Дүйсенбі, 28 Мамыр 2018
Алашорда 4663 52 пікір 1 Наурыз, 2018 сағат 09:55

Қиыр жайлаған Қызайда қазақ тарихының кілті бар

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)

Қызайға қатысты тағы бір қызық сөздің шешімі

Бұл сөз «Танысаң - Қызаймын, танымасаң - Құдаймын» - деген сөз.  Дәл осы сөз ұйқасының Адайға қатысты айтылатынын да білеміз. Бірі қиыр шығыста, бірі қиыр батыста. Ал енді дәл ортада, Арғын ішіндегі  Шор деген атаның «Қара шормыз, Құдайдан да зормыз» дейтінін білетін боларсыз. Бұл сөздердің бәрі исламға дейінгі сөз үлгілері. Құрбанғали Халид жазатындай қазақ мың жылдық ауызша сөзін ұмытпайды, әлі де сақтап келеміз.

Б.э.б. 200-шi жылы Ғұн патшалығына қарсы Қытайдан Гао ди бастаған iрi қол аттанды. Олар жылдан-жылға күшейіп келе жатқан көшпелi мемлекеттi тiзе бүктiру ниетiмен  шекаралық өлкеде билiгiн нығайтуды көздегенiн жылнама жасырмайды. Бiрақ ғұндарға қарсы соғыста патшаның әскерi жеңiлiп, оның өзi қолға түстi. Осы соғыста Қытай жылнамашысы  ғұн әскерлерiнiң батыс бөлiгi - ақ боз атқа,  шығыс бөлiгi – ақ тұмсық күрең атқа, солтүстiк бөлiгi - шұбар атқа, ал ендi оңтүстiгiндегiлер- жирен атқа мiнгендiгiн суреттейдi. Мұның өзi ғұн қауымдастығына енген рулардың нағыз жылқы өсiрушiлер, яғни Алаш елінен екендiгiн дәлелдесе керек.  Одан кейiнгi қарым-қатынас ғұндардың пайдасына жүргенi анық. Бiрнеше жүз жылдар бойы Қытай біздің аталарымызға тәуелдi болып келдi. Үйсiндерге қатысты деректерде «олардың iшiндегi байлары 4-5 мың жылқыға иелiк етедi» деген мәлiметтер бар. Бұл көрсетiлген сан ең жоғары шек болмаса керек. Археологиялық деректер ғұн қоныстарында орташа қалалардың орыны барлығын, ал олардың маңында суландыру жүйесi болатынын хабарлайды. Осы сияқты құбылысты үйсiн мен қаңлыға қатысты қазба жұмыстарынан да аңғарамыз. Дегенмен, осы аталған қауымдардың  негiзгi шаруашылық дәстүрі көшпелi мал шаруашылығы болғаны айдан анық. Мәселен, отырықшы өлкелерге ең жақын деген қаңлы көсемдері  арасы 900 шақырым болатын жайлау мен қыстау арасында көшiп жүрген.

Қытай жазбалары «Мөде өз қарамағында 300 мың әскер ұстады. Шунь-вэйден бастап, Тұманға дейiнгi мың жылдан астам уақытта Ғұн Ордасы бiр көтерiлiп, бiр құлап, бөлiнiп-шашылып жатқан уақытты бастан кешiрдi, сол себептен тақ мұрагерлерiнiң тәртiбiн анықтау қиын. Мөде тұсында Ғұн Ордасы аса күшейдi, көтерiлдi: солтүстiктегi бүкiл көшпелi руларды бағындырып, оңтүстiкте Кiндiк Ордаға тең болды...» делінеді.  Міне, осы асқақ рух туғызған қанатты сөздің бірі «Танысаң - Қызаймын, танымасаң - Құдаймын» дейтін сөз. Бір қызығы ғұн қауымдастықтарына енетін тайпалардың ішінен бұл сияқты фразеологизмді тек қазақ жерінің қиыр батысын мекендеген Адай мен қиыр шығысын жайлаған Қызайлар ғана айтады. Мәселе ұйқаста емес, мәселе олардың Ғұнның империялық дәуірі кезінде көш басында болғандығы. Кейіннен батысқа қанат жаю, жылжу барысында Адайдың атасы  Байұлы қауымының бір бөлігін бағындырды. Бұл оқиға қазақ шежіресінде Елтай батыр Байұлының (Қыдыр бай) Қанбибі деген қызын алды деп түсіндірілсе, Қызайдың бабасы Шағыр ер  Үйсін атасы Бәйдібектің Домалақ ене атты тоқалынан туған Күнбибіні (Ейқыз) алды дейді. Қызай арасындағы әңгімелерде «бабамыз Қызай анамызды шапқыншылықта алған екен, кейін Бәйдібек атамыз тойын жасап, жасаулап берген» дейді. Күнбибі ақыл-мінезімен жұртқа жағып,  туыс-жақындары  «Қызай» деп атап кетеді. Осы себепті одан өрбіген, өскен  ел де «Қызай» аталады-мыс. Бұл жерде Қызай атын халықтық этимология өз бетінше түсіндіріп тұр, шын мәнінде Қызай біздің эрамызға дейін-ақ белгілі  атау. Атақты француз ғалымы Э.Бенвенистің «Үндіеуропалық әлеуметтік терминдердің сөздігі» кітабында Қызай аты ариан тілінде патша билігі деген ұғым деп түсінідіріледі. Кітаптың бір тарауы «Xsay- және Ирандағы патша билігі» деп аталады» (Бенвенист, 254-256 бб.).  Қалай болғанда да Елтай мен Шағыр батырлар бір заманның, бір елдің адамдары. Ал Шағырдың атасы Аталық еді деген әңгіме Қызайдың арғы аталарының саяси билікке қатысы болғандығын, патша жанында жүргендігін  дәлелдесе керек. Тағы бір еркеше көңіл аударатын мәселе Қызай арасында Домалақ ене, оның жаудан айламен жылқыны қайтарып алуы сияқты әңгімелердің сақталуы.

Батысты бақылаушы Го – шуньннің шекарадағы жағдай туралы Қытай патшасының сарайға жіберетін хабарын аңдап қарасақ ғұн, қаңлы, үйсін арасы өте қызықты:  «Хундар (ғұндар) кангью (қаңлы) мен усуньді (үйсін)  бағындырғандықтан құдыретті болған жоқ, сол сияқты ол екеуін жоғалтқаннан кейін Қытай үстемдігін мойындаған жоқ. Қытай сарайына билеушілерінің балаларын аманатқа бергенімен жаңағы үш иелік бұрынғыша қарым-қатынаста; байланысы мен наразылығы қатар, аңдып жүріп,  қолайлы шақта  бірін-бірі шауып та отырады. Басы қосылса да біріне-бірі сенбейді, бөлініп кетсе, бірін-бірі бағындыра алмайды».

Қызай елінің Үйсіннің бұрынғы жайлаған жері Іле басында отыруы да екі елдің арасында байырғы заманнан бері тығыз қарым-қатынас болғанын аңғартады. Сол замандағы жаугершіліктер барысында үйсіндердің бірталай бөлігі қызай арасында ассимляцияға ұшырады  деп есептеуге болады. Үш орда бейбіт уақытта бір-бірімен, басы қосылса Қытаймен аңдысу тәртібінде өмір сүрді: «Усун ордасымен туыстық қарым-қатынасқа түскенімен Қытай сарайы әлі одан пайда тапқан жоқ. Бірақ ол байланысты усундер ерте бастағандықтан және хундармен бірге бодандықты мойындағандықтан оларды сырттату әділдік емес. Ал кангью болса тәкәппар, шұғыл және усундардай емес, елшілерге бас игісі келмейді. Протектордан барған қызметкерлерді усун елшілерінен төмен отырғызады. Өзінің бектері мен жайсандарына тамақ бергеннен кейін протектор елшісіне ұсынады және онысын көрші иеліктердің алдында көрсетуге құмар. Осындай іс-қимылдан оның өз ұлын сарайға неге жібергенін түсінуге болады. Бұл бізбен сауда жасау үшін ойлап тапқан жақсы сылтау».

Ақыр түбінде біздің жыл санауымыздың басында Ғұн патшалығы құлады. «Хундар шет елдерінің ішіндегі ең ұлы мемлекет еді, ал қазір Қытай империясына жағымпазданып қызмет етеді» - деп аударады қытай жылнамасын И.А.Бичурин. Кіндік империямен бірталай заман күрескен  Ғұн қауымдастықтары батысқа лықсыды, енді Ескі құрылықта Батыс Ғұн (Аттила), Оңтүстік Ғұн (Ақ ғұн) империяларын құратын сәт келді.

Ғұндар топан судай Ескі құрылықты дүр сілкіндіріп, жаңа мемлекеттерге жол ашып, ақыр соңы өзі де дарияның жайылмасынан  қалған қара судай әр жерге барып тоқтады. Ендігі кезек бірталай заман Ұлы далада күш жинаған оғыз тайпаларына келді, олар бірден өзерінің ежелгі атауы Тұран атын жаңғыртты, осылайша әлем тарихына, өркениетке ересен еңбек сіңірген,  Еуразиялық тарихнамада  әбден танылған және зерттелген Түрік қағанаттары дүниеге келді.

Біз ресми тарихымызды көп уақыт осы Түркі қағанаттарынан бастап жүрдік, одан әрі баруға біздің тарихшыларға рұқсат та жоқ еді, барам деген адамға қауіпті де болатын.  Сол себепті одан арғы тарихымыздың шымылдығы әлі ашылған жоқ десек те болады, біз осы шығармада оқырманмен бірге сол арғы жақтағы тарихқа аздап сығаладық. Ғаламат тарихтың нобайы көрінеді. Ал одан бергі Найман хандығының құрылуы, қызайлардың оған матай одағымен бірге кіруі, оның құлап Шыңғыс хан жаулап алуларынан кейінгі тарих  бәрімізге белгілі. Қызаймен бірге ортағасырлардың  шым-шытырық жолдарында саяхаттауды біз кейінге қалдырып, әңгімемізді ХҮІІІ ғасырға қатысты  өте бір қызық әңгімелермен тамамдайық.

Қызай Найман шежіресіне қалай байланған ?

Еуразиялық алғашқы бақташы қауымдардың тарих сахнасына шығар кезеңі  қазақ шежіресінде «Алаша хан заманы» деген атпен белгілі. Рашид-ад-диннің «Жәми-ат тауарихы» да, Әбілғазының «Шаджарат түркісі» де тарихтың кіріспесін  осы Алаша хан заманынан бастайды. Рашид-ад-динге шежіреден ақпар берген қариялар Алаша ханды Нұқ пайғамбармен замандас, не соның өзі деп нұсқаған.  Осыдан-ақ семит халықтары тарихи заманды Нұқ пайғамбардан бастаса, Еуразия халықтарының Алаша ханды меже қылғаны көрінеді.

Жаратылыс әлемінен оқшау шыққан адам баласы үшін кәсіптің ең табысты деңгейі көшпелі мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғаны белгілі. Олардың әлеуметтік дамуының, рухани құндылықтарының, саяси табыстарының өзге қоғамдарға тигізген ықпалы әлі де зерттеуді қажет етеді. Еуропа ғылымында біз тек «Орталық Азияның көшпелі халықтарының Қытай, Үндістан және Батыс елдеріне жетуі (олардан ежелгі дүниенің мәдениеттері жылқыны пайдалануды үйренді) үш облысқа да бірдей әсер етті: жылқыны иеленген бұл көшпелі халықтар әлем кеңістігін таныды. Олар ежелгі дүниенің ұлы мәдениеттерін жаулап алды. Қиын-қыстау тіршілік, қатерлі жорықтар дүниенің жалғандығын түсінуге көмектесті, ал үстем нәсіл есебінде олар бұл әлемге ерлік және трагикалық сананы енгізіп, оны эпос түрінде білдірді», – деген неміс ғалымы А.Вебер пікірін білеміз.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазбаларында Еуразия тарихына аты алтын әріппен жазылған Найман атаның  шежіресіне қатысты бірсыпыра деректер бар. Бұл жазбалар «Жанарыстың бәйбішесінен туған төрт қожаның бірі - Қарақожа, одан Арғын дедік. Бірі - Аққожа, бұл Аққожадан - Найман, кейбір сөйлеушілер Момынқожа дейді. Найманнан жалғыз бала -Шұбартай. Бұл Шұбартайды да зарығып көрсе керек. Шұбартай қыршын жасында өліп, келіншенгі жесір қалса керек. Сонда Арғынның көп балалары «Мен алам!» , «Мен алам!» - деп таласты» деген әңгімеден басталады. Осылай дей келе Мәшһүр «Арғын алты ауыл болғанда, Найман жалғыз үй екен» деген сөз ертеден айтылып жүретұғын» деген қызықты деректің құлағын шығарады (Көпейұлы М.Ж.,10 т.,30 б.). Найман ортасында «Арғын - аға баласы» деген сөз де ертеден бар екені белгілі. Ендеше ел аузындағы әңгіме Арғынның Найман қауымынан ертерек пайда болғаны, мемлекетінің ертерек қалыптасқанын меңзеп тұрған болар деген пікірдеміз. Бұл дерек бізді Арғын қауымын Найман хандығы дүниеге келгенге дейін әлемді дүр сілкіндірген Ғұн империясымен тікелей байланыстыруға мүмкіндік беретін маңызды ақпарат деп білеміз.

Дегенмен қазақтың өзге де ірі тайпаларының шежіре деректеріндегідей Найманның тарихы мен құрылымында да өз ара айырмашылық көп. Жалпы қазақ деген ел бір атаның баласы болып бір-бірімен әр түрлі деңгейде туысады. Бұл ата тарату және руларды жасақтау үлгісі  туыстыққа негізделген Қазақ хандығының идеологиясына қажетті тетік екенін көрсетеді.  Орталық Азия тарихында ел тағдыры шешілер сәттерде ру-тайпалық құрамды қайта жасақтау шаруалары іске асады. Бұл тұрғыдан біз соңғы рет ру-тайпалық құрылымды іргелі жасақтау, яғни жаңа әкімшілік-территориялық реформа  Қазақ хандығы құрылған дәуірде, Бетпақ далада «Таңбалы тас» атты қасиетті жерде болды деп есептейміз. Бірақ ел бұрыңғы үлгілерді де бірден ұмыта алмай жадыда сақтап жүреді, осы себепті шежіреде бір-біріне кереғар дүниелер де қатар айтылып қалады.

Әбілқайыр ханнан бөліне көшіп, Бетпақтың қыратында жеке мемлекет боламыз деп ту көтерген Қазақ хандығына жаңа әкімшілік-территориялық құрылым керек болғаны заңды. Сол кезде  хандыққа кірген көптеген ру-тайпалар (жалпы саны бес жүзден артық болса керек)  өздерінің қалауымен,  ақсақалдар кеңесінің ұйғарымымен, хан-сұлтандарының пәрменімен  бір-бірімен одақтасқан. Осылайша қазақтың жүздері пайда болды, ол өз кезегінде ру-тайпалардан құралған ұлыстарға бөлінді, ұлыстар өз кезегінде тайпалар мен рулардан құралды. Енді осы құрылымды бекіту үшін идеология керек болды, осылайша Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс аталатын туыстық  таксономиялық деңгейлер пайда болды.  Сонда Жанарыстың алтыншы ұрпағы  Найман  болып шыға келеді. Шын мәнінде Жанарыс өмірде болмаған адам, сол сияқты Найман атауы да сегіз тайпаның одағы дегенді білдіреді.

Енді жоғарыда аталған  генеалогиялық жүйеде тарихи дәуірде өмір сүргеніне айғақ бар, қолдан жасалмаған қаһарман бар ма деген сұрақ болса, біз бар дейміз, ол жалпы Найман баласы ұран қылып көтерген Ер Қаптағай. Оның ең мықты дәлелі якут (саха) халқының ауыз-екі мұрасындағы Қаптағай батыр туралы деректер. ХІХ ғасырдың соңында якут (саха) арасында жұмыс жүргізген ұлты поляк, әйгілі үш томдық «Якут тілі сөздігінің» авторы  Э.К. Пекарский бірнеше мәлімет береді. Біріншіден «Хаптағай батыр - якут қаһарманының аты», екіншіден «Хаптағай ус -Баканча-Бытаны бақсының ұлдарының бірі, темірші ұстаның аты», үшіншіден «Шығыс-Қаңғалас ұлысындағы - (Хаптагай) аталатын қоныстың атауы (Якут. Окр.)» (Э.К.Пекарский, 3 т, с. 3323).

Бұл жерде біз көңіл аударатын бірнеше мәселе бар. Алдымен айтатын дүние сахалардың қазақ жерінен Солтүстік Мұзды мұхит аймағына ислам келмей тұрып қоныс аударғаны. Ендеше якуттың сөздік қорында сақ және ғұн заманындағы біздің тарихымыз бар деп айта аламыз. Екіншіден Қаптағай атының  Баканча (Бақанша) - Бытаны бақсымен бірге аталатыны. Бұл жерде Бағаналы-Балталы атауы еріксіз ойға оралады. Сонымен найман баласының ұраны, Найман шалдың атасы Ер Қаптағай сонау сақ және ғұн заманынан бері белгілі және аңызға айналған тұлға деп айта аламыз.

Найман ата шежіресінде ақылды келіннің атасына жас қыз алып беріп, содан «атамның соңында қалған белгі ғой» делінетін Белгібайдың туатыны,  кейін келе келіннің Белгібайға өзі неке қосатыны, одан Төлегетай, Төлегетайдан Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл туатыны оқырманға белгілі. Бұл аңыздың «Белгібайдан Сүйінші, Сүгірші, Өтеген туады. Осылардың Сүйіншісінен Төлеген, одан Қытай туады. Қытайдың бәйбішесінен Қаракерей, Матай, Төртуыл, Садыр, тоқалынан Келбұқа, Кетбұқа туады. Қытайдың бәйбішесі ертерек қайтыс болып, одан туған Қаракерей, Матай, Төртуыл, Садыр деген балалары Төлегетайдың баурында өседі. Сондықтан бұлар «Төрт Төлегетай» деп атанып кеткен» дейтін де нұсқасы бар.

Шежіреде қарама-қайшылықтар жеткілікті. Оның бір дәлелі Ә.Х.Марғұлан заманында (1975 ж.) жарық көрген Қазақ совет энциклопедиясының бір томында Қызайдың шығу тегіне  қатысты екі түрлі деректің жүруі. Мысалы «Қызай» мақаласында былай делінеді: «Қызай - Орта жүз Найман тайпасынан тараған ру. Қазақ шежіресі бойынша, Төлеқытайдан (Төлегетай-Ж.А.) Қаракерей, Садыр, Матай, Аталық деген төрт рулар бірлестігі қалыптасқан. Шежіреде «Аталық батыр Ұлы жүз Бәйдібектің тоқалы Домалақ енеден туған Ейқызға (Күнбибі) құда түсіп, үлкен ұлы Шағырға алып береді. Бұдан тараған тұқым шеше есімімен Қызай атанып кеткен» (ҚСЭ, 7 т, 75 б.). Енді осы энциклопедяиының 507 бетінде «Матай» деген мақалада : «Матай - Орта жүз Найман тайпасының рулар бірлестігі. Шежіре деректері бойынша Матайдан Аталық, Кенже, Қаптағай рулары тараған. Аталықтың ұрпағы шешесінің атымен Қызай аталып кеткен, олар түгелдей КХР- дің Шыңжан аймағында тұрады» делінген (ҚСЭ, 7 т, 507 б.).

Қалай десек те Әбілғазы баһадүр хан жазатындай: «наймандар – көне жұрттардың бірі, малы мен басы көп өскен халық». Ерте жазба деректерде Алтай тауларын мекендеген, Түрік қағандығының шығыс бөлігінде орналасқан сегіз-оғыздар туралы мәліметтер кездеседі. Сегіз оғыз жұртын әуелі “найман аймақ” (“сегіз тайпа”) деп Х ғасырда қидандар (қытай) атай бастаған деген топшылау бар. Сегіз оғыздар  Шығыс Түрік қағандығы ыдырағаннан кейін олар біраз уақыт Ұйғыр қағандығының, кейіннен Солтүстік Қытайдан ауып келген қидандардың (Ляо әулеті) қол астына қарады. Осы кезде сегіз оғыз атауының орнына найман атауы орнықты-мыс.  ХІІ  ғасырдың бас кезінде қидандар Цзинь әулетінен (шүршіттер) жеңіліп, Жетісуға ауған кезде наймандар жеке ұлыс болып қалыптастыруға мүмкіндік алды. ХІІ ғасырдың 2-жартысында олар Орталық Азиядағы ең күшті, жетекші мемлекет бірлестіктердің біріне айналып, алыс-жақын елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қызайдың осы әскери- саяси одақтың ішінде болғаны, Найман мемлекетін орнатуға белсене қатысқаны, кейін бұл мемлекет Темучин бастаған жауынгер қауымдардан жеңілген уақытта өзге елмен бірге талай қиыншылықты бастан өткергені даусыз болса керек.

Қызайдың қазіргі мекені

Мың сегіз жүз алпыс үш жыл кезінде, Қызай Бұраталаны мекен еткені айтылады. Одан орыс та соңынан қуа келіп Қытай мен Ресей қазіргі шекараны бөліседі: «Сызығы жер шегінің жақындықтан, Жұңгоға қызай қайтып келіседі. Ілеге сонан кейін көшіп келіп, Іргесін орын алып, көміседі». Мың сегіз жүз тоқсанның тоғызында Қызай елінің  Қас, Күнес, Текес пен Көкқамырда жүргені анық. Іле бойын Қызай ежелден «жеті әулие» жері деп ырым қылғанға ұқсайды. «Бақ қонып, Қызыр дарып бай болыпты, Көңілі байлықпенен жай болыпты. Қызайдың алды айдапты бес мың жылқы, Қысқасы төрт түлігі сай болыпты» деп жырлайды Доспер ақын.

Ортағасырлардың аумалы-төкпелі заманында әр түрлі себептермен бір мезет орнынан қозғалып кеткен Қызай елі  өздерінің байырғы жұртына қайтадан оралды. 1888 жылы Іле-Тарбағатай аймағы құрылса, 1917 жылға келгенде Іле айырым аймақ болып құрылды.  Қазір бұрынғы Іле аймағын құрамына алған Іле-Қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа (Инин) қаласы. Оған Алтай, Тарбағатай аймақтарымен бірге Құлжа қаласы, Күйтүн қаласы, Күнес, Текес, Моңғолкүре, Құлжа, Тоғызтарау, Нылқы, Шапшал аудандары қарайды. Бұл жерлер  Орталық Азия, соның ішінде қазақ халқына қатысты тарихи ескерткіштерге де өте бай. Іле аймағында ежелгі қала жұрттарынан Шат, Күнгүт, Алмалы, Қайнұқ қалалардың орны бар, ортағасырлық  атақты билеушілер  Уайыс хан мазары, Тоғылық Темір хан мазары осы жерде.

Қызайдың тарихи мекені - бір жағы Іле басы Құлжаны, бір жағы Сарыарқа жерін, бір жағы Сыр бойын қамтиды. Біз жоғарыдағы жазбамызда Қызайдың өмір жолының негізгі белестеріне ғана тоқталдық. Байырғы заманда Сарыарқа жерінен, Ариан жұртынан басталған қызай соқпағы бізді жетелеп Іле бойына алып келді. Көне тілдерді сөйлетіп жүрген ғалымдар қызай деген сөз патша билігі деген мағынада қолданылады дейді. Қызайдың атасы Аталық еді деген сөз осыны нұсқап тұрған жоқ па ?! Осы соқпақпен жүреміз деп Қытаймен иық теңестірген алып Ғұн империясының тарихына бойладық. Іле бойын мекендеген ежелгі сақ, сол кезеңдегі үйсін Қызайдың ішіне енген сияқты. Әлі де зерттей түсетін көмескі тарих бар. Одан із кесіп Найман хандығы, одан Алтын Орда империясы арқылы біз Қазақ хандығына шықтық. Ортағасырлардың шым-шытырық сүрлеулерімен жүрген жолымызды кейін бір сәті болса баяндаймыз. Абылай дәуірінде біз Қызайдың батыр ұлдарын Сарыарқаның төсінен, Қараөткел мен Көкшетау арасынан кездестірдік. Алаштың кемеңгер азаматы М.Тынышбаевтың «Матайдың ұраны – Бөрібай. Ол 1740-45 жылдары Атбасар өңіріндегі Сарысу бойына жерленген» деп жазғаны бар. Қараөткел мен Көкшетау өңірлерінің жер-су аттары да сол аласапыран заманда өмір сүрген азаматтардың атын сақтаған. Сарыбелдің сағасы, Есіл-Нұра арасы, Қазақтың ертеден орда қылған құт мекені, қазіргі заманда Астана тіккен ордасы  Қызайға да бөтен емес болып шықты. Одан Есенкелді сияқты батырлары бастап қызай елі Аягөз, Тоқта- Барлық, Іле бойы маршрутымен қазіргі жеріне қоныстанды.

Тарих қойнауына саяхат жасай отырып біз Еуразия төскейінде Қызай елінің сайрап жатқан ізін көреміз. Мен қазақ тарихына қалам тартқалы бірталай уақыт болды, бабаларымызды іздеп талай ескі сүрлеу жолмен жүріп өттім, қызай жолы сол сүрлеулердің ішіндегі ең бір күрделісі дер едім. Осы уақытқа шейін біз сақ дәуірінен әрі бара алмай жүрсек, осы жолы бірінші рет ариан заманына жетіп қалдық. Бір қарағанда ертегі сияқты көрінеді, расында да ертегі заман ғой. Қойыңыз, мына қиыр жайлаған Қызайды сонша дәріптеп, тарихтың қойнауына апарып тастадыңыз, аталық қылдыңыз, патша қылдыңыз деушілер де табылар. Қазақтың әрбір ірі ру-тайпасының артында осындай күрделі де, қызықты тарих тұр. Біз дәтіміз және біліміміз жетіп сол тарихты халқымыздың кәдесіне жарата алсақ қазақтың нағыз тамыры терең ұлттық тарихы шықпақ !

Жамбыл Омарұлы Артықбаев, Тарих ғылымдарының докторы, Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры

CОҢЫ

Abai.kz

 

52 пікір