Дүйсенбі, 28 Мамыр 2018
Ғибырат 1699 1 пікір 12 Наурыз, 2018 сағат 03:16

Сәкен Өзбекұлы былыққа батқан ғылымдағы тазалық үшін күресті

Кез-келген тұлға жайлы сөз қозғағанда оның нақты  бір қырын ашып көрсетіп, өзгелерге үлгі болар тұстарына мән берген тиімді. Сол себептен Сәкен Өзбекұлының бұл жазбамда ұлтшылдығы жайлы сөз қозғағым келеді. Десе де, бүгінгі күні қоғамда әлі де болса біркелкі сезім тудырмайтын  ұлтшылдықтың түсінігі жайлы тоқтала кетуді жөн көрдім. Қазіргі кезде ұлтшылдықты кеңестік идеология шырмауынан алып шығып, жаңаша сипатта қарастыру қолға алынуда. Сол мақсатта ұлтшылдыққа зерттеушілер әртүрлі анықтамалар беруде, менің пікірімше, ұлтшылдық – адамның өз жеке мүддесін ұлт мүддесіне бағындыруы және басқалардың өз ұлтына деген сүйіспеншілігіне құрметпен қарай білу. Осы тұрғыдан алып қарағанда ұлтшылдықтың адамзат баласына берері өте көп болмақ. Ұлтшыл азамат қана көп жағдайда өз өмірін ұлт мүддесі жолында құрбан ете алады, ол өзінің ұлты үшін жасағандарын бұлданып, қарымтасын талап етпейді. Сәкен Өзбекұлы дәл осындай ұлтшыл азамат болды.

Сәкен Өзбекұлының ұлт мұраты жолында жасаған қызметі мен атқарған істері ауыз толтырарлық. Кеңестік кезеңде Қазақ Ұлттық Университетінің заң факультетінде қазақ тілінде дәріс оқып, қазақ тілінде оқу бағдарламаларын жасағаны оның сол кезеңдегі қазақ тілді заңгерлер даярлау ісіне қосқан үлесі еді. Сонымен қатар, ұстазы академик Салық Зимановтың жөн сілтеуімен Санкт-Петербург университетінде білім алған қазақ зиялыларының мұрасын зерттеуі де ғалымның бойындағы ұлтшылдық сезімін дамыта берді. Ол аталған тақырып аясында зерттеу жүргізе жүріп көптеген қазақ зиялылары жайлы ақпараттарды жинап, кейіннен қаншама  ғылыми жұмыстар жариялады, шәкірттерінің ғылыми жұмыстарына негіз етіп берді. Күні-түні көз майын тауысып еңбек етіп, қазақтың ірі тұлғаларының саяси және құқықтық көзқарастарын ғылыми айналымға енгізіп, артына үлкен мектеп қалдырды.

Саяси қуғын-сүргінге ұшырып, ұрпақтары атын атауға қорыққан көптеген қазақ зиялылары туралы деректерді жинап, олар туралы көптеген ғылыми мақалалар, зертеу еңбектеріне жариялады. Көпшілігінің кезінде ұлт жолында атқарған істерін насихаттады, жоғалған қолжазбаларын ғылыми айналымға енгізді. Бүгіндері халық арасында дәріптеліп жүрген, ең алғашқы Сакт-Петербургта білім алған, көптеген жылдар бойы патшалық әкімшілік қызметте жүріп ұлтына қызмет еткен азамат Барлыбек Сыртановтың халқымен қайта қауышуына еңбегін сіңірген Сәкен Өзбекұлы болатын. Барлыбек Сыртановтың Алаш қайраткерлерімен байланыста болғаны жайлы деректі ғалым Сәкен Өзбекұлы өзінің зерттеу еңбегінде айқын көрсетіп, оның алғашқы қазақ елінің дербес мемлекет ретіндегі конституциясын жазғаны туралы да мәліметтер келтірген еді. Қазақ елінің алғашқы Конституциясын («Қазақ елі уставы») ең алғаш рет ғылыми айналымға енгізіп, оның қазақтың ең алғашқы жазылған конституциялық жобасы ретіндегі мәнін ашып көрсеткен және осы құжатты болашақ заңгерлер үшін білуі міндетті құжат ретінде танытқан Сәкен Өзбекұлы. Сонымен қатар, Абайдың саяси-құқықтық көзқарастарын зерттеп, Абайдың адам құқықтары жайлы ұстанымдарын  дербес еңбек етіп жариялаған да Сәкен Өзбекұлы болатын.

Сәкен Өзбекұлы қазақтың әдеттік құқығын, оның негізгі институттарын зерттеумен терең айналысты. Өзінен бұрынғы осы саланы зерттеген ғалымдардың ғылыми жұмыстарын ары қарай жалғастырып, қазақтың әдет құқығының кейбір институттарын рецепциялау мәселесін көтерді. Қазақтың әдет құқығы тақырыбында бірнеше зерттеу еңбегін жариялады. Оның ішінде Тәуке ханның Жеті Жарғысы бойынша жазылған кітабын айрықша атап өтуге болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жас заңгерлерді ұлттық рухпен сусындатуда аталған кітаптың маңызы зор болды деуге болады. Кейіннен қазақтың әдет құқығы бойынша арнайы монографиясын да жариялады.

Сәкен Өзбекұлы тек қана шығармашылықпен, шәкірт тәрбиелеу ісімен айналысқан жоқ, ол қоғамда орын алып жатқан жағдайларға үн қосып, кейбір мәселелерде азаматтық белсенділік танытты, қоғамдағы теріс жағдайларды ашық сынап, өзіндік пікірін батыл түрде жеткізіп жүрді. Ол Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға арашашы болды, осы мақсатта Алматы қаласындағы 1986 жылы 17-18 желтоқсандағы орын алған жағдайларға байланысты 1989 жылы шілде айында бекітілген Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің комиссиясының жұмыс тобының мүшесі болды. Осы кезде заңсыз сотталған Қазақстан Республикасының азаматтарын ақтау жөніндегі жұмыстарға белсене атсалысты. Ал 1993 жылы Желтоқсан оқиғасын бағалау жөніндегі Конституциялық соттың анықтауы туралы сараптама коммиссиясының мүшесі болып, онда осы оқиғаға қатысушылардың құқықтарын қорғап, үлкен істер атқарды.  1991 жылы М.Шахановтың құрған «Алматы-Хельсинки-Париж» деп аталатын демократиялық комитетінің тең төрағасы болды (Мұхан Исахан. Қазақтың нағыз зиялысы еді. abai.kz).

Сәкен Өзбекұлы қазақ ұлтының мүддесіне негізделген ұлттық мемлекет құру идеясын ту етіп көтерді, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ұлттық мемлекеттіліктің қажеттілігін насихаттады. Еліміздің тәуелсіздігі жолында күрес жүргізген Азат қозғалысына жақтаушы болды. Азат қозғалысының атынан Қазақ Республикасының Конституциясының жобасын ұсынды. Қазақтың ұлттық мүддесіне қатысты мәселелерде өз пікірін ашық айтып, биліктің кейбір шешімдеріне батыл сын пікірін білдіріп жүрді. Ол мемлекеттің билігінің ұлт мүддесіне сай қызмет етпеуін, қазақ қоғамындағы зиялылардың арасында орын алған рушылдық дертін ашық сынады, оның зиянын көрсетті. Мысалы, «Рушылдық һәм қазақ зиялылары» деген мақаласында ол көптеген қазақ зиялыларын атын атап, түсін түстеп ашық сынға алды. Ол бұл турасындағы ойын келесідей өрбіткен болатын: «Ғылым, мәдениет, әдебиет, саясат саласындағы қайраткерлер қатарында дүбәра, пақыр, қолдан соғылған «қайраткерлер» жыртылып айырылады және олардың басым көпшілігінің санасын дүниеқоңыздық матап алған, бар мұраты - баю. Ұлт мүддесіне бастары ауырмайды. Қазақ зиялыларының көпшілігінің санасы рушылдық пен жершілдік дертімен уланған. Қазақия даму бұл үрдістен жақын арада құтыла алмас. Келе-келе бұл жағдайлар мемлекеттің тұтастығын, ішкі шиеленістердің күшейуіне әкеп соқтырмаса, әлсіреп, жойылмайды. Қазіргі кезде субпассионерлердің, яғни, эгойстердің, жарты адамдардың, білімсіздердің ру, жүз, тайпа мүддесін ұлт мүддесінен, патриотизмнен жоғары қоятын алаяқтардың көбюінен, мемлекеттік басқару ісіне дарынсыз, ұсақ адамдардың келуінен қазақ өз жерінде басқаларға жем болуда (abai.kz›post/6794).

Ұлтшыл азамат ретінде ол қазақтың заң ғылымының өркендеуін, қазақша ғылыми құнды еңбектердің көбеюін, ғылымға ары таза, ұлтшыл адамдардың келуін көкседі. Ғылым саласындағы орын алып жатқан лас қылықтарға қарсы тұрды, қазақ ғылымының ұлттық мүддеге қызмет етуі қажеттігін ылғи да алға тартумен болды. Ұлттық мүдденің ғылым мен шығармашылықта  ескерілмей қалатыны турасында Сәкен Өзбекұлы көп ой қозғап, ол турасында әртүрлі баспасөз беттерінде ойларын жариялап жүрді. Мысалы, «Алаш айнасы» газетіне берген бір сұхбатында ол «біздің ел­­де­гі тамыртаныстық өр­шіп тұр. Міне, осы­ның арқасында рухани құн­ды­лық­та­­ры­мызды, адами қасиет­терімізді жегі құрт жемірдей жеп, қазақ баласы ұлттық құн­дылықтан алыстап, қазақы қасиетіміз қақпақылда қалып қойғаны – ащы да болса, шын­дық. Қо­лымыздан келсін-келмесін, тыраш­та­­нып шығармашылықпен айна­лы­су, да­рақыланып дүбәралықпен шашылу, бет­тің арын бес төгіп, руласыңды, жа­қы­ның­­­ды жетектеу, тағысын тағылар – қа­зақ­­қа ға­на тән қылық. Бұл жағынан біз ешқандай ел­ге ұқсамаймыз. Өз басым баз біреу­лердің «пыш-пы­шына» мән бер­мей, ұлт мүд­десі жай­лы ашы­­лып сөй­ле­ген­ді жөн са­наймын»,-деген пікір білдіреді (http://alashainasy.kz/person).
Сәкен Өзбекұлы былыққа батқан ғылым саласындағы тазалық үшін күресті, ғылымның сыбайлас жемқорлықтың құрбанына айналып, әлдебіреулердің жеке бас амбициясын қанағаттандыру құралы айналуына қарсы болды. Қазақ заң ғылымының дұрыс бағытта дамуы жолында жанталаса күрес жүргізді. Ол қазақ заң ғылымының тазалығы жолында аянбай күрес жүргізді, көптеген адамдарды ренжітті де, көптеген адамдардың алғысына бөленді. Ғылымдағы орын алып жатқан жағымсыз жағдайларды ашық айта білді. Тіпті, шындық жолында өзінің сыйлас ағаларына да қарсы шықты, сын сөзін тайсалмай айтты. Ғылыми жұмыстарда көптеп орын алған плагиат, жалғандық, боссөзділік сияқты проблемалармен күресті.

Сәкен Өзбекұлыны өзгелерден ерекшелейтін қасиетінің бірі оның шәкірттерін өзі таңдауы еді. Әр ғылымға бейімі бар шәкіртті өзі таңдап, өзімен жұмыс істеуге үгіттеп жүретін ұстазымызды көпшілік түсінбей жататын. Үлкен басын кішірейтіп, студенттермен, магистранттармен етене араласып, олардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға барын салатын еді. Оның шәкірттеріне айтатын әңгімесі де көбіне ұлт мүддесі, ғылымдағы өткір мәселелер, зерттеуді талап ететін тақырыптар жайында болатын. Әр шәкіртінің жазған жұмысын мұқият зерделеп, тексеріп, қатесін көрсетіп, артықшылықтарын мақтап отыратын. Олардың бойындағы ғылымға деген талпынысты одан ары демеп, қолдау көрсетуге тырысатын. Осы арқылы заң ғылымына дербес ойлайтын, шыншыл, өзіндік пікірі бар зерттеушілердің келуіне мұрындық бола білді. Ол ғылыммен айналысатын шәкірттерді алға жетеледі, бағыт берді, қолынан келгенше әрқайсысына қамқоршы болды.

Жалпы, Сәкен Өзбекұлы әркімнің ата-анасын таңдай алмайтыны секілді ұлтын да таңдай алмайтындығын, сондықтан, әркім өз ұлтының кемшін тұстарына мән бермей оны беріле сүюі қажет екендігін жиі айтып отыратын. Қазақтың басындағы рушылдық сияқты дертпен аянбай күрес жүргізіп, билік басындағылардың әртүрлі кланға бөлінуі қатаң сынға алатын. Шәкірттеріне рушыл, жүзшіл адамның ұлтшыл бола алмайтынын, ұлттық деңгейге көтеріле алмайтынын баса айтып отыратын. Ол жалпы қазақ баласын ұлтшыл болуға, өз елін сүюге үндеді. Тіпті, өз тарапынан қазақ патриотизмінің жеті қағидасын жасақтап, оны ұрпаққа аманаттады. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде қазақ баласы үшін ең маңызды нәрсе ұлтын сүйіп, ұлт мүддесіне қызмет ету екендігін баса айтты. Сәкен Өзбекұлы ұсынған қазақ патриотизмінің жеті қағидасы келесідей: 1. Сен Ер Түрік елінің ұрпағысың. Ұлы Дала өркениетінің мақтанашысың. Соны асқақтатып әрқашан құрметтей біл; 2. Ер Түрік тарихын, мәдениетін, әдебиетін жетік меңгер, санаңа сіңір; 3. Қазақстан, қазақ халқына өзіңнің барлық күш жігеріңді жұмса, ол үшін құдай берген талантыңды, еңбегіңді аяма; 4. Өз еліңнің тілін, әдет-ғұрпын, дінін сақта, ол сенің руханиятың, басқа ұлтқа жұтылып кетпеудің берік кепілі; 5. Сенің бай тілің, бай жерің бар. Бұларды қасық қаның қалғанша қорғау сенің қасиетті борышың;  6. Қазақ мүддесін, ру, жүз жершілдік сияқты мүдделердің бәрінен жоғары қою, сен тек қана өз ұлтыңа қажетсің, ұлтың тек саған ғана қажет; 7. Қазақ халқын шамаң келгенше дүние жүзіне ғылым, өнер, спорт салаларында асқақтат. Бұл — мылтықсыз майданда, жаһандану кезінде баға жетпейтін жетістік (М.Исахан. «Сәкен Өзбекұлы. Қазақ патриотизмінің жеті қағидасы» abai.kz) .

Жалпы алғанда, Сәкен Өзбекұлы еліміз тәуелсіздік алған жылдардағы прогрессивті ұлтшылдықтың жарқын көрінісі бола алған тұлға болды. Ол ұлтына деген сүйіспеншілігін тек сөзімен ғана емес атқарған ісімен көрсете білді. Сондықтан, ұлтшыл адамның қандай болуы қажет дегенде мысал ретінде батыл түрде Сәкен Өзбекұлын көрсетуге болады деген пікірдемін. Бүгінгідей ұлтсыздану үрдісі кең етек алған заманда ұлтшылдықты кеңінен насихаттап, ұлтшыл тұлғалардың тұлғалық келбетін ашып көрсету аса маңызды мәселе болып табылады. Осы себептен де бұл жазбамды Сәкен Өзбекұлының ұлтшылдық келбетіне арнадым. Сәкен Өзбекұлы сияқты көп қырлы тұлғаның қай жағынан алсаң да ұрпаққа үлгі болар тұстары көп, оның ұлтын сүюі, ұлт мүддесі жолында талмай атқарған қызметі қаншама жастың көкірегінде ұлтшылдық отын жаға алатынына сенімім зор.

Өміржанов Есбол Тоқтарбайұлы

з.ғ.к., доцент, ҚазҰУ Халықаралық құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры

Abai.kz

1 пікір