қазақ батырлары» газетінде қосарлана жарияланған «Жаманбай батырдың жанашырлары жоқ па?» деген мақаланы құптап «Заң» газетінде «Түркістаннан Жаманбай батыр тарихын бөле қарауға болмайды», «Үкіметте мін жоқ, әкімдікте үн жоқ», «Жазылмаған тарихымның жолдарын, ауызекі аңызыңнан іздедім»... деген тақырыптармен бірінен соң бірі бірнеше зерделі  топтама мақалалар жарияланды. Не керек, қолға алынған осы игі бастаманың аяғы Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Б.Жылқышиевтен қолдау тауып, соның нақтылы дәлелі 2007 жылдың қазан айында Жаманбай батырдың 400 жылдық мерейтойын республиклық дәрежеде атап өту жөніндегі ұсыныстары  ҚР Премьер Министрінің 2005 жылғы 18 сәуіріндегі №94-ө  Өкімімен бекітілгенін, тіпті, тойды өткізуге 75 млн.700 мың теңге шығын жұмсау сметасы жасалғанын, Түркістанда мерейтой аясында «Жаманбай батырдың Түркістан тарихындағы орыны» атты республикалық ғылыми практикалық конференция өтетінін, батырға арнап ескерткіш орнату мен мұражай ашу мәселесін де қолдайтындықтарын редакцияға хабарлап, ол жөнінде жасалынған  нақтылы іс шара сол кезде газет бетінде қоса жарияланған.

Жарияланған осы мақалаларды қостап 2006 жылдың 23 тамызында аталынған «Заң» газетінің 153 санында «Жаманбай батыр Жаңақорғанға да жат емес» Қызылорда облысының әкімі Икрам Адырбековтің назарына» деген тақырыппен менің  де мақалам жарық көрген болатын. Мақалада Оңтүстік Қазақстанда қолға алынған бұл шараның Қызылорда облысында да жалғасы табылуы керектігі алға тартылған. Өйткені, Жаманбай батырдан өрбіген ұрпақ бүгінде осы облыстың Жаңақорған ауданының алпыс-жетпіс пайызын қамтып отыр. Демек, Жаңақорғандықтар да бүкіл исі түркі жұртшылығының мақтанышы Жаманбай батырды ұмытпауы тиіс.

Осы орайда Жаманбай батыр туралы айтқанда мына деректі жұрт жадына  салғанды  мақұл көріп отырмын. 1723 жылы Қаратаудан бүкіл қазақ, (Ұлы жүз бен Орта жүздің ру, тайпалары), осылардың қабатында осы маңда тіршілік еткен Көктің ұлы, Көтенші және Құлшығаштан басқа қоңыраттың ұрпағы саналатын 29 баласы да  сол «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінен босқыншылыққа ұшырап, «Елімайлап» зар жылап, Орталық Азия мен Жиделі Байсынға бас сауғалап жер ауып көшкенде, қасиетті Түркістанға келген қасіреттің ықпалында кетпей, қайта сол бір ен даланы күңіренткен ботадай боздаған зардан өздерінің бойына қайрат жігер жинап. «Түбі түркінің ата жұрты атанған Түркістанды жау қолында қалдырмаймыз» деп Ата жұрттарын жау қолына қалдырғылары келмеген жау жүрек Жаманбай мен оның есімін ұран еткен бес баласы және ет жақын туыс бауырлары «ұлы көшке» ермей қалған. Сол тарихи қасірет «ұлы көш» орын алған кезде тарихи шындық, бүгінгі қазақ жұртынан Түркістан маңында  Жаманбай мен оның ұрпағынан басқа ешкім қалмай босып кетті. Сол кеткендердің аяғы не болды;

... Ата жұрттан ауғанға - аруақтың болса наласы,

Тіршілікте қиын шығар жаназа мен қазасы, - деген сол кездің зарлы өлең жұрнақтары ызың-ызың емексіп, бүгінге жетіп жатыр емес пе. Басқа босқындарды қайдам, Ата жұрттан түре көтерілген қоңыраттың сол 29 ұрпағы сол күйі барған жағында лақай, кірме болып ізім қайым жоғалып кетті.

Осы сөздің нақтылы дәлелі – кезінде Қарабурамен қатар өмір сүріп, қазақтың ата жауларымен қасық қаны қалғанша шабысқан, үлкен ұлы Құрманға сол әулиенің сұлу қызы Жансаяны  құда түсіп алып берген, Жаманбай батыр сүйегінің Қаратаудың ең биік шыңы «Жамантасқа» қойылуы, зиратының сонда орналасуы, шығысы - Созақ, батысы -Қарақалпаққа дейінгі аралықты батыр ұрпақтарының күні бүгінге дейін өз ата мекені етіп отыруы.  Осы дерек, осы тарих  бүгінгі ұрпақтары ауызынан мақтанышпен айтылуы керек! Бүгінгілер, Жаманбайдың бес баласына таңылған «Қыл белбеу – Құрбан» сөзін де терең ұғына білулері керек. Жаманбайдың жалғыз ағасы әулие Қоңыр сопының зиратында жазылған «Жиенбет - Батырым, Борай - ақылым, «Қыл белбеу Құрбан – Құдайдан кейінгі жақыным» деп ол кісінің өз ауызынан айтылған, ел құлағында қалған жанды сөзінде ұққанға үлкен мән бар. Құрбан да – әулие. Әулие кім? Өз заманында елді аузына қарата білген дана, сол елді әділ жолмен басқарған имани тұлға.  «Қыл белбеу» - соны қуаттап,  сол кездің ең мықты үзілмейтін орамы - қыл арқанмен белін буып, жауға қарсы тұрған қас батыр азаматтардың сұсы. Белін мықтап бумай қай батыр қас дұшпанына қарсы тұрған. Белді буар белдіктің әкесі - о заманнан қыл белбау аталған. Өз заманында осылай тіршілік еткен Құрбан Ата әулие мен оның төрт тірегіндей болған інілерінің есімдерінің өзі өзгелерге өнеге сабақ болуы керек. Ноғай есімі – кезінде қоңыраттан шыққан, Ноғай ордасын билеген, әйгілі Ноғай батыр бабаларының есімін ұлықтап тұрса, Жауғашты батыр – атына заты сай, туған жеріне аяқ басқан жауын түре қуып, мысын қашырған тұлға. Сол кездеге елден ерен қара күштің егесі атанған Таңатар болса, қас батыр ғана жанына серік етіп жауына қырғидай шүйілген киелі қаруының қауқарлы атымен Шоқпарлы атанса, кенже інісі, салмағын атан түйе әзер көтерген  Мәмбет те жаужүрек ағасындай ата жауын қиарата тиер алдаспан айбаты үшін Қира баһдүр атағын алған. Тіпті Құрбан деген есімнің өзін баласына - діңгегінде діні бар Қоңыр сопының туған інісі Жаманбай батыр сияқты адам ғана қойса керек. Бұлар кешегі Алтын  Орданың абыройын сақтап қалу үшін жанын берген Едіге мен, ханнан да қаһарлы болған иманды Нағанайдың нағыз ұрпақтары. Ата жұрттарынын күні бүгінге дейін тапжылмаған бұл батырдың ұрпақтары 1726 жылы Жоңғарға қарсы жер жерден құралып келген үш жүздің құрылтайы өткен «Таңбалы тасқа» жиналғандарды дастархандарын жайып күтіп алғандар, одан кейінгі Абылай ханның тұрақты әскерінің де негізін құрағандар екенін  Шоқан Уалихановтың өзі куәлік етеді. Ізденген жан  Жаманбай мен оның батыр ұлдары туралы әйгілі Майлықожа, Құлыншақ, Шәді  мен Нұртілла ақынның  жырларын оқып қанығуларына да болады. Жаугершілік заманда осылай бүтін бола білген Жаманбай ұрпақтарының  сол ынтымағы ешуақытта  селдір тартпауы керек.

Мен кезінде жарияланған осы мақаламды аудандық әкімшілікке шара қолдану үшін жолдағанымда  аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен -  «...Жаңақорған аудандық кенті орталығынан бір көшеге және Талап елді мекені мен Бесарық су қоймасына  Жаманбай батыр Жаулыбайұлының есімін беру жөнінде алдағы болатын аудандық ономастикалық комиссияның кезекті отырысына ұсынылады» (17.04.2014 ж.№120) -деген бөлім бастығы А.Айдосованың атынан жауап алғанмын.  Әрине, Жаңақорғандық Жаманбайдың ұрпақтары өздері тұрып жатқан аудандарындағы ауылдарына батыр бабаларының есімін беріп, осылайша ұлықтап жатса қуана құптарлық жайт емес пе. Оның үстіне бүгінде Бесарық әкімдігіне қарайтын Талап пен Юбилейный аталатын екі кенттің тұрғындары түгелдей Жаманбай батырдан өрбігендер. Бір ескертер жайт, 2006 жылы осы әкімшлікке Бесарық атын беруде асығыстық орын алып, қателікке жол берілді. Бұрын бұл екі кент Бесарық ауылдық кеңесінің қарамағында болғаны рас. Бірақ Бесарық  өз алдына әкімдік атын алған соң, ол «Талап әкімдігі» деп аталмай, ол ат сол кент орналасқан жерге қалдырылып, жаңа әкімдікке сол кезде-ақ Жаманбай аты берілуі керек еді. Солай ату орынды да болатын. Бұлай айтып отырғаным  Бесарық жері әу бастан Жаманбай батырдың Ноғай атты баласынан тараған ұрпақтары тұратын Ата жұрты. Бесарақ атауының  бүгінге дейін иығымен көтеріп келген  осындай тарихи ауыр жүгі бар.  Талап пен Юбилейный осы ұрпақтардың өсіп өнуімен кейіннен өмірге келген  елді мекен атаулары. Оның үстіне бұл екі елді мекен әкімшілігіне  Жаманбай батыр бабаларының есімі беріліп жатса пәлендей жаңалық та емес. «Бесарық» өзенінің екі жағына иін тіресе аралас құралас орналасқан бұл екі елді мекен де кешеге дейін тарихта болған «Жаманбай болысы» деп аталған болыстық құрамында болған ауыл. Ия, кешегі орыс патшалығы кезінде бұл болыс атауы осылай аталынған. Бұл болыстықтың қарамағына  1880 жылдарға дейін 11 елді мекен қараған. Орыс патшалығының мың құбылтқан шованистік саясатымен бұл ауылдар сол кезде бірде Түркістан уезіне қараса, бірде бірде Перевскі уезіне, тіпті Қоқан, Бұхара, Жызақ  уезіне де қараған кездері болған. Болыс атауы да бірде Сауран, Жаңақоған, Сырдария атанса, бірде №3 , бірде №5 ауыл деп те өзгертілген. Бұл деректі нақты білгісі келетіндер, ғылыми еңбек «Қоңырат тарихы мен шежіресі» («Курсив» баспасы, 2016 ж) кітабы мен сол шежіренің жазылуына негіз болған тарихи мұражай қоры – ӨРОММ, ҚРОММ-нан табуларына болады. Аудан әкімшілігі қолға алынып отырған бұл тіршілік, түптеп келгенде  тарихта бұрын болған ауыл атын әділдікпен қайта қалпына келтіру ғана болып шығады.

Мұрағаттағы шежіре ауызға алынып қалды ғой, осы орайда тәрбиелік мәні бар мына бір дерек-оқиға ұрпақ жадында жүрсін деп түсіндіріп айта кетуді де мақұл көріп отырмын. Тарихын айтсақ, бүгінгі Бесарық әкімшілігінің жер көлемі Қаратаудан Сыр асып сонау Қарақалпаққа дейінгі жайылған аралық Жаманбайдың бес баласының ортаншысы Ноғай ұрпақтарының еншісіндегі ата қонысы. Ағасы Құрманның балалары о баста суы мол Қаратаудың батыс тұмсығындағы  Құттықожа бастауында орналасқан. Осы атаның ұлы Киікшінің екі баласы арасында суға байланысты реніш болып, содан Шегірі өз ұрпақтарымен Отырар асып көшіп бара жатқанда, әкесінің інісі Ноғай ағасы оны көрші үлкен ағасы Жауғашты ауылына жеткізбей, алдарынан сауға сұрап шығып, көшті тоқтатып, өздерінің иелігіндегі атына заты сай «Бесарық» атанып бес арық болып ағып жатқан судың, Жауғашты  бауырымен шектесер шығыс бөлігіне жайғастырып, сол бір арық суды өздеріне еншілеп беріп, бауырлық ынтымақтастығын көрсеткен. Содан Шегір  ұрпақтары күні бүгінге дейін осында өсіп өніп келеді. Содан бергі уақытта арада он аталық уақыт өтті. О бастан бауыр ағайын, бүгінде жеті атадан асқан соң, қыз алысып қыз беріскен көрші екі үлкен ауыл болды. Ел көбейсе, тіршілік түйіткілі бар, дос бар, дұшпан бар, арада әңгіме де көбейеді емес пе...

Мына сілтеме жасап көрсетіліп отырған мұражай құжаттарына көз салсақ ағайынды осы екі туыстың арасына орыстардың жымысқы арандату әрекетімен 1874 жылы Түркістан уезінің «Алты ата» және «Жаманбай» болыстары арасында Бесарық өзені бойындағы су үшін  дау болғаны туралы тарихи хаттама құжат сақталыпты. Осы жылы «Алты ата» болысының құрамындағы 500 үй ноғай руы мен «Жаманбай» болысы құрамындағы Шегірдің 150 үйі арасында орын алған су дауы мәселесін шешу үшін, осы екі болыс қарайтын уездің 11 болысынан 22 би төтенше сьезге шақырылған. Дауға билік айтуға «Жаңақорған» болысынан Тасболат Кенжин, Айжарық Арғынбеков, «Тама» болысынан Келдібай Аталақов, «Сырдария» болысынан Қуандық Қартабаев, «Божбан» болысынан Алдаберген Мырзабаев, Қоқанбай Тұяқбаев, «Маңғытай» болысынан Шоқат Бабатаевтар қатысқан. Өз билігі мен мәртебесін көтеруде мәселені ушықтыра білген сол кездегі Уезд бастығы Чебаторев өз жарлығымен Төбе би Бәймен Сағындықовты сьезд барысында басқа бимен ауыстыруға дейін барған. Аға болу оңай емес, сол кезде де ноғайдан өрбіген ұрпақтары өздерінің ағалық жолынан жаңылмаған. Олар: «Атамыз қауыштырған Шегір бауырларымызбен алдағы уақытта да  ынтымақта өмір сүреміз, таластары екінші арық болса оны  да береміз» деген  бауырлық пәтуаға келген соң, Бесарықтың шығыс жағындағы екі арықты шегірлерге, батыс жағындағы үш арықты ноғайларға беру туралы билер сьезінің шығарған шешімін уезд бастығы Чеботарев бекітіп беріп, сол Жарлық күшіне енгізілген.

Мұрағаттағы бұл деректі неге алға тартып сөз етіп отырмын. Бұл деректе де күні кешеге дейін бұл жер «Жаманбай болысы» деп жер атауы көрсетіліп тұрғанын айтумен қатар, туыстық, бауырлық, ынтымақтың бастауында Жаманбай батырдың аты мен рухы тұрғандығын, оны ұрпақтары сол қалпында құрметеп өтуі керектігін ақсақалдықпен ескерту.  Қазір осы екі атаның баласы бір әкімшлік аясында ұйысып отырған соң, тарихи ескі атауымен «Жаманбай әкімшілігі» аталып жатса, өткенге құрмет, кейінгі сабақ  деген ой.

Кезінде Жаңақорған әкімшілігінен алған осы жауап хаттың соңы аяқсыз қалып қойғанын білдім. Қолға алынған қай нәрсенің болмасын соңында іздеушісі жүрмесе осылай аяқсыз қалатыны  мына заманда  қалыпты жағдайға айналып отыр ғой. Сондықтан өзім көтерген мәселеге қайта оралып, қайта мақала жазып, соңын

Бисмиллаһир Ирахманир Рахим

Түбі Түрік - Түркістанның маңында,

Жаны айналған самал жел мен сағымға.

Батыр баба Ер Жаманбай жайғасқан -

Бар ғұмыры өткен от пен жалында.

Тұмарындай - Қазақстан төсінің,

Қарашықтай қорғап Түркі бесігін,

Ұрпағына аманаттап қалдырған

Ұмытпайық, ер Жаманбай есімін!

Ұмытпайық, ұмытпайық бабаны,

Бізге керек әруақтардың сабағы.

Тәу етем деп. Түркістанды іздеген,

Ол бәрібір –Жаманбайды табады! - деп түйіндегім келіп отыр. Есімі  жырға айналған, ел аузында жүрген баһадүр Жаманбай Жаулыбайұлының есімін ұлықтау әр қазаққа парыз!

Бақтыбай Айнабеков

Abai.kz

 

 

6 пікір