Дүйсенбі, 28 Мамыр 2018
Ел іші... 482 0 пікір 14 Наурыз, 2018 сағат 10:33

Қостанайда тегін дәрі емге жоқ

Қоғамымызда қордаланып қалған, сөйтіп ақыры қиын түйінге айналған жайттар, өкінішке қарай, жетіп артылады. Солардың ішіндегі қаны сорғалап тұрғаны - созылмалы ауруға ұшырап, арнайы тізімге тұрып, тегін дәрі-дәрмек алуға тиісті жандардың жан азабы кім-кім де де ойландырмай қоймайды. Алайда мұндай жанашырлық сезім біздің облыстың басшларына мүлдем жат секілді. Өзге жерлердегі тәрізді бізде де кейінгі кездері тегін дәрі-дәрмек қасқалдақтың қанындай, қол жетпейтін қат дүниеге айналды. Осы мәселені шешуге бел шеше кірісудің орнына біздегі шенеуніктер біресе өтірік уәде береді, болмаса бірі-біріне сілтей салады. Осыдан тура екі апта бұрын біздің облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы дөкейлер қант диабетіне шалдықққандарға қажетті тегін дәрі-дәрмек мәселесі толығымен шешіліп, бәрі де қарқ болады деген уәдесі әлі күнге дейін тек құрғақ сөз күйінде ғана қалып отыр.

-Кейде тіпті алты айлап дәрі-дәрмек болмайды,--дейді күйінген зейнеткерлер. -Сосын, амал жоқ, оны толық бағасына сатып аламыз. Мұны қалтамыз да көтере бермейді. Оның үстіне тегін дәрі-дәрмек уақытында түспегендіктен оған берілген рецептінің мерзімі өтіп кетеді, бос қағазға айналады. Содан емханаға қайта жүгіру басталады. Біздің қазіргі өміріміз осындай,-дейді.

Дәрі таппай қиналған зейнеткерлер тіпті облыстық мәслихаттың хатшысы Сайлаубек Есжановқа дейін барады. Ол бұл мәселені  сол денсаулық сақтау басқармасына қайта бағыттайды.

-Мен оларға дәрі-дәрмекті өзің сатып алсаң, кейін оның толық құны қайтарылдатындығы жайлы түсінргім келген,-дейді осы басқарма басшысының міндетін атқарушы Аслан Жаныспаев. -Алайда амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз етуге қаражат жетпейді. Біз өз деңгейімізде бұл проблеманы шешуге тырысып жатырмыз,-дейді. Бір үміт медициналық сақтандыру қорын енгізуге келіп тіреліп тұр. Сонда мүмкін, дәрі-дәрмектердің саны артып, мәселе шешіліп қалар.

Шіркін, үміттенгенге не жетсін. Тек қайтесің, осынау қасиетті сезім де көп сүйеу бола алмайды. Мәселен, қант диабетімен көптен бері ауыратын Сабыржан Яхин ақсақал екі апта бойы дәрісін таба алмай құр сандалып жүр. Денсаулық басқармасы сонда да оған: «сіздің мәселеңіз әне-міне дегенше шешіліп қалады»,- деп накты уәде де берген. Кішкене ғана сакбырлылылыққа шақырған. Сәл ғана күте түрудың қажет екендігін айтқан. Алайда бұл да әдеттегідей сағыздай созылып кетті де, уәде сол уәде сүйінде қалып қойды. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі әлі күнге дейін өткір күйінде тұр.

Тегін дәріден басқа тапшы дүние де жетіп артылады. Мәселен, жеңілдікпен берілетін есту аппаратын алудың өзі де қиямет-қайымға айналды.Мұны қостанайлық Қазтай Бәйкенов те сезініп отыр. Аталмыш аппаартты Қақаңа былтырғы жылдың наурыз айында беруге уәде етумен келеді. Одан әлі хабар жоқ. Бүгінде зейнеткер ақсақал мүлдем естімейді. Шенеуніктердің табалдығырын тоздыруға баласы ерітіп жүр.

Жалпы, біздің шенеуніктердің кім-кімді де уәде қарық қылуға  келгенде алдына жан салмайтындығына таң қаласың.

-Аппаратты жақын арада алып қаларсыз. Қазір онымен тікелей айналысып жатырмыз. Аласыз,-деп ақсақалдың көңілін бір көтеріп тастады облыстық үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнәр Әбенова. Алайда басшы оның дәл уақытын айта алған жоқ. Оның айтуына қарағанда бәрі де тендердің қашан өтуіне байланысты көрінеді Мүмкін, әлгі аппарат осы жылдың алғашқы жарты жылдығында қолына тиіп қалар. Ақасқал болса, сол бір көптен күткен аппаратын алдағы 9-шы Мамыр Жеңіс күні алып қуанып қалармын деген үлкен үміт құшағында.

«Періштенің құлағына шалынсын» дейміз-дағы. Басқа қолымыздан не келеді?

Әңгіме, түптеп келгенде, жергілікті шенеуніктердің сол тегін дәрілерді бергісі келмей, қырсығып отырғандығында емес. Проблема баяғыдан бері жыры таусылмай келе жатқан «мемлекеттік сатып алу» деген пәледе жатыр. Ол не дер кезінде шарт жасамайды немесе қажетті дәрі берушілер табыла қоймайды, болмаса бағалары  тым қымбат болып шығады. Қысқасы, осы жүйенің кемшілігінен созылмалы аурудан жаны жапа шеккендерге қайғы үстіне қайға жамалып жатыр. Біздің таң қалатынымыз аталмыш жүйенің мүлтіксіз жұмыс істеуіне қажетті жағдай туғызбай отырғандығы. Билік басындағылар болса «біз қайтейік, жүйенің жайы осындай» деп өз дәрменсіздігін ақтағысы келеді. Осы орайда бізде: «Анау өзіміз күнде мақтап, соларға теңелеміз деп барымызды салып жатқан дамыған шетелдерде де біздегідей сырқат жандар дәріханаларды жағалап, топ-тобымен өріп жүр ме? Әлде оларда бұл мәселе басқаша шешілген бе? Егер оларда бұл ұтымды да тиімді шешілсе, неге оны бізде қолданбасқа?» деген бір-ақ сұрақ туындайды.

Тек біз ұған жауап таба алар ма екенбіз? Әлде Абай ғұлама айтпақшы «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырық» дегеннің кері келер ме екен?

Жайберген Болатов

Қостанай

0 пікір