Сенбі, 21 Сәуір 2018
Әне, көрдің бе? 305 0 пікір 12 Сәуір, 2018 сағат 09:51

Адамдардың өмірін сақтап қалу үшін алты рет қан тапсырдым

Ел үшін кішкентай болса да дәл қазір не істей алар едім? Ойымның желісінен жаңылып қалмау үшін қағаз бетін шимайлауға кірістім.

Алдымда тақырыбы ғана жазылған ақ парақ. Ел игілігі үшін өз қолымнан келер амал қайсы? Былайша қарағанда, көп нәрсе жазуға болатын секілді. Алайда, сұрақтың мәніне, оған жазылар жауаптың алдағы күні көпшілік арасында талқыға салынуы мүмкін екендігіне, сол амалды өз тарапыңнан басқаларға ұсыныс секілді айтарыңа ой жібергенде, жауабың жалаң, негізсіз болатындай көрініп, не жазарыңды білмей, тұйыққа тіреледі екенсің. Мені тұйыққа тіреген нәрсе не екендігі түсінікті болуы үшін мына бір оқиғаны оқырманның есіне түсірейін.

Бірде Әбу Ханифаға бір құл келіп, қожайыным естісе, «басыма бостандық беріп қалар» деген ниетпен ғалымнан келесі жұма уағызында құлға азаттық берудің қандай сауапты іс екендігі туралы айтуын өтінеді. Ғалым құптаған сыңай білдіргенімен, келесі жұмада да, одан кейінгі жұма уағызында да құлға азаттық беру туралы тақырыпты қозғамайды. Тек үшінші жұмада ғана Әбу Ханифа құл босатудың артықшылығы, Алла тарапынан берілетін сыйы жайлы сөз қозғап, жамағатты осы сауапты іске амал жасауға шақырады. Жұма намазы аяқталып, ел аяғы саябырсыған соң, әлгі құл ғалымға келіп, бұл уағызды неге екі жұмаға кешіктіргенін сұрайды. Сонда данышпан ғұламаның құлға қайтарған жауабы мені қатты тебірентті. "Иә, мен сенің өтінішіңді екі жұмаға кешіктірдім, - деді ғалым, - Сен жамағатқа айт деген амалды өзім істемеген едім. Ал, өзім атқармаған амалды жамағатқа істеңдер деп қалай ғана үгіттемекпін?! Сондықтан, екі апта бойы қаражат жинақтап, сол ақшаға бір құл азат еттім. Амалды іске асырған соң ғана оны басқаларға үгіттедім"...

Басқа ештеңе кірер емес. Мүмкін, ой салар деген ниетпен ғаламторды ақтардым. Оқығандарым көңіліме қона қоймады. Сол күні тақырыбы ғана жазылған ақ параққа тұшымды ештеңе жазылмады.

Ертеңіне ауруханада жатқан әкеме «ота жасау үшін қан тапсыру керек» деген соң, жолдастарыммен бірге Қан тапсыру орталығына бардық. Келушілер көп емес. Онда қан тапсырылады екен де, кез келген аурухана қанға мұқтаж науқасына керекті қанды сол орталық базасынан ала береді екен.

Қан тапсырып болған соң, тыныстап отырғанымызда, қасымдағы жолдасым қан тапсыруға тіркеліп жатқан жандарға қарап, қан тапсыру ісін меңзеп, «міне, ізгі амал» дегені... Бір күн бұрын мені тұйыққа тіреген тақырып басыма сап ете түсті. Мінекей, амал жасалды, енді оны басқа жандарға жеткізудің сәті енді түсті.

Алла Тағала, Құранда айтылғандай, адамды бір тамшы ұйыған қаннан жаратты. Яғни, адамның бастапқы негізі қан болды. Адам ағзасындағы қанның рөлін көлік қозғалтқышындағы маймен салыстыруға болады. Егер, қозғалтқыштағы май қажетті мөлшерден аз болса немесе тіптен болмаса, бұл ақау дер кезінде жойылмаса, жұмыс істеп тұрған қозғалтқыш механизмі өз-өзін жеп, мүлдем істен шығады. Ал, егер, қажетті мөлшерден тым көп болса, қарқынмен жұмыс істеп тұрған механизм артық майды қуалап, қозғалтқыштың осал бір жігінен сыртқа айдап шығарады да, бұл сәтте де қозғалтқышқа кем дегенде ауыр нұқсан келеді. Қан да дәл сол секілді. Аз болса да ағзаға зиян келтіріп, шамадан тыс көп болса да, қысымының жоғарылауына себеп болып, соңы қазаға алып келуі мүмкін. Ал, адам өмірі істен шықса, ауыстыруға болатын көлік қозғалтқышы емес, жарығы сөнсе, қайта қалпына келтіру мүмкін болмайтын дүние. Міне, қарапайым тілмен айтқандағы қанның ағзамыз үшін маңызы осындай.

Ота жасалған немесе ашық түрде ауыр жарақат алған жан қан жоғалтатыны айтпаса да түсінікті. Қанды жасанды жолмен қолмен жасап алып, науқасқа құю мүмкін емес. Осы жерде басқа адамнан қан алып, соны пайдалану қажеттілігі туындайды. Науқас өмірінің басқа жандардың қайырымды, ізгі амалына тәуелділігі пайда болады. Сол ізгі амалға сәбиін қиындықпен босанған ананың, науқас болып туылған сәбидің, көлік апатына ұшыраған жолаушының, жанын жегідей жеген кеселінен айыққысы келіп, ота жасатқан науқастың ғұмыры тәуелді болады. Ал, діни тұрғыдан алғанда шектен шықпай, адам өміріне арашашы болуға тырысудан артық қандай ізгі амал болсын?! Сіздің ізгі ниетпен тапсырған азғана қаныңыз бір немесе бірнеше жан өмірінің одан әрі жалғасын табуына себеп болуы мүмкін екендігін ойлаудың өзі көңіліңді шаттыққа бөлейді екен.

Бұрындары қан тапсыру ісіне жеткілікті түрде мән бермей келген екенмін. Бұдан былай қажет болған жағдайда, мүмкіндігім болып тұрса, бұл ізгі амалға бей-жай қарамауға өз-өзіме уәде бердім. Оқырманды да аса сауапты істен сырт қалмауға шақырамын. Бауырларының сөзін жерге тастамай, әкеміздің денсаулығы үшін қан тапсыруға келген, қан тапсыруды ниет еткен, қан тапсыруға белгілі себептермен мүмкіндігі жоқ болғандықтан, жылы лебізін білдіріп, рухани жәрдем берген жандарға және осы ізгі амалға ой жіберуге себеп болған бауырыма Алла разы болғай!

P.S. Осы жолдар жазылғаннан кейін арада бірнеше жылдар өтті. Әлгі оқиғадан кейін тап сол мекемеге алты рет қан тапсырдым, тек жетінші рет қан тапсыруға келгенімде дәрігер 2009 жылы басыма екі рет ота жасалғанын біліп, қан тапсырудан шектеп қойды.

Арман Сары

Abai.kz

0 пікір