Дүйсенбі, 21 Мамыр 2018
Қайнайды қаның... 1835 19 пікір 14 Мамыр, 2018 сағат 09:00

Конституция емес, коррупция билейтін елде қандай мақсат болады?!

«Бессмертный полк» деген шара – ол соғыста қаза тапқандарды еске алу емес, Кремльдің Қырымды аннексиялап, Украинаны тоз-тоз қылған саясатының Қазақстанға арналған жобасы. Сонымен қатар, бұл Қарабах, Молдавияны зорлықпен екіге бөліп Днестр автономиясын құру, Грузиядан Абхазия мен Осетияны соғыс арқылы бөліп алу... сияқты, жалпы өркениетке қарсы азғындаған империяның саясаты.

РФ Қазақстанда «бұл іспен» 2008 жылдан бері жүйелі айналысып, сол кезден бастап «Қазақстанда мемлекет болмаған», «...шегара болмаған», «... қазақта жазу болмаған» дегенді сөздерін айтумен келеді.

Оған ресми Астана бір рет те толыққанды жауап бермеді. Оның орнына, 2008 ж. Астанада ТМД-да жоқ шіркеу салды. Сол шіркеулерді паналаған қарулы казактар мен 09.05.2018 күні Георгий лентасынан свастика таққан шовинистер мен фашистік элементтер ашық бас көтеруге шықты. Сол акцияға ата-аналардың қарсылығына қарамай мектеп балаларын бұйрықпен шығарған министр Сағадиев, сондай мемлекеттік төңкеріске дайындықты уағыздаған шараны өткізуге жағдай жасаған Алматы қаласының әкімі Байбек, осындай мемлекетке қарсы істің болатынын, 5-ші рет өтіп отырғанда алдын-ала қарамаған тиісті құқық және қауіпсіздік органдар басшылары жауапты. Бұндай немқұрайлылық сатқындыққа пара-пар.

«Қазақстан Альянсы» қоғамдық ұйымы 2016 ж қыркүйектегі хатында биліктің ел қорғау мәселесіндегі немқұрайлылығы туралы былай деп жазған еді: «Шойгудың Қазақстанға әскер кіргіземіз дегені, - ол елде ондаған мың тыңшының қаптап жүргенін көрсетсе, оған ресми органдардың тиісті жауап бермеуі үнсіз келіскені болып табылады.

1991 жылы БҚО мен Атырау облыстарының жерлерінде казактар автономия құрамыз деп даурыққанда, осы билік ел мүддесін қорғамақ түгіл, соларға қарсы бір ауыз сөз айтуға жарамады. Сол кезде М.Есенәлиев, С.Ақатаев, М.Әуезов, Ж.Әкім, А.Зейнуллин, А.Қадырбаева сияқты белсенділер елді ұйымдастырмағанда, сол екі облыстың тағдыры екіталай еді».

1991ж казактардың қолымен Қазақстанды бөлу саясаты жүргені белгілі. Бірақ, біздің батыр жігіттер мен қыздардың арқасында ол жымысқы саясат іске аспады. Қажет болса казагы бар, басқасы бар ондай опасыздық саясатын ұмытатын болады.

Өз азамат-азаматшаларына келгенде түрмешіл-жындыханашыл биліктің зорлық, ал Пекин мен Кремльге келгенде көнбіс-құлдық саясаты – ол елді іштен де, сырттан да құртатын алаяқтық тірлік. Сондықтан, оппозиция бар, патриоттар бар, шенеунік пен Президент бар... барлығы ел бірлігі жолында даурыққан бос әңгіме, үш тілмен ұшпаққа шығару, жерді сатып елді көгерту т.б. нақұрыстық тірліктен арылып ес жиып, нақты әрекетке көшу керек.

Жалпы, біздегі азиялық деспотизмге негізделген билік үшін болып жатқан фанатизмдік күрес, араб елдеріндегі азаттықтарын алғаннан 30 жылдан кейін өздерінің биліктерін құлатуға бағытталған «араб революцияларын» жақындатуда.

Біреулер Әбілязовтың провокациясына еріп көшеде ереуілдеп жүрсе (2011ж Жаңаөзен қырғыны да жұмысшылардың елдегі 56 қоғамдық ұйым құрған «Тәуелсіздікті қорғау» қозғалысына ермей, Әбілязов, Козловтардың провокацияларына еруден болған еді), екіншілері, Қазақстанның демократтарымыз деп Брюссельге барып Еуропарламент депутаттарының «құлақтарынан тептік» деп өз халқының сайқал серкелері болғанына риза... Сонда бұл елдің қамын ойлайтын тірі жан бар ма?!

Ел болған соң, оның мақсат-мұраты болмай ма! Ұры-қары жиналып, Конституция емес, коррупция билейтін елде қандай мақсат болмақшы?!

Ұлттық идеясы мен оған негізделген идеологиясы жоқ қоғам, - ол, құл жиналып ел болмайтын тобырлардың жинағы!

Бұл қазақтың бір-біріне жау емесі қалмады. Қара қазаққа билік жау, билікке ұлт патриоттары жау, жазушылар туфлижалағыштар мен оның жауларына бөлінген, ру мен жүзге бөліну, бірін-бірі татар, қалмақ, ұйғыр... не солардың жиендері деп бөлу...  Бөлінуге мың себебі бар да, бірігуге бір негіз жоқ елдің басы қалай қосылмақ?! Қазақтың бас біріктіріп, төрт құбыласы тең ел болуды ойланар күні болар ма екен? Әлде ондай Ел болу оның басына жазбаған ба?!

Бұл, б.д. VIII ғ. Ұлы Түрк қағанатының ыдырауы кезінен бері жүріп келе жатқан түркі халықтарының бөліну процессі. Оны Шыңғыс хан империясы да тоқтата алмады. Түркияны жаулап, Алтын Орда әскерін талқандаған Ақсақ Темір түркі мемлекеттерінің қирап, халықтарының ыдырауын тездетті. Қазақ хандығының ыдырап, үш жүзге бөлінуі осы теріс үрдістің жалғасы. Ол бодандыққа әкелді... Енді Түркі халықтарының бірлігі мен Одағы ғана бұл республикалардың тәуелсіздігін сақтайды.

Жанұзақ Әкім

Abai.kz

19 пікір