Дүйсенбі, 28 Мамыр 2018
Алашорда 3773 181 пікір 16 Ақпан, 2018 сағат 09:58

Қазақи уақыт өлшемдері әлем тарихының ең сенімді дерек көзі

 

Атамыз Қазақ тарихты бір ауыз сөзбен жазған. Осы сөзді бала кезімде үлкендердің аузынан сан рет естіп, сан рет оқыған болармын. Әрбір сөздің мағынасына үңілуге деген құштарлығым да солардан қалды деп батыл айта аламын. Осы айтылғандарға айғақ ретінде, «Қазір» деген бір ауыз сөздің мәні мен мағынасын назарларыңызға ұсынамын: 

Қолдану аясы:

Қазірге дейін - өткен шаққа сілтейді.

Қазір (дәл қазір) – осы шақты білдіріп, үстіңде  мәңгі тұрады, яғни ешқайда кетпейді.

Қазірден кейін – алдағы келер шақты меңзейді.

Қазірдің түбірі «Аз» бен «Қаз». Бұл жерде, яғни сөздің түбірінде «авторлық құқық» сақталып тұр. Демек, Қазақ үшін өткен уақыт пен қазіргі уақыт арасының ешқандай алшақтығы жоқ. Бұл ел (Қаз елі) әуел баста қалай болды, қазір де сол күйінде, келешекте де сол күйінде қалады, бұл енді ешқашан тарих сахнасынан кетпейді деген сөз.

Аз - Аз елі (қағанат), Азия (жер бетіндегі халқы көп ең үлкен құрылық), Азау (Азаулы елі, Азов теңізі)), Қаз (ел мен сыңары үшін жанын қиятын ең адал, ең сұлу құс), Қазбек (тау, Қазақтың бегі, Кіші Жүз-Бекарыс), Қазақ (қағанат), Қазан (қағанат), Қазар (қағанат), Қазы (төреші, яғни бүкіл әлем елдеріне төрелік етуші), Қазық (орнынан қозғалмайтын Қазық жұрт (топономикалық айғақтамасы Қазығұрт тауы), баламасы орнынан қозғалмай, мәңгі жол көрсетіп тұратын Темір қазақ жұлдызы, яғни аспанға темірден қаққан қазық жұлдыз), Қазір (ешқашан үстімізден кетпей, мәңгі тұратын уақыт өлшемі) т.т. сөз түбірінде «Аз», «Қаз» деген түбірі бар атаулардың бәрі осы қазіргі Қазақтардың тікелей Ата-Бабаларынан қалды деген сөз.

Темірқазық демекші, ақиқатында да жұлдыз құрамының басым көпшілігі темір металынан тұрады.

Ал, енді Аздың алдында тұрған «Қа» деген түбір қайдан шықты дейтін болақ, Біз бұл буынның бастауын қазақтың Қас (Қас батыр, Қас мерген, Қас шешен, Қас ару, Қас сұлу, Қас тұлпар, Қас би (Каспий теңізінің шынайы атауы осы), Қас қыр (нағыз қыр, яғни бүкіл әлемдегі Алланы таныған ең ұлы елдің орналасқан жері, қазіргі атауы Үстірт (Үстіңгі жұрт), баламасы (қолға үйреніп, өзгеге бас имейтін, даланың түз тағысы),  Қар (ақша қар, яғни Ақ), Қара (ақ пен қараны ажырататын АҚИҚАТ) деген  ұғымдардан көре аламыз.

Қазір – Қаз және бір деген екі біріккен сөзден тұрады. Қазымыз сірә Қазақ (Аз, Қаз, Қазан, Қазар, Қазақ, Қазақстан), ал бірдің де мағынасы баршамызға белгілі «бірінші» – ең алғашқы бастау, бәріне басшылық етуші және бәрінен озып бірінші орын алушы деген сөз. Толық мағынасы Қаз – Қазақ Ақиқатты таныған ең бірінші ел, бүкіл әлем елдерінің ағасы және  бүкіл әлем елдерін жақсылыққа жетелеген үйретуші Ұстаз (Пір).

Түсініктеме: Қазақтың барлық сөзі біріккен сөздерден тұрады. Атам Қазақтың сөз жасау қағидасы бойынша екі сөзден бір сөз құралғанда дыбыс үндестігіне сәйкес, алдыңғы сөздің соңғы дыбысы, немесе екінші сөздің бірінші дыбысы түсіп қалып отырады. Мысалы:  Атамның жұрты – Атажұрт,  Барын ауыл – Барнаул,  Қу Адай әке – Құдайке,  Үстіңгі жұрт- Үстірт,  Қазық жұрт – Қазығұрт, Оқ (оғлан, ұлан) және қыз – Оғыз, Торы ат (Таурат) – Торат, Балықшы Сақ Ғұн – Баласағұн, Мандардың кенті (қаласы) – Манкент, Мандардың қыстауы –  Манқыстау, Жарылардың кенті – Жаркент, Жарылардың бұлағы – Жарбұлақ, Жарылардың құдығы - Жарқұдық  т.т. болып кете береді.

Бүткіл жер бетіндегі ежелгі елдер (мемлекеттер), жер, су, тау, елді мекендер сияқты топономикалық атаулардың бәрі осылай, Қазақтың ана тілінде қойылған. Барлық атаулар Қазақтың Ана тілінің сөз түбірінен (өз түбінен, өз атасынан) бастау алады.  Бұған кез-келген білімді, яғни қазақтың Ана тілін меңгерген жан әрқашанда көз жеткізе алады. Олар үшін уақыттың шекарасы болмайды. Олар ешқашан тарих сахнасынан кетпейді.  «Қазір (Қаз бір)» деген уақыт өлшемінің түбірі «Аз (Азия), Қаз (Қазақ)» болатыны осыдан.

Бұл дегеніңіз Адам Ата мен Ауа Ана қазақтың Ана тілінде сөйледі деген сөз. Қазақтардың бірін-бірі: үлкенді де, кішіні де, ерді де, әйелді де Адам, Адамдар деп атайтындары осыдан. Адам Ата қазақтың Ана тілінде сөйлемеген болса, біздерде ағылшындар сияқты «Мэн», немесе орыстар сияқты «человек, люди» деп жүрген болар едік.

Біз мұның айдай айғағын Қазақтың қарашаңырағы Алшын – Адайдың бесінші немересі, яғни алтыншы буын ұрпағы, орта ғасырдағы Қарахандар қағанаты деп аталған, Қазақ қағанатының  ұлы ғұламасы, қағанның бас уәзірі Жүсіп Баласағұнның (Балықшы Сақ Ғұнның) «Құтты Білік» атты еңбегінен табамыз.

Жырда Уәзір деген лауазым атауы өте көп қолданылады. Уа, Әз, Ір, Әзір деген біріккен сөздерден тұрады. Сөз түбірі Әз әулие, яғни бүгінгі күнге Қазақ деген атпен жеткен ұлы елдің түп атасының есімі. Қалғандары да күні бүгінде де қолданыста жүрген сөздер. Мысалы: Уа, Халайық! Уа, Батыр! Уа, жұртым! Уа, Қас би! (Уақас би) т.т. «Уа» сөзі хан мен қағандарға қаратып айтылмайды.  Ір - ірі, бір, бірінші, яғни алғы, алдыңғы, алғашқы деген мағына береді. Әзір –  әзір болды (дайын болды), әзірлік жасау – дайындық жасау,  әзірше – дәл қазірше.  Демек, Қазақ дегеніміз ең түпкірдегі Әз атамыздан бастап бүгінгі күнге жеткен «Мәңгі өлмейтін ел» деген сөз. Бұл сөздің басқаша түсініктемесі жоқ.  Қазақтың ежелгі хандарының артық та емес, кем де емес 40 уәзірлері болған. Олардың бәрі қырдан төмен қарай бір арнамен сарқырай аққан су сияқты Күн қағанының, яғни ұлы Аталарынан қалған  ізін жалғаған. Ежелгі Қазақтардың бірінші Алла деп, екінші Ғайып Ерен Қырық Шілтендерге сыйынатындарының сыры осы.

Атам Қазақтың сөздік қорында «Қазір» деген сөзге балама ретінде қолданылатын «Бүгін» деген тағы бір сөз бар.

Міне осы «бүгін», «дәл бүгін» деген уақыт өлшемі Нұқ пайғамбар атамыздың және оның қауымдарының лақап аты.  Қазір деген уақыт өлшемінің Қазақпен, бүгіннің Нұқпен түбірлес болатыны осыдан.  Бүгінгі күн (Нұқтың алдындағы қауымдар сияқты, Нұқ қауымы да) өтеді, ал қазіргі уақыт (қазақ) ешқашан өтпейді.  Сол үшінде Қазақ қағанаттарының таңбасы «Тіл», яғни «ең алғашқы тілі шығып сөйлеген ел» болып, оларды бүкіл әлем Тау би, Бас би,  Көп би, Қас би (Каспий) деп, - атаған. Адай - Адам Ата мен Ауа Ана және Қазақтың қарашаңырағы болғандықтан сол таңбаны күні бүгінде де еншілеп, «Тіл таңбалы Адайлар» деген киелі атауды иемденіп отыр.

Сол сияқты өткен күнді «кеше, кешегі күн» дейміз. Өздеріңіз көріп отырғандай, Кешенің түбірі «еш», яғни бұл біздің күнделікті қолданысымызда жүрген әйел, анаға синоним ретінде қолданылатын «шеше». Бұл сөздің бізге айтып тұрғаны ежелде де дәл қазіргідей «гендерлік саясат» жүргізіліп, оның соңы әйелдер билеген, әкесіз қоғамның (матриархат) орнап, ол қауымның тарих сахнасынан кеткенін және де сондай қоғам тағы орнап жатырса оның тағы да кететінін білдіреді.

Кешегі күн өтіп, бүгінгі күн келеді. Бүгінгі күнде өтіп - түн, түннің артынан таң атып, ертеңгі күн тағы келеді. Осылай мәңгі жалғасып кете береді. Демек, бүгін (бүгінгі күн) мен кешені (кешегі күнді) айтқасын «ертең, ертеңгі күнді де» айта кетейік. Өздеріңіз көріп отырғандай, ертең – ер және тең деген екі біріккен сөзден құралып, бұл сөз бізге түнде өтеді «Біз ертең тағы теңесеміз» деп шегелеп айтып тұр. Ер – ер адам (еркек). Ғаламдық баламасы Жер. Жердің түбірі «Ер» болып, Аллатағала Адам Атаны жердің топырағынан жаратты делінетіні осыдан.

Ал, ешқашан сөнбейтін Күн және үстімізден ешқашан өтпей ауысып тұратын Күн мен Түнге келсек, Күн – Қу және Үн деген екі біріккен сөзден тұрады.

Толық мағынасы, «Қу» дегеніміз бір деген сандық атауды иемденген Адай Атаның үлкен ұлы Қу Адай әке (Құдайке) болса, «Үн» дегеніміз Адайдың кенже немересі, яғни оныншы буын ұрпағы Мұңал болып табылады. Ал, «Т» таңбасы толып, толысқан Ата ұрпақтары, яғни рулар деген сөз. Бұлар қазіргі таңдағы «гендерлік саясаттың» салқынымен ру (ата) жайлы жағымсыз сөз айтып, келеке, күлкіге айналдырып, тарих сахнасынан кетіруге қанша тырысқандарымен оларынан түк шықпайды. Күн батып, түн келгенімен, түнде өтіп қайтадан Күн шығады. Адам Атаның қарашаңырағы Адайдың екі ұлы мен сегіз немересі дәл қазір осы түннің мезгілінде тұр. Бірақ, ертең Күн қайта шығады. Күн қағанаты әлемге қайта нұрын шашатын болады. Мұны өзгерту Бір Алладан болмаса, Адам баласының қолынан келмейді.

Күн мен түннің шежіре-тарихын толығырақ тарқатар болсақ,  Кіші Жүз рулары аты айтып тұрғандай, Қазақтың үш ұлының ең кішісі, яғни Қазақ атамыздың қарашаңырағының иесі. Екі ағасының (Ұлы жүз бен Орта Жүздің) кенже інісі. Олар Бекарыс деп аталды. Ал, Кіші Жүз-Бекарыстың, сонымен қатар бүкіл қазақтың  қарашаңырағы Он екі ата Байұлы, Он екі ата Байұлының қарашаңырағы Адай, Адайдың қарашаңырағы Мұңал болып табылады (әлемге әйгілі Шыңғыс қағанның руы осы).  Атасының бар білгенін және оның ұрпақтарына арнаған аманатын тек қана кенже ұл алып қалады емес пе?! Атам Қазақтың Ата салтының, дәстүрінің, әдет-ғұрыптарының, тілі мен дінінің, бүкіл шежіре дерегінің Маңғыстаулық Адайларда толықтай сақталуының сыры осы.

«Адай шежіресі» бойынша Адайдың екі баласы бар. Үлкені Қу Адай әке (Құдайке, яғни Адам), кішісі Келімберді (Ман). Құдайкеден екі бала, үлкені Тәзіке (Әз әке), кішісі Қосай. Келімбердіден алты бала, үлкені Құнанорыс, Ақпан, Балықшы, Бұзау, Тобыш, кенжесі Мұңал. Барлығы екі бала, сегіз немере, яғни он буын ұрпақ. Әйгілі Нұрым жыраудың:

«Адам – Сафи баласы,

Бір теректен сан бұтақ,

Дүниеге келген сан болып

Буын-буын тақталы» деп жырлайтыны осыдан («Бес ғасыр жырлайды» Алматы.1989.129 б). Атамыз сандардың атауы Адам Атадан басталатын буын-буын ұрпақтарға байланысты дүниеге келген деп отыр.

 Адам атаның қарашаңырағы Адайдың кенже немересі Мұңалдың сөз түбірі «ұң, (ұн (авторлық құқық сақталып тұр), үн (ауыздан шыққан дыбыс, сөз)» болып тұр. Өздеріңіз көріп отырғандай, «бидай» мен «нанның» авторлық құқығы Би Адайлар мен Мандарда жатса, «ұн» мен «мұнайдың» авторлық құқығы Мұңалдарда жатыр. Аспандағы күннің түбірі «үн» болатыны да осыдан. Демек, Күн – Қу (Құдайке) және Үн (Мұңал) деген екі біріккен сөзден тұрады.

Күн қағанатының бастауы осылар. Күн, Гүн, Ғұн, Гүнуу, Ғұнну бәрі синоним.

Ал, мұңалдың монғол атанып жүргеніне келсек, монғолдың сөз түбірі «он». Мұңалдар Адам атаның оныншы буын ұрпағы болғандықтан ғана монғол деп аталып, бұл ұғым бүкіл әлем елдерімен толықтай мойындалды. Әлем тарихындағы сегіз оғыз, тоғыз оғыз, он оғыз, сегіз оқ, тоғыз оқ, он оқ атты ел атауларын еске алыңыз. Оғыз – Оқ (оғлан), яғни ұл мен қыз деген сөз.

Ең жоғарғы сана (санаудың) иесі Ұлы Жаратушы-Алла, Алладан кейінгісі Адам. Алланың қалауымен Адам ата ұрпақтары сандық жүйені меңгерді. Біз қолданып жүрген сандардың бәрі осы сандарды ойлап тауып, дүниеге әкелген ұлы аталарымыздың есімі. Сандық жүйе олардың дүниеге келу рет санын береді. Сол үшінде кейде біздер, санның орнына 1-а, 2-ә, 3-б, 4-г, 5-ғ, 6-д, 7-е, 8-ж, 9-з, 10-и т.т. деген дыбыстық таңбаларын қолданамыз.

1 саны (бірінші буын) Адай Атаның екі баласы Құдайке мен Келімбердінің сандық атауы.

2 саны (екінші буын) – Адай Атаның бірінші немересі Тәзіке (Әз, Тәз, Тәж әке, бүгінгі атауы Қазақ), сөз түбірі Әз әулие атамыз бен Әжеміздің есімі. Таз, Тәз, Қаз синоним. Сонда Қазақтың хандары мен қағандары бас киімдерін «Тәж» деп, атап әжеміздің өзі түгілі есімінде бастарына көтеріп бас киім етіп киіп жүрген болып тұр. Анаға деген құрметтің ең биік шыңы осы болса керек.

Адамзаттың 70 000 жылғы ғұмырында Анаға (Әжеге) деген құрметтің бұдан асқан озық үлгісін бүткіл жер бетінде олардан асып ешкім көрсете алған емес, көрсете де алмайды.

 3 саны (үшінші буын) – Адай атаның үшінші немересі Қосай, бұл Нұқ пайғамбардың атасының (руының) есімі. Нұқ пайғамбар заманындағы топан суға кететін «көш» осы екі буын, яғни Құдайкенің екі ұлының елі. Ел аузындағы «суға кететін Құдайке елі көшінің» негізгі сыры осы. Ел аузы Ата шежіреге қатысты ешқашан жалған сөйлеген емес.

4 саны (төртінші буын) – Құнанорыс (Рысқұл), бұл Нұқ пайғамбардан тарайтын қауым, Шежіредегі Адайдың кіші ұлы Келімбердінің бірінші баласы, яғни Адайдың 4-ші буын ұрпағы. Қазіргі өздерін Шыңғыс ханның ұрпағымыз деп, Шыңғыс ханға таласып жүрген Төрелердің тегі осы. Төре мен төрттің бір түбірден (бір Атадан) болатыны осыдан. Олардың «төр иесі» деп аталатыны да осыдан. Төрелердің арғы тегі Адайдың төртінші буын ұрпағынан тарап тұр. Осы төрттің ішіне алдыңғы үш буын ұрпақ түгел кіреді.

5 саны (бесінші буын) – Ақпан. Аға мен ақиқатқа түбір, яғни ақиқатқа Ата болған осы Ақпандар, яғни Сақтар. Сақтың түбірі Ақ болатыны осыдан. Бүгінгі балалардың біліміне баға бергендегі бір өте жаман, екі жаман, үш қанағаттанарлық, төрт жақсы, бес өте жақсы деп баға берілетінінің сыры осы. Аға мен Ақиқатқа бес деген баға беріліп отыр. «Су ақпайтын ба еді сағадан, сөз басталмайтын ба еді ағадан» деген мақалдың да сыры осы.

6 саны (алтыншы буын) – Балықшы (Шыбынтай, Қыпшақ). Біздің Ал, Алғи, Алан, Алаш, Алаша, алты Алаш, Алтай деген ұғымдарымыздың бәрі осының ішінде. Ежелгі қазақтар ұранға шығарған, қазаққа ұран болған Алаш батырдың елі осы. Қазіргі кейбір «білгіштер» айтып та, жазып та жүргендей, Қазақ Алаштың баласы емес, Алаш Қазақтың баласы болып табылады.

7 саны (жетінші буын) – Бұзау. Бұзаудың екі баласы бар, үлкені Айтумыс, кішісі Жеменей. Қазақтың туыстығы бөлінбейтін, қыз алыспайтын жеті аталық жүйе, қасиетті жеті санының авторы осылар. Жеті санының Жеменеймен, Адайдың таңбасы Жебемен түбірлес (аталас) болатыны осыдан.

8 саны (сегізінші буын) – Семит, яғни қазіргі Еврей мен Арабтардың аталары, жеті санын иемденген Жеменейден бөлініп шығады. Сегіздің түбірі егіз. Демек, «сегіз кіммен егіз?» деген сұрақ өз-өзінен туындап тұр. Әрине сегіз тоғызбен егіз бола алмайды. Себебі тоғыншы ұрпақ, сегізден бір буын кейін тұр.

Мына көрші орыстар жетіні семь, сегізді восемь деп атап, өздерін біз жеті - Жеменеймен егіз емеспіз, біз жетінші буын Жеменейдің ішінен шықтық, біз Жеменейдің баласымыз деп отыр.

Адамзаттың туыстықтарының бөлінуі осы сегізден басталады. Мысалы, әлемдік кез-келген сайыстарда, жарысқа жеті ел қатысса, ол сайыс халықаралық сайыс деп аталмайды. Халықаралық сайыс деп, қатысушылар саны сегізден асса ғана саналатынының сыры осы. Адамзаттың жікке бөлінуі осы Семиттерден басталады. Жікке бөліну дегенді шығарғандар да осылар. Бүгінгі ауыздарын ашса руды (Қазақтың Атасын)  жамандап келемеж, күлкі, мазақ етіп, Қазақтың бір атадан (бір рудан) тараған бүгінгі ұрпақтарының арасына жік салып, өздері жасаған барлық ылас, былапат  бәлелерінің бәрін Қазақтың рулық (аталық) жүйесіне жауып, өздері «судан таза, сүттен ақ» болып жүргендер, жеңілдетіп айтқанда, қазаққа дос еместер. Демек, қазақ баласына Ақ пен Қараны, яғни Ақиқат пен жалғанды ажыратып, Алланың Хақ жолына бет бұратын кез келді. Бұл мәселені бүгін шешпесек, кейін кеш болады.

 9 саны (тоғызыншы буын) – Тобыш. Сөз түбірі «об, (ов)». Бүгінгі Ресей жерінде қалған Батыс Сібірді бойлай ағатын  Об  су бассейіні мен Об өзені ұлан ғайыр аймақты бойлай ағады. Осы өзенге жан-жағынан қосылатын өзендер күні бүгінде де Том, Тобыл, Таз, Қазым, Назым, Қия, Ертіс, Кете, Шылым деп аталады. Осы өзеннің жағасында Маңғыстаудағы Шерқала тауымен аттас, Шерқала атты қала бар. Демек, Біздің Аталарымыз осы өзен бойын жайлап, осы ұлан-ғайыр аймаққа өздерінің есімдерін мәңгі өлместей етіп жазып қалдырған.

Сонда бүгінгі орыстардың өз тектеріне қосып жүрген «ов, (об), ова (оба)» дегендері олардың өз тектерін осы Тобыш атамыздың атынан алатынын білдіргені. Бұл тарихи деректермен де толықтай сәйкес келеді. Себебі, олардың қазақ халқынан бөлініп, бөлек отау тігуі әлемдік аренада Тобыштардың билігі кезеңінде болды. Орыстардың өз тектеріне қосып жүрген «овы» осыны мойындағандық. Олардың өз тектерін Иванов, Петров, Сидоров деп жазып жүргендерінің сыры осы.

Қазақтарға «ов, ова» - ларды Ата-тегімізге қосып жазуға болмайды. Бұл Атасын немере, шөбере, шөпшегіне бала етіп қойғанмен бірдей, яғни өзіміздің тоғызыншы буын ұрпағымызға бала болып шығамыз. Біздің бұл ісіміз «Тегін білмейтін тексіздің» әрекеті болмақ. Бізге Әке деген сөздің орнына «ич»-ті де (Робинович, Исакович) қолдануға мүлдем болмайды. Бұлай жасау, Біздің өз туған әкемізді Әке деп өз атымен айтуға жігеріміз жетпей, еврей тілінде, еврейше әке деп сөйлеу болып табылады.

10 саны – Мұңал (монғол). Өздеріңіз көріп отырғандай, 5 саны (5 деген баға) Ақиқатқа берілген, ары қарай алты мен Балықшы, жеті мен Жеменей, сегіз бен Семит, тоғыз бен Тобыш, он мен Монғол (Мұңал) бір түбірден, яғни бір атадан болып тұр.

Адайдың қарашаңырағы Мұңалда, сондықтан олар «Мұңал ошақ» деп те аталады.

Күнді айтқасын, әр айда әртүрлі болып 28,29, 30, 31 күндердің жиынтығынан тұратын

Айдыңда тегін айта кетейін:

Жердің серігі аспандағы Айға - Ай деп ат берген адайдың жетінші буын ұрпағы Бұзау

Атамыздың екі ұлының үлкені АЙТУМЫС болып табылады. Әйтпесе, Адайдың «бес жүйрігі» атанған жыр дүлділдерінің бірі Кенже Ақтан Керейұлы (1850-1912):

...«Мен Адайдың Ақтаны

Сөйлеген сөзім тақталы. (Тақталап сөйлеу, яғни әр ұғымның дүниеге келу ретін айту).

Сөйле» десең жыршыңыз

Алдарыңда жортақтар.

...Әріден бері сөйлесем,

Олда өзімнің мерейім. (арғы түптегі аталарының тарихымымен мақтанып, мерейленіп

отыр).

ТУҒАН АЙҒА АТ БЕРГЕН, (аспандағы туған айға ат берген менің атам Айтумыс деп отыр).

Ақ қағаз бен хат берген, (қағазды да, қаламды да, хат жазуды да үйреткен солар деп отыр).

Екі ерін мен тіл-таңдай

Сөйлесін деп жақ берген. (ең алғаш сөйлеп, «Тіл таңбаны» иемденген солар деп отыр).

Айтқан сөзге түсінбес

Адамның мыйсыз ақымағы» (мұны түсініп мойындай алмасаң, мисыз – ақымақсың) деп

жырламаған болар еді. Ақтанның Ата тегі: Адай – Келімберді – Бұзау – Айтумыс – Шылым – Өрдек – Кенже болып таратылады. (Жыр-дария «Маңғыстаудың ақын жыраулары» Ақтау-1995. 159 бет);

Бұл жерде арнайы атап өтетін жағдай, Ай – Адайдың екінші буынында тұрып, Ад (Ада) - Ата деген мағына берсе, Ай (Әй, Әйел (Әй, Ел болайық)) Ана деген мағына береді. Аспанда ай жердің серігі, жерде әйел ердің серігі. Аспанда ай жерді айналады, жерде әйел (ана) ерді айналады. Маңғыстауда ерлі зайыптылар бірге жерленсе, кесенеге «Жебе» мен «Ай» таңбалардың қатар салынатындарының сыры осы.

Өздеріңіз көріп отырғандай, Кенже ұлда Адамзаттың бастау кезеңіндегі ғаламдық құбылыстарға ат (есім) бергендердің кім екендігі толықтай сақталып отыр.

Ал, Біздің билік қазаққа орыс, ағылшын т.б. тілдерді зорлап үйретуге барынша тырысып жүр. Бізге оның көк тиынға да қажеті жоқ. Себебі, Атасы немересі, шөбересі, шөпшегі т.т. тіл мен шежірені және мәдениетті үйренбейді. Бұл бүгінгі орыс тілі мен ағылшын тіліне, солардың «балаң» мәдениетіне байланған қазақ ғылымының Қазақтың төл сөзінен, төл мәдениетінен сусындай алмағанын көрсетеді.

Тарих тағлымы: Атам Қазақтың сөз жасау қағидасын, рулық шежіресін және сөздердің сөз түбірін, яғни өз түбін, өз атасын, қазіргіше айтқанда «авторлық құқығын» толықтай меңгеріп басшылыққа алғанымыз жөн болады. Сонда ақиқаттан ажырап, ешқашан жаңылыспайтын боламыз.

Қазаққа қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай Қазақтың шежіре-тарихын өз сөзінен зерттейтін арнайы ғылыми-зерттеу орталығы ашу қажет.

 «А»-ны айтқасын «Б»-ны да, яғни Атасын айтқасын баласында айта кетейін. Ол «мезгіл» деген сөз. Мезгіл -  таңғы мезгіл, сәске мезгіл, түскі мезгіл, бесін мезгіл, кешкі мезгіл, түнгі мезгілдер деген сияқты өтпелі кезең дегенді білдіріп тұр.  Бұл жерде де өздеріңіз көріп отырғандай, мезгілдің де, кезеңнің де түбірі «ез». Иә, Иә! Атам Қазақтың «Ер емессің Езсің» деп ұрсатындарындағы езі осы, яғни кезінде Аталық тектен ажырап, әкесі белгісіз матриархат қоғамының орнауына жол берген осы ездер. Ол бүгінгі Америка (сөз түбірінде әйел тұр), бастауын Ева-дан (Адам и Ева) алатын Еврейлер негізін қалаған Европа. Ол елдердің билеушілерінің Президент деп аталатыны да осыдан. Президенттің де сөз түбірі «Ез». Жерге «жер» деп, ерлердің атын берген ұлы Аталарымыз бұлардың бәрі тарих сахнасында дәл Қазақтар сияқты болып мәңгі тұра алмайтынын айтып кеткен. Демек, келешекте Қазақ болып қалғымыз келсе, ел билігіндегі бірінші тұлғаның ресми атауын «Елбасы», немесе «Хан» деп өзгерткен дұрыс болады.

Осы жерде ежелгі Аталарымыз билеушілерін неге Хан, Қаған деп атады деген сұрақ туындайды. Хан деген лауазымды қазақ өз бойындағы қызыл қанға теңеген. Ақиқатында да, тамырыңды бойлай ағатын қызыл қаның жаныңа қандай жақын болса, қазақтың хандары да еліне сондай жақын болған. Халық қаласа, хан астындағы жалғыз атын сойған. Бұл жерде арнайы атап өтетін жағдай жүрек қан тамырлары да Қазақтың үш Жүзі сияқты үш тармақ болып ағады. Қандай үйлесімділік десеңізші, қан тамырларының қабырғасы да үш қабаттан құралып, «ішкі қабаты қанды кері ағудан сақтайтын қақпақшалардан тұрады», ал өмірде бұл міндетті қарашаңырақ иелері атқарады. Ал, Қаған – барлық хандардың ағасы деген сөз. Бұл жерде Қ-аға-н дегенімізде Қан сыртында, Аға сөзі ортасында айшықталып тұр.

Мына әлем қалыптасқан заңды жүйе негізінде басқарылады. Сопылық ілім ол заңдылықты Алланың әмірі, ал дінсіздер табиғат үйлесімділігі деп түсінеді. Рас, табиғи үйлесімділік бар, бірақ олда Алланың әміріне бағынған жүйе.

Алла Құран Кәрімде: «Мен сендерге күре тамырларыңнан да жақынмын» дейді. Біз бұдан Алламен рухымыз арқылы үндесетіндігімізді көреміз. Негізінде ол  үндестік пен біз көріп тұрған сыртқы әлем үндестігі – бір ұғым. Әлем билеушісі, Қазақтың әйгілі қағаны  Шыңғыс ханның «Алла барлық жерде» дейтіні сондықтан.

Аллатағала Адам Атамызды жаратқалы бергі 70 000 жылғы ғұмырымызда Қазақтан басқа ешбір ел әлем тарихын дәл осындай етіп бір ауыз сөзбен жазған емес. Жаза да алмайды.

ОСЫ ЖОЛДАРДЫ ОҚЫҒАН БАРШАҢЫЗҒА ҰЛЫ ЖАРАТУШЫ АЛЛА ИМАН БЕРГЕЙ!

 Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы, Маңғыстау

Abai.kz

 

181 пікір