Жексенбі, 18 Ақпан 2018
Жанайқай 2936 8 пікір 13 Ақпан, 2018 сағат 09:01

Жер кодексі. Басты өзгерістер туралы

«Жылан жерді жалдамайды – жалмайды!»

Сабыр Адай

Соңғы күндері Мәжілісте қаралып болып, Сенаттың қарауына өткен Жер кодексінің толықтырулар мен өзгерістер енгізілген жаңа нұсқасы дау-дамайға себеп болып тұрғаны белгілі. Ол өзгерістердің бастылары мыналар.

6-бап. Жер заңдары

1. Егер осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдiк заңды тұлғалар жер құқығы қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең құқықтарды пайдаланады және сондай мiндеттер атқарады.

12-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

43) ұлттық жер пайдаланушылар - Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар, соның ішінде шетелдік қатысушысы бар кәсіпорындар;

23-бап. Азаматтар мен заңды тұлғалардың жер учаскелерiне меншiгi

1. «Тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге және орман өсiруге арналған жердi қоспағанда, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мақсаттар үшін (олар мыналар: үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жердi қоса алғанда, өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлер (құрылыстар, ғимараттар – Ө.А.) мен олардың кешендерiн салу үшiн) жер учаскелерi шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды (мемлекеттiк емес) тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкiн».

Не үшін? Бұл жерлерді олардың жеке меншігіне бермесек болмайтындай қажеттік қайдан туындап отыр?

Қазақстан Республикасының шекаралық аймағында және шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және шетелдік заңды тұлғаларға жеке меншікке беруге жол берілмейді.

24-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге меншiк құқығы

4-бап, 1-тармақ. Мемлекеттік меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi осы Кодексте белгiленген тәртiппен және шарттарда Қазақстан Республикасының азаматтарына және заңды тұлғаларына жер пайдалану құқығымен берiлуi мүмкiн. Ал, «белгіленген тәртіп пен шарт» (осы тармақтың 3-абзацы) мынадай: «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін  жиырма бес (25) жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады».

Бұл жерде көрінбей тұрған, бірақ, маңызы аса зор кішкентай ғана деталь (қулық деуге ауыз бармай тұр, шын мәнінде солай болса да) бар. Бұл кодекстің талабына салсақ  «шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан кем заңды тұлғалар» жерді сатып алу құқығына ие бола алады. Өйткені... Разрешено все, что не запрещено законом! «Мүмкін емес!» дейтін адам болса, мархамат, дәлелдесін! Сатып ала алмайтын етудің жолы жалғыз ғана: осы 4-бап, 1-тармақтың соңында «... елу пайыздан кем заңды тұлғалар сатып алу құқығына ие бола алмайды» деген бір ауыз сөз қосып кету.

37-бап. Уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығы

1. Уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы:

2) тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін:

2-абзац: шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға жиырма бес (25) жылға дейiнгі мерзімге беріледі.

48-бап. Мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiне құқықтарды сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) алу

 2. Сауда-саттықтың (конкурстардың, аукциондардың) жеңімпаздарына – шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері жиырма бес жылға дейiнгі мерзіммен жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға беріледі.

50-бап. Жер учаскелерiн беру нормалары

1. Қазақстан Республикасының Үкiметi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың өкілді және атқарушы органдарының бiрлескен ұсынысы негiзiнде ауыл шаруашылығына арналған жер учаскелерiнiң бiр әкiмшiлiк ауданның (қаланың) аумағындағы шектi (ең жоғары) мөлшерiн белгiлейдi, олар:

(3-абзац) уақытша жер пайдалану құқығымен шетелдiктер де, азаматтығы жоқ адамдар да және шетелдiк заңды тұлғаларда тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн болуы мүмкiн.

76-бап. Кепiлдiң мәнi

1. Кепiл берушiге жеке меншiк құқығымен немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскесi кепiл мәнi болуы мүмкiн.

97-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер ұғымы және оның құрамы

1. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер:

3) шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға жиырма бес жылға дейінгі мерзіммен жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға беріледі.

Өздеріңіз көріп отырсыздар, Кодекс 2016 жылы көктем мен жазда бүкіл ел болып қарсы тұрған, ақырында билікті 2021 жылдың аяғына дейін мораторий жариялауға мәжбүр еткен атышулы «№389» заңды іс жүзінде қайта тірілтіп отыр. Орысша бұндайды «не мытьем, так катаньем» дейді. Бірақ, қоғам қайраткері Геройхан Қыстаубаев айтқандай «шын мәнінде қазақ қазақ болғалы кездеспеген қасырет алып келетін бұл заң» жобасы былтырғыдай қоғамда үлкен толқын туғызбады. Неге? Өйткені, билік 2016 жылдан қорытынды шығарды. Соның бастысы – «ұлтшыл» атанатын азаматтардың аузымен елді адастырды, жаңылыстырды. Бұл тұрғыдан Мұхтар Тайжанның еңбегі ерен болғаны даусыз. Міне, қараңыздар, 2017 ж. 14 желтоқсанда «Абай.кз» сайтында жарияланған сұхбаттағы Ермұрат Бапидың сұрағы мен Мұхтардың оған жауабы:

«Мұхтар, мәжілістің бірінші оқылымында қабылданған заң жобасы жөнінде толық ақпарат елге әлі жеткен жоқ. Жұртшылық тек шекара маңындағы жерлер шетелдіктерге жалға берілмейді, жеке меншікке сатылмайды деген атүсті айтылған ресми хабардан басқа жібі түзу түсініктемеге зәру болып отырғанын байқаймыз. Төтесін айтшы: былтырғы жылы өткен митингтерде айтылған халықтың талабы орындалды ма?

Төтесін айтайын: халықтың ең басты талабы: «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін!» деген талабы толығымен орындалды деп азаматтық атыммен айта аламын! ...Бұл жолы бірінші оқылымда қабылданған заң жобасы президент жариялаған тыйымды заң жолына көшірді. ...Заңды тұлғада, тіпті іс жүргізуші субъектінің құрамындағы шетелдіктің немесе мүдделі тұлғаның бір пайыз үлесі болса да, ауыл шаруашылығына арналған жер жалға берілмейді. Осы талап заңнан көрініс тапты.

– Ал шекарадан тыс жерлерді шетелдіктерге сату-сатпау мәселесі не болды?

 – Жоқ, жер шетел азаматына жалға да берілмейді, сатылмайды да! Бітті! Заң жобасы осы үлгіде толығымен қабылданса, халықтың талабы орындалды деп білем. ...Мораторий жарияланған 2015 жылғы заңда қазақстандықтарға жерді жалға бермеу жөнінде айтылған. Онда ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар жерді тек қана сатып алуы керек болатын, ал жалға алу жөніндегі заңды құқықтары бұзылған еді. Ал керісінше, шетелдіктердің жалға да, сатып алуына да болатын баптары бар еді. Енді жерді шетелдіктерге жалға беруге де, сатуға да тыйым салынып, ал Қазақстан азаматтары жерді жалға алу құқына ие болды. Бірақ жер ешкімге сатылмайды

Енді, заң жобасын қайтадан оқыңыздар. Қалай ойлайсыздар, кім өтірік айтып отыр - заң жобасын дайындаған Үкімет пе, Мұхтар ма? Мұхтар қайта-қайта «біз ұсынған» деп, өзінің осы жобаға қатысы барын көптің құлағына құюдай құйып жатыр. Сонда ол өзі жасасқан заңды өзі жоққа шығаруда ма?

Күні кеше, 8 ақпан күнгі «Дат» газетіне берген жауабын оқиық. «Біз ұсынып отырған заң жобасы шетелдіктерге жер беру мүмкіндіктерінің барлық жолын жауып тастайды. ...Жер кодексіндегі 6, 20, 23 баптар жерді шетелдіктерге жалға беруге немесе сатуға жол бере алмайды. Өйткені, бұл үрдістерді 2003 жылдан бері реттейтін 24, 37, 97, 101-баптар 2016 жылғы мораторий жайлы заңмен 2022 жылға дейін тоқтатылды».

Иә, бар-жоғы «тоқтатылды», мәселе сонда! Ал, 2022 жылдан кейін не болады?.. Және Жер кодексінің жаңа жобасы қабылданған соң мораторий туралы заңның қажеттігі де жойылады-дағы – Кодекстің өзі сол үшін қабылданып жатыр – оның күшін жою «дело техники» боп қалады.  Ал, Мұхтар болса тағы да «... біз ұсынған заңда 50% деген шарт болмайды. Қазақстандық заңды тұлғада шетелдіктердің үлесі 1% болса да, мұндай заңды тұлғана ауыл шаруашылығына арналған жер жалға берілмейді. Бұл бұлжымайтын, сөзсіз іске асырылатын заң. Сондықтан ешкім де жеріміз шетелдіктердің қолына өтіп кетеді деп қауіптенбеуі тиіс» деп отыр. Меніңше, Мұхтарға өзі «жоспарлап отырмын» деген 16-ақпандағы Астанадағы жиында бір жаққа шыққаннан басқа жол жоқ – ия «бұл заң жобасы мен ұсыныс жасаған жоба емес» десін, ия «кешіріңіздер, мен байқамаппын, сіздерді сол байқамағанымның кесірінен жаңылыстырып келіппін» десін. Шегінер жері қалған жоқ!

8-ақпанда «Дат-Общественная позиция» өте маңызды да нақты сұрақ қояды: «Бұл заң қабылданса оның қазақ халқына тигізер кесірі қандай болуы мүмкін?» М.Тайжан: «Бұл заң қазаққа кесірін тигізбейді деп сенемін». Басқа сөз жоқ. Не десін... Есесіне Г.Қыстаубаев келер кесірді қолмен қойғандай суреттепті: «24-бап – әлем халықтарына, о.і. қытайға «келіңдер!» деп айқара ашқан қақпамыз! Келеді. Жай келмейді, шіреніп келеді! Өйткені, бәрі заңды. 24-бап – солардың бабы. Не істей аласың? Түк те! Ауыз ашсаң: «Заң бар. Аузыңды жап!» деп саған келген қытай да, оны қорғап шығатын қазақ та айтатын болады!»

Геройханның сөзі 100 пайыз дұрыс – қытайдан бұрын оны қорғайтын қазақ ол сөзді дәл өзімізге айтып та үлгерген. 2016 жылы облыстық Жер комиссиясының Сарыағаштағы жиынында көп жыл аудан, облыстық ауыл шаруашылық басқармасын басқарған бір ағамыз: «Өмеке, сіз неге «Қытай! Қытай!» дей бересіз? Кеше Шымкентте де, бүгін бұл жерде де! Айтпаңыз» деп жанып шығып кетердей шырқыраған болатын. (Себебі өзінің жүздеген гектар жері бар. Оған жердің заңды түрде сатылатын болғаны керек. Ал, елде кім қожайын – орыс па, қазақ па, қытай ма, ондайларға бәрібір, қайсының тұсында болса да ұпайы түгел. Бәрібір емес  адам олай шырқырамайды).

Біз айтсақ қауіп еткеннен, «жауды көрмей қорыққан дұрыс» болғаннан кейін, қытай келіп алғаннан кейін кеш болатындығы себепті айтамыз. «Жоңғардың қыс бойы қаруын сайлап жатқанын көріп отырып, қамсыздықтың кесірінен қапы қалдық қой» деген еді 1723 жылы Қазыбек бек Тауасарұлы бабамыз.

«Адамнан жасырғанмен Алладан жасыра алмайсың», біздің жерімізді жалға алуға ең бірінші үміткер Қытай екенін бүкіл әлем көріп-біліп отыр. Неге? 37 жыл бойы өз тарихында бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатқан Қытайдың ауыл шаруашылығына жарамды жерінің жартысы индустрияландырудың, қаулаған қалалар мен көліктік инфрақұрылымның құрбандығына айналса, қалған жартысының басым бөлшегін аяусыз пайдалану мен пестицидтер жойып жіберіп отыр. Егін егетін жері азайып, халқы көбейіп бара жатқан Қытай Африка елдерінен – Конгодан 2,8 млн.га, Замбиядан 2 млн.га, Танзаниядан 200 мың га, Зимбабведен 100 мың га, т.б., - миллиондаған гектар жерді жалға алып отыр. Бұл елдер қатарында Латын Амеркасынан Бразилия, Аргентина, т.б. елдер бар. Жақын көршілері қытайлықтардың барған жерінен шықпай қоятын саясатын (шет елдерде қазір 70 млн. қытай тұрады) жақсы білгендіктен оларға жалға жер бермей отырса, алыстағы Австралияның өзі Қытайдың екінші өтінішіне де «жоқ» деді. Және оны қалай айтты десеңізші – «бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келмейді»! Дұрыс олардікі, «жауды көрмей тұрып қорық» деген. Қытайдың ісінің бәрі 100 пайыз дұрыс! Өз елінің тұрғысынан. Ал, біз жалға жерімізді беріп жатырмыз. Ондаған, жүздеген есе көбейтіп берейін деп жатырмыз. Сонда бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келгені ме?

1903 жылдан 2003 жылға дейін  қытай мемлекеті өзінің аумағын 1,6 млн. шаршы километрге көбейтіп алды. Соғыссыз-ақ. Бұл – Қазақстанның жартысынан көп деген сөз. Әлсіз кезінде. Қазіргі Қытай басқа....

Шынына келсек, біздің жерді өз азаматтарымызға  сатуды заңдастыруымыздың өзі қауіпті. (Әлемде жерін мемлекет меншігінде ұстап, дамып отырған Израиль секілді елдер жеткілікті). Өйткені, көріп отырсыздар, жер қатынастарында өз азаматтарымызбен өзге елдің  азаматтарын да, азаматтығы жоқтарды да,  шетелдiк заңды тұлғаларды да тең құқылы етіп отырмыз. Не үшін? Қандай қисын, қандай күйіп бара жатқан қажеттілік бар мұнда? Ертең осы заңды пайдаланып сырттағы дүмділер өзімізге шабуылға шықса,  халықаралық соттарда дымымыз шықпай қалуы әбден мүмкін...

«Өзіңе өзің мықты бол, қоңсыңды ұры тұтпа!» Тағы айтамыз, Қытайдың ісі өз мүддесі тұрғысынан дұп-дұрыс, біз де өз мүддемізге мықты болуымыз керек емес пе? Қытайдай көршіміз болмаса мұншама қауіп те тумас еді. Ресейдің Қиыр Шығысын қытайлықтар қандай күйге түсіп үлгерді, теледидардан күнде көріп отырған жоқпыз ба? Құдай да сақтанғанды ғана сақтайды ғой.

Сөзіміз соңында эпиграфқа қайта оралайық. Ақынның «жылан» деп ұйқасқа ыңғайлы болғасын ғана айтқаны, айтпағы аждаһа екені, аждаһаның кім екені түсінікті. Бұдан артық ескерту болуы мүмкін бе, бауырлар? Бұны парламенттегі бауырларымыз естір ме екен, естісе елер ме екен? Жоқ әлде, естісе де елемей бізде түптеп келгенде бәріне жауап беретін бір адам бар ғой деп, әдеттегідей соған қарай ысыра салар ма екен...?

Өмірзақ Ақжігіт

Abai.kz

 

8 пікір