Сейсенбі, 24 Сәуір 2018
Алашорда 3216 39 пікір 9 Ақпан, 2018 сағат 10:17

Ежелгі үйсіндер қазақтардың аталары емес...

Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының шежіре деректерінде Үйсіннің анасының арғынның қызы Умай екені айтылады. Әрине, бұл жерде арғынның қызы Умай деп Үйсіннің биологиялық шешесі айтылып тұрған жоқ. Үйсін дегеніміз ешқандай да ата, тарихи тұлға болмаған. Үйсін – бір халықтың атауы. Қандай да болсын тарихи, ғылыми  зерттеулерді оқысаңыздар, ежелгі Үйсіннің түбінің кімдер екенін нақты біле алмайсыздар. Тарихи деректерде ежелгі Үйсіндер жөнінде: «Ғұндардың шетіндегі бір шағын ел» деп қана айтылған.

Әлкей Марғұланның үйсіннің түбін ғұндарға да, сақтарға да, скифтерге де жолатпағаны өте дұрыс болған. Біздер тарихи деректерден ғұн мен үйсіннің екеуінің екі бөлек массивтер болғандарын анық түсінеміз.  Қазіргі таңда Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген шежіре кітабын көптеген шежіремысақтар жалған деп жүр.  Алай да, шежіретанушы үшін бұл шығарма өте құнды дерек болып келеді. «Көрмес түйені де көрмес» дегендей, ұлы мәртебелі шежіренің иісі тұмсықтарына да келмегендер тіпті, бұл кітапты оқи да алмаған. Яғни, оқуға ақылдары жетпеген. Шындығын айту керек, бұл кітапта бір ғана жалған бар. Және де бұл жалғанды Қазыбек бек емес, осы кітапты жарыққа шығарған үйсіншілдер жазып  жіберген болса керек.  Мәселен, қытай деректерінде өздерін юечжилердің жасаған зұлматынан аман алып қалған ғұндарға ежелгі үйсіндердің опасыздық жасап, қытаймен бірігіп келіп ғұндарды шауып, неше тұяқ жылқы, неше мүйіз сиыр, қой алып кеткендеріне дейін айтылған. Міне, аталмыш кітапта ежелгі үйсіндердің осындай опасыздық жасаған  тарихтары бұрмаланып жіберілген.

Ал енді, бұл кітаптың құндылығы, шежіре деректерінде жатыр. Қазыбек бек атамыз үйсіндердің ежелде Азық аталып жүргендерін айтады. Яғни, Үйсіннің түбі осы Азық болады. Азық дегеніміз тарихи деректердегі Язиг – сарматтардың Орта Азияда қалып қалған бір тайпасы. Қазіргі қырғыздар осылардың ұрпақтары болады. Сондықтан да, олардың шежіресінде де Азық атауы сақталап қалған. Ғалымдар болса, қырғыздың түбінің сармат екенін жақсы біледі.  Шоқан өзінің жазғандарында үйсін мен буруттың, яғни, қырғыздың түбінің бір екенін бекер айтпаған екен. Қазыбек бек үйсіннің түбінің сармат-қырғыз екенін білдіріп тұрған енді бір дерек береді. Шежіредегі Үйсіннің әкесі Қотан дейді. Бұл Қотан есімі қазіргі моңғолға сіңген хотон деген қырғыздың бір табын  айтып  тұр. Яғни, Қотан дегеніміз дала ауыз тарихының дерек беруіндегі шежірелік тәсілге сай айтылған, үйсіннің түбінің қырғыз екенін білдіріп тұрған символдық тұлға болмақ. Үйсін этнонимі азық атауының  аз, ас, асу, усу, усунға  айналып реконструкцияға түскен фонетикалық нұсқасы болса керек.  Біздің аталарымыздың қырғызды «аруағы бөлек» дегендері, олардың түбінің сақ емес, сармат екенін білдіреді. Қыпшақ, кыбсак дегеннің бастапқы нұсқасының кави+сақ (қабишақ)  екенін айтқан едік. Яғни, кави+сақ дегеніміз абыз-ақын, патшалық  сақтар дегенді білдіреді. (кави –патша, абыз-ақын. парс.). Бұл жөнінде толығырақ «Шыңғыс хан және қыпшақтар» атты мақаламыздан біле жатарсыздар.

Сонымен, ежелгі үйсіннің түбінің сармат екенін ұқтық дейміз. Ал енді, кеңес дәуіріндегі үйсіншіл тарихшылар сақтардың ұрпақтары болып келетін қазақтың түбін үйсінге жатқызған еді. Анығында, қазіргі ұлы жүз үйсінде үйсіннің аты бар да заты жоқ, ат төбеліндей сары үйсіннен басқа. Алай да Масанов, Ирмуханов сияқты ғалымдар сары үйсіннің де түбінің үйсін емес екенін айтады. Мәселен, жалайырдың алты алаштың бірі екені белгілі.  Үйсіндердің болса алты алашқа еш қатысы жоқ. Алты алаш дегендеріміз жалайыр, қоңырат, қыпшақ, найман, қаракесек, алшын. Мәмбет Қойгелді алты алашқа Қаңлыны да дұрыс жатқызған. Сіргелі де шежіресінде Үйсіннің ұлы емес. Диқанбайдың шежіресніде Ысты  мен Шапырашты Абақтың баласы. Қазыбек бек Абақты керейге сіңген шапыраштының баласы дейді. Абақ дегеніміз шежіредегі символдық тұлға Әппақ – Күн Тәңірі болады. Қазіргі таңдағы генетика ғылымы керейдегі Абақтың, Шапыраштының, Байұлының, төрелердің қан таңбасының бір – С3 екенін айтып отыр.  Яғни, біріншіден - бұлардың түбі үйсін емес, екіншіден – бұлар түп атасынан  бір халық.   Шежіреші Мұхамеджан Тынышпаев Шапыраштының үйсінге кірме екенін бекер айтпаған екен. Ошақтының үшбұрыш таңбасына қарай түбінің қыпшақ екенін аңғарамыз.  Шапыраштының дәл осындай таңбасы парсы тіліндегі чапраз атты түймеге ұқсас болғандықтан чапразлы аталған. Бұл таңбаның ошақ аталуы – қазан ошақтың үш бұтының геометриялық орналасуына қатысты айтылған. Яғни, қазан-ошақтың үш бұты дұрыс үшбұрышты құрайды. Адайдағы Мұңалдың да таңбасы дұрыс үшбұрышты үш бұтқа ұқсаған соң мұңалошақ деп те аталған.  Осымен қатар, бұл үшбұрыш таңбаның енді бір атауы Ием еней. Яғни, Ием салған үшбұрышты қамалдың атауы. Бұл қамалдың атауларының Вара, Вара-Кангха, Ямаготи, Жер-Тұмар, Ергене қоң, Тесткентау, Қарақантау болғанын, және де бұл қамалдың қазіргі Фарғана аңғарында қалғанын «Орысты жиып ел қылған варяг-қыпшақтар» атты мақаламызда айтылған еді. Сондықтан, осыған тоқталып жатпаймыз.

Кейбір ғалымдардың  шапырашты мен төрелердің галлогруппасы бір болғандықтан Елбасын Шыңғыс ханның ұрпағы деп лақаб таратып жібергендері белгілі. Ал енді, шапыршаты мен төрелердің галлогрупасының Байұлының галлогруппасымен де бір екенін елемегендей болады. Кейбір елдің ұлтшылдары С3 галлогрупасын ойрат, қалмақтікі деп айтады. Өйткені, қазіргі моңғол этносының 30 пайызының галлогруппасы да С3. Біздіңше, бұлар ойрат, халха-маңғолдарға сіңіп кеткен баяуыт-байұлылар.  Маңғолдар баят дейді. Осымен қатар моңғолға сіңген дулаттар да бар. Олардың да галлогрупасы С3. Албан мен Суанның таңбасы мен найман терістаңбалының таңбасы бір – ноқта. Яғни, бұлар да, біздер айтқан ноқта ағасы – қыпшақтық хан әулеті болады. Тарих атасы Геродот скифтерге, яғни, сақтарға аспаннан ноқтаның түскенін айтқан еді. Осы ноқтаға ие болғандар «царкие скифы, яғни, хан әулетті сақтар атанғандар. Жеке таңбалары ноқта болған ежелгі арийлердің патшалық Кай әулетінің атына қатысты қыпшақтардың ұрпақтарын «қайсақ» деп атаған болса керек. Яғни, патшалық Кай әулетінің сақтары дегенді білдіреді.

«Алаш» тарихи-зерттеу орталығы «Қазақ ру-тайпалар тарихының «Найман» атты тарауында жариялған шежіреде қазақтар патшалық Қай әулетінен тарап тұр. Яғни, Қай-Алаш-Қазақ... Демек, қазақ арасындағы ноқта таңбалылар түбі сармат үйсіндердің емес, ежелгі патшалық сақтардың ұрпақтары болады.  Алай да, бұл ұрпақтар бұл ноқта таңбаның атын да ұмытып, надандықтан шөміш атап жүр. Ал енді, Дулат тайпасының Үйсін Елжау бидің баласының ұрпақтары дегендері жөнінде Қазыбек бек: «Мысалы, Дулат ішінде де басқа аталардан сіңгендер толып жатыр» деген екен.  Осымен қатар Қазыбек бек мынадай маңызды деректі айтады: «Сонымен бірге туған Дулының (хан болған) тұқымының қалған-құтқаны да бүгінгі Дулатқа сіңіп, бүгін Дулаттың төрт баласының ішіне сіңіп жоқ болды». Бұл жерде Үйсін Елсау бидің ұлы деген Дулының ұрпақтары айтылып тұр. Демек, үйсін Дулы мен Дулат дегеніміз екеуі екі бөлек аталар. «Төрт ұлының бірі» деп Қазыбек бек Жанысты айтқандай. Үйсіндердің  Дулаттағы Қазыбек бек айтқан «қалған-құтқаны» осы болар. Және де генетик ғалым, шежіреші Жақсылық Сәбитов дулаттардың да, Жаныстан басқасының галлогуппасының Байұлыныкіндей С3 екенін айтады. Дулаттардағы Сыйқымның бір таңбасы қаңлінікі болса, енді бірі ноқта таңба. Ноқтада бұқаның екі мүйізі көрсетілген. Бұл таңба Сыйқымның түбінің туран-қыпшақ  екенін айтып тұр. Тураның түбірі тур – жабайы бұқа деген мағына береді. Қыпшақтардың шежіреде Мүйіздіден тарап тұрғандары да олардың турандықтар екендерінің бірден бір дәлелі болады. Түбі туран-қыпшақ Найманның да бір таңбасы ноқта, бір таңбасы мүйіз. Және де шежіре наймандарды Өкірештен, яғни, кіші бұқадан таратады.  Ботбайдікі де мүйізді ноқта. Шымырдікі Бағаналы мен Шапыраштінің бір таңбалары сияқты баған таңба (Ү). Анығында бұл таңбаның атауы шек болады. Яғни, ежелгі шумерліктердің  қолға үйретілген арыстандарының кенеттен шаубылы болса шек қоятын құралдың бейнесі. Орыстар рогатина дейді. Бұл таңбаны біздер осы ежелгі шумерліктердің барельефтерінен көреміз.  Шумерліктер арыстандарымен қыдырғанда қолдарына осы шек құралын ұстап жүретін болған екен. Демек, таңбасына қарай Шымыр дегеніміз – шумер. Шумерлерге қатысты тақырыпқа төменде арнайы тоқталамыз. Шектінің таңбасы да осы шек құралына ұқсаған. Сондықтан бұл тайпа таңбасына қатысты Шекті атанған. Жақсылық Сәбитов: «Үйсун – собирательное название племен старшего джуза в средние века»  деп дұрыс айтқан.  Яғни, ежелгі үйсіндердің атауы осыларға ауып кеткен. Таңбаларына қарай қазақтың бәрінің түбі бір – қаңлы-қыпшақ болады. Арғыда туран мен сақ. Осыған орай Қазыбек бектің  Майқы бидің шын атының Ұран, әкесінің атының Тұранбек деп айтқанын еске салалық.  Тұранбек те, Ұран да, тіпті, Майқы бидің өзі де тарихи тұлғалар  емес, шежірелік символдық тұлғалар. Бұл жерде Тұранбек деп қыпшақтардың Туран елі (бұқа елі), Ұран деп қыпшақтардың Қай-Ұран деген хан әулеті айтылып тұр. Бұлардың түп атасы Кейкі би дегені  арғықазақ мифологиясындағы Кейқуат патшаның атын есімізге салып тұр.  Кейқуат, яғни, арийлердің патшаларының шежіресіндегі Кай Кобаад, Кави Кавата – патшалық әулеттің басты атасы болады.

Енді, жоғарыда айтылған «Үйсіннің шешесі Арғынның қызы Умай» дегенге келелік. Орхон бітіктастарындағы суретінде  басына үшбұрышты тәж киген Умай ананың есімінің бастапқы нұсқасының Ием болғанын осы үшбұрышқа қатысты айтқан едік. Бұл жерде Үйсіннің шешесі емес, ежелгі үйсіндердің,  яғни, азықтардың бұрынғы отаны айтылып тұр. Шыңғыс хан мағолдарының Ферғана жақтан келгендерін айтқан Кеңес дәуіріндегі қытайтанушы А.Мункуев (бурят) Ферғананы «бывшие владения үйсунов» деген еді. Біздіңше, қаңлы-қыпшақтар ежелде Ергене хон аталған Ферғана аңғарын осы Азықтардан тартып алған. Рашид ад-диннің Ергене қоңға моңғолдардың кеткендерін айтқанының себебі: сол заманның талабына сай, Шыңғыс хан құрған Еке Мағол ұлысының барлық тайпалары мағол атанғаннан болған. Сондықтан, бұл Ергене қоңға кеткендердің қазіргі ойрат-маңғолдардың аталары дегендері қате ұғым.  Бірақ та бұл оқиғалардың нақты қай заманда болғанын кесіп айту әзірше мүмкін емес. Қайткенде де, ежелгі үйсіндердің осы маңда қырғынға ұшырағандары анық. Бұл оқиғалар осыны айтқан қытай барлаушысы Жан Шианның заманынан ары 1-2 мың жыл бұрын болуы да мүмкін. Ежелгі деректерде азықтарды аз, ас, асий деп те таңбалған екен. Манас дегеніміз «ман» және «аз» деген сөздерден тұрып, аз, азық адамы дегенді білдіреді. Ал енді, арғын деген сөзде де жоғарыда айтылған қамалдың Вара-Кангха, Фарғана, Эргене деген атауларының фонетикалық нұсқасына  меңзес бар. Ежелгі Вара қамалының фонетикалық нұсқаларының ор, ур, ар екендері анық. Сонда арғын дегендегі «ар» – вара болса, «ғын» дегеніміз кангха болмақ. Біз осылай деп айтпас едік, егер де шежіре деректерінде арғынға қатысты Умай аты аталмаса. Умай дегеннің Ием салған үшбұрышты Вара-Кангха қамалының атауына тікелей қатысы барын айттық. Сонда, арғын дегеніміз надандар айтқан есектің қодығы емес, Эргене хон тұрағының, Серікбол айтқан Арғы ана қонысының тағы да бір атауы болады. Сонда шежіредегі «Арғынның қызы Умай» дегені, жер ананы, Жер-Тұмарды, Ием салған Вара-Кангха қамалын, ежелгі үйсіндердің байырғы қоныстары Ферғана маңын айтып тұр. Бұл жақта үйсін-қырғыздар хотон атанып жүрген екен. (хотон-кыргыз. памиро-ферганская группа). Сондықтан да, шежірешілердің жадында Үйсіннің түп атасы Қотан деп сақталып қалған.  Осымен қатар, арғын атауы ежелгі үндіарийлердің аңыздарындағы топан судан сақтану үшін мінген Архка атты кеменің атынан да болуы мүмкін. Арғынның түбі арий деп те бекер айтылмаған. Алай да, бұл Архқа атауының да, Ергене Хонның бір фонетикалық нұсқасы екені анық.  Еренғайып Омар Одиссейдің мінген Арго атты кемесінің атауының да Эргене Хон атауынан болғанын дұрыс айтқан. Енді, Вара-Кангха мен Ергене қоң қамалының   аңыздарда кемеге айналғаны жөнінде айталық.

Арғындар жөніндегі алғашқы деректі біз Махмуд Қашғаридің еңбегінен көреміз. Онда арғындардың аты 11-ғасырда Памирге қатысты айтылады. Шежіреші Жақсылық Сәбитов пен тарихшы Марал Томпиев арғындардың 80 пайызының галлогрупасының G1, яғни, ертедегі шумерлердің кластері екенін айтады. Қазіргі таңдағы зерттеушілер ежелгі шумер тіліндегі 32 сөздің қыпшақ тіліне ұқсас екендерін де айтады. Мысалы, шумерлер әке дегенді «ада» деп жазған. Міне, осы ада деген ежелгі шумерліктердің сөзінен қазақтағы ата, орыстағы отец сөздері пайда болған деп айтса болады. Ал енді, Шумер деген сөздің бастапқы нұсқасы жұм+иер болуы мүмкін. Жұм деген сөз жұмық, жұмылу, яғни, оқшаулану, тұмшалану, бекіну  деген мағына береді. Бұл жұм түбірінен жұмыртқа атауы да пайда болған. («аузы-мұрны жоқ отау»). Демек, жұм сөзінің мағынасы оқашуланған, қорған, қамал деген мағынаға сәйкес ұғым болмақ. «Жер ұйығы Жеменей» атты мақаламызда біздер Ергене қоңның Алтай мифологиясындағы енді бір атауының Жер-Тұмар болғанын айтқан едік. Тұмар дегенді Ақселеу Сейдімбек тума+иер, яғни, туған жер деп түсіндіреді. Бұл қате тұжырым. Қазақтар сары балшықтан салған үйді там десе, орыстар жалпы үйді дом дейді. Там да, дом да, ежелгі тұм сөзінің фонетикалық нұсқалары болады. Осымен қатар біздер тұмша пеш деп ыстығы ішінде қамалатын тандыр пешін айтамыз.  Бұл жердегі «тұм» түбірі қымта, қамал деген мағыны беріп тұр. Сонда тұмар, тұм+иер  дегеніміздің бастапқы мағынасы қамал жер болмақ.  Вара-Кангха қамалының, яғни, Ферғана аңғарының әбден  қалыптасқан пішіні дұрыс үшбұрышқа ұқсаған болған соң, біздің бабаламымыз мойынға тағатын сақтамдық үшбұрыш қоржыншықты  тұмар атаған.  Тұмардың ішіне туған жердің топырағын салуды біздерге Қожа Ахмет Яссауи  айтып кеткен еді.  Тұмар дегендегі тұм сөзінің бастапқы нұқасы жұм болуы да мүмкін. Негізінде жұм сөзі де, тұм сөзі де оқшау, қымта, қорған  сияқты бір мағына береді.  Сонда жұм+иер дегеніміз тұм-йер, яғни, қазақтың тұмар сөзінің бір фонетикалық нұсқасы болмақ. Міне, осы жум иер, жұм жер, яғни, шумер  дегеніміз де Жер-Тұмарды айтып тұрғандай.

Қазіргі таңдағы көптеген ғалымдар топан су оқиғасын еврейлер шумерліктердің аңыздарынан ұрлап алғандарын айтады. Біздіңше, тұмар жақтан, яғни, Мысырдағы пирамида жақтан кеткен еврейлердің тарихы да Жер-Тұмардан шыққандардан ұрланғандай. Еврейлер үшбұрышты пирамида жақта 430 жыл жүрсе, қаңлы-қыпшақтар үшбұрышты Ергене Хон, Жер-Тұмарда 450 жыл жүрген. Яғни, бұл жерде ұшбұрыш пен төрт жарым ғасырды айтқан екі ұқсастық бар.  Еврейлер айтқан топан су шумерлерде де, арийлерде де айтылады.  Еврейлердің таңбалары (Дәуіт жұлдызы)  екі дұрыс үшбұрышты білдіріп тұрғаны белгілі. Мәселен, Египет патшаларының титулы деген фараон атауының  египет тіліндегі «пер оа», «пер аа» деген сөздерінен болғаны айтылады. Ал енді, Вара атауымен үндес болып тұрған бұл «пер аа» сөзінің мағынасы ұлы үй (великий дом) екен. Ұлы үй деп бұл жерде Ием салған Вара үйі айтылып тұруы мүмкін. Осымен қатар, Ыбырайым пайғамбардың әкесінің аты Фара (Вара?) болған екен, ол Ур деген мифтік жерден шыққан дейді. Ур деген сөздің Вара атауының бір фонетикалық нұсқасы екенін айттық. Ыбырайым пайғамбардың Орта Азия жақтан шыққаны да белгілі.  Бұл жердегі фараон деген сөз Варалық, яғни, варяг сөзінің синонимі болса керек. Және де, басында бұқаның қос мүйізі салынған Египеттік Анубис деген кұдайдың суретіндегі қолынан біздер қоралас руының ноқта таңбасын көреміз. Ноқтаның шеңберінің астындағы көлденең сызық, ноқтаны бекітетін тетік болса керек. Бұл ноқтаны египетше нехах, нехаха деп атайды. (нех, нох, ноқта?). Бұл таңбаны біздер арийлердің патшаларының шежіресінен де көреміз. (родовод кеянидов). Ноқта таңба көшпелі арийлер деген турандықтардың бірден-бір белгісі болады. Ал енді, шумерлердің арийлер  болғандары  анық. Шумер тарихын зерттеушілер олардың Орта Азия жақтағы таулы өлкеден келгендерін айтады.  Шумерліктер «ел» және «тау» деген сөздерді бір таңбамен таңбалған  екен. Ал енді, Вара-Кангханың тау шатқалы екені белгілі. Және де, шумерліктер әйел дегенді ортасында сызығы бар дұрыс үшбұрышты таңбамен таңбалаған екен.  Міне, Серікбол Қондыбайдың үшбұрышты болған Ергене қоңды Арғы ана қонысы дегені ұғынықты болды. Авестада айтылған Ием патша Вара үйін үшбұрышты қылып, жер ананың жатырын ырымдап салған болса керек. Бұл жерде топан судан кейін жаңа халық дүниеге келеді деген ұғым бар. Және де, шумерлердің тілінде «тум» деген сөз «әкелінген» дегенді білдіреді екен. Яғни, бұл дүниеге жаңа халық әкелінді дегендей. Осы айтылғандардан біздер шумерліктерге топан су аңызының арийлерлден келгенін түсінеміз. Ресейлік әйгілі жұлдызшы Павел Глобаның: «Зороастризм – проматерь всех религий» дегені рас болды.  Сондықтан да, орыс тілінде жазылған бір  мақаламда мен Заратуштраның: «Сендер мені әбден ұмытқанда мен қайтып келемін. Сонда мен сендерге басқа көзбен қарап, басқаша сүйетін боламын» деген сөздерінен ақырғы пайғамбарымыз Мұхаммед ғалайыссаламды айтып  кеткенін  жазған едім.

Сонымен, арғынның түбінің шумерліктер екенін айтып тұрған генетика ғылымының негізінде біздер Вара қамалының алғашқы иелерінің арғындар болғанын айта аламыз. Міне, осы жағдайға байланысты шежіре біздерге арғынды -  Арғын  аға деп түсіндіреді.  Демек, Авестада айтылғандай, Вара қамалына жиналған кілең иманжүзді адамдар арғындардың аталары болмақ.  Ғұлама ғалым Серікбол Қондыбай, қазақтың рухани-этникалық тарихының бастауы Вара-Кангха қамалында жатқанын айтқан еді. Абыз-ақын болған ата-бабаларымыздан аян алып, күндердің бір күнінде арғынның таңбасының да сырын айтармыз. Арғындардан кейін Вараға қаңлылар кірген соң, бұл киелі мекен Кангха аталған болса керек. Әйгілі және беделді ғалым  С. Кляшторный, қаңлы атауының Кангха қамалына қатысы бар екенінде еш күмән жоқ екенін айтқан еді. Осыған дейін неше мың жыл бұрын дүниеге келген еврейлердің Мұса пайғамбары ғалайыссаламның алдында, теософ-жазушы мадам Блаватскаяның айтуынша, барлық аңыздар жатты. Яғни, топан су аңызы да, сол топан судан сақтану үшін салынған Вара туралы аңыз да.  Қасиетті кітапті Мұса  пайғамбар ғалайыссаламның жазғаны рас болса, онда, ол кісі шумерліктердің кемесін Нұх пайғамбардың кемесіне жатқыза салды. Алай да, пайғамбар болған соң ақиқаттан алыс кетпеу үшін бұл кеменің келген жері – Құтқарушы тауды, яғни, Вараны айтты. Олардың айтқан Арарат тауының біріншіден қай жерде екені нақты айтылмайды, екіншіден – бұл таудың атауы Урарту деген сөзден болған. Армяндар болса, бұл Урарту атауының не екенін анық білмейді. Біздіңше, бұл Урарту атауының басты нұсқасы  Уара+ар+тау болса керек. Ур, Уара  деген түбірдің Вара атауының бір фонетикалық нұсқасы екені анық. Ал енді, Құран кәрімде болса, бұл тау Аль-Джуди деп аталады. Джуди деген сөз ежелгі аккаддардың тіліндегі «көтерілген» деген сөз дейді. Көтерілген, яғни, қолдан жасалған тау Джуди. (Вара). Бұл Джуд дегенді бзідер қазақша Жат тауы деп айтамыз. Ал енді, джуд, джад, жат дегеніміз де оқшауланып өз бетіне жүргендерді білдіреді. Кұран кәрімде де бұл таудың қай жерде екені айтылмайды. Міне, осылайша, Вара-Кангха, Фарғана  атауы әлемдік аңыздарда Архка, Арго, Ковчег атты кемелердің атына айналған болса керек.  Египеттік қасиетті қара бұқаның маңдайындағы дұрыс үш бұрышты ақтаңлағынан біздер мысырлықтардың да түбінің үшбұрышты қасиетті мекеннен шыққан арий-турандықтар екендерін түсінеміз.

Міне, құрметті оқырман, ежелгі үйсіндердің қазақтардың аталары емес екендерін ұқтыңыздар деймін. Тарих ғылымдарының докторы Б.Ирмуханов та үйсіндерді қазақтың аталарына жатқызуды үйсіншілдіктен болғанын айтады. Осы мақаланың авторы өзінің жазған кітәбінде: «Үйсіншілдік дегеніміз төртеуді тоба, алтауды ала қылады» деген еді. Өйткені, Кеңес дәуірінде өршіп тұрған үйсіншілдікке қарсы басқа тайпалардың өкілдері рушылдықты ұстанған. Бұл жағдай ең алдымен, қазақтың арасына жік салып отыру үшін біздерді отарлаушыларға керек болды.  Үйсіншілдік дегеніміз – ұлықтық  мания (мания величия). Демек, үйсіншілдік дегеніміз рушылдықтан да сорақы құбылыс. Сондықтан да  доктор Б. Ирмуханов өзінің жазған «К вопросу о происхождении казахского народа» атты кітәбінде үйсіншілдік жөнінде былай деген екен: «Тщеславное стремление к «удревлению» отечественной истории может привести к утрате ее национальной сути, что угрожает самой государственной независимости. При наличий коррумпированных чиновников, угодливых и продажных ученых, готовых подтвердить все, что пожелают власть предержащие, такая перспектива представляется не такой уж нереальной. Своеобразным мифом является утверждение некоторых исследователей о могуществе Усунь как государства. Усунь практически никогда не проводил самостоятельной внешней политики, будучи вначале вассалом державы Хунну, а впоследствий – поданным китайской династий Хань».

Қазақтың аталары қаңлы деп жапон ғалымы Сиратори айтқан сияқты, күллі қазақтың түбі қаңлы-қыпшақ дегенімізде кейбір шежіресымақтар қазіргі қазақтың құрамындағы қаңлы, қыпшақ тайпаларын ойлап, рушылдық танытып олардан ат-тондарын ала қашады. Бұл тайпалар бар болғаны, ертедегі біздің аталарымыздың атауларын сақтап қалғандар ғана.  Басқалары небір жағдайларға байланысты, басқа елдердің тілдерінде, өз тілдерінде қаңлы-қыпшақтан басқа атауға ие болғандар.  Мәселен, француздар германдықтардың франко руының атымен аталған, алай да, олар германдықтар емес. Осы сияқты ұлы жүз де үйсін емес. Ұлы жүз дегеніміз Ұлы қыпшақ, Орта жүз – Орта қыпшақ, Кіші жүз – кіші қыпшақ. Ал енді, жүз дегеніміз шежіре тұрғысынан қарағанда надандар айтқан жүз жігіт емес, қыпшақтардың үш жүзді айыр таңбасының жүзі болмақ.  Ал енді, Орхон бітіктастарындағы жазулардан  біздер ғұн-түріктің, Бумын, Естеми, Құтлық, Қапаған, Күл-Тегіннің түбінің қыпшақтар емес екендерін түсінеміз. Түрік қағанаттарының басшылығында, таңбасы үшбұрыш болған Тоныкөк қана қыпшақ еді.  Бітіктастардағы жазулар мен шежірелік деректерден бзідер     түріктердің атадан қытай, анадан ғана қыпшақ екендерін түсінеміз. Иә, «жиен ел болмас» деп атам қазақ дұрыс айтқан. Рашид ад-дин айтқандай, бұлар бір-бірімен қырқысып ел бола алмады. Кейін қытайлар мен ұйғырлар қырғанда кірерге тесік таба алмай олар өздерінің «тат» деген сөзінен аттарын өзгертіп татар атанды.  Шыңғыс хан қырған татарлар осылар еді.  Сондықтан да, қазақтың түбін үйсін, ғұн-түрік дегендері саясаттан болған деп айта аламыз. Яғни, біздерді нақты тегімізден адастыру мақсатында.

Қайрат Зарыпхан, шежіретанушы

Abai.kz

 

 

39 пікір