Дүйсенбі, 28 Мамыр 2018
Дін мен тін 1906 9 пікір 7 Наурыз, 2018 сағат 10:27

Мекемтас ағама хат

Бисмиллаһи Рахмани Рахим.

Қадірлі Мекемтас аға!

Бұл хатты Сізге жазуға арамыздағы екі жағдай қамшылап отыр. Бірі, осы жақында ғана өзіңіздің қолыңызға апарып тапсырған; «Абайдың «Хауасы» туралы ғалым мен ілім не дейді?»- деген менің қолжазба мақаламның соңында келтірген;  «...Мекемтас ағаның бұл кітабын алға ұстап отырғаным, кезінде ғалым ағамыз докторлық дисертатциясын да «Мұхтар Әуезов және Абай тану проблемалары» деген тақырыпта қорғаған. Қазіргі ғалымдар мұндай қиын тақырып пен проблемаға оңайлықпен бара бермейді. Осы тақырыпты көтеріп шыққан ағамызға тағы бір жүк артсақ қажымай көтерер деген ой. Алла - ілімшілерді өзі таңдайды. Абайға осы күнге дейін ақын ретінде қараймыз, ал ілім иесі, ілімші ретінде сөз қозғаған ғалымдар бар ма?

Мақаламызда «Алла - ілімшілерді өзі таңдайды»- дедік. Абайды Алла ерте таңдады. Оның нақты дәлелі «Әлифби» (1864 ж) өлеңі. Бұл өлеңін ақын Семей медресесін тамамдап, еліне қайтып келгеннен кейін бозбала шағында жазған. Арабтың 29 әрпінің әр біріне бір жол арнап, тіпті, араб жазуында қолданылатын белгілерін де өлеңге қосқан. Бұл ілімшіге ғана тән жазу стилі. Алла дана Абайды ерте ілімге сүйреген, бірақ жалған қызметін  атқарғанды мақұл көрген Абай нәпсінің дегенімен 18 жыл болыс би болды... Осынысына өкініп;

Қайғы шығар ілімнен,

Ыза шығар білімнен.

Қайғы мен ыза қысқан соң,

Зар шығады тілімнен - деуі бұхара халқының тағдырынан да бұрын, алдымен өз тағдырына налып, бармағын шайнаған қайғысы емес пе екен. Тіршілігінің соңғы жылдарында дін туралы жазған «Қара сөздерінен» басқа, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім»...- деген өлеңдері тұяқ серпір өкініші, өмірінің соңындағы бірінен соң біріне ұласқан трагедиялардан төгілген запыраны емес пе. Абайдың ішкі қайғысына осы қырынан қараған ғалымдар бар ма?

Маған осылай ойлай отырып, таяуда ғана қазақ ғалымдарын атадан қалған дәстүрлі діні мұсылмандыққа шақырып; «Ағрафта ат ауыстыруға қалайсың, академик Ғарифолла Есім мырза»- деген мақалама жалғастырып, екінші мақаланы Өзіңізге арнап,  Мақала-хат жазсам ба деген ой келіп отыр. Алланың разылығы мен әмірі болып жатса бұл мәселе де халыққа қажет  сияқты. Ағамыздың ықыласы қалай болар екен?..» деген түйінім. Осы түйін пікір мақалама текке ілікпепті...

Екінші жағдай,  бір таныстардың әңгімесімен сіздің интернеттен; «Толық адам жайлы толғаныс» атты мақалаңызбен таныстым. Мақаладағы мына үзіндіге бірден назарым түсті.

«...Қазақ әдебиеті тарихында ізгілік идеясына сүйенген кемел адам (Камили инсони) туралы ой алыптарынан қалған рухани мұралар желісінің іздері деп мыналарды атасақ жөн болар: 

1) Алып Ер Тонаның «Ақи немесе жомарттық» ілімі(б.з.д. 7 ғасыр),
2) Әл-Фарабидің парасатты адам ілімі (Х ғасыр),
3) Жүсіп Баласағүнидің жәуанмәртілік ілімі((Х1 ғасыр),
4)Ясауидің хәл ілімі (ХІІ-ХІІІ ғасыр),
5) Абайдың толық адам ілімі (ХІХ ғасыр соңы),
6) Шәкәрімнің ар ғылымы (ХХ ғасыр басында).

Осыларды – бірімен бірі табиғи тұрғыдан жалғасып, дәстүрге айналып қалыптасқан ізгіліктің өзекті ғылыми желісі жатқан рухани құбылысты толық танып ғылыми тұрғыдан оқырман атаулы қауымға насихаттау–абайтану саласындағы өзекті, ең басты міндеттеріміз ретінде алға қойылуда. Өйткені бұл мәселені, яғни ғажап рухани құбылысты президентіміз Н.Назарбаевтың сөзімен кестелесек: «...Халқымыздың рухани жаңғыруы осындай ғылыми, көркем ой-санамыздың шығу тегін танудан басталуы тиіс. Көненің көзіндей болып жеткен осындай асыл қазыналар халық игілігіне жаратылып, жаңа заманның адамдарын тәрбиелеуге қызмет етуі қажет» (М.Қашқари «Түрік сөзі», 1997 жыл, 2-том) деп нұсқауы – әлі де толық танылмаған Абайдың толық адам ілімін бүгінгі жаңа талап, жас ұрпақтың санасына сіңірудің міндетін алдымызға қойып отырған парызымыздай сезінеміз...» деп одан әрі сол ойыңызды талдап жеткізесіз. Жалпы, осы екі жағдай да менімше бірімен бірі сабақтасып жатқан дүние болып көрініп отыр...

Мекемтас аға, менің сізбен ұшырасып, танысқаныма бар жоғы төрт бес айдың жүзі болды. Осы  уақыт көлемінде үш рет жүздесіп, қолыңызға оқшау хабар, Ғайыптан соңғы екі жылда маған амал болып түсіп, баспадан шығып үлгерген бес кітапты, әсіресе соңғы басылым «Діни ілім – ерекше ғылым» кітабы мен соның «Әліппе» танымдық оқулығын сүйіншілеп жеткізгенмін. Жеткізе тұрып бұл кітаптың – әрісі антикалық, Сократтық, Аристотелдік, Платондық және Батыстық, Шығыстық ғұламалардың, берісі ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Орта ғасырлық ғұлама ғалымдар мен барлық дін қайраткерлерінің еңбектеріне ұлы төңкеріс-қозғалыс алып келгенін, тіпті бүгінгі білім, ғылым және ілім иелерін де селт еткізер мұғжиза дүние екенін ескерттім. Соның жауабы болар соңғы ұшырсуда;

- Сенің бұл жер әлемге келген, өзім мойындаған, «құбылыс кітаптарыңды» оқырманға қалай түсіндіріп жеткізе аламыз, бұған қазіргі адамдарды түсіндіріп иландыру қиын, олар аянды қабылдай қояр ма екен?- дедіңіз сабырлы мінезіңізбен. Мен;

- Аға, барлық «құбылыс- ілім» - көкте, Құран да сол ғайыптан аянмен келген - нұр. Сол Кәләм Құранға да күні бүгінге дейін сенбейтіндер жетерлік. Ақыл иелірі деген ғалымдар да, тіпті намазқандар да солай. Бірақ, Алланың  сүйікті діні Исламның Құраны сол адамдар сенбегенімен бір қаріпі де өзгермеген қалпы тіршілік жасап, жер әлемде  нық қадам басып, адамзатты тәрбиелеп келе жатқан теңдессіз ұлы қазына. Осы туралы  Алла тағалам;

- Ей, Мұхаммед (с.ғ.с), сенің міндетің аян арқылы жеткізгенді насихаттау ғана, ары қарайғы тірлік менікі... - деп сол Құранда ескерткен жоқ па. Сол кітапты пайғамбарымызға жолдап, оның қасиетті кітап екендігін және тақуаларды тура жолға бастайтындығына күмән жоқтығын ескертіп,  көкте  адам баласын Жаннатқа жаратып, Адам Атаға жұмақтан қуылғанда; «Жаннатқа қайтып кел - деп жібергенде - Мен саған артыңнан кітап беремін, сендерге пайғамбарлар жіберемін, сол жолды көрсетемін»-  деген антын орындап, күллі мүмін мұсылмандарға жеткізді емес пе? Маған аян арқылы түскен ілім кітаптары да ғайыптың аманаты. Менікі сол аманатты жамағатқа «ғайыптан қабылдап алдым»- деп жеткізу ғана. Ары қарайғы тынысы мен тіршілігі - Аллаға аманат. Сіз де Алланың разылығы үшін ниет етсеңіз, қолыңызға тиген ілім кітаптарына өз көзқарасыңызды білдіріп жатсаңыз, тіпті ілім туралы  өз ой пікіріңізді  айтсаңыз, дін үшін сауапты тірлік жасаған болар едіңіз- деп қана кеткенмін. Бұл сөзімде - негізінен ілімге салмақ салынған болатын, ілім туралы әңгімелескім келетіні ескертілген.

Осы орайда бұл хат-мақалада  бірімізді ғалым, біріміз ілімші ретінде әңгіме өрбіткенді мақұл көріп отырмын. Ілім мен білім, білім мен ғылым, ілімші мен ғалым деген сөздерге ғайыптан жеткен, қолыңыздағы «Ілім әліппесінде» мынадай тұжырым  айтылған;

«...Дін - адам баласын  Жаннатқа бастар жолға шақырар дүниені білім деп үйретеді. Алдымен білім, ал білімнің атасы - ілім. Білім мен ілім екеуі екі дүние. Ілім көктен түседі және ерекше таңдалған адамдарға ғана. Олар ілімшілер аталады. Олар алған ілімдерін білімшілерге тарқатады.

Білімнің екі түрі бар; ол ішкі ұғым және сыртқы түсіндірілім. Ішкі ұғыммен адам киініп түссе, екіншісі - ұғындыру. Іштен біліп келдік бәріміз. Осы жолды көрсететін сырт күштері бар. Біз адамның кім екенін білеміз. «Адам қайтып өмір сүру керек?»- деген сауалда, адам ең алдымен Алланың; «Артыңнан кітап жіберемін саған, мен көмектесемін» - деген Құрандағы уәдесіне жүгінуі керек. Алладан басқа сен ешкімге жүгінбейсің. Әруаққа да, тасқа да, пірлерге де, басқаларға да, тек Алланың жолына ғана жүгінесің. Сол жолды көрсеткен пайғамбарлардың жолына ғана жүгінесің. Олардың көрсеткені дұрыс жол.

Түбінде адам өледі. Сонда мәңгілік өлмейтін Құдай тұрғанда  неге адамдар кешірімді Құдайдан сұрамай, қасында жүрген піріне қол беріп содан сұрайды. Біздің алдымызда өткен пайғамбарларымыз бар, солардың жүрген  жолдары бар емес пе, неге сонымен жүрмейді. Осы қысқаша ғана дүние - білім екен.

Білім - Жаннатқа жол. Ал енді білімсіздік - дозаққа жол. Алла тағаланың адам  баласынан сұрайтын ең бірінші білімі дін. Алдымен дінін танысын, екінші ұлтын танысын, үшінші біліміне сай  халыққа қызметін дұрыс істесін дейді. Осы үшеуі адам баласының бойында бар, Құдайдың сұрайтын дүниесі. Сен дініңді танымай, ұлтыңды танымай, елге қызмет ете алмайсың. Дініңді сыйлап, сол жолмен жүрмесең бақытты болмайсың. Ұлтыңды силап сол жолмен жүрмесең сен еліңе қорған бола алмайсың. Алған біліміңмен халыққа адал қызмет етпесең, сен харамданасың. Халыққа қызмет ету деген не? Дінге қызмет ету!

Ғалым деген кім? Ғалым ең алдымен Алланы өзі мойындап, содан соң басқаға үйрете алатын  немесе айтылғанды қайтып орындау керектігін түсіндіретін адам. Біздің біліміміз де, ғылымымыз да – Құрансыз дамыса ол ғылымға да, білімге де жатпайды.

Ғайып деген не? Ғайып - адамның көзіне көрсетпейтін, рұқсатсыз көре алмайтын дүние. Сол Ғайып та адамға арналған. Бірақ – Алланың таңдаулыларына,  Ғайып деген «таза Аллаға жол»- деген сөз. Біздің қарғыс атқаннан айырмашылығымыз, әлі де қасиетті Ғайыптан алатын іліміміздің бар екендігі».

Қолыңыздағы Әліппе осылай дейді! Бұны сіз оқып отырсыз. Соны біліп отырсам да, сол кітаптан үзіндіні келтіріп отырғаным, осы мақала- хатты сізге жаза отырып, жерден Ғайып мектебі мен кітапханасын ашып, қатарымызға ел ішінен ілімшілер тартуды да ниет етіп отырмын. Қазіргі бұхара  - ілімнен хабарсыз ғой. Тағы бір үзінді. «Ілім әліппесінде»; «Ілім – ерекше ғылым, ол тек Алланың қалауымен»- деп көрсетіліп, сол  Ілімнің иесі Ғызыр ғалейһи уа салламның есімі ерекше аталып көрсетілген. Осы орайда,  Жаратушының Әмірімен Ғызырдың (Жаратушының Әмірінсіз ешбір тіршілік өздігінше іске аспаған және аспайды да. Б.А.) кей адамға қонатынын, жолығатынын, онымен сұхбаттасып әңгімелесетінін жоққа шығаруға болмайтынын алға тартамын. Сондай бақытты пәнденің бірі ретінде бүгінгі Хатты жазуда мен Ғызырдың кеңесін ғана емес, оның Ғайыптан жеткізген әңгімесін де осы Хатқа толығымен пайдаланып отырғанымды алдын-ала Сізге ескерткім келеді. Сонымен алдымен сөз  ҒЫЗЫР ғалейһи уа салламда; 

«... - Сен ІЛІМ деген сөзді үлкен етіп жазшы. Бұдан соң БІЛІМ, ҒЫЛЫМ, ІЛІМ деп тағы да үлкен әріптермен жаз. Осы үш сөздің діңгегі біреу – дін!  Діннің қолыңдағы нақты көрінісі не – ҚҰРАН! Құран - Алланың сөзі, оның өзгермеуін Алланың өзі қорғайды. Сондықтан біз де ілім туралы өз сөзімізді осы Құран аясынан шығармай ұғындыруымыз керек. Ол үшін Құрандағы "Кәһф" сүресінен 65 аяттан бастап 83-ші аятқа дейін өзің ашып, дауыстап оқып шық;

-65. Сонда екеуін жартастың қасында Біз рахым еткен және білімімізді үйреткен құлымызды кездестірді. 66.Оған Мұса (ғ.с.); "Мен сен білетін білімді үйрену үшін, саған еруіме бола ма?"-деді.  67. Ол; " Сен маған еріп жүруге шыдамайсың ғой"-деді. 68. «Сырын білмейтін жағдайлар кездескенде сенің сабырлық сақтауға шыдамың жетпейді»-деді.  69.Мұса (ғ.с.) "Алла Тағала қаласа, мен сабырлы болармын. Сенің істеріңе қарсы келмеймін"-деді. 70. Ол; "Егер маған еретін болсаң, өзім айтпайынша менен істің жайын сұрама"- деді. 71. Сөйтіп екеуі бірге жолға шығады. Келе жатып ол бір кемені тесе бастайды. Мұса (ғ.с.); "Кемедегілерді суға батыру үшін тестің бе? Сен өте ауыр қылмыс жасадың"- деді. 72. Ол; "Менімен бірге жүруге шыдамың жетпейді- деп едім ғой саған"-деді. 73.Мұса (ғ.с.); "Ұмытқан нәрсемді есепке алмашы. Ол үшін мені қолайсыз жағдайда қалдырмашы"-деді. 74. Екеуі келе жатқанда  оларға бір ұл бала кездеседі. Ол баланы өлтіреді. Сол кезде Мұса (ғ.с.); "Сен жазықсыз біреуді өлтірдің. Өте ауыр қылмыс жасадың"-дейді. 75. "Сен менімен бірге жүруге шыдай алмайсың -деп айттым ғой!»- деді. 76.Мұса(ғ.с.); "Егер бұдан кейін сенен бір нәрсе сұрасам мені ертпеуіңе болады"-деді. 77. Екеуі тағы бірге жүріп, бір қалаға жетеді. Қала тұрғындарынан тамақ сұрап еді, олар екеуін қонақ еткілері келмеді. Қаланы аралап жүріп бір құлайын деп тұрған үйді көрді. Сосын оны тіреп жөндеп қояды. Мұса (ғ.с.); "Егер қаласаң, сен бұған ақы алар едің"-дейді. 78. Ол; "Сен екеуміздің бөлінетін кезіміз жетті. Мен енді сенің сабырлық етуге шыдамың жетпеген нәрселердің мән-жайын айтайын"-деді.  79. Бұл кеме теңізде кәсіп істейтін кедейлердікі болатын. Арғы бетте барлық бүтін кемелерді тартып алатын патша бар. Сондықтан мен оны ақау жасап тестім. 80. Өлген баланың әке-шешесі мүміндер еді. Ол өскенде әке-шешесін діннен бездіріп, оларға құлшылық еткізбей, қарсы шығатынын сезіп, содан қорықтым. 81.Раббылары әлгі баланың орнына ниеті дұрыс, мейірімді, таза перзент беруін қаладым. 82.Ал біз жөндеген үй осы қаладағы екі жетім баланың үйі еді. Ол үйдің астында ол екеуіне тиесілі қазына бар еді. Олардың әке-шешелері жақсы кісіден болғандықтан, Раббың ол екеуі ер жетіп, қазыналарын өздері тауып алуын қалады. Бұл - Раббының рахымы еді. Мен бұл істерді өздігімнен істеген жоқпын. Міне, осы сенің сабыр сақтай алмаған сұрақтарыңның түсінігі. ("Кәһф" сүресі).

Бұл - менімен  Мұса пайғамбар екеуміздің арамыздағы Құранда келтірілген әңгіме. Мен - Жаратушының әмірімен  Ілім иесі болғандықтан  ілімді саған осы аяттармен түсіндіргім келіп отыр.

Осы үш оқиғаның ішіндегі әңгімені бала өліміне байланысты оқиғадан бастайын. Аятта Мұса менімен кездескен кезде, менің келе жатқан баланы өлтіруім туралы айтады. Сол кезде ол мені көзімен көрді және болған жайтты  білді. Енді осы оқиғадан ғылым деген мағананы шығаралық. Ол маған қарсы сұрақ қойды да, менен жауап сұрады.

- Сен неге, не үшін өлтірдің? -деді. Ол біріншіден менің өлтіргенімді біліп қана қойса, ал енді екіншіде ол менен "Сен не үшін өлтірдің?" деп сауал қойды. Бұл орайда онда  қорқыныш та, қызығушылық та болды. Ал осы екі деңгей – білу мен анықтау, ол  адам баласы мен пайғамбарларға берілген дүние. Ондай болса мына дүниенің немесе оқиғаның неден пайда  болғанын білдің, оны білесің, бұл – білім. Бұдан соң келесі сатыда көзіңмен көргеніңнің қызығып- ар жақ, бер жағын ашып, соны қабыл етесің. Енді бұл арада оқиғаны зерттеу ретінде өзіңе қабыл етесің. Болған нәрсенің екжей-текжейін көзбен көріп, зерттеу арқылы  қабыл ету бұл – ғылым.  Осы екі дүние - білу мен анықтау, немесе білім мен ғылым  жер бетіндегі адамдарға, пайғамбарларға берілген.

Маған, Ғызырға берілгені, осы екеуінен тыс ерекшелік, ол - Ілім.  Мұса осы Ілімді ұқпады. Оны Жаратушының өзі бермесе ол ұға алмайтын еді. Себебі ол оның көз алдында болып жатқан жағдайға шешім айтуда - ол Ілімге қателеседі. Оның ойынша ол жерде мен Ғызыр - адам өлтіргіш, жауыз ғана  болып тұрамын, тіпті Құдайға қарсы, имансыздық  қимыл жасап тұрған болып тұрмын ғой. Әрине, ол - оның ойынша. Ғылыми түрде ол тек соны ғана айта алады. Ғылыми түр мен тілде; "Бұл адам нақақтан адам өлтіруші"- деп қана маған анықтама бере алады. Ал Ғызырдың ол баланың неге өлтірілгені, ол адам өлімінің не үшін қажеті болғаны, ол адамның ол жерде тағдырында не деген жазу бар, Мұсаға ол жерде ол Ілім ретінде берілген жоқ. Мен Аллаһтың әмірімен ерекше Ілім иесі ретінде, ол баланы алдын-ала өлтірілу керек болған соң, көктің берген Әмірімен өлтірдім. Себебі ол; «мына жерде ағып келе жатқан судың алдында кедергісі болмасын» - деп алып тасталынатын зат тәрізді болғандықтан, алдын-ала оның тағдырын көріп тұрғандықтан жасалды. Ондай болса - Ілім деген, ғалым көрмейтін, көре алмаған, оны өзі ойлап дәлелдей алмайтын таңдаулыларға ғана берілген  дүние. Ғалымдар қанша жерден шуласса да, таласса да, ғылыми өз дәрежесінде ғана қалады. Ілім дәрежесі - ол өте биік, оны Білім мен Ғылымға қарағанда, ЕРЕКШЕ деп айтады».

Міне, Ғызырдың ілім жайлы маған жеткізген  әңгімесі. Ғызырдың осы сабағы менің әрдайым айтар әңгімемнің «Фатихасы», кілті. Ілім туралы жазылған барлық мақалаларымда пайдаланып келе жатырған бағдаршамым. Қайталамасқа әзірше басқа жол жоқ... Мен діни тұрғыда өз жолымды берілген осы қасиетпен ғана ілім жағынан көре аламын. Аллаһ Тағала бізге Құранды берген кезде,  «ақ пен қараны шешіп үйрен»- деп айтқан, бұл бізге берген ғылым - дін ғылымы. Ал мұның артындағы ілім таңдаулыларға берілген. Ол қазіргі құраннан келтіріп отырған мысалдай пайғамбарлардың да көбіне берілмеген, әулиелер сол ілім жағынан ерекше білім алғаннан  кейін барып ғалымдықтан өтіп, әулиелікке көшкен. Әулие - бар.  Әулиеде биік деңгей бар. Аллаһ Тағала тұтас ілімді Ғызырға бергендіктен, сол рас болғандықтан, бізде әулиелер дамыған. Әулиелер - көзбен көрген ғылыми дәлелдің артын іліми ерекше дәлелде көре білетіндер! Біз «қара» -деп көргенді олар «ақ»- деп жеткізе білгендер. Біз «ақ»- деп көргенді олар «қара»- деп жеткізе білгендер. Осыларды ілім иелері деп айтады. Менің сүйенетін, айтатын дұғам  Аллаһтың осы сөзі.

Енді осы жерде, Йәссауийге пайғамбардың амантын жеткізуге келгенде өзімен бірге Ислам діні тарқаған жерден 718 кітап көтеріп келген («Шәсім немесе жылан терісіне жазылған дініи жылнама» кітабынан. 9- бет. «Үш қиян баспасы, 2015 жыл.)  Арыстанбаб сахабаның  маған оқытқан ілім кітабынан мына бір үзіндіні тағы келтіргім келіп отыр;

«Ілім жеті түрде келеді; бірінші түрі, ол сол ілімді алып туылған болып туыласың, Ол Аллаһтың әмірімен. Екінші, сен өзің іздену арқылы сұрайтын ілім, Алладан жалбарынып сұрағанда беретін ілім, үшінші, Аллаһ өзі таңдаулыларына адам арқылы, періште арқылы, жан-жануарлар арқылы, түстер арқылы, жіберетін ілім, төртінші, толтыру ілімі, сен сөйлеп айтқан сайын орыны келтіріліп отыратын ілім. Сен осыдан өттің. Бесінші, Нақты уайымда отырсың сен, «қалай отырмын?»- деп ойлайсың. Сен Аллаһтан сұрадың, Аллаһ тіке саған айтып жатыр. Аллаһ қашанда үлгереді ілімін беріп сендерге, үлгіріп жатады, үлгіртеді, үлгіртіп аяғына апарады. Одан кейінгі алтыншы, ілім ол өтеді, рухтар қонған кезде, рухтандырған кезде, сен басқа ілімдіні рухтандырған кезде ол саған қапталады.  Жетінші, өзің рухқа айналып барып, Кітап оқып келесің. Мұны ТАҢ БІЛІМІ білімі тармақтары дейді, балам. Адам Ата да сондай іліммен пайда болғандықтан нұрланып тұрған. Мұның бәрі – нұр, бәрі бір-ақ – нұр. Аллаһтың өзінің өлшеп, қиып, кестелеп берген дүниесі.

Мынау Ғызырдың маған Алматыдағы Ислам университеті шейхімен кездесуге барарда алдын-ала жеткізген әңгімесінен үзінді. «...Ғалым мен ілімдінің айырмашылығы - ғалымдарда сабырсыздық бар. Оларда - сабырсыздық, тәкаппарлық, менмендік бар. Жәбірейіл саған үнемі не дейді, "ашулансаң да ризамын"- дейді. Себебі сенің аузыңнан қазынадан сөз шығуда. Мұны бұрмалап жатсаң да, сен Тәңірімнің сөзін айтып жатырсың. Себебі сенің жаныңда Аллаһ тұр.  «Алла разы болсын»- дейтініміз Аллаһ отырады қасыңда. Сен де Жәбірейіл сияқты басқа адаммен сөйлескенде, оны қоштауыңда, құптауыңда ғана ұтасың. Дінде қарсылыспайды. Дінде қоштайды, қол ұстасады, бірігеді. Сонда ол сені қабыл етіп тыңдайды. Ондай болса сен қолыңды салып, онымен қол ұстасып, ұстану, дінді, ғылымды, іліммен жалғауда  дәнекерлік қызметін жасайсың.

 Ғылымға қарағанда  ілім мәселесі ол шексіз, ғылым мәселесінде деңгей бар, білім мәселесінде де деңгей бар. Оны сен өз аузыңнан ұлықтағайсың.  қандай сұрақ болса да, «мен сол сіз қабыл алтындай жағдайда, түсіндіріп бере аламын» -дейсің.

Міне, Ғызырдың үйреткен сабағы.  Алла Тағаламнан тікеден-тік қабылдап алып, жарыққа шығарған «Аллаһтың маған аяны» («Қазығұрт» баспасы, 2015 ж.) атты кітаптағы Құранның 114 сүре тәпсірі маған делдалсыз түсіумен бірге,  сол Ілімді үйретуде «Әс сабур» ілімін жүргізген  Жәбірейіл ғалейһиссалам періште мен Ғызыр ғалейһиссаллам қатар ұстаздық етті.

Сонда маған Жәбірейілдің айтқаны бар;

«... Кейбіреулер сенің сөзіңе орай; «Оны бізге шайтан айтады, жын айтады"- деген мәселені қозғайды, оларға айт;  Адам баласын жын да, шайтан да көріп тұрады. Оны адамдар көрмейді. Олар жүрегіміздің қобалжуына жақын тұрады. Біз қобалжи бастасақ олар, жанымызға жедел келе алады. Себебі олар бізді аңдуда, ібіліс те, шайтан да білім алған. Ал ілім - оларға дарытылмаған. Аллаһ  нақты тақуа мен нақты мүмінді  Құран сияқты сақтайды. Ал енді кішкене ғана сенбеген адамның жүрегіне ол  кіріп кетеді. Ол менің сөзім емес, Аллаһтың сөзі. Себебі аятта осылай айтылған дұғалар бар»- деді.

Осы ілімді ала отырып мен рухтың қасиетін ұқтым. Аллаһтың аяттағы сөзі; "Кім келсе де, ей Мұхаммед(с.ғ.с.), оны сен тазарт, ниет етіп келген болса"- деуіндегі тазарту сөзін енді түсіндім. Тазарту, аршу, мен мыңдап оқитын аяттардың жанында, қайталап оқитын дұғалардың жанында, мыңдап «Фатиха» оқитын болса, соның сан есесі,  бір оқыған сүремен тепе-тең түсетіндігін аңғардым.  «Фатиханы» оқып сәждеге жығылғанның артықшылығын ұқтым. Бұның маған жеңілдігін Аллаһ түсіндірді. Себебі мен қандай молдаларға жүгінсем де,  ғалымдармен сөйлессем де, олар маған сол Аллаһ айтқан сөзді реттеп, не айтқысы келіп тұрғанын, не айтқанын,  өзінің ғылми деңгейінде ғана жеткізді. Ал іліми деңгейде мен оны түсінбегендіктен, Құранды ғана солардан сұрайтынмын. Ал енді ілім дәрежесінде маған түсіндіргенде мен күллі ұрпағыма да, күллі мұсылмандарға да, Құран біздің тағдыр екендігін, расында да  жоғарғыдан келген кітап Құранмен жалғас екендігін, ондай болса Құранды оқи отырып сен Аллаһтан сұрап өз тағдырыңды өзгерте алатындығың мәселесінде -ілім бетін ашу арқылы алатынымды Аллаһ маған үйретті.  Ол уақиғалар жоғары жақта жазылғандықтан тоқтаусыз маған айтылды. Менің дәрежем ғылымдықты қабыл етпейді екен. Ақ пен қараны мен  Құраннан көрдім. Менің  денем және өзім де жазатын болғандықтан, Аллаһ мені осылай жаратқандықтан, мен Аллаһтан артық сұрап жүрген шығармын, сол себепті де Алла маған, осыны жіберді. Сансыз пердесімен сөйлессе де Құдайдың өзі біледі, жанымда отырып сөйлессе де Аллаһтың өзі біледі. Бірақ менің алдыма шынымен-ақ Аллаһпен сөйлесу мәселесі қойылып, Тәңірім маған осыны жік-жіктеп, бір талдап, әр аятты түсіндіргендіктен, мен осыны қабыл алдым.

Мен алғаш әулиелерді араладым, соларға барып дұға қылдым, олардан мен  ештеңе сұрамадым, қайта солар үшін Алладан тілек тіледім. Бірақ та олар да сол мен тілеген дүниені Құдайға  жеткізгеніне кәміл сенемін. Себебі "Шын Алланы сүйген құлдар, өлмейді"- деп Аллаһ  айтқан.

Ғайып кітабы мыйға  құйылады, нақты ісіңде қапталады, сосын отырып та, тұрып та майдай шайқауға тура келеді. Майын алып аузыңа сала бересің. Ғұлама болсын, кім болсын, қандай ғұлама болса да кітапты осылай алады, тоқтатпай алады. Бұл - Аллаһтың құдіреті.

Осы Ғызыр әңгімесінің соңы мынандай болды; Жер жүзіне, күллі жер бетіне тазарту мәселесі келіп жатқандығын дәлелде. Алла Тағалам, Тәңірім арқылы білім алыңдар деп айтқан.

Екінші, Сіз «Толық адам жайында толғаныс» атты мына мақалаңызда «...Қазақ әдебиеті тарихында ізгілік идеясына сүйенген кемел адам (Камили инсони) туралы ой алыптарынан қалған рухани мұралар желісінің іздері деп  Алып Ер Тонаның «Ақи немесе жомарттық» ілімі, Әл-Фарабидің парасатты адам ілімі, Жүсіп Баласағүнидің жәуанмәртілік ілімі,Йәссауийдің хәл ілімі, Абайдың толық адам ілімі, Шәкәрімнің ар ғылымы бірімен бірі табиғи тұрғыдан жалғасып, дәстүрге айналып қалыптасқан ізгіліктің өзекті ғылыми желісі деп  әр дәуірде өткен ғұлама бабалар еңбегін ілім деп жазып, іліми дәрежеде, ілімші ретінде емес, әдебиетші тілші ғалым ретінде  ғылымды ілім деп ұғындырыпсыз. Менің айтпағым, өзіңіз мысалға келтіріп отырған  ғұламалар, өздері өмір сүрген заманының кемеңгер данышпандары. Оған  дау жоқ. Ғалымдықтың жоғары деңгейіне жеткендер тиісті ілімнің түсетінін сезінгендер. Бірақ ілім деңгейіне жетпеген сияқты...

Осыны зерттеуге қаншама уақытыңызды сарп еттіңіз, еңбектеріне баға беріп,  осы мақаланы жазған сіздің де ғылымдағы орыныңыз ерекше. Бірақ, бұл данышпан бабаларымызды діни деңгейдегі ілімші деп айту үшін іліми дәлел керек. Осылай айтқаныңыз үшін – «сіздің тарапыңыздан кемшілік орын алған»- деп айтуға менің құқым жоқ, себебі қазіргі таңда біздің елімізде дін жанашыры атанып, соның нанын жеп жүрген теолог ғалымдардың өзі, ғылым мен ілімді, ғалым мен ілімшіні бөліп қараған емес. Өйткені, күні бүгінге дейін елімізде ғылымның төресі - ілім өз атаумен дараланбаған. Өз шаңырағын көтеріп бөліп тікпеген. Ілім – әлемге келген құбылыс! Ол жер бетіне ғайыптан енді түсіп жатыр.

Мен осы данышпандардың ішінде өзіме жақын екеуі - Фараби мен Абайға байланыты мынадай пікірді жеткізгім келіп отыр. Бұдан бұрын Фарабидің 18 жасында алғаш Аллаһпен сөйлескен хатын академик Ғарифолла Есімге жазған хатымда мысалға келтірген едім. Қазір менде Фарабидің  аян жолмен түскен «Рух туралы»  жинағы баспаға әзір тұр.Осы жинақтағы «Ой туралы» жеткізген мына пікірін ортаға салғым келіп отыр.

ӘЛ ФАРАБИ ҒҰЛАМА;Ассаламу уа алейкум. Ойың – терең,  адам - ойдан құралған. Ниетіңе қарай салынған мінезің бар болған. Адам болып туылып, адам болып өлу бәріңнің маңдайыңа жазылған. Жолын тапсаң бір уыс миың бар сүйегіңмен қапталған. Мүмкін де болса соны дұрыс қолданар болсаң сенің жайтыңда адаспас едің. Бүгінгі күннен бастап, дозақтың ағашын таласып неге бөліп жатсыңдар демекпін.  Біреу сендерге соны үйіп төгіп кесіп тағайындап беріп жатқан сияқты, сендер барынша жинап алып жатқан сияқтысыңдар. Ілім қалды, ілім жайына қалды. Ілім баяғыда жабылған. Ілім алатындар оның шет жағасында ғана жорғалаған. Бірінікін бірі өстіп үйіп, ұқсатып қана өзгертіп қойған. «Рас-ау мынаның айтқаны, анаған келеді екен ә»- деп салыстырмалы айтып жүрген.

Жоқ, саған беріліп жатқан мынандай ілімге ешкім кіре алмаған. Алғашқы қалам қолға ұсталғанда - терең жазылған. Қорқасың, сөз тірі, түсіруге қиын, қорқасың оны айтқанға. Ішіңде тұрған жазу одан қорқынышты емес пе. Ал енді бүгінгі жазғандар не жазып жатыр, қорықпай қалам кете береді-ау кең көсілген. Оның бәрі тіріден келіп жатыр емес пе?

Бүгін арнайы келдім, жазып жатқан «Ақ кітабың» құтты болсын. Алла бекер жиілетіп салмаса, 114 әңгімең әр дүниенің ішін қаптаса, іші сыртын түгендесе, бір кітап ілім болып қосылар еді соны ұққан адамға, соның бала шағасына.

Қызық, күннің астында тұрып, оның жылулығын сезіп тұрып, соның барлық жақсылығын алып тұрып, соның күшті от болып жанатынын біліп тұрып, «сол мәңгілікке тұрып қалады» - деп қалай ойлайсың? Айды көріп тұрғанда бір кішірейгенін, бір үлкейгенін, түнде жұлдызды да көріп тұрсың. Соның бәрі мәңгілік қалады деп кім айтты? «Соны жаратқанда арғы жағында біреу жүр емес пе?»-  деп ойлауға болмай ма? Түбі соның сұрағы бар емес пе екен. Ондай болса «Не үшін  мені демалдырып, не үшін күн беріп жатыр, неге келдім?»- деген сұрақ содан бастап тумай ма екен? Сен өзің адам болып келе жатырсаң, күн жылытып тұр жүрегіңді Құдай жылытқан. Аш қалмасын деп әр жерде тұрар ас тамағыңды дайындаған. Қазып же, үзіп же, суырып же, суын іш, ол да саған арналған. Ондай болса «Неге келдім екен?»- деп ойлануға болмас па екен? Кетіп бара жатырған жол екен мына бір жаққа салынған. Ол да бекер емес, құр барып жүрген жоқ қой сол жолмен әр қайсысы қаңғыған. Егер де берсе Бір рұқсатын, алып келу үшін ғана барады емес пе, ондай болса сен де осы жолыңда бара жатқан, «Не үшін келдім?»- деп ойлануыңа болмас па екен?

Әй, таңның атысы, кештің батысы, болмаса басыңда Бір салған дүние, мақсатың болмаса, құр жүріп келуіңнің де пайдасы бар емес пе, не жоқ емес пе. Соны ойланып көрдің бе сен? Бұл кітап сені ойға салмас бұрын, «Йә, әл Фараби ойшыл адам, ойдың тереңдігі сенде жазылған, себебі сенің басыңа анадан келіп айтып жатыр емес пе, сансыз кітаптың сөзін Құдай салған, «не үшін келдім?»- деген. Барлық жерде ой тудырып жатыр емес пе. Үлкен Құран «Алламын мен»- деп тұрса, сен сол Құранды қабыл алуға ғана келдің емес пе.

Тағы бір ойға саламын, жарайды, білмедің, ешкім үйретпепті, шыққан дінді қарамапсың, сен емес, молда екен жасап жатқан. Йә, сен емес, мемлекет екен оны құрап жатқан. Сен не үшін келдің, онда сұрап алмасаң, кім екеніңді ойлап таппасаң, сол айтқан Алланың әңгімесін орындамасаң. Сен өзің жолды қалай табасың жалғыз қалсаң. Таптыратын бірақ Құран емес пе?  Ой қайда, алыс па сенен, ойың алыс па сенен деп сұрайын.

– Ой әрқашанда өзіммен бірге.

– Ондай болса неге алысқа ойланып кетесің. Жаныңда тұрған сұрасаң шешіп беретін, сол Құран емес пе?  Сұрақ қояды шәкірттер;

   - Ойшыл дейді сізді терең кетіп қалған. Есеппен жөндейсің бәрін реттеп қойған. Соның бәрі қатты ойланғаннан келетін шығар - дейтін маған. Жоқ, ол қатты ойланғаннан емес, оны қабыл алғаннан ғана келеді саған. Сен ойлан- ойланба, сен ойланған дүниеңді «алдым»- деп мойындамасаң, Алла ары қарай ойыңды ашып салмайды - дейтінмін оларға. Қатты ойлансаң миыңа қан құйылып кетер бір күні. Иә, сезерсің ойлаудың қатесін. Сен ақылға салып қойсаң, ыңғайлап реттер едің, сол ойға келтірілген дүниені ойыңа сақтай тұрып Құран ашсаң, жаңағының шешімін алар едің - деп оларға жауап айтамын.

Бір әл Фараби емес, мыңы да туылар еді, туылып болмай - өліп қалды емес пе. Туылып, болмай жатып өліп қалды емес пе! Бұл дүние бірақ әл-Фарабимен, иә бір ақынмен құралып тұрған жоқ қой. Ойланып, соны неге қарамадың? «Біреу туылып алма ағашты еккен екен, соны тапқан екен»- дейсің, сол болмаса табылмай қалушы ма еді? Әл Фараби болмаса сенің бүгінгі есебің шығарылмай қалушы ма еді. Қалай деп ойлайсың? Ойың қайдан? Алла тағалам, мені де, сені де, оны да, тек Құдайдың бергенін жеткізу үшін жіберді емес пе. Сол ойды енді  тереңдетер қасиетке өткен жоқсың ба. Сенің көшіріп жазуың да, Алладан сұрауың да, алған жауабыңның өзі сенің бір үлкен мақсатың емес пе. Арғы жағы не болатынын алдын ала саған жеткізіп берді емес пе. «Күш қуатым жетпей тұр, мен мұны үлгере алмаймын»- дегеннің өзінде, Аллам осының бәрін саған келістіріп реттеп жатыр емес пе. Амалы сен үшін ғана емес «Ақ кітапты» түсіргенде, өзгеге де Алла өзінің бар екенін айтып жатыр емес пе. Осыған қатты ой керек пе, миыңа қан құйылатындай. Осының бәрін саған не ашып  жатыр - Құран ашып жатыр.

Мүмкін сен өміріңде жазушы емес, керемет бір ақын, тіпті ақын емес, керемет бір әнші шығарсың, бірақ ашылмай кетіп бара жатқан. Мүмкін шешен шығарсың, мүмкін сенің жаныңда өзіңнің дене бітіміңде, ішіңдегі ойыңның тазалығы сондық, бір мемлекетті таза дінде ұстай алатын, ең үлкен патша кетіп бара жатқан шығар. Оған кім кінәлі өз-өзіңді аша алмасаң. «Жоқ, ол патшаның ұрпағы, одан патша ғана туылу керек»- деп кім айтты? Мың жерден патшаның ұрпағы болса да, солардан бір патша ғана дінді құтқарды. Басқасы құртып, сатып жатыр. Сонда сен қалай қарап тұруың қажет? Неге сен оймен қадірлеп алмайсың Алланың сөзін, соның бәрі бір айналғанда Құран емес пе? Бұл әңгімені Жаратушының Құранымен сөйлескенде, жазғанда сұрар, ұғар ол адам. Ойың қайда терең кетіп қалған, мүмкін болмаса сол әл Фараби, басқа да бір ақын жазушы одан да өткен мықты, солар туылмаса да, тіпті туылып аты жоқ болса да жасап жатыр емес пе.

Дін –оң қолың. Дін – сол қолың. Дін – басың, өзің, бүтін денең, аяғың, қолың. Бүтін  өзіңнің дүниең. Нәпсі де, барлық дүние де, миың да, сенің ойың да бәрі – дін. Діннің ішінде ең тазасы Алла сүйген бірақ дін – Ислам діні. Дінді айтқанда ол діннің тек жамандығын, бер жағын ғана көрсететін дейді біреу. «Алла сүйген діннің жамандығы бар»- деп кім  айтты? «Алла сүйген діннің қасіреті бар»- деп кім айтты? Алла сүйген діннен жамандық келді ме саған, өзгеге келді ме екен?  Келсе; «Ол сол дінді ұстанған деп кім айтты?». Алла сүйгенге қарсы  шығып, «Мен Алламын»- дегендер Алланың адамы екен деп кім айтты?

Бұл бір – тікен, тасқа гүл егіп қайған әңгіме сияқты сенікі. Себебі ең таза дін Ислам  болса, ал сол таза дінді ұстанған адам қандай болып кетеді, таза ұстансаң қандай болып  кетесің – таза боласың. Нұрланасың, нұрланасың! Дұрыс өмір сүресің, салмақты боласың, сені осы күнде Жаннаттың есігін ашып, келесі күні табалдырығынан аттап кете бере аласың.

Кішкентай ғана кітапша болған. Осындай ғана болған. Қалыңдығы осындай. Үлкен жұртта қалған. Аударып ала алмайсың ол сөзді бірақта, қысқа қысқа қылып он төрт сөзден әрқайсысы құралған. Осының бәрі бір күні сый болар саған, әәә, мұғжизамды көрсет, «берсем аламын» - деме. Бір бас, мың бас демеймін саған. Осы кітабыңды оңдатып алсаң, сол дүние ашылып Құдай берсе екен- деп тілеу қыламын. Ол кезде 14 сөзден құралған әр адамның тырнағынан бастап, шашыңа дейін айтылған дұғалар бар. Ол дұға деген жай сен түсінбейтін емес, бір ауызын айтайын, жүрекке қатыстысын саған.

Қаптап қойған Құдай оны, төрт тесіктен салған, кіріп шығар біреуі, дыбысы сенің жаныңды алған, отырады жүрегің бір қақпаны ұстаған, миыңа барар қаныңның тазалығын ғана қараған. Оқысам бұл дүние маңдайыма жазылған, «Нәс» сүресін Құдай сол үшін саған жаратқан. «Ән Нас»- деп оқысаң, тынысын екеуінен ауар болса да «Алла!»- деп жүректің қағуына қарай, сен ырғақпен оқы, Алла сүйген тілмен, әр оқылған ырғағың, біреуі жүрек сұрағын қақса, біреуі өкпе сияқты дем алған. Сүрелердің қасиеті денеңе қаптап жағылған.

-Іші бауырым ауырады, денім сау емес - дейсің. Асқазаныңды кесіп алып, лақтырып тастаған. (Ас қазаныма жасалған отаны айтып отыр. Б.А.). Өзіңді де кесуге жақын қалыпты. Ой болмаған ол кезде сенде ешқандай. Ойың жоқтықтан, өзгенің ойын тыңдағандықтан кесілген асқазаның. Біреудің сөзін рас болмаса қоштамауың керек, содан сақтану үшін ішкесің. Ағаттықты өзіңе жасап жатырсаң, ойыңды түзетер кім еді, аузыңды ашқанда арақ тұрғанда. Ондай болса сен діннен сол кезде кеткенсің. Келіп ізденуіңде енді ой бар ма салған. Себебі бір қалыпты келе жатырсың ойланып қараған. Енді бар қалғаның осы ғана өмір. Беріп жатыр Аллам, барған сайын сені нұрландырған. Тек дін ғана сені алып шықты, рас емес пе? Мың жыл өмір сүрсең де осыны айтамын.

Кілті болсын Жаннаттың қолыңда жарқыраған, балам. Кілтің болсын қолыңда бүгін де, ертең де қалған. Берерің болсын жұртыңа дінді толтырып айтқан. Алла сүйген бірақ дін - Ислам, онан басқа жол жоқ. Оймен ғана  Құдай оны ойлап салған. Ол  тұрады, егер де Аллам қабыл алмай қойса сені. Дініңді миыңнан алып кетеді. Онда өмірсіз, Жаннатсыз қалған қасіретті ібілістің досы болып қаласың.

«Өсиетті сөз тамырымнан өтер»- дейсің, ол сол ғана теңіз бе, иә не екенін білмейсің, от болып жанды, шоқ болып көктен қонған. Оның бәрі өтті, жара болып кетті демегін ешқашан. Сол белгі тек Құранда, қайталап отыр, жарығым. Алладан тілеймін асыл кітап, бұйыртылсын саған. Құдіреті күшті саған түскен «Ақ кітапқа» қуат берсін, өзгелер тынысын алсын, демін алсын, Исламына сүйінсін, еңіресін, жыласын, діндерін ұстансын, Алла Тағалам дінді олардан алып кетіп қалмасын, Алла саған жар болсын, балам. Ассаламу уа алейкум».

Бұл аян тәпсірлеуді қажетет етпес. Тәпсірлеуден  гөрі  құранды қалай таңдағаны туралы мына бір ілімінен тағы үзінді келтірейін;

ӘЛ ФАРАБИ;  «... Ілім.  Мен о бастан ілім іздегенде Құраннан ғана іздедім. Қайта-қайта оқи беріп, бір хабар Аллаһтан келе қалса «Бақараны» ашып қайта-қайта оқи берумен болдым. Бір хабар келе қалса, екінші сүреге өтіп, оны қайта-қайта оқимын. Ол оқығанда мен оны «сіңдірсін»- деп сұрадым Құдайдан. «Жалғасын берсе екен»- дедім. Өйткені ол жалғас маған мыйым арқылы Аллаһтан ғана келетінін білдім. Содан ғана ғалым болады адам. Соны Құдай маған дарытып берді. Сен де түс көретін болсаң, йә  рухтандыру жөнінде бабалар келіп, Аллаһ атынан келетін болса, Құранды ашып, ілім беріп жатқан Құранды ашып тұрып, соны қайта оқып өзіңе сіңдіріп алуға тырыс. Жұмыс деп соны айтады. Отыра берме, қызмет ет. Жазу да қызмет. Ал енді сол келгенді қабыл ету одан да өткен қызмет. Мен Құранды өстіп таңдадым».

Ал, Абай туралы бұлай кең көсіліп айта алмаймын, бірақ  Ғызырдың  маған айтқан; «Сенің Абай атты ақының бар, ол үлкен халық тағдырын қозғап  сабырлығын Құранға әкеліп тіреген» - деген тұжырымы бар.  Ғызыр осы ілімнің менен бұрынғы қабылдаған жеті мемлекет ілімшілеріне қонбағанын айтып,  «енді қалғанын жеткізу екеуміздің сауабымыз болмақ» (Бір бүтін құран – менің тағдырым». 23 бет, «Қазығұрт» баспасы, 2016 жыл)-  деуі мені байыз таптырмауда.  Демек, Абай туралы ілімді алдағы уақытта  көктен сұратып алуға болады.Ғайыптан бәрін сұрап алуға болады. Өйткені құранда Алла Тағалам; «Менен ғана сұра, мен ғана беремін»- деп айтқан . Алла әр қашанда антында тұрады. Мен әзірге көктен діни ілім, дінге қажетті соның оқулықтарын ғана сұрап алдым. Басқа нәрсені сұрауға батылып жетіп барған емес...

Осы жерде ілімге  байланысты айтылар тұжырым мен оның тарихы да шығып тұрған жоқ па. Пайғамбар мен оның төрт сахабасынан сұрап білгенім, маған сегізінші болып түсіп отырған – Исламдағы мұндай мұғжиза құбылыс, 1400 жыл көлмінде сирек те болса, бұрын да қайталанып тұрған көрінеді. Соңғысы, ислам дініне қатер төнгенде ақ пен қараны ажырату үшін 1913 жылы қараша айында Түркиялық имамға түсірілсе, алғашқы  алтауы Араб елдеріне  түсірілген.( «Аллаһтың маған аяны», 12-ші бет,  «Қазығұрт»  баспасы, 2015 жыл).Бірақ ілім ол елдерге қонбаған. Қабылдап алушылар төменгі деңгейлерде нәпсі жетегінде кетіп қалған. Сонымен, ілім дегеніміз тек қана Аллаһтың қалауымен тікеден тік Ғайыптан берілетін не Тәңірімнің өзі қалаған рухтары арқылы, Ғызырдың жетекшілігімен таңдаулысы болған мүміндер мен тақуаларға берілетін Ерекше ғылым.  Ілім – тек Аллаһтың қалауы екен.

Ғызырдың осы тұжырымы - сіз ілім иесі деп таныған ғұламалар ілім иесі емес, өз заманы мойындаған данышпандары екенін ғана жеткізетін сияқты. Ілім жер бетіне ерекше құбылыс болып ғайыптан енді түсе бастады. Алланың қалаумен қазақ жеріне түсіп жатқан осы бір қасиетті мұғжиза дүниені үрікпей, ел болып имани жүрекпен қабылдап алу керек болып отыр. Сіз; «Дарынды, ойшыл ақын С.Торайғыров сол ортада өмір сүріп осы астарлы қасіретті саяси құбылысты ерте танып болжағандай:

Абай тұсы қазақтың бұзылғаны,

Қаралыққа айналып қызыл қаны.

Елдігіне, жеріне, һәм дініне

Құрылды талай дұзақ, талай қақпан- дейді. Ендігі мақсат – Абайдың толық адам ілімін енді қайтадан рухани монолитті қазаққа айналудың жолына қызмет еттіру – басты рухани міндетімізге айналуда. Бұдан өзге идеологиялық танымды көріп тұрған жоқпын. Абайтану тарихында бұл алға қойылып отырған, бірегей мән-мағынасы бар міндеттің бес-алты саласын оқырмандарға түсінікті болу үшін жеке-дара қысқаша түрде баяндап өтуді қажет»- деп білемін деп одан әрі сол ойыңызды жеткізесіз. Осы әңгімені айта отырып соңында 1501-1510 жылдары мәмлүктердің соңғы патшасы Канс әл-Гаури нақты тапсырма беріп, қыпшақ ақыны Шәриф Әмиди «Шахнаманы» тұңғыш рет қыпшақ тіліне толық түрде аударылған түп нұсқасы Стамбұл мұражайында сақталғанын, осы түп нұсқа аударманың көшірме нұсқасы «Қазыналы Оңтүстік» көп томдығына 23 томы жарияланып оқырман назарына ұсынылғанын, қалған 14 томы биылғы жылы жарық көретінін жеткізесіз. Қаншама ізденіс, қаншама еңбек!  

Шіркін, ілім жолына да  осылай  уақыт бөліп, ендігі жұмысты  ілім жолымен жалғастырсаңыз, Абай туралы, оның діни тақырыпқа қалай барғандығы туралы басқаша тұжырым айтқан болар едіңіз деп ойлаймын. Бұлай айтып отырғаным Сіздің; «Менің пайымдауымша, қазіргі күндегі қазақстанның қоғамдық ғылымдар саласы евроцентристік, кеңестік, затшылдық модельдің ырқынан шыға алмай тұйыққа тірелген қалпын байқатуда. Бұл рухани дағдарыстан шығудың жолы -  түбегейлі түрде қоғамдық қоғамдық ғылымдардың ескірген стереотиптік танымдарынан бас тартып, ғылымның жүретін релсін басқаша өзгерту. Сонда ғана біздер рухани әлеміміз бен ұлттық құндылықарымыздың тарихи тамырын дәл тауып, Абай дүниетанымын да осы тұрғыдан жете танып, терең мегеру жолына бет алмақпыз» («Абай ұлағаты», 7-ші бет.) - деген батыл оқшау пікіріңізді оқыдым. Бұл сөз – ілім тілінде көктен келген қуат. Осы қуатқа бойыңыздағы күшті қоссаңыз елдегі діннің діңгегін бекітуге үлкен үлес қосар едіңіз.  Дәл қазір еліміздің жеріне Бисмилла деп аттап басқан ерекше ғылым ілімге осындай кесек өзіндік пікірі бар ғалымдар керек болып тұр.

Ескертілген екі түйінге  ілім жолымен жауап берген соң, соңғы әңгімені бүгінде елімізде жоғары оқу орындары үшін оқулық кітап болып баспадан шыққан  бұлақтардағы Орта ғасырлық  ілім иелерінің ілім туралы пікірлеріне де аударғым келіп отыр. Өйткені ғалым мен ілімші жазуындағы басты айырмашылық  ғалым өз еңбектерінде  өзінен бұрын өткен данышпандар мен өз заманының ғұламаларынан мысалдар келтіретін болса, Ілім иелері ондай дәлелдерді Құраннан,  хадистерден алады, не ғайып аяндарынан келтіреді. Ілім; «ақылға сиымды нәрсенің бәрін өзіңнің ішіңнен шығар. Сенде бәрі бар»- деп үйретеді. Біздің ғалымдар асығыс, асығыстықтан өзінде жоғын, өзгеден іздейді. Осы тұрғыдан келгенде пікір қайшылықтары болады.Сіз білесіз ерте ғасырда өз өрісін кең  ауқымда жайған грек филасофиясы орта ғасырда күйрегені тарихтан мәлім. Гректер өз қазналарына өздері иелік ете алмай қалды... Өркениет - мұрағатқа айналды... Міне, осы кезде тарих сахнасына, сол мұрағатқа кеткен грек философиясын жаңаша тірілтіп, Орта ғасырда мұсылман немесе нақтысы Ислам өркениеті қадам басты.

Антикалық философия араб тілінде өмірге келген Исламдық дүниетаным негізінде жаңаша жаңғыртып, «Аристотельді қайта тану» сабағын өмірге әкелді. Оның ілімі ренессанстық деңгейге көтерілді. Фәлсафаның да, философияның да ортақ тірегі болған ғұламалар еңбектері ең алдымен түгелдей араб тіліне аударылды. Аудармашы ғұламалар  сол кезде Аристотельді Исламдық негізде түсіндіруге ден қойды. Солардан үзінді.

Әл Фараби; «Есіңде болсын  дүниеде субстанция мен акциденциядан және оларды Жаратушы мәңгілік Жардан басқа ешнәрсе жоқ». «Бұл ғылым жаратылыстану ғылымының өресіне сыймайды. Оны «метафизика» немесе «акаид» (Құдай тану) ғылымы деп атайды. Бұл ғылым барлық ғылымдардың басы мен соңы болып табылады, одан кейін зерттеулердің еш мағанасы жоқ. Барлық зерттеулердің түпкі мақсаты мен тағат табатын жетер шегі де осы ғылым». («Ғылымдардың шығу тегі» трактаты)

Ілімші Бәкір, ғұлама ибн Рушдтың; «Аян арқылы белгілі болған ілім мен философиялық пайымдаулар арқылы алынған білім сәйкес келе ме?»- деген сұрағына Ол; «Әлемнің шексіз субстанцияларын тануда кәдімгі білімдер дәрменсіз, ол тек мистиктердің қолынан келетін іс» -деп жауап берген.   

Адам санасының бастауын іздеген ғұлама Ибн Араби - Хақ тағала мен пендені бөліп қарастырып, мынадай тұжырым айтыпты. “...Кәміл адам құдіреті - Құдайдың көлеңкесі немесе абсолютті мәндегі кереметтің қысқаша шағын көрінісі. Адам ешқашан Құдайдың қасиеттеріне ие болмақ емес. Хақтың білімі – мәңгілік, ал адамның білімі пайда болған. Жасалушыда жасау құдіреті болмайды. Кімде жүрек болса соған өсиет, кімде ақыл болса емес. Сен Аллаға оны көріп тұрғандай құлшылық жаса. Жаратқанның мәнін пайғамбарлар мен сопылар арасынан шыққан теологтардан өзге ешбір ғалымдар білген емес. Теорияшылдық оны ешуақытта аша алмайды, ол жолдағылар қашан да айдалаға лағып кетеді...”.

Әл Ғазали; “...мен философтардың бірнеше параға, ал олардың ғылымы – бірнеше сатыларға бөлінетінін көрдім. Бірақ,  ол толып жатқан паралардың қайсысына жатпасын олардың көнелері мен өте көнелерінің және кейінгілері мен ертедегілерінің арасында бірінің шындыққа жуық, екіншісінің қашық болуы мағанасында ұлы алшақтық жатқанымен, барлық философтарда сөзсіз бір ғана таңба – сенімсіздік пен құдайсыздық таңбасы жатыр” (“Фалсафа тарихы” 131 бет).

Бұған дейін Жаратушы туралы, дін туралы, Ғайып туралы, Періштелер әлемі мен Пайғамбарлар мұрағаты туралы, жан және рух туралы  әр қилы тұжырым айтып келген өткендегілер мен бүгінгілер - Алланың өзі түсірген  ашық аян-тәпсірінен кейін, ілім саласында бұрын-соңғы айтылып келген тұжырымдарға басқаша бетбұрыс, басқаша көзқараспен қарауы мүмкін. Өйткені, жоғарыда аттары аталынған өлмейтін жанды рухтардың Аллаһтың әмірімен артында қалдырған ұрпақтары үшін, біздер үшін, соңғы дін Ислам үшін, қандай жұмыстар істей алатындығын, олардың  Жартушы маңына қалай топтасқандығын, олардың рухы жеткізген аян әңгімелерін оқыған оқырман өз дәрежелерінде ұғына жатар.

Сондықтан менің азан шақырып айтарым; «ей, Әлем пәндәлері, дін қайраткерлері мен ғұлама ғалымдар, көз майларыңды тауысып сендер іздеген сол Ұлы Жаратушы мен сол Жаратушысын іздеп тіршіліктен өткен пайғамбарлармен, сахабалармен, ілім иелерімен және Аллаһтың сүйікті періштелермен тілдесуде, Алланың әмірімен әдемі мүмкіндік туып отыр.  Аллаһ,  Құранда айтқан өз серті, өз уәдесі бойынша, өзі жаратқан құлдарымен ашық тілдесуге о бастан бет бұрған. Қане, құлақ қой, бәріміз, өзімізді жаратқан, жалғыз Жаратушы Иеміз, Аллаһпен тілдесейік, Аллаһпен ашық сөйлесейік.

Ілім – ерекше ғылым.  Ғылымдардың басы мен соңы болып саналатын бұл мұғжиза ілім ғылымның барлық саласын қамтиды. Жалпы бұл ілім- сенім иелерінің жүрек тазалығына орай Жаратушы тарапынан келетін құбылыс. Олар қазіргі ғылыми тілде - эзотериктер. Бұл ілімнің құпиясы мен сыры ішіне бүгілген. Бойында тумысынан ерекше қабылдау қасиеті жоқ адам игеріп түсіне алмайды.

Өзімнің ілімге байланысты ара қатынасым туралы айта кеткім келіп отыр - бұл тек Аллаһтың қалауы. Бұл адам баласына берілген ілім болғадықтан, ол тірі адам болғандықтан, мен де өзіме қатысты, біздің өскен ортамызбен, оқып жатқан Құранды түсінбей, ақ пен қараны шешу мәселесінде, нақты Аллаһқа қойған сұрақтың арқасында алған жауабым. Мұны ілім мәселесінде Ғайып үйретті. Ғайып – Алланың ілім қазынасы жинақталған орын.  Ғайып - Алланың ғұзырында болғасын маған жеткізді.

Сөз соңында тағы қайталып айтарым, ілімші  ретінде жазып отырған бұл мақалам  бүгінде әр үйде беті ашылып оқылмай сәнге тұрған Аллаһ пен адамның арасындағы асыл жол Құранға аудару. Құран – әр үйге сәнге қою  үшін түсірілген емес,  Аллаһтың соңғы діні Исламның жолымен жүруді, Жаратушыңды ұмытпауды, онымен сөйлесе білуді, бір Жаратушы Иеңе ғана бас иуді, онымен дос болуды түсіндіретін - қазына.  Төріңде сол беті ашылмай тұрған Құранды ашып оқып, оны жүрегіңнің төріне шығар деу.    Мұхаммед ғалейһиссалам пайғамбар; «Аллаһтың қадыр қасиетін сендер білмейсіңдер, Аллаһ құлымен адаммен адам сөйлескендей сөйлеседі. Болмаса адам арқылы, әруақ арқылы, жан-жануарлар арқылы, жоғары жақта түрлі түске бейнеленген рухтары арқылы, Аллаһ адаммен сөйлеседі. Күннің нұрындағы жеті сәуле жеті түс арқылы, Аллаһ адам баласына қызыл, жасыл, көк, сол күн нұрындай түстер арқылы, адам баласына аяндарын жіберіп, сол арқылы рухтандырады-деді.        

Мекемтас аға, асыл сөздің иесі Алланың өзі ғана. Айттыратын да, айттырмаса - аузыңды байлайтын да, ашатын да Аллам.  Әр дыбыстың, сыбыстың да белгісі құдайдан. Осының бәрі Алланың жақсылығынан.

Жаратқан иемнің, адам баласына деген махаббаты, оның адам баласына деген сенімі, адам баласына деген жанашырлығы, ештеңемен теңдеспейді. Адамға деген Алланың махаббатын барлық тірлігімізде көре тұра соны сезбей кетсек екі дүниеде де қор болады екенбіз, Алламның айтар сөзі адам баласына «Менің айтып жатқанымды ғалымдар ғана ұғады»- дейді. Аллам «ғалым имам»- деп бөлді құранда, мұсылман, тақуа деп бөлді, кәпір деп бөлді, екі жүзділер деп бөлді. Аты бар, бәріне қойылған аты бар. Ғалым болса ол нағыз ғалым болуы керек. Мұны неге айтып отырмын, нағыз ғалым ғана діннің жанашыры бола алады екен.   Ол ғалымның Алланың алдында атқаратын қызметіне орай алатын разылығы да, ризығы да мол екен. Оның дінге жанашырлығы діннің діңгегін қатайта алады. Себебі, Алла ғалымның аузымен дінді тарқатады.

Бүгінгі мақаланы Хат деп жазып отырғаным, соңғы кезде маған жазудың осы бір түрі етене сіңісті. «Елбасымен еліміздегі Исламның жайы туралы еркін әңгіме», («Төртінші билік» газеті, №9. 2017 ж.) «Ілім – ерекше ғылым. ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті М. Жұрыновпен болған кезесуден соң ғайыптан жеткен «Ілім – ерекше ғылым» кітабы туралы сүйіншілеу» («Төртінші билік гаететі, №10. 2017 ж) «Ағрафта» ат ауыстыруға қалайсың, академик Ғарифолла Есім мырза» («Төртінші билік» газеті №17-22. 2017 ж)- деп ғалым қайраткері Ғарифолла Есімге, «Бір Аллаһқа сиынып, кел құранды оқылық»(«Төртінші билік» газеті, №1-3. 2018 ж)- деп халқымызға арнаған Ашық хаттарым жарық көрді. Ақыр соңында  соның нақтылы қорытындысы баспаға осы үлгіде жазылған хаттардың басын жинастырып «Хаһқа жақындатар хаттар» деген атаумен қомақты бір ілім кітабын баспаға әзірлеп те қойдым. Сізге жазылып отырған мына хатқа нүкте қойсам, өткен жылы жарық көрген «Ілім әліппесінен» соң еліміздегі ғалымдар мен жамағатты ілімге шақырумен бірге, ғылымның  Ерекше түрі –Ілімнің елімізге, әлемге нық қадам басып келгенін, «Есігіңді аш, елім, ілім келіп тұр!» деп сүйіншілейтін, ел назарын аударар тәп-тәуір іліми оқулық болғалы тұр. Алланың разылығы болып тұрса, ол күн де ұзақ емес. Сол күнге жетейік деп дуа қыламын.

Бақтыбай Айнабеков

Ілімгер жазушы

Abai.kz

9 пікір