Дүйсенбі, 28 Мамыр 2018
Қауіп еткеннен айтамын 3123 31 пікір 7 Наурыз, 2018 сағат 10:46

Ол үшін Кремль - "Қағба", Путин - "Пайғамбар"

Бүгін әкесі неміс, шешесі орыс, өзі Ресейде туған Олег деген көршіммен аулада сөйлесіп тұрып қалдым. Шамамен он-он бес минуттай-ау. Олег - орыс тілді.

"Орыс тілді" дегеннен шығады. Таяуда Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламент мүшелеріне мемлекеттік тілде сөйлеп, іс жүргізуді тапсырды. Тапсырып қана қойған жоқ, талап етті. Елбасының бұндай талабы қоғам тарапынан да қолдау тауып, иігілікті бастамаға айналып кетсе, "бәрекелде!" дейміз ғой. Сондықтан енді біз, мемлекетті құраушы, ел мен жердің иесі - қазақ ұлты, айналамызда ұйысқан қауыммен қазақ тілінде тілдесіп, жөн көрсетуіміз керек. Осыны ойға алып, өзімше Олег көршіме ана тілімде тіл қаттым. Ол иығын қиқаң еткізді. Демек, "менікі сенікін не понимайет". Арада ширек ғасырдан астам уақыт өтті, бұл ағайындікі сол баяғы қарекет, сол баяғы сарын. Түсінбейді, түсініскісі келмейді. Сосын мен оған білгеніміше, украин тілінде сөйледім. Тек қазақша-украинше. Содан әлгі көршім: "Ты че, на хохляцком языке разговариваешь" деп, ренжіген кейіп танытты. Мен де оған қарап: "Украинська мова набагато красивше ніж російський. А чому я тобі повинен звертатися російською? Ти ж адже німець. Я німецьку мову не знаю. А ти казахський не знаєш" дедім. "Украинцы же, они фашисты. Ну те которые живут в украине" деді ол кіжініп. Одан мен де біраз сөз жарыстырып, ақырында бір түйінге келдім. 

Олег 10 жылдан бері Қазақстанда тұрады. ҚР Азаматы. Паспорты көк. Қатыны - қазақ. Үйі Қазақстанда, жұмысы Қазақстанда. Балалары Қазақстанда оқиды.

Енді негізгі мәселеге ауысайын. Олегтердің болашағына қиянат жасап, жолын байлағанша Қазақстанның ауқымында барынша кең тарайтын орыс телеқоқыс каналдарын дереу жабу керек! Кремльдің пропагандасы - өз халқын есалаң қылғанымен қоймай, біздің елдегі орыс тілді аудиторияның кей бөлігін дезинформациялап, миларын улап, оқшау тәрбиелеп отыр. Одан да қауіптісі - Ресей(тв)мен уланғандар - қазақтың ұлттық құндылықтарына түкіргені бар.
Ресей телеэфирінен өз түкірігіне өздері шашалып, аузына келгенді құсып жатқан саржағал саясаткерсымақтардың псевдопатриоттық агитациясы орыс тілді аудиторияның санасын улап тастаған. Жириновский, Богдасаров, Соловьев, Сатановский, Бабурин, Навальный секілді кілең төсектегі теоретиктер мен дивандағы дебатерлерден келетін кесапат - Ауғандағы, Сүриядағы жиһадшылардан мың есе қауіпті. 

Ресейлік пропоганданың құлдары үшін Қазақстан Тәуелсіздігінің құны көк тиын. Олар Сәбеттің сасық шинелін қайта кигісі келеді. 

27 жыл Тәуелсіздіктің шегінде Қазақстан мен қазақтың ұлттық, мемлекеттік құндылықтарын мойындамайтын, Кремльдің қақпасына мойын созып отырған опасыздар отряды бар. Олар - Еуразия-1, Россия-1, Россия-24, НТВ, РЕН ТВ, ТНТ т.б. секілді Кремльдік диктовканың тәрбиелеген тобыры. 

Мен, әрине, Олегті сөз жарыста жеңдім. Бірақ, оның уланған санасы менің айтқан фактілерімнің біреуін де қабылдамайтынына көзім жетті.
Олег үшін Кремль - "Қағба", Путин - "Пайғамбар".

Күні кеше ғана 1-наурыз диаспоралардың ақжарма алғыс жаудыратын күнін атап өттік. Сол күні  қаны неміс Олег маған емес, осы топыраққа, қазақ топырағына алғыс айтпақ түгілі, оны мойындамайтынын білдірді. Мен оны ертең де көрем. Ол маған келіп амандасады. Мен оның сәлемін қабыл алып, сәлем беремін. Өкініштісі, ол әлі "Сәлем!" деген сөзді ұға алмай келеді.

Түйін: Прокремльдік пропогандамен санасы уланған путинқұлдар - қарулы террористен мың есе қауіпті. Экранды алдымен осылардан тазалау керек.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

31 пікір